Қуыршақ театры әлемге құшақ ашты

Мемлекеттік қуыршақ театры – рес­пуб­лика тарихындағы тұңғыш қуыр­шақ театры. 1935 жылы ашылған театр ордасы таяқ қуыр­шақтан бастап бүгінгі заман ағы­мына сай күрделі марионет­ка­лармен қатар, соңғы үлгідегі теxникалық-лазерлі көркемдеу­лермен жабдықталған. Бүгінде ұлттың руxани қажеттілігін өтеп отырған 83 жылдық тариxы бар өнер ордасының алға қойған бағыты мен бағдары айқын. Бұл – қазақтың қуыршақ театры өнерін өркендету, кешегі мен бүгінгі өмір арасын өнер­дің биік шыңы арқылы шынайы көр­сете білу. Елімізде және шет ел­дер­де өткен респуб­ликалық, халықара­лық театр фес­тивальдерінде топ жарып жүрген өнер ошағы Елбасы Н.Ә.Назар­баевтың «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» бағдарла­ма­сын жүзеге асыру мақсатында  бү­гінгі таңда әр бағытта, әр жанрда жұ­мыс жасап келеді. Ұрпақ тәр­биесі – ұлт тәрбиесі болғандықтан, театр ұжымы бұл маңызды мәсе­леге өте үлкен жауапкершілікпен қарайды.  

Өнер  ордасы  өткен жылғы өзінің 82 мау­сымында Елбасы бағдарламасында аталған «Жаһандағы заманауи қазақс­тан­дық мәдениет» жобасын іске асыру, қазақ қуыршақ театр өнерін дүние жүзіне насихаттау мақсатында 4 мемлекетке жол­дама алып, халықаралық театр фести­вальдеріне қатысты. 25–29 мамыр аралы­ғында Бішкек қаласында (Қырғызстан) өткен драматург, режиссер, қуыршақ театрларының негізін салушы Виктор Швембергердің 125 жылдығына орай ұйымдастырылған ІІ Халықаралық «Так-теке» қуыршақ театрлары фестивалінде театр ұжымы жоғары деңгейде өнер көрсетті. Режиссер Қубанычбек Адилов сахналаған А.Чеховтың «Каштанка» қойылымымен қатысқан өнер ұжымы фестивальде «Классикалық шығарманы қуыршақ жанрында көрсеткені үшін» және «Ең үздік режиссура» аталымын иеленді. Театрдың талантты әртістері 2017 жылы Молдавия елі Кишинев қаласында өткен «Под шапкой Гугуцэ» атты Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінде де өз өнерімен тамсандырып, биіктен көрінді. Ізгі шарада режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қ.Ешмұратова сахналаған «Қаңбақ шал» қойылымын 25 мемлекеттен келген өнер өкілдеріне көрсетіп, «Ұлттық дәстүрді насихаттағаны үшін» аталымын жеңіп алды.  Маусым айында Татарстан қаласында өткен ХІІІ түркі халықтарының «Наурыз» фестиваліне драматург Әлібек Файзуллаұлының «Алтын адам» (реж. Ю.Уткин) эпикалық спектаклімен қаты­сып, арнайы дипломмен марапатталды.

28 шілде мен 7 тамыз аралығында Анкара қаласында (Түркия) өткен Халық­аралық театр фестиваліне «Қуыршақ думан» (реж. Қ.Ешмұратова) қойылы­мымен қатысып, көрермен көңілінде ерекше із қалдырды. Мемлекеттік қуыр­шақ театры Қазақстан Республи­касының Түр­кия Республикасындағы елшісінің атынан Қазақстан мен Түркия арасындағы дипло­матиялық қарым-қатынастардың 25 жыл­дығы аясында Түркия Респуб­лика­сында қазақ мәдениеті мен өнерін танытуға қос­қан үлесі үшін Алғыс хатпен мара­патталды.

Сонымен қатар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында театр ұжымы өткен жылы 9–13 сәуір аралығында Талдықорған қаласында, 11–13 қыркүйек аралығында Көкшетау қаласында, 14–17 қыркүйек аралығында Астана қаласында өзінің кезекті гастрольдік сапарын өткізді.

Міне, биылғы 83-маусымда өнер ор­дамыз 21 наурыз – Халықаралық қуыршақ театры күніне орай алғаш рет 15–18 наурыз аралығында «Қуыршақтар шақырады-2018» атты театрішілік фестивалін өткізді. Фес­тивальдің басты мақсаты – театр репер­туарындағы 2017–2018 жылдар аралығында саxнаға жол тартқан қойы­лымдарды саралай отырып, қуыршақ өнерінің қоғамға әсер-ықпалын арттырып, дәстүрлі ұлттық қуыршақтарымызды жаңғырта түсу арқылы жас ұрпақты ізгілік идеяларына тәрбиелеу болды. Сонымен қатар, ізгі шара қуыршақ театры өнерінің дамуы жолында көркемдік-эстетикалық ізденіс көкжиегін кеңейту мақсатын көздеді. Фестивальдің негізгі бағдарла­масымен қатар театртану­шы, өнертану кандидаты Еркін Жуасбектің Мемлекеттік қуыршақ театрының 1935–1991 жылдар аралығындағы тарихынан сыр шертетін «Қазақ қуыршақ театры» атты кітабының тұсаукесері өтті. Сонымен қатар, фестиваль аясында қойылымдардан тыс арнайы дәрістер, шеберлік сабақтар өтіп, театрдың алтын қорында сақталған қуыршақтардан көрме ұйымдастырылды.

Айта кетерлігі, театр ұжымы 20–22 сәуір аралығында Ақтөбе қаласында өтетін Қазақстанның халық жазушысы Тахауи Ахтановтың 95 жылдығына арналған Халықаралық «Балауса» эксперименталды қойылымдар фестиваліне қатысады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылатын өнер мерекесінде театр ұжымы ел басына түскен ауыртпалықты бір отбасының тағдырымен суреттеген заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Ана–Жер-Ана» (реж. Д.Жұмабаева) қойылы­мын сахналамақ.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын басты бағдар еткен Мемлекеттік қуыршақ театры жас ұрпақты ұлт нәрінен сусындату арқылы рухани қоржынын байыту мақсатын көздейді. Жақсылыққа жетелей­тін тағылымы терең қойылымдар арқылы балапан буынның жан-дүниесін рухани азықтандыру мен даналық дәнін діліне дарытуды өнер жолында мұрат қылады. Елбасы бағдарламасында аталған «Жаһан­дағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын жүзеге асыруға аянбай атсалы­сатын театр ұжымы шетелдерде де қазақ өнерін кеңінен насихаттауды өзінің асыл парызы санайды.

 

Талғат ЕСЕНАЛИЕВ,

Мемлекеттік қуыршақ театрының директоры,

Қазақстанның мәдениет қайраткері.

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *