«ВАЛЕНТИН» ЕКІ ТУЫП БІР ҚАЛҒАНЫМЫЗ БА?

Батыстың беткеұстар ғалымдарының өзі мойындап отырған осы жалған мерекені тойлауға неге тыйым болмай отыр?

Әрбір нәрсенің бүге-шігесіне шейін тексеріп, яғни, жеті рет өлшеп, бір рет кесіп, әбден ой елегінен өткізіп, әсіресе, мынау төрткүл дүниені дүр сілкіндіріп келе жатқан Батыс елінің мәдениетінен бойымызды аулақ ұстап, қай қоғамда болмасын, ұлт болашағы болған жалындаған жастарымызды қызғыштай қорғауымыз – әрбір саналы адамзаттың міндеті.

Мән-мағынасы жоқ көп «мереке­лердің» бірі – «Валентин күні». Соңғы жылдары елімізде осы мерекені, әсіресе, жастар арасында атағынан ат үркетіндей етіп тойлап жүрміз десек, қателеспеспіз. Бүгінде «әулие валентин» күнінің кең таралуына халқының көбі христиан алып ел – Ресейдің өзі алаңдап отыр. Еуропа ХІІ ғасырдан, АҚШ 1777 жылдан, Ресей 1990 жылдардың басынан тойлайды. Дүниенің төрт бұрышына құдды бір әкесінің үйінде жүргендей алшаң басып еркін тараған жат діннің, өзге мәдениет пен өркениет­тің, басқа салт-сананың мерекесі сол елдердің тірегі болған қылшылдаған жастардың жүрегін жаулаған «Валентин» деген  кім өзі? Тарихшылардың тұспал­дауынша, ежелгі христиандардың аңыз-ертегілерінде бір емес, үш бірдей Валентин болғандығы мәлім. Осы үшеуінің өлімі ит азаппен, қорлықпен зорлық көрсетіліп, қыршын қиылған. Дерек көздеріне сүйенсек, римдіктерде 14 ақпан – махаббат тәңірі – Юнон мерекесі. Жоғарыдағы үш боздақ Валентиннің бірінің ажалы 269 жылы 14 ақпанда ату жазасынан болды. Бұл мереке батыстың бізді жан-жақты жањандану тәсілімен жаулап алу саяса­тының бір тармағы.

Діндердің ішіндегі ұлығы, хақ Ислам дініміз жалған мерекеге бір сөзбен айтқанда, үзілді-кесілді қарсы. Мұсыл­ман ғұламаларының пікірінше, «әулие вален­тин» мерекесі пұтқа табыну­шылық­тың белгісі іспеттес. Мұны тек біз емес, Батыстың беткеұстар ғалым­дарының өзі мойындап отыр. Өйткені, мұнда бал­герлік, сәуегейлік сияқты дін шеңберінен тыс әрекеттер орын алады. Мәселен, адамдардың әр түрлі заттарға сеніп, оған табынып, оның нұсқауымен екінші жартысын табуға тырысуы. Нәпсіні қоздыратын тағамдар мен ішімдіктер де Исламға жат, әрі харам болып есептеледі. Ислам дінінің шариғатында өзге діндердің, әсіресе, тәлім-тәрбиесі жоқ мерекелерін атап өтуге жол жоқ. Бұған бұлтартпас дәлел ретінде қасиетті кітабымыз Құран-кәрімде: «Әй мүміндер! Сендерден бұрын Кітап берілгендерден діндеріңді сайқымазаққа алып, ойын­шық еткендерді дос тұтпаңдар және кәпірлерді де дос көрмеңдер. Егер мүмін болсаңдар, Алладан қорқыңдар» (Мәида сүресі, 57-аят). «Олар өздері қарсы болғандай, сендердің де қарсы болып, бірдей болуларыңды қалайды» (Ниса сүресі, 89-аят) делінген.

Ал, ардақты да сүйікті Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың «Кім қай халыққа ұқсағысы келсе, ол солардың бірі» дегеніне сүйенсек, бұл мерекеге қандай рұқсат болуы мүмкін? Егер Алла бізге бір нәрсені тыйым салса, міндетті түрде одан абзалын береді. Алланың елшісі былай дейді: «Алла сендер үшін олардан да абзал болған Құрбан және Рамазан айт күндерімен алмастырды». Бүкіл жаратылыстың Раббысы осы екі мерекені ең абзал күндер деп атаған екен, ой-санасы түзу, Аллаға және Оның пайғамбарына итағат еткен адам осы екі атаулы күнді ғана мереке ретінде қабылдап, қалғандарынан қол үзсе, нұр үстіне нұр болар еді. Біздің елімізде өмір сүріп жатқан христиан және басқа дін өкілдері біздің осы екі төл мерекемізді тойлағанын көрдік пе? Әрине, жоқ. Олай болса, неге біз олардың мерекесін тойлауымыз керек? Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінде Алланың және Оның елшісі бергендерді алып, тыйым салғанынан тыйылайық, ағайын!

Айбек АТАШЕВ, дінтанушы.

(ҚМДБ сайтынан ықшамдалып алынды).

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close