«ҚУЫРДАҚТЫҢ КӨКЕСІ» ҰЛТТЫҚ ТАҒАМДАРДЫ ҰЛЫҚТАЙДЫ

22Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ

Қала көшелері бүгінде түрлі фаст-фуд өнімдері мен шағын дәмханаларға толы. Сондықтан мұхит асып, шет ел араламасаң да Алматыдан кез келген ұлттың тағамын табуға болады. Алайда, тамақтың бабы мен дәмін келтіріп ас әзірлейтін қазақтай халық аз-ау шамасы…

Кеше қаламызда «Қуырдақтың көкесі» деген атаумен қазақтың ұлттық тағамдарын ұлықтайтын этно-мәдени мейрамхана ашылды. Бұл – ауылдың дәмін сағынып, табада піскен ыстық нанға жағылған қарынның сары майы мен балқаймағын, түйенің етінен жасалған қара қуырдақ пен уылжып піскен сырбаз, жұқпа нан мен шікілдеуік, қаттама нан мен қарта, уыз бен қағнақ, ежігей құрт пен қаймағы бетіне қалқыған күрең шай ішуді сағынған ағайын үшін таптырмайтын мекен болатыны анық. Себебі, мұнда ұсынылатын тағамдар әзірше қаладағы бірде-бір мейрамхана немесе дәмханада кездеспейді. Сондықтан да бұл көпшілік үшін үлкен жаңалық болып отыр.

20Естеріңізде болса, өткен жылдың қараша айында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек отандық өнім шығарушылармен өткен кезекті жиынында қазақтың ұлттық тағамдарын қайта жандандырудың маңыздылығын, сол үшін ұлттық тағамдардың кафе-ресторандарын ашу керектігін ерекше атап өткен еді. Қала басшысы дәмханалардағы астың бағасы жалпақ жұрттың қалтасы көтеретіндей бағамен әзірленуін де басты назарға алған болатын. Бүгінде сол олқылықтың орнын алматылық студент Еркебұлан Мәкенов толтырып, көпшілікке селт еткізер жаңалық жасады.

Аталмыш мейрамхана кеше қала тұрғындарына есігін айқара ашып, қазақтың ұмыт бола бастаған таба нан, бұжығы, қарындағы май, түйенің қуырдағы, бүрме қарын, уыз, жарма құрт, қағнақ, түймеш, сырбаз, балқаймақ, жөргем, жаужұмық секілді тағамдарын ұсынды.

21– «Қуырдақтың көкесінде» тағамдардың барлығын көненің көзін көрген, ұлтымыздың дәстүр-салты мен тағамдарынан ақпары мол, тәжірибелі аспазшылар әзірлейді. Дәмі тіл үйірер тағамдар қазақтың байырғы технологияларымен жасалынады. Бағасы да аса қымбат емес. Ең қымбат деп есептелетін тағамдарымыз – қазы-қарта, жал-жая. Бағасы 2200 теңгеден басталады. Ал қуырдақтардың бағасы 1500 теңгеден аспайды. Атаулары мүлде таныс емес тағамдардың мұнда түрі көп. Сондықтан олардың тарихы мен жасалу жолдары жайында алдағы уақытта ұсынатын боламыз. Әжелеріміздің аялы алақанымен жасалып, ұрпақтан-ұрпаққа берілген қазақтың төл тағамдарын насихаттау – басты мақсатымыз, – дейді мейрамхана ашқан Еркебұлан Мәкенов.

Ұлтыңның ұлылығын дәріптегің келсе, оның ас мәзірінен де хабардар болғаның артық емес. Сондықтан, жас та болса, үлкен іс бастаған бауырымызға сәт сапар дейміз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *