Венесуэладағы дағдарыс неден туындады?

Мадуро мен Гуайдоның тақ таласы

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Латын Америкасының солтүстігіндегі Венесуэла елінде тыныштық пен тұрақтылық бұзылып, саяси дағдарыстың бой көрсеткеніне айдан асып барады. Бұл елдегі қайшылық неден туындады деген сұрақтың туары хақ.

Бұған дейін де 2013–2018 ж.ж. аралығында мемлекетті басқарған Николас Мадуро өткен жылдың мамыр айында екінші рет жеңіске жетіп, биылғы 10 қаңтарда ресми түрде прези­денттік қызметті атқаруға кірісті. Алайда, «Лима тобына» кіретін: Аргентина, Бразилия, Чили, Канада, Колумбия, Коста-Рика, Гватемала, Гондурас, Панама, Перу, Парагвай, Мексика және Санта-Лючия сияқты елдер Мадуроның президент болып сайлануын заңсыз санап, оған билікті парламентке беруін талап етті. (Мұндағы «Лима тобы деп отырғанымыз, 2017 жылдың 8 тамызында осы аталған елдердің өкілдері Перудің астанасы Лимада жиналып, Венесуэланы дағдарыстан шығарудың жоспар-жобасы жайында декларация қабылдады. Олар елді басқара алмай отырған Николас Маду­роны айыптап, оған барлық саяси тұтқындарды түрмеден босату және демократиялық сайлау өткізу талабын қойды).

«Лима тобының» қолдауына арқаланған және Венесуэла Конституциясының 233, 333 және 350-баптарына сүйенген Ұлттық Ассам­блея (парламент) төрағасы Хуан Гуайдо 11 қаң­тарда жеке адамның билеп-төстеуіне жол беруге болмайтынын, елде өтпелі үкімет құру қажеттігін айтып, 23 қаңтарда өзін президенттің міндетін атқарушы деп жариялады.

Осының нәтижесінде Венесуэлада саяси текетірес пайда болып, билік екіге жарылды. Таразының бір басына – президент Николас Мадуро, екінші басына парламент спикері – Хуан Гуайдо отырды. Сөйтіп, елде берекесіздік белең алды.

Әдетте мұндайда екі тарапты да қолдау­шылар пайда бола кетеді. Сол айтқандай, елдің ішінде ғана емес, әлемдік қауымдастықта да Мадуроны да, Гуайдоны да қолдаушылар табыл­ды. Қараңыз: Абхазия, Антигуа және Барбуда, Барбадос, Белоруссия, Боливия, Индонезия, Иран, Қытай, Куба, Кувейт, Мексика, Намибия, Непал, Никарагуа, Ресей, Сальвадор, Сент-Винсент және Гренадина, Суринам, Түркия, Экваториалдық Гвинея, Оң­түстік Африка Республикасы және Оңтүстік Осетия бұрынғысынша Николас Мадуроның билікте қала беруін мақұл көрсе, керісінше Австралия, Австрия, АҚШ, Албания, Арген­тина, Багам аралдары, Бельгия, Бразилия, Ұлы­британия, Гаити, Гватамела, Германия, Гон­дурас, Грузия, Дания, Доминикан Республи­касы, Жапония, Израиль, Испания, Канада, Колумбия, Коста-Рика, Литва, Нидерланды, Панама, Парагвай, Перу, Польша, Франция, Чехия, Чили, Швеция, Эквадор және Эстония елдері – Хуан Гуайдоны жақтап, оны пре­зиденттің міндетін атқарушы ретінде мойындап үлгерді.

Бұған қоса, Болгария, Венгрия, Греция, Италия, Ирландия, Кипр Республикасы, Люксембург, Латвия, Мальта, Португалия, Румыния, Словения, Словакия, Украина, Финляндия, Хорватия елдері Гуайдоның бастауындағы оппозициялық парламенттің күресіне қолдау білдірді. Осы ұзақ-сонар тізімнен әлем елдерінің геосаясаттағы көзқарасы мен ұстанымы байқалады.

Бәлкім, біреулерге Венесуэладағы саяси дағдарыс – кездейсоқ оқиға немесе екі адамның: Мадуро мен Хуайдоның билікке таласуы болып көрінуі ықтимал. Ал шындығында, оның себебі бұл елде жылдар бойы қалып­тасқан күрделі саяси-экономикалық жағдай мен асқынған әлеуметтік ахуалда жатыр.

Мұның жәй-жапсарын түсіну үшін Венесуэла елінің соңғы жиырма жылдағы даму барысына қысқаша шолу жасауға тура келеді.

 

Чавестің социалистік таңдауы тақырға отырғызды

Әрісін айтпағанда, 1998 жылғы прези­денттік сайлауда БРҚ (Бесінші Республика қозғалысының) көшбасшысы, әскери офицер Уго Чавес жеңіске жетті. БРҚ партиясының бағдарламасында конституциялық реформа жүргізу, елді жемқорлардан, саяси элитаның билеп-төстеуінен тазарту, әлеуметтік теңдікті жақтайтын демократиялық қоғам орнату, халықты мемлекет басқару ісіне кеңінен тарту жайы айтылды. Бұған жұртшылық, әсіресе, кедейшіліктің ауыртпалығын тартқан көпшілік үлкен үміт пен сенім артты.

Уго Чавестің ұсынысымен Венесуэла рес­ми түрде Венесуэла Боливариан Республикасы болып өзгертілді. Оның бастамасымен 1999 жылы қабылданған жаңа Конституцияда 300 мыңнан астам байырғы тұрғындар үндістерге өздері тұрған аймақтардың шекарасын белгілеу, оларға жер телімдерін беру құқығы бекітілді. Оған дейін Конституцияда үндістер мемле­кеттің қорғауында болып, біртіндеп ел тіршілігіне қоян-қолтық араласып, сіңіседі делінді. Осындай көпшіліктің көңілінен шығатын реформаторлық іс-әрекеттерінің арқасында 2000 жылы өткізілген президенттік және парламенттік сайлауда: Уго Чавес 60 пайыз дауысқа ие болып, ол басқарған БРҚ партиясы Ұлттық Ассамблеядағы 165 мандат­тың 92-сін жеңіп алды.

Оппозициялық топтар тарпынан 2002 жылы 11 сәуірде мемлекеттік төңкеріс әрекеті жасалды. Бірақ та әлі сенімін жоғалта қоймаған халықтың көпшілігінің қолдауымен Уго Чавес билікті сақтап қалды.

2007 жылы Ұлттық Ассамблея (парламент) Конституцияға Чавес ұсынған өзгерістерді мақұлдады. Ол бойынша Чавестің президент болып сайлануына шек қою жойылып, Орталық банк президенттің билігіне берілді. Үкіметтің бақылауындағы жаңа провинциялар құрылып, жұмыс күні 8 сағаттан – 6 сағатқа қысқарды, 16 жасқа толған барлық азаматтар сайлау құқығын иеленді және ел біртіндеп социализм құру бағытына көшетін болды. Алайда, бұл өзгерістерді сол жылдың 2 желтоқ­санында өткізілген бүкіл халықтық референ­думда тұрғындардың 50,7 пайызы қолдамады.

Арада екі жыл өткенде, өзі басшылық ететін ВБСП (Венесуэла­ның біртұтас социа­листік партиясы) қолдауымен 2009 жылдың 15 ақпанында қайтадан референдум ұйымдас­тырылып, 54,68 пайыз дауыспен Конститу­цияға Чавеске қанша рет болса да прези­денттікке сайлауға түсуге рұқсат ететін түзету енгізілді.

Осылайша венесуэлалықтардың жартысы­нан астамының қолдауына ие болған Уго Чавес: «Құдай мен халықтың қалауына қарай елді қанша рет болса да, басқара беремін» деп масаттанып, боливириан революциясының, яғни социалистік құрылыстың үшінші кезеңін іске асыруға құлшына кірісті. Ол 1999–2006 ж.ж. социализмнің – бірінші кезеңі, 2007–2009 ж.ж. – екінші кезең деп атады. Келесі 2019 жылға дейін уақытты үшінші кезеңді ретінде белгілеп, бұл аралықта өзі басқарған үкіметтің алдына: социалистік төңкерісті одан әрі тереңдету, кедейшілікпен, жемқорлықпен және қылмыс­пен күресуді басты міндет етіп қойды. Оның елді дамыту бағдарламасында – сауатсыздықты жою ісіне де баса мән берілді.

Көптеген социалистік елдердегідей оқушы жастарға президент Чавестің моногра­фияларын, Карл Маркс жазған «Коммунистік партияның манифесін», Че Гевараның еңбек­терін, капиталистік ойлаудан азат етіп, ұжым­дық сананы қалып­тастыратын басқа да шығармаларды оқып-үйрену міндеттелді.

Дейтұрғанмен, социалистік даму жолына сәйкес президент Чавестің Америкаға қарсы жүргізген саясатына қарамастан Венесуэланың негізгі сауда-саттық жасайтын елі – Құрама Штаттар болып қала берді. Өзінде өндірілген экспорттық негізгі тауар – мұнай АҚШ-қа шыға­рылып, одан қажетті өнеркәсіп және азық-түлік өнімдері сатып алынды. Осының өзі оның ішкі және сыртқы саясатына кәдімгідей ықпал жасап, елеулі түрде әсер етті.

2007-2008 ж.ж. мұнай саласы ғана емес, қара металлургия мен цемент өнеркәсіптері, ұялы байланыс желісі жекеменшіктен алынып, мемлекеттің иелігіне берілді. Оларда өндірісті дамыту, еңбек өнімділігін арттырудан гөрі баяғы Кеңес Одағындағыдай көбірек жұмыс орындарын ашып, халықты жұмыспен қамтамасыз етуге ден қойылды.

Құнсызданумен күресу, жағдайы төмен жұртты қолдау мақсатында 2003 жылдан бастап ең керекті деген 400-дей азық-түлік пен тұрмыстың тауарларға шектеулі баға белгіленді. Осының салдарынан күнделікті тұтынатын тағам мен тауарлар­дың жиі-жиі жетіспеушілігі сезіліп, бағалар күрт өсіп кетті. Инфляция 21 пайызға жетіп, қара базардағы тағамдар бағасы 50 пайызға дейін қымбаттады.

Үкімет мұнайдан түскен пайданы әлеумет­тік салаларға жұмсаумен шектеліп, өндірісті дамытуға, экономиканы көтеріп, оны әртарап­тандыруға, мұнай-газ саласына инвестиция тартуға жете көңіл бөлмеді. Түсім, бюджеттің қаржылануы әлемдік рыноктағы мұнайдың бағасына тәуелді болып, елдің экономи­касы құлдырап, халықтың жағдайы қиындай түсті.

Уго Чавес бір мезет ОПЕК (Мұнайды экспорттаушы елдер ұйымына) мүше елдердің басшыларының басын қосып, бағаны тұрақтандыруға қол жеткізгендей болды. Бірақ та ол ұзаққа созылмады. Келісімге сай белгі­ленген квотаны басқалардан бұрын Венесу­эланың PdVSA ұлттық мұнай өндіру компа­ниясы бұзды. Өйткені, өзгелер сияқты оларға керегі «қара алтынды» мейлінше молынан экспортқа шығарып, көбірек пайда табу болатын.

Биліктің мұнай өндіру жөніндегі саясатына наразы болған PdVSA компаниясының қызметкерлері мен жұмысшылары ереуілге шықты. Үкіметтің нұсқауымен бұған қарсы шара ретінде компаниядан 19 мың адам жұмыстан шығарылып, олардың орнына Чавестің саясатын жақтаушылар алынды. Жаңадан қабылданғандардың тәжірибесіз­дігінен өндіріс көлемі азайып, компания бұрынғы тәулігіне 3 млн. баррель мұнай өнді­ретін деңгейге де жете алмай қалды. Саланы тұрақты ұстап отыру мақсатында шет елдер­ден алынатын 3 млрд. доллар инвестицияны шектеу де керіс әсерін тигізді. Нәтижесінде бюджеттік пайданың елу пайызын, экспорттық табыстың сексен пайызын беретін түсім күрт төмендеді.

Социалистік идеяға қалтқысыз берілген Уго Чавес Венесуэла жұртында әлеуметтік теңдік орнатуды, сыбайлас жемқорлықпен, парақорлық­пен, қылмыстық әрекеттермен аяусыз күрес жүр­гізуді басты міндет санады. Сондықтан да ол халық­тың басым бөлігін құрайтын кедей таптың қолдауы­мен қатарынан төрт рет (1999–2001 ж.ж., 2001–2007 ж.ж., 2007–2013 ж.ж., 2013 жыл­дың қаңтар–наурыз) пре­зиденттік қызметке сайланды. Десе де, өндіріс­тің баяу дамуы, экономи­кадағы кемшіліктер мен келеңсіздіктер елді дағдарыстан, кедейшіліктің шырмауынан шығара алмады.

2012 жылдың 7 қазанында Уго Чавес төртінші рет президент болып сайланып, 2013 жылғы 10 қаңтарында салтанатты түрде қызметке кірісу рәсімі белгіленген еді. Бірақ та денсаулығының сыр беруіне байланысты ұлықтау шарасы кейінге қалдырылды. Көп ұзамай сол жылдың 5 наурызында Уго Чавес 59 жасында қатерлі ісік – айықпас дерттен көз жұмды. Оның өлімі жөнінде әр түрлі қауесет­тер айтылады. Мысалы, Венесуэла Қорғаныс министрі Альфредо Молеро: «Чавесті АҚШ-тың барлау қызметі онковирус жұқтыру арқы­лы өлтір­ді» дегенді айтады. Оны Ақ үй басшы­лығы «ақылға қон­байтын» жала деп жоққа шығарды. Николас Маду­роның айтуынша да Уго Чавестің түбіне жеткен сыртқы жаулар.

 

Николас Мадуро – Чавестің жолын жалғастырушы

Венесуэла Конституциясына сәйкес Уго Чавес қайтыс болғаннан кейін мемлекет басшысының міндетін атқару вице-президент Николас Мадуроға жүктелді. Себебі, көзі тірі кезінде Чавес егер де денсаулығы сыр беріп, міндетін атқара алмай қалған жағдайда мұрагері Мадуро болатынын жариялаған.

2013 жылдың 14 сәуірінде президенттік сайлау өткізіліп, онда күткендегідей Николас Мадуро қарсыласы Энрике Каприлес Радонскиден артық дауыс жинады. Бұл кезде Венесуэла экономикасы қиын жағдайды бастан кешіп жатты. Мемлекеттің қарызы ЖІӨ-нің 70 пайызына жетіп, бюджеттік тапшылық 13 пайызды құрады. Құнсыздану 56,3 пайызға жетті. Мадуро парламенттен төтенше өкілет­тілік алып, Венесуэлаға «экономи­калық ша­буылдың» басталғанын жариялады. Жекемен­шік компанияларға пайданы 30 пайыздан асырмайтын шектеу белгіледі. Күнделікті тұтынатын қант, өсімдік майы, тіпті дәрет­хана қағазына дейін жетіспейтін қат заттарға айналды. Мұның себебін үкімет жемқорлық пен саботаж, алыпсатар­лықтан және сыртқы елдердің «экономикалық соғысы» кесірінен деп түсіндірді. Елде алыпсатарлыққа қарсы жаппай күрес жүргізіліп, тұрмыстық тауарларды қымбат сатқан «Daka» ірі сауда желісі мемлекеттің меншігіне алынды.

2014 жылы әлемдік рынокта мұнай бағасы­ның арзандауынан пайда үштен бірге төмен­деп, экономикалық ахуал бұрынғыдан да ауыр­лады. Орталық банктің бюджет тапшылығын эмиссия есебінен жабу әрекеті айтарлықтай нәтиже бермеді. 2015 жылдың күзіне қарай құнсыздану 200 пайызға дейін құлдырады. Мұны ауыздықтау мақсатында үкімет валюта ауыстырудың жаңа тәртібін енгізді. Сонда да доллар одан әрі қымбаттады. Чавестің социа­листік жолымен жүрген Мадуроның күнделікті тұтыну заттары мен азық-түлік өнімдеріне қатаң бағалар белгілеуі керісінше олардың тапшылығын тудырды.

Президент Н.Мадуро сыртқы саясатта да нәтижелі жұмыс істей алмай, басқасын айтпағанда, Латын Америкасы елдерімен де қалыпты қатынас орната алмады. Көршілес Колумбия және Гайанамен қайшықты қатынас орнады. ОАГ (Америкалық мемлекеттер ұйы­мының) Каракастың келісімінсіз Венесуэла­дағы дағдарысты жағдайды талқылағаны үшін Николас Мадуро бұл ұйым қатарынан шыға­тындығын мәлімдеді.

2015 жылғы желтоқсанда өткен парламент­тік сайлауда президент Мадуроның қарсылас­тары басым мандатқа ие болып, олар шұғыл түрде оны қызметінен кетіру, импичмент жариялау қамына кірісті. Абырой болғанда, Венесуэланың Жоғарғы соты Мадуроны жақтап, тақтан таюынан аман сақтап қалды.

2016 жылғы 24 қазанда Ұлттық Ассамблея Николас Мадуроны отставкаға кетіру жөнінде референдум өткізуге кедер­гі келтіргені үшін «мемлекеттік төңкеріс жасады» деп айыптады.

Келесі 2017 жылдың 1 мамырында Маду­роның бастамасымен Конституцияға өзгеріс­тер енгізу мақсатында Конституциялық жиынға өкілдір сайлауы өткізілді. Оппозиция мұны батыл сынап, АҚШ, Канада бастаған, Африканың бірнеше елдері мен Еуроодақ қостаған әлемнің 40-тан астам мемлекеттері заңсыз сайлау деп бағалады. Осыған байла­нысты Құрама Штаттар мен Канада Мадуро мен оның төңірегіндегі 40 ресми өкілге санкция жариялады.

2017 жылдың 9 қаңтарында Ұлттық Ассам­блеяның 106 депутатының дауыс беруімен тағы да Николас Мадуроны президенттік міндетінен босату әрекеті жасалды. Бұл жолы да Ассамблеяның шешімін Жоғарғы сот Конституцияға қайшы деп тауып, парламенттің президентті қызметінен кетіре алмайтындығын атап көрсетті.

Халықаралық валюта қоры және басқа да ұйымдардың мәліметі бойынша 2016 жылы Венесуэладағы ЖІӨ 18 пайызға төмендеп, инфляция 550 пайызға шарықтады, жұмыссыз­дық халықтың 21 пайызын қамтыды, бюджет тапшылығы 17 пайызға жетті, сыртқы қарыз 130 млрд. доллардан асты. Ел құрдымға кететін­дей дефолт жағдайына барып тірелді. 2018 жылғы 13 ақпанда сыртқы қарыздың көптігінен Венесуэла БҰҰ-да уақытша дауыс беру құқығынан айырылды.

2017 жылы халықтың 93 пайызы ашқұрсақ, кедейшілік күйге ұшырады. Құнсыздану 1000 пайызға өсіп, доллар «қара базарда» 900 есе қымбаттады. Өткен 2018 жылы Халықаралық валюта қоры Венесуэлада инфляцияның 1000000 (миллион) пайызға жеткенін алаңдау­шылықпен хабарлады.

БҰҰ босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының мәліметінше, Венесуэладан күнкөріс қамымен шет елдерге кеткендердің саны үш миллионға жеткен. Оның 2,4 миллионы Оңтүстік Америка елдеріне қоныс аударған.

Сарапшы экономист мамандар Венесуэ­ла­ның мұндай дағдарысты күйге ұшырауын саяси және құрылымдық факторлардан, елдің импортқа тәуелділігінен, әлемдік мұнай бағасының төмендеуінен және мемлекеттің өндірістің дамуына кең мүмкіндік пен ырық бермей, ең бастысы, азық-түлік өндіру мен бөлуді өз бақылауына алуынан деп есептейді.

 

Бірлігі кеткен елді билеп-тӨстеуші кӨп болады

«Құлан құдыққа құласа – құлағына құрбақа ұялайды» дегендей, Венесуэла елінің бірлігі кетіп, саяси-экономикалық дағдарысқа ұшырағалы бері оған сырттан ақыл айтушы­лар, ішкі ісіне белсене араласқысы келетіндер, әр түрлі амал-айла ұсынушылар көбеюде.

Әлемді уысында ұстауды көксейтін алпауыт АҚШ Венесуэлаға әскер кіргізіп, күш қолданудан кетәрі емес. Мұны президент Дональд Трамп өзінің Twіtter парақшасында ауық-ауық қайталап қояды.

Американдық The Wall Street Journal басылымының жазуынша, өзін президенттің міндетін атқарушы деп жариялаудан бір күн бұрын кешкілік Хуан Гуайдоға АҚШ-тың вице-президенті Майкл Пенс телефон соғып, егер де ол Мадуродан билік тізгінін қолына алатын болса, оған Құрама Штаттар тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтқан. Одан бұрын да Ақ үй әкімшілігінің жауапты адам­дары одақтастары мен заңгерлердің және Венесуэла оппозициясының өкілдері мен Хуан Гуайдоны қатыстырып, келіссөздер жүргізген деседі. Вашингтонның ықпалындағы елдер де қарап қалып жатқан жоқ. Мәселен, көршілес Колумбия дипломатиялық қысым жасауды жөн көреді.

БҰҰ әзірше бейтараптық танытып, қарсыласушы тараптарды диалогқа шақыруда. Хуан Гуайдо Венесуэлаға гуманитарлық көмек көрсетілуін мақұл көрсе, Николас Мадуроның үкіметі оған барынша кедергі жасап бағуда. Колумбия президенті Иван Дуке өз елінен жөнелтілген гуманитарлық жүктер тиелген үш көлік шекарада өртелгеннен кейін ондай көліктердің бәрін кері қайтаруға бұйрық берді. Венесуэла билігінің мұндай әрекетін Аргентина үкіметі батыл айыптады.

Венесуэланың қазіргі ресми президенті Николас Мадуроны бірден-бір қолдаушы ел – Ресей Федерациясы. Мәскеудің Каракасқа құйған инвестициясы 4,1 млрд. доллардан асып жығылады. Бұл елде саяси дағдарыс көрініс берген бойда Ресейдің Федерациялық Кеңесіндегі халықаралық істер жөніндегі комитеттің төрағасы Константин Косачев Венесуэлада жағдай тікелей оның ішкі ісі, оған Вашигтонның араласуы орынсыз десе, Мемлекеттік Думадағы Қорғаныс комитетінің басшысы Владимир Шаманов Венесуэладағы тұрақсыздықтың Ресеймен екі арадағы әскери-техникалық ынтымақтастыққа зиянын тигізетініне алаңдаушылық білдірді.

Жақында Венесуэла Республикасының вице-президенті Делси Родригес ресейлік «Российская газета» басылымына сұхбат беріп, ( «Венесуэла – боль моя. Под угрозой жизнь и страна», 21.02.2019 ) өз еліндегі жағдай аштық жайлағандай аса күрделі емес дегенді айтты. Оның пікірінше, Мадуроның билігіне қарсы елдер гуманитарлық көмекті бетке ұстап, ішкі істерге араласпақшы. Тұрақсыздықтың отын үрлеп, «қара аспанды» төндіріп отырған АҚШ пен батыс елдері.

Ресейдің танымал ТАСС ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, 23 ақпанда Нью-Йоркте Уолл-стриттегі Trump Buіldіng ғимаратының алдында Іnternatіonal Actіon Center ( Халықаралық іс-әрекет орталығы) ұйы­­мының бастауымен «Венесуэладан қолыңды тарт!» және «АҚШ-тың Венесуэлаға қарсы агрессиясына жол жоқ!» деген ұрандар көтерген наразылық акциясы өткізілді. Акцияны ұйымдастырушылар «Николас Мадуро халықаралық қауымдастықтың бақы­лауымен екі рет өткізілген сайлауда жеңіске жеткен Венесуэла Боливариан Республика­сының заңды президенті. 1998 жылы Уго Чавес президент болып сайланғалы бері Құрама Штаттар Венесуэладағы режимді өзгертуге тырысып-бағуда. Ақ үйге Дональд Трамп келгелі бұл әрекет әскери күш қолдану сипатына көшті» деген мәлімдеме жасады.

Әзірге Венесуэладағы билік үшін күрес —тақ таласының қашанға дейін созылары белгісіз. Мұндағы ең қауіпті нәрсе – сыртқы күштердің араласу ықтималдығы. Базбір саясаттанушы­лар «АҚШ Венесуэланың өзіне қарату арқылы бүкіл Латын Америкасына ауыз салмақшы. Ке­лесі кезек Куба болуы мүмкін» деп бол­жайды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *