УНИКУМ АДАМ

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау саласының үздігі, белгілі қоғам қайраткері Хамит Нұржанұлы Нұржанов туралы бір үзік сыр

Қазақстан–Ресей медицина университетінің Акушерия және гинекология кафедрасының ассистенті болып қызмет атқарып келеді. 1985–1988 жылдары кафедра жұмысымен қатар Орта Азия әскери округінің штаттан тыс бас акушер-гинекологі жұмысын қоса атқарды. 2003 жылы ҚазҰМУ Ғылыми кеңе­сінің шешімімен оған ҚазҰМУ профессоры академиялық атағы берілді.

Білімін шыңдап, тәжірибе жинақтай түсуге ынтық ұстазымыз біліктілігін көтеруге ешқашан жалыққан емес. Соның дәлелі, ол тек республикалық қана емес, сонымен қатар халықаралық семинарларға, конференция­ларға, конгрестерге және симпозиумдарға (ОАР – Кейптаун қаласы, БАЭ – Дубай қаласы, Түркия – Измир қаласы, Германия – Берлин, Мюнхен қалалары, Испания – Барселона қаласы, Сингапур – Сингапур каласы, Ресей Федерациясы – Мәскеу, Санкт-Петербург, Новосибирск қалалары, Қыр­ғыстан – Бішкек қаласы және тағы басқа­лары) қатысқан ғалым. Ол кісінің тікелей жетекшілігімен, авторлығымен акушерия, гинекология және перинатология салалары бойынша 11 кітап, 5 оқу құралы және 3 сөздік жарыққа шықты.

 

Елу жылда он сегіз мыңнан астам ота жасаған

Жалпы айтқанда, Хамит ұстазымыздың жалпы еңбек өтілі 62 жыл болса, соның ішінде емдеу өтілі – 56 жыл, педагогикалық өтілі – 49 жыл, акушер-гинеколог мамандығы бойынша өтілі – 50 жыл екен.

2014 жылы ҚР клиникалық және іргелі медицинасы ғылыми академиясының жалпы жиналысының шешімі бойынша ол академия­ның мүшесі ретінде академик болып сайлан­ды.

Ұстазымыздың бүкіл еңбек жолы мен өмірлік тәжірибеден жиған-тергенін, ойға түйгенін бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Кафедрада жұмыс істей жүріп, ол сту­дент­терге семинарлар мен тәжірибелік сабақтар өткізді және дәрістер оқыды. Қазақстанда гинекология мен акушерия пәндерінен ал­ғашқы қазақша дәрістерді оқығандардың бірі болды. Ағымдағы және мемлекеттік емти­хандарды қабылдады, субординаторларды, интерн-дәрігерлерді және тәжірибелі дәрігер­лерді аттестациялауға қатысты, ауру тарихы мен хаттамаларын тексерді.

1969 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын бітіргеннен кейін қалалық Денсаулық сақтау бөлімінің жолдамасымен Алматы қаласының №1 перзентханасына акушер-гинеколог дәрігер болып орналасты. Осы перзентханада істеп жүріп ҚазКСР Денсаулық сақтау министрінің тапсырмасымен Солтүстік Қазақстан облысының тың игеру аудандарындағы әйелдерге екі айдай акушерлік және гинекологиялық көмек көрсетіп қайтты.

Сонымен қатар, 1970–1993 жылдары аралы­ғында Акушерия және гинекология кафедра­сында ассистент қызметін атқара жүріп, 23 жыл бойы Алматы қаласы мен облысында орна­ласқан барлық перзентханаларда, сондай-ақ, ЖМЖА және ОҚКА-да жүктілерге, босану­шыларға, гинекологиялық ауруларға қызмет көрсетті. Күн-түн демей, жоспарлы және шұғыл операциялар (оталар) жасады. Осы уақыт ішінде (23 жыл) бүкіл республика бойынша ол көмек көрсеткен әйелдердің саны 80 мыңнан асқан екен. Сонымен қатар, 5-курс студенттеріне және субординаторларға жедел гинекология бойынша тәжірибелік сабақтар өткізді. 1993–1999 жылдары 6 жыл бойы ОҚКА-ның гинекологиялық бөлімшесінің доцент-кеңесшісі болып еңбек етті, ал 1993–2005 жылдары 6 жыл бойы №1 клиникалық перзентханада және №14 әйелдер кеңесінде доцент-кеңесші болып қызмет атқарды. 2005 жылдан осы қазірге дейін (20 жыл) ҰОС ардагерлері емханасының әйелдерге кеңес беру бөлімінде профессор-кеңесші болып қызмет атқаруда. Жиырма жыл ішінде 50 мыңдай жүкті және босанған әйелдерге, гинекологиялық ауруларға кеңес беріп, ем жасаған. Жалпы, осы жылдар ішінде (акушер-гинеколог дәрігер ретінде) 130 мыңнан астам әйелдерді емдеген.

Хамит Нұржанұлы акушерлік және гине­кологиялық патологияларды диагностика­лау мен емдеудің, операциялардың жаңа әдістерін жақсы меңгерген маман. 1969–2019 жылдар (50 жыл) аралығында 18 мыңнан астам шағын және қуыстық акушерлік және гинеколо­гиялық операциялар жасаған.

Ұстазымыздың емдеу өтілі 56 жыл десек, осы жылдар ішінде республиканың денсаулық сақтау органдарының шақыруымен талай рет тәжірибелік көмек көрсету шараларына қатыс­қан екен. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмаларымен 12 рет «Медициналық десант» құрамында, еліміздің шалғай аудан­дарына (Жамбыл, Шымкент, Алматы, Қызыл­орда, Атырау, Маңғыстау және тағы бас­қалары) барып, акушериялық және гинеко­логиялық көмек көрсеткен.

Хамит Нұржанұлының осынау жыл­дардағы еңбегі еленіп, талай марапаттарға ие болды. Мысалы, Алматы, Көкшетау, Жамбыл, Тал­дықорған, Шымкент, Маңғыстау қала­ларының әкімдерінің, Атырау облыстық және Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқар­маларының, Қазақстан Республи­касының Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамоталары­мен наградталды, басқа да алған марапаттары жеткілікті. «КСРО еңбек арда­гері» медалінің (1989), «Қазақстан Республи­касы Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбел­гі­сінің (2011), «ҚазҰМУ күміс медалінің» (2006), «Алтын дәрігер» медалінің (2012), «А.Байтұрсынов атындағы күміс медалінің» (2013), «Мейі­рімділігі, қайырым­дылығы және рақымды­лығы үшін» халық­аралық медалінің (2013), Ресей Федерациясы «Ғылым және білім беру ісінің еңбек сіңірген қызметкері» құр­метті атағының (2013), «Отан қорғаушы» ха­лық­аралық медалінің (2014), «Еuropean scіentіfіe and іndustrіae cjngortіum – Wіllіam Harvey» халықаралық медалінің (2014), «Гиппократ» халықаралық медалінің (2014), «Аvе – Vіtae» орденінің (2015), «Соld Scalpel» халықаралық орденінің (2018), «Қазақстан Республика­сының қоғам қайрат­кері» меда­лінің (2018) иегері.

 

Жүрегі оң жағында орналасқан жауынгер

Біз студенттік кезімізде ұстазымыздың өте сирек кездесетін, бірден-бір уникум адам екенін, яғни жүрегінің оң жақта орналас­қанын (100 мың адамның арасында бір адамда кездесетін жағдай) білдік. Бұл біздер, медик­тер үшін таңқаларлық жағдай еді. «Жүре­гіңіздің оң жақта орналасқанын қай уақытта, неше жасыңызда білдіңіз» дейміз ұстазымыз­ды қаумалап. «Мен мектепте оқып жүргенде (6-7-сыныпта), біздерді әскери комиссариатқа шақырып, медициналық тексеру өткізген кезде жүрегімнің оң жақта екені сонда анық­талды», – дейді ол кісі. Кейін әскери-теңіз флотына азаматтық борышын өтеуге бар­ғанында іш-құрылыс мүшелерімнің орналасуы түгелдей басқаша екенін біліпті. Сол кезде комиссия бастықтары «Сендей баланы бірінші рет көріп тұрмыз» деп оны елге қайтаруды ұйғарыпты. Ал ол кісі болса: «Мен елге қайт­паймын, елдің бетіне қалай қарай­мын, әкем ұрысады. Осыдан мені елге қайта­ратын бол­саңдар, мен Мәскеуге, орталық комитетке шағым жасаймын», – деп дес бермепті. Сөйтіп, әрең дегенде моряк (теңізші) болып қабылданып, әскери-теңіз флотының атом сүңгуір қайығында 5 жылдай қызмет етіпті. (Бұл оқиға 1958 жылы, Архангельск облысының Северодвинск қаласында болған).

Ұстазымыз айтқандай, бір күні Баренц теңізінде әскери жорықта жүрген кезде, ішінің ұстамасы ұстап, оны теңізден арнайы тікұшақпен әскери госпитальға апарыпты, сонда дәрігер-хирургтар сырқатына диагноз қоя алмай, әбден әбігерге түсіп, мазалары кетіпті. Әйтеуір операция жасап аппендиксін сол жақтан тауып, алып тастаған екен. Осылайша іш-құрылысының өзгешелігіне көзі жеткен екен. Атырау облысының орталығы – Атырау қаласының өлкелік мұражайында Хамит Нұржановтың өмірі мен кәсіби жолын баяндайтын арнайы бұрыш бар.

– Мен босандырған және гинекологиялық ауруларынан емдеген талай әйелдердің алғы­сына бөлендім, – дейді ұстазымыз. – Сәби­леріне менің атымды қойғандар да көп болды. Мысалы, қазір есімі менің құрметіме қойыл­ған 36 Хамит бала өмір сүріп жатыр. Мен өзімді бақытты адаммын деп санаймын.

Бүгінде 80 жасқа келсе де, азаматтық тұл­ғасы мен кәсіби іскерлігі бір бойына жарасып, адами болмысы айналасын шуаққа бөлеп, әлі күнге дейін талай ана мен нәрес­тенің аман қалуына себепші болып, талай адамдарға мейірім мен қуаныш сыйлап жүрген Хамит Нұржанұлы туралы мақаламды аяқтай отырып, мерейтойын атап өткелі отырған алтын қолды Ұстазымызға зор денсаулық, өмірдегі бар жақсылықтар мен сәттіліктерді тілеп, шәкірттері атынан үлкен ризашылы­ғымызды білдіргім келеді.

Ж.ИМАНБАЕВА,

Қазақстан–Ресей медицина университетінің

Ғылыми және клиникалық жұмыстар

бойынша проректоры,

Акушерия және гинекология кафедрасының меңгерушісі, доцент.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *