«Қуыршақтар шақырады–2018» фестивалі өтті

Балнұр АХМЕТ

 

Алматы қаласының Мемлекеттік қуыр­шақ театры «Рухани жаңғыру» бағдарла­масы аясында Халықаралық қуыршақтар театры күніне орай алғаш рет «Қуыршақтар шақырады-2018» атты театрішілік фестива­лін өткізді. Шара аясында кәсіби сарапшы­лар мен көрермендер назарына театр репертуарынан «Тоба» (авторы: Е.Жуасбек, режиссері: Ж.Жұманбай), «Аква ертегі» (авт.: А.Сергеев, режиссері: О.Ақжарқын-Сәрсенбек), «Ана жүрегі» (авт: Е.Ионов, режиссері: А.Зайцев), «Құлыншақ пен бөлтірік» (авторы: Ж.Омаров, режиссері: Р.Жаны­манов), «Дәрумен» (авт.: Г.Датқа­баева, режиссері: Г.Ілиясова), «Мен деп ойла…» (авт.: М.Мақатаев, режиссері: М.Тәуекелова), «Сағыныш шөбі» (авт.: Р.Отарбаев, режиссері: Р.Жаныманов), «Ана—Жер-Ана» (авт.: Ш.Айтматов, режис­сері: Д.Жұмабаева) атты 8 қойылым ұсы­нылды. Сарапшылар қатарының құра­мында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Астана қалалық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі, режиссер Құралай Ешмұратова, Мәскеу қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі, ресейлік режиссер Вадим Смирнов, Қырғызстандағы Ш.Айт­ма­тов атындағы Мемлекеттік ұлттық орыс театрының «Әдебиет» бөлімінің меңгеру­шісі, театр сыншысы Элеонора Турдубе­кова болды.

– Бұл фестиваль театр репертуарындағы 2017-2018 жылдар аралығында саxнаға жол тартқан қойылымдарды саралай оты­рып, қуыршақ өнерінің қоғамға әсер-ықпа­лын арттырып, дәстүрлі ұлттық қуыршақ­тарымызды жаңғырта түсу арқылы жас ұрпақты ізгілік идеяларына тәрбиелеу мақсатын көздейді. Сондай-ақ, мәдени шара Қуыршақ театры өнерінің дамуы жолында көркемдік-эстетикалық ізденіс көкжиегін кеңейту мақсатында ұйымдас­ты­рылды. Халықаралық қуыршақтар театры күніне орай ұйымдастырылған бұл мәдени мереке 83 жылдық тариxы бар өнер ордамыздағы талабы таудай жастарды қанаттандыра түседі деген үміттеміз, – деді Қазақстанның мәдениет қайраткері, Мем­лекеттік қуыршақ театрының директоры Талғат Есеналиев.

Өнер мерекесі аясында театртанушы, өнертану кандидаты Еркін Жуасбектің Мемлекеттік қуыршақ театрының 1935–1991 жылдар аралығындағы тарихынан сыр шертетін «Қазақ қуыршақ театры» атты кіта­бының тұсаукесері өтті. Астана қала­лық қуыршақ театрының көркемдік жетек­шісі, режиссер Құралай Ешмұратова мен Мәскеу қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі, ресейлік режиссер Вадим Смир­нов өз сөздерінде қара шаңырақтың тағы­лымды тарихымен таныстыратын бұл кітап­тың рухани маңыздылығы ерекше екендігін атап өтті.

Көрерменді қуанышқа бөлеген фести­валь барысында шеберлік сабақтар өткізі­ліп, театрдың алтын қорында сақталған қуыршақтардан көрме ұйымдастырылды. Міне, осылайша өнерсүйер қауым таңға­жайып қуыршақтар әлеміне сапар шекті.

Төрт күнге жалғасқан фестиваль қоры­тындысы бойынша, «Тұсаукесер» аталы­мын­да «Ана жүрегі» қойылымындағы бала бейнесін сомдаған актер Руслан Абу өнері­мен өз ортасынан озып шықты. «Ана—Жер-Ана» қойылымындағы Әлиман, «Құлын­шақ пен бөлтірік» қойылымындағы құлыншақ рөлдері үшін Арай Сақтағанова «Ең үздік қуыршақ жүргізушісі» атанды. Мемлекеттік қуыршақ театрының дарынды әртістері – Құралай Исмағұлова, Эльмира Құмарова, Шоқан Құлназаров «Өзіндік шығармашылық ізденіс» жүлдесімен марапатталды. «Есте қалар кейіпкер» жүлдесін «Мен деп ойла…» қойылымындағы рөлдері үшін театрдың жас әртісі Мақсат Камалов еншіледі. Мың бұрала шығыс биін билеген Гүлвира Бейсембаева мен Арай­лым Байырбекова «Өзіндік шығармашы­лық ізденіс» аталымында өз өнерлерімен ерекшеленді. «Ана—Жер-Ана» қойылы­мын­дағы қос Толғанай бейнесін сомдаған Марал Тәуекелова мен Гүлім Рахимова «Актер­лік шеберлігі» үшін жүлдесімен марапатталды. «Сахналық үйлесімді жұп» жүлдесі «Ана–Жер-Ана» қойылымындағы Қасым мен Әлиман рөлдері үшін Айдын Жақыпбаев пен Дамира Исаға бұйырды. «Үздік әйел адам бейнесі» жүлдесі «Ана жүрегі» қойылымындағы ана, «Құлыншақ пен бөлтірік» қойылымындағы бөлтірік, «Ана–Жер-Ана» қойылымындағы Толға­най рөлдері үшін Толқын Тілеулиеваға табысталды. «Тоба» қойылымындағы мысық, «Құлыншақ пен бөлтірік» қойылымындағы көкжал, «Ана–Жер-Ана» қойылымындағы Сыбанқұл рөлдері үшін актер Болат Момынжанов «Үздік ер адам бейнесі» аталымына ие болды.

1935 жылы ашылған Мемлекеттік қуыршақ театры – республика тарихын­дағы тұңғыш қуыршақ театры. Өнегелі өнер ошағы бүгінде талантты әртістер мен қуыршақ шеберлерінің, режиссерлердің, суретшілердің бірнеше ұрпағын тәрбиелеп шығарды. Өнер ордасы таяқ қуыршақтан бастап бүгінгі заман ағымына сай күрделі марионеткалармен қатар, соңғы үлгідегі теxникалық-лазерлі көркемдеулермен жаб­дық­талған. Бүгінде ұлттың руxани қажетті­лігін өтеп отырған 83 жылдық тариxы бар қара шаңырақтың алға қойған бағыты мен бағдары айқын. Ол – қазақтың қуыршақ театры өнерін өркендету, кешегі мен бүгінгі өмір арасын өнер арқылы шынайы көрсете білу. Елімізде және шет елдерде өткен республикалық, халықаралық театр фестивальдерінде топ жарып жүрген өнер ошағының репертуарлық саясатының ауқымы кең.

Болашағымыздың жарқын болуы бала тәрбиесіне тікелей байланысты. Сондықтан әлемдік бәсекеге сай, рухани тұрғыдан бай, жан-жақты, білімді  ұрпақ тәрбиелеу жолында Қуыршақ театры аянбай еңбек етуде. 82-маусымда асқақтаған Астанада, сондай-ақ, еліміздің басқа да аймақта­рында гастрольдік сапармен болған өнер ордасы көрерменнің ықыласына бөленді. Сондай-ақ, театр ұжымы «Жаһандағы зама­науи қазақстандық мәдениет» жоба­сын жүзеге асыру мақсатында Бішкек, Молдавия, Түркия мен Татарстанда өткен халықаралық театр фестивальдеріне қатысып, жоғары марапаттарға ие болды.

Айта кетерлігі, 2017 жылы өнер ордасы 29 шілде — 6 тамыз аралығында Анкара қаласында өткен «Наурыз» ҮІІІ Халық­аралық театр фестиваліне Ә.Файзулла­ұлының «Алтын адам» қойылымымен қатысты. Фестивальде шығармашылық ұжым Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығы аясында Түркия Республика­сында қазақ мәдениеті мен өнерін танытуға қосқан үлесі үшін арнайы Алғыс хатпен және дипломдармен марапатталды.

Сондай-ақ, былтырғы жылы 83-маусы­мын ашқан өнер ордасы 20–24 қазанда өткен Анкарадағы ІІІ Халық­аралық қуыршақ театрлары фестиваліне шақырту алды. Өнер мерекесінің басты мақсаты — қазақтың қуыршақ театры өнерінің көкжиегін кеңейту, жаңа тынысын таныту, сонымен қатар, шетелдік кәсіби театр мамандары мен көрермен көңілінен шығу болды. Фестивальде 4 түркиялық және 6 шетелдік өнер ұжымы өзара бақ сынады. Мәдени шара шеңберінде шеберлік сабақ­тар мен қуыршақ театры өнеріне байла­нысты көрмелер ұйымдастырылды. Мемле­кеттік қуыршақ театры өнерсүйер қауым­ның назарына «Қуыршақ думан» (авт. және реж.: Қ.Ешмұратова, С.Шүкіров) және «Арыстанның үрейін қалай емдей­міз?» (авт.: М.Дългечева, реж.: Э.Тотева-Андотова) атты қойылымдарын ұсынды.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *