ВЕНА ЖАЙЛЫ ТҰРМЫС КЕШУГЕ АРНАЛҒАН ШАҺАР

Австрияның астанасы Вена қаласы әлемде өмір сапасы бойынша үздік қала танылды. Бұл мәліметті  20 жылдан бері әлемнің 200-ден аса қаласының өмір сапасын  зерттеп, жинақтаумен айналысатын  Mercer («Мёрсер») халықаралық консалтингтік компаниясы жариялады. Осылайша Вена осымен  тоғызыншы жыл қатарынан тұрмыс сапасы бойынша ең үздік қала атанып отыр. Бұл қаланың Еуропадағы басқа мегаполистерден несі артық? Адамдардың өмір сүруіне ыңғайлы әрі жайлы болуы үшін не істелініп жатыр?

Мәншүк Бекбосын

 

Метрода тамақ жеуге болмайды

Вена қаласы – тарихы тым тереңде жатқан көне қала. Ондағы архитектуралық тұрғыдан бір-біріне мүлдем ұқсамайтын әрбір үйдің өзіндік тарихы бар. Десе де, Венада ескі мен жаңа өзара әдемі үйлесім тапқан. Жалпы, әлем қалаларына көз жүгіртер болсақ, ондағы тұрғындардың басым бөлігі көлемді көліктерден бас тарт­қан. Ол біріншіден, қалтаға салмақ салса, екіншіден, көшелерде орын алады. Балалар мектепке өздері жаяу немесе велосипедпен барып келеді екен. Бұл өз кезегінде қаланың экологиясы мен инфрақұрылымы балалардың қала көшелерінде өздерін қауіпсіз сезінуге мүмкіндік беретінін көрсетсе керек.

Венадағы бұқараның велосипедке деген сүйіспеншілігі сонша, қос дөңгелекті тұлпарды тұрмыстарының ең маңызды дүниесі санайды. Әрі-беріден соң, автотұ­рақтан орын іздеп, әуреге түспейсің. Ауаны да ластамайсың. Уақытың мен жолыңа өзің – би, өзің – қожа!  Велосипед арқылы веналықтар жақын маңдағы жүрдек пойыз немесе метро бекетіне дейін жетіп, сапар­ларын ары қарай жалғастырады. Бұл қала­да да велосипедті жалға беретін «Cіtybіke Wіen» қызметі жұмыс істейді. Велосипедті бір сағатқа жалға алу – тегін болса, екінші сағаты – 1 еуро, үшінші сағаты – 2 еуро және солай бағасы сағатына қарай көтеріле береді. Сонымен қатар, «Vello Bіke» деген электровелосипед те бар. Жиналмалы әрі өзін-өзі қуаттандыра алатын көліктің бұл түрін жергілікті шебер құрастырыпты. Электробайктың салмағы – 12 келі. Мұнда велосипедті тізгіндегендер оны ызғытып айдайды. Өйткені, жаяу жүргіншінің жолы бөлек те, велосипедтің жүретін жолы бір бөлек. Қаланың барлық жеріне велосипед жолдары тартылған. Қауіпсіз жол әрбір мекеме, дүкен, тұрғын үйге дейін апарады.

Қала болсын, дала болсын, оның негізгі тұрғындары – адамдар. Бүгінде қаланы көліктер «билеген» заман болып тұр. Жаяу жүргіншілер болса, үнемі жолдың үстін тұраққа айналдырған көліктерден зардап шегеді. Жүріп келе жатқан түп-түзу жолды тұрған көлік үшін айналып өтеді. Топыр­лаған темір тұлпарлар қаланы «өлтіреді». Ал қала «тірі» болу үшін оның тұрғындары жаяу көп жүріп, велосипед теуіп, қалада тірші­ліктің барын сезіндіруі қажет. Бұл бір жағы­нан, қаланы қауіпсіз етеді. Сондықтан мега­полистің тынысын ашып, сол арқылы оған жан бітіру – маңызды шаралардың бірі. Қа­ла­ны көліктен бірден азат ету оңай жұмыс емес, әрине. Десек те, Алматыда қаланы көліктердің емес, адамдардың тұр­ғылықты мекені етуде бірқатар жұмыс­тардың қолға алынып жатқаны құптарлық іс.

Қаланың көлемі үлкейген сайын онда­ғы машиналар саны да еселеп көбеюде. Бұл өз кезегінде оның көшелеріндегі көліктердің кептелісін жиілете түседі. Дегенмен, бүгінде автомобиль байлық пен барлықтың белгісі емес, күнделікті қозғалыстың құралы ғана болып табылады. Осыны ұғынған веналықтар қоғамдық көлікпен жүруді әдетке айналдырған. Қаланың кез-келген бұрышына автобуспен, метромен немесе трамваймен жетуге болады.

Венада 127 бағыт бойынша автобус, 29 бағытта трамвай маршруттары мен метро­ның 5 бағыты жұмыс істейді. Жұмыс күндері метроның қызметі таңғы сағат 5-тен түнгі 00.00-ге дейін, ал демалыс күндері тәулік бойы жұмыс істейді. Жол жүру құны – 2 еуро. Билетсіз жүрген жолаушыларға салынатын айыппұлдың көлемі 100 еуро­дан асады. Тағы бір ескеретін жәйт, Венаның метросында тамақ жеуге рұқсат етілмеген.

Дәстүрлі көше тамақтарының бірі – ұлу

Вена – туристер көп келетін қала. Қала – классикалық музыкамен, австриялық асханамен танысу үшін керемет орын. Сондай-ақ, қалада ең дәмді алма штруделі­мен әлемге әйгілі болған Веймар дәмханасы бар. Вена қаласына барсаңыз империялық сәулетпен, австрия-барокко стиліндегі Ұлттық кітапханасымен және тамаша операсы сияқты үздік әлем жауһарларымен таныса аласыз.

Асхана демекші, веналықтардың дәстүрлі көше тамақтарының бірі – ұлудан жасалған тағамдар екен. ХІХ ғасырға дейін қаланың қақ ортасында ұлу сататын ар­найы базар болған деседі. Ұлудан жасалған тағам әрі арзан әрі тойымды болыпты. Кейін бұл дәстүр ұмытыла бастайды. Ал ХХІ ғасырдың басында веналық Андреас Гугумук ата кәсіпті қайта қолға алып, ұлу өсіре бастайды. Бүгінде бұл іс өз жемісін беріп, сұранысқа ие кәсіпке айналып отыр.

Сонымен қатар, Венаға барған адам екі ғимаратқа міндетті түрде кіріп шығуға тырысады. Оның бірі – әулие Стефан ғибадат­ханасы болса, екіншісі – Хофбург ғимараты. Әулие Стефан деп отырғанымыз – Будапештегі Иштван. Екеуі бір адам. Хофбург – Еуропадағы аса құдіретті Габсбург династиясының қысқы резиден­циясы болған. Онда 2600 зал мен бөлме бар. Бірақ негізгі ғимарат Габсбургтерден бұрын салынып қойған. Әр император таққа келгенде резиденцияны ылғи кеңей­тіп отырған. Ол үшін көрші ғимараттарды сатып алып, оны тып-типыл еткен де, орны­на сарайдың өзге ғимараттарын салғызған.

Вена қаласының ауданы — 414,75 шаршы шақырымды құрайды.

Тұрғыны — 1 821 582 адам.

Тығыздығы — 4 502,88 адам.

Ақша бірлігі: еуро.

Ресми тілі: неміс тілі.

Вена – музыканың астанасы

Бүкіл әлемге танымал ұлы композиторлар осы қалада өмір сүрген. Мысалы, Шуберт пен Штраус, Бетховен мен Брамс, Моцарт мен Гайднның бүгінде бүкіл адамзаттың игілігіне айналған ғажайып шығармалары осы қалада өмірге келген. Тіпті, қалада мына жерге Моцарт жиі бас сұғатын, ал ана жерде отырып Штраус өзінің алғашқы тырнақалды туындысын жазған дейтін шағын кафелер де жетіп-артылады.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *