ВIRGEMIZ: ТҮЛЕК 2020

Қымбатты түлектер, ата-аналар, ұстаздар және қонақтар! Сіздерді 2019-2020 оқу жылының аяқталуымен, соңғы қоңырау мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Заман талабы, уақыт пәрмені бәрімізді қалыптасқан өмір жүрісінен өзгертіп көзбе-көз қатынастан онлайн жүйе арқылы қашықтан байланыс орнатуымызға мәжбүрледі.Бұл жеке біздің ел басына түсіп отырған таңдау емес, бүкіл әлем иығына түсіп тұрған сындарлы сәт. Сондықтан да мектебіміздің ұстаздары екі айдан аса уақыт оқушыларға қашықтықтан дәріс берді. Сағынышпен күтіп, қимастықпен қоштасар сиқырлы соңғы қоңырау салтанаты да біз ойламаған қашықтықтан жүргізуге, алыстан сәлем жолдасуға мәжбүр етті.

Бізге осынау аз ғана уақыт ішінде «шәкіртсіз ұстаз – тұл» деген өмірлік анықтамаға «шәкіртсіз мектеп те тұл» деген қанатты қағиданы да қынжыла қолданып амалсыз мойындауымызға тура келді.Кітап пен білім секілді ұстаз бен оқушы, мектеп пен ұжымның да бір-бірінсіз мәні де, сәні де жоқ екендігін толық түсіндіріп берді. Биылғы оқу жылында мектеп қабырғасын мыңға жуық оқушымен аяқтағалы отырмыз. Жалпы мектеп бойынша білім сапасы-75% құрап отыр. Мектеп табалдырығын аяқтап, үлкен арманға сапар шеккелі отырған түлектер саны-34. Солардың ішінде Дәуренова Сымбат, Керімханова Айдана «Алтын белгі» иегерлері атанса, Қошқарғалиева Аружан, Төлебаева Аяжан, Айтқұл Үміт, Тоқсанбай Рахат үздік аттестатпен аяқтады. Түлектеріміз мектеп қабырғасында алған білімдерінің сапасын әртүрлі деңгейлерде өткен пәндік олимпиадаларда, ғылыми жобаларда, спорт, көркемөнер жарыстарында көрсетіп отырды. 11«А» сынып оқушысы Дәуренова Сымбат      «Ә.Бөкейхановтың ғылымның гуманитарлық саласына қосқан үлесі» тақырыбындағы ғылыми жобасы жүлделі орынға ие болды. 11«Ә» сынып оқушысы Тоқсанбай Рахат Әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл, А. Байтұрсынов оқуы, Алхимик-2018  Республикалық сайыста бас жүлдегер атанды. Әбдікәрім Алихан, Қошқарғалиева Аружан, Тулебаева Аяжан, Айтқұл Үміт, Керімханова Айдана, Белгебай Әлімхан, Қожамұратов Айбек, Хамитова Айханым Республикалық конкурстың жүлдегерлері.  Бұлақ-мөлдірлігімен, білім-нәтижесімен бағалы демекші, талапты шәкіртке талғамды ой қалыптастырған, талантты балаға талмас қанат бітіріп, білім нәрімен сусындатқан ұстаздарымызға бас иіп алғыс айтамын. Өмірдің сынағына білімнің шырағын қуат еткен ұстаздардың көзге көрінбейтін ерлігі, елене бермейтін еңбегі жыл қорытындылайтын тұста сіз бен бізге ғана аян. Жеткен жеңіс, алған асуларымыз болса сол  ұстаздарымыздың еселі еңбегіне қолғабыс  етіп қашан да көмек қолдарыңызды созған ата-аналар  сіздерге де мың алғыс. Әріптестерімнің алдағы қызметтік жолына табыс, өмір жолына сәттілік тілеймін. Ұлт ұстазы атақты ағартушы Ы. Алтынсарин айтқандай «Үміт еткен көзімнің нұры балам» деп ер жетіп жаңа  өмірге аппақ үмітпен аяқ басқалы тұрған ұл-қыздарыңызға, яғни біздің түлектерімізге де бұл оқу жылы жаңа армандардың құшақ ашып ақжолтай қуанышын сүйіншілейтін жылы болғай. Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғарғы ұпай алып, сіздерге қуаныш, біздерге алғыс әкелсін. Аман елдің абыройы биік, ақылды ұрпақтың алар асуы көп. Баршаңызға сәт-сапар, ақ жол тілеймін.

                                            Н. Дүйсенбекова,

  Алматы қаласы  Әуезов ауданы

                 №13 мектеп-гимназия директоры

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close