ВОЛОНТЕРЛАР БІРІКСЕ, ҮЛКЕН КҮШКЕ АЙНАЛАДЫ

Елбасының Жарлығымен биыл Жастар жылы болып жарияланған болатын. Бұған орай, арнайы бағдарламада қабылданды. Осы бағдарлама іс жүзіне қалай асырылуда? Жастар жылында қандай жақсылықтар болады? Осы сауалдарға нақты жауап алу үшін Алматы қалалық «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Мәди Ахметовке хабарласып, сөйлескенбіз.

Әсел ДАҒЖАН

–       Жыл басынан бері елімізде түрлі жағдайлар, оқыс оқиғалар болды. Содан болар, барлық көңіл көпбалалы аналарға бөлініп, соларға баса назар аударылып, жастар мәселесі көрінбей, көлеңкеде қалып қойған сияқты. Бірақ жергілікті жерлерде жастар саясатын тиімді жүзеге асыру ісі жүргізілуде. Алматы қалалық «Жас Отан» Жастар қанаты сәуір айынан бері еліміз бойынша «Қамқоршы» деген жоба баста­ған. Ол әлеуметтік бағытқа негізделген. Жобаның негізгі мақсаты – Алматы қаласындағы көпбалалы, аз қамтылған отбасылардағы бүлдіршіндер мен балаларды жұма, сенбі, жексенбі күндері қаламыздағы мәдени және демалыс орындарына тегін апарып, олардың демалысын тиімді әрі пайдалы өткізуге үлес қосу. Сәуір айынан бері басшылармен келісе отырып Бекмам­бетов кинотеатрында арнайы көрсетілім­дерге, орталық цирктегі қойылымдарға, сонымен қатар, сауықтыру орталықтары, famіly паркке 40–50 баладан алып баруда­мыз. Жоба әлі де жүріп жатыр. Күні кеше балаларды Орталық музейге алып бардық. Алда Қастеев музейі мен археология музейі, Түрген шатқалы бар. Кейінірек Есік көліне апаруды жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыс­тардың басы-қасында біздің волонтер­ларымыз жүр. Олар мектеп оқушыларының тұлға, азамат ретінде қалыптасуына әсер етеді деп ойлаймыз. Бұл енді жастардың тарапынан қоғамдық негізде ешқандай қаржыландырусыз жасалып жатқан жоба.

Одан бөлек, Арыста болған оқиға еліміздің барлық жастарын біріктіріп, қоғамды тұтастырғандай болды. 25 маусым күні «Жас Отан» Жастар қанатының кеңсесінде (Абылай хан, 79 мекен-жайы бойынша – авт.) әлеуметтік көмек көрсету штабын құрғанбыз. Бір күннің ішінде, яғни таңғы сағат 6.00-ден түнгі 10.00-ге дейін 7 тон­наға жуық әлеуметтік көмек жиналды. Кәсіпкерлер бар, белсенділер мен қала тұрғындары бар, зейнеткерлердің өзі қолұшын созып, азық-түлік әкеліп жатты. Сол күні түнделетіп, Шымкент қаласына екі «Газельмен» жолға шықтық. Кейін бел­сенділердің біреуі жеке шот ашқан бола­тын. Кімнің қанша теңге беруге шамасы жетеді, солар ақша аударып, 2-3 күннің ішінде есепшотқа 500 мың теңге жиналды. Кейіннен медиа-магнат Арманжан Байта­сов Қазақстандық медиа-альянс атынан 500 мың теңге аударды. Бас-аяғы 1 мил­лион теңге жиналып, оны Түркістанның арнайы әлеуметтік қорына аудардық. Әрбір тиынның есебін сағат сайын әлеуметтік желіде беріп отырдық. Мұның бәрінен волонтерлық қызметтің үлкен бір жетістігі, жастардың бірлігі көрінді деп ойлаймын.

Одан кейін Алматы қаласынан 120 тонна құрылыс заттары жіберілген болатын. Біз 20-дан астам волонтер бір күн бұрын ерте шығып, Арыс қаласына жетіп, құрылыс заттарын түсіруге көмектестік. Волонтерлардың ішінде қыз балалар да бар. Олар тамақтандыру лагерлерінде қоныс­танған арыстықтарды тамақтандыруға қолғабыс жасады. Алматы жастары мен қызылордалық жастар болып 65 тонна цементті түсірсек, қалған құрылыс затта­рын Арыстағы қоймаға жайғастырдық. Бұл да болсын біздің жастардың азаматтық позициясы мен патриоттық тәрбиесін көрсеткендей болды.

Сайлау науқаны біткеннен кейін Алматы қаласындағы «Nur Otan» партия­сының ғимаратында «Жас Отан» жастар коворкингі ашылды. Бұған дейін бұл жерде табыс түсіріп тұрған кафе жұмыс істеп тұрған болса, қала басшылығының шешімі­мен және қалалық партия филиалының ұйғаруымен, 250 шаршы метрді құрайтын үлкен коворкинг орталық меценаттардың көмегімен қайтадан жасақталды. Орталық 5 бөлімнен тұрады. Тегін кітапхана қоры мен wі-fі, 20-дан астам интернетке қосыл­ған жұмыс орындары қарастырылған. Проектор да бар. Жаңа оқу жылынан бастап бұл жер жастардың көптеп шоғыр­ланатын жеріне айналатынына сенімдімін. Өйткені, мұнда барлық қызмет тегін. Жаңа жылдан бастап мұнда тегін домбыра үйрету мен ағылшын тілі курстары, компьютерлік біліктілікті арттыратын курс ашу жоспар­лануда. Дайын адамдарымыз бар. Бұл да волонтерлық негізде жүзеге аспақшы. Істеймін десе, жастар айналысатын жұмыс көп.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *