ӘУЛЕТІМІЗДІҢ ҚАЗЫНАСЫ…

ОРАЗАЛИЕВА Эльмира Нұрланқызы, филология ғылымдарының докторы, профессор

Адам баласы – Ұлы Жаратушының құдіретімен келген жұмбағы мен сыры қалың құбылыс. Құбылыс сырына қанша сүңгіп, тереңіне қанша бойласаң да, шеті мен шегіне жету мүмкін емес.

Адам адам болып жаратылғалы қасиетті қара жермен бірге келе жатқан жауапсыз сұрақтар көп. Менің жүрегімді тербетіп, ой-санама маза бермейтін сол сұрақтар әлемін шарлағанда қазақ есімді ұлы халықтың ұрпақтан-ұрпаққа өтіп, жалғасып келе жатқан даналық сөздері әркез көмекке келеді. Бүгін де, міне, қолыма қалам алып, мені осынау жарық дүниеге алып келген, аналық мейірімін өлшеусіз арнаған аяулы адамым туралы сөз айтпақ болып, ақ қағаз алдында отырғанымда, ол ата-бабалардан қалған бір сөз тілімнің ұшына оралды. Адамның таңдауына көнбейтін жерүсті жұмбақтарының ішіндегі ең негізгілерінің бірі – ата-ана. «Адам ата-анасын таңдамайды» деген үлкендерден естігенім бар… Бұл жағынан алғанда мен өзімді бақытты адамдардың қатарына қосамын, өйткені Алла-тағала маған ата-ана таңдауда кеңдік жасаған.

Ұлы Жаратушыға айтар алғысым шексіз!

Ана! Нағыз киелі де қасиетті ұғым ғой!

Біздің отбасымыз үшін анамыздың орны айырықша…

Сөзімді төмендегідей өргенді жөн көрдім.

«Далада даладай, қалада қаладай бол» деген сөздер мен үшін есею мен қалыптасудың қайталанбас адами үлгісіндей елестейді.

1989 жылдары студенттік ортада жүріп, курстастармен араласудың кілтіндей көрінген бұл қағидат келе-келе менің «ұраныма», өмірлік кредома айналғанын аңғарып келемін. Бұл қағидат менің өмірлік құндылықтарым мен адамдық кеңістігімді қалады. Ана аузынан айтылған осы бір сөздердің таным ғана емес, талғам бірлігіне айналған мазмұндық салмағы менің маман ретінде де, қоғам мүшесі ретінде де, болашақ ана ретінде де өсу жолымды, өз бағытымды айқындағандай. Бүгінде «… Ештеңкені көрмей, аспаннан түскен адамға ұқсап, мазақ болып жүрмеңдер. Күнге тотығып, даланың жұпар иісін жұтып, самал желін бойларыңа сіңіріп, еңбекке тәрбиеленіңдер. Ауыл біздің алтын ұямыз екенін естен шығаруға болмайды. Далада дала сияқты кең болып жүре білу керек» деген Алматыдан жазған анамның ескі хаттарын қайта парақтап отырып, еріксіз езуіме күлкі ұялайды. Қалада өскен қызына даланың табиғи қалпын, қазақтың рухани әлемін, адамзатқа тән қарым-қатынас заңдылықтарын дарытуға талпынған ана жүрегінің соғысын, жанашырлықпен айтқан ақыл-кеңестерін уақыт өте келе, енді-енді тереңірек үңіліп, ұққандаймын. Студенттік шақтың шуағына шомылған жастық кезеңнің қызығы мол сәттеріне тамсанған қыз көңілін дұрыс арнаға бағыттау мақсатын көздеген әр сөздің құдіретін де енді-енді ғана түсіну мүмкіндігіне ие болғандаймын…

Анамның өнегесі, анамның ақылы дейтін мұндай өмірлік үлгілер менің басымда өте көп. Олар, құдайға шүкір, бүгінде тағдырымның ажырамас арнасына айналды десем, артық айтқандық емес. Кейде тура айтылып, кейде астарлап жеткізілетін сөз дейтін қасиетті дүниенің ұрпақтар сабақтастығын орнықтырудағы күш-қуаты, ерік-жігері өзгеше ғой… Ара-тұра әзілге жығып,  «тегін ақылымды аяйын ба…», «апам айтпақшы…» деп басталатын анамның сабырға шақырып, сырласуға жетелейтін «тең терезелі» ойы мен сөзі бізді еркін араласуға жетелейді. Сондықтан  анам туралы ой айтып, сөз бөлісу мені қанаттандырады, мақтаныш сезіміне бөлейді. Мөлдір бұлақтан шөліңді қандырып су ішкендей күйге түсіреді. Жалпы «жазу», «сызу» дейтін ұғымдар біздің отбасымызға Алладан бұйырған кәсіп секілді. Әкем – ақын, анам – ғалым. Ес жиғалы көргеніміз қағаз бен қалам болғандықтан ба, бәріміз жазуға әуеспіз. Мен де, менің бауырларым да солай. Мамандықтарымыз әр түрлі болғанымен, тоғысар жеріміз қағаз, қалам… Сол қасиет енді біздің балаларымызға көше бастаған сыңайлы. Қазақ тілінде сөйлеу, қазақ тілінде ойлау, қазақша өмір сүру – басты салтымыз. Отбасымыз үшін жазумен ойды еркін жеткізу – басты қағидат. Эпистолярлық жанрдың құдіреті де сонда болар… Қолыңа тиген хаттар арқылы сана жаңғырып, көкірек сайрай жөнеледі… Балалық кезіңе, бозбала шағыңа, жастық дәуреніңе тіл бітіп, ішкі жан-дүниең өзгеше бір сезім құшағына енеді…  Тарихқа айналған айлар мен жылдарға қанат бітіп, көз алдыңа өмір үзіктері келеді. Басқа бір дәуірмен, өзге бір құндылықтармен тілдескендей боласың…

Өмірден өз орныңды тауып, қоғамдық ой мен пікірдің назарына ілігу –  қашанда күрделі дүние. Жас кезде жол ашуға ұмтылу, еңбек ету, қабілетіңді мойындату оңай емес… Сондай, біз өтіп келе жатқан жолдан папамыз бен мамамыздың өткені де анық. Өзіңді, өз дарыныңды дәлелдеу бір сын болса, отбасын сақтап, балаларға тәрбие беру – екінші сын. Сол екі сынақтан өту өз кезінде менің анам мен әкеме оңай болмағанын сеземін… Әсіресе, күні-түні қызметте жүретін адамның жағдайын жасап, бізге бір қарап, өзінің қоғамдағы орнын әлсіретіп алмауды екі ойлап жүріп, кандидаттық пен докторлық диссертацияларын жазуды тоқтатпауы – анамның ерлігі дер едім.

Кейде осындай ой үстінде жүріп, «спартандық үлгіде» өмір сүрген еңбекқор отбасының кішкентай мүшелері, біздерге, еркелік көрсетуге де мүмкіндік бола бермейтін. Отбасылық тәртіп бізді де қимылдауға, өз жолымызды анықтауға, жинақы болуға жұмылдыратын. Тәртіп біз үшін анамыздан басталатын.

Біздің жадымызда таңғы жетіден тас қараңғы кешке дейін еңбек ететін ата-анамыздың келбеті берік орныққан. Есіме бір қызық оқиға оралып отыр. Анамның Шет тілдер институтында дәріс оқып жүрген кезі. Сабақтары ерте басталатын болу керек. Әлі бала кезім, шашымды да өзім өре алмайтын шағым. Қалыптасқан әдеті бойынша ерте тұрып, менің шашымды қос бұрым қылып өріп, қайта жатқызып кететін анам әдеттегіден кештеу тұрған сияқты.

Асығып қызметіне кетті. Маған бұрылуға да, шашымды өруге де шамасы болмады-ау деймін. Бізді жұмыстың алдында мектепке апару міндеті «мойнына» жүктелген әкем аң-таң… Өмірі өру дегенді көрмеген ардақты әкем шашымды өрмекші болып, біраз әлекке түсті… Ақыры ұқсатқан болып, бұрымдарыма ақ бантик байлады. Анамның өргеніндей болмады. Әйтеуір қиналып жатып, екеулеп шашты тәртіпке келтіргендей болдық. Кешке шаштың бір жақта, ал бантиктің бір жақта қалғанын көрген анам күлкісін жасыра алмады. Содан бастап шашты өруді ешкімге тапсырмайтын болды.

Анам мен әкем бізді ел қатарлы өсіріп, тәрбиеледі. Уақыт пен қоғам талаптарына сай өстік. Кейде талап шамадан тыс қаттылау болып, өмір сүру  ережелері бізге екі есе жүктелетіндей еді.. «Депутаттың баласы, доктордың қызы» деген сөздерді естімеу үшін анамыз сабаққа, сабақтан тыс кездегі жүріс-тұрысымызға қатты қарайтын… Мамамыз еркіндікті сырласу деп үйрететін. Мені де, менен кейінгі екі бауырымды да сол тәртіппен жетелеп жүріп өсірді.

Папамыз немерелеріне әжелерін «апа» дегізбей, «ақ мама» деп үйретті. Қазір ол кісіні біздің алыс, жақын туыстарымыздың барлығы, әсіресе немерелер тегіс «ақ мама» дейді. Көзінен нұр, сөзінен сыр тамған ақ мамасының тәрбиесі кейінгілерге де шапағатын тигізіп келеді. Әже тәрбиесін жақсы білетін немерелері ақ мамаларының айтқанына көніп, әдемі есейіп келеді.

Әдемі тәрбие – адам өміріне азық. Өз басым осындай анамның барына мың да бір шүкіршілік айтамын. Папамыз оңашада балаларына «Мамаларың – әулетімнің қазынасы. Қазынаны сақтау, аялау – бәріміздің парызымыз» деп отырады. Ата-анамыз біреуді сыртынан сөз ету, біреуді бөліп жару немесе адамның бойынан кемшіліктер іздеу сияқты жат қылықтардан аулақ болуға үйретті. Бұл дағдыларды сөзбен емес, іспен дәлелдеп, бойымызға ұялатты. Есіме тағы да студенттік күндерім түсіп отыр… «Туған күнің құтты болсын! Мына аз дәмді барлық балалар бірігіп, туған күніңді атап өтіңдер. «Көппен көрген ұлы той», – деп, көңіл болса, нан мен қара шайдың өзінен той жасауға болады… Біреу-міреудің көңілі қалып жүрмесін, барлығың бөліп жеңдер, бәріне де шақырып айтарсың, қызығы да сол болады… Әр нәрседен сақтанып, жақсы жүріңдер» деген жолдарды оқып отырып, есіме Қостанайда картоп жинап жүріп, туған күнімді атаған кезім түсті. Алматыдан жеткен азық-түліктің арқасында ешкімді бөлмей, барлық студенттерді толық жинағаным бар. Иә, құрмет те, қадір-қасиет те сол бір сәттерден бастап құралады екен-ау…

Адамды алаламау, әрқайсысына үлкен сеніммен қарау деген қағидаттарды әкеміз де, анамыз да өмірде нық ұстанады. Өмірлерінің өзегіне айналған құндылықтар бізге күнделікті тіршілік арқылы беріліп келеді десем, артық болмас. Ата-әжелерімізге деген құрмет те, туған-туыс бауырларға деген көмек те, дос-жаран алдындағы парыз бен қарыз да, қоғам мен адамзат алдындағы жауапкершілік те – барлығы отбасымыздың өмірімен біте қайнасып жатқан тұтас әлемнің бөлшектері. Сондықтан болар, қала мен дала сабақтастығы да біз үшін рухани арналар тоғысы, аса құнды байланыстар көкжиегі деп есептеледі. Туған жердің топырағынан нәр алу, бабалар аруағына тағзым ету сияқты дәстүрлер – біз үшін жалғасын тапқан аса қымбат өнеге.  Әкеміздің еліне барып, ата-бабамыздың зираттарын түгендеп; ас беруіміз, атамыздың басында құран оқытуымыз; анамыздың елінде бабалар рухына тағзым етіп, нағашы Шәмси атамыздың 40 жыл директор болған мектебінің салтанатына қатысуымыз; тіпті арбаға отырып, ауылды бір серуендеп қайтуымыздың өзі – осы айтылған ойлардың қадау-қадау көріністері.

Өз ісімен ұрпақ тәрбиесін бағыттап келе жатқан әкеміз бен анамыздың буыны, шын мәнінде, сөздің қадірін жоғары бағалайды. «Тіл – адам ойы мен санасының жемісі», – деп есептейтін анам «дара тұлға» ұғымына «қазіргі заман талабына жауап беретін, халықаралық стандартқа сай білімді меңгерген, өз ана тілі мен өзінің тарихын жетік білетін, коммуникациялық қарым-қатынасты бірнеше тілдерде емін-еркін жүзеге асыра алатын, әлеуметтік және кәсіби тұрғыдан жан-жақты қалыптасқан ұрпақ» деген анықтама бере отырып, өзі де сол өзгеше тұлғаның «доминанттық» қасиеттерін сомдаудың хас шебері болғаны күмәнсіз.

Бірінші сыныпқа барған балаларына ертегілер мен жырлар оқытып, түсініксіз сөздерден сөздік құрастыртатын аналар қазірдің өзінде де көп емес-ау деймін. Ең қызығы бала қабылдауына жат сөздердің, тарихи лексиканың  мағынасы кешкі астың үстінде талқыланатын, әр жаңа сөз бала жадына қарапайым тілмен, көз алдыңа елестетер мысалмен түсіндіріле қағазға түсетін. Бұл процеске әкеміз де араласатын. Біздің қазақ тілінде сөйлеуіміздің де, қазақи салтқа жақын, ұлттық рухқа берік болуымыздың  да сыры осында жатыр-ау.

Бүгін шәкірт тәрбиелеп, студенттер аудиториясына құлшына кіретін менің де қазақ тілін таңдауым – кездейсоқтық емес, заңдылық. Басында сөздің құпияға толы әлемі ғана қызықтырған балалық сезімдер, «неге?» деген сұраққа уәжді негіздеме іздеген балғын толқулар кейін сөз құдіретін тануға, оның «бойтұмарға» айналар табиғатын зерделеуге ұласты. Алғашында математикалық заңдылықтай қабылданатын грамматикалық ережелер уақыт өте келе сөз құрамының жұмбағын анықтайтын шешімге айналды. Ал нақтылыққа бастайтын емле ережелері логикалық жүйенің асқан үйлесімін сомдады. Нәтижесінде өмірдің өзінен нәр ала қалыптасқан лингвистикалық ұғымдар мен тұжырымдар тізбегі санамда бой түзеп, тіл біліміне деген қызығушылығым   өзінен-өзі қашалып, болашақ мамандығымның негізі қаланды… Анам екеуіміз шуақты күндерде де, аязды кештерде де ұзақ серуендегенді ұнатамыз.  Тақырыбымыз бір – қазақ тілінің қайталанбас өзгеше әлемі, бүгінгі тіл оқыту мен тілге деген қызығушылықты арттыру мүмкіндіктері. Бұл мәселелер анама ерекше ыстық. 2018 жылдың қарашасында анаммен Остин қаласындағы ғылыми-практикалық конференцияға бару бақыты бұйырды. Қазіргі мектеп бағдарламаларына сәйкес енгізілген деңгейлік қазақ тілі бөлімдерінің атауларына деген шетелдік аудиторияның қызығушылығын айтып жеткізу қиын. Тілашар, Бойтұмар, Тіл-орда, Алдаспан… деп таныстырылған атаулардың мағыналық кеңістігі тыңдаушылар қабылдауында тек тіл оқыту әдістемесі ретінде ғана емес, қазақ халқының ұлттық болмысы, қайрат мінезі мен өзіндік канондары тұрғысынан орнықты… Иә, менің ғылыммен сапалы да ұзақ достасуыма анамның ықпалы көп. Мен кандидаттық жұмысымды жазып жатқанда анам көрші бөлмеде отырып, докторлығын тәмамдау үстінде болатын. Құтты қонағы үзілмейтін шаңырақта әрі ғалым болу, әрі қайраткердің жары бола білу дегеннің не екенін мен сол кезде анық ұқтым. Арнайы өз кабинеті болмағандықтан, анам күндіз қағазын жайып, қонақ бөлмеде докторлық жазса, кешке не достардың, не туыстардың келіп қалуын күтіп, әзірлік қамында жүретін. Маған балалардың бөлмесіндегі үстел тиесілі еді. Ақырын сазды әуендерді қосып қойып, өзімше ғылым кеңістігіне кіруге тырысатынмын. Кандидаттық дәреженің ең басты талабы ғылыми мақалалар дайындау, ғылыми көпшіліктің апробациясынан өту болғандықтан, аспирантураның екінші жылынан бастап, мақалалар дайындауға бет алдым. Менің алғашқы оқырманым да, алғашқы қатал сыншым да анам болды. Алдына сиясы кеппей баратын мақалаларыма қызыл қалам тиіп, қайта өзіме оралатын… Айтарлықтай талқылау да, түсіндіру де болмайтын. Жауап қысқа қайырылатын: «Сылдыр су, нақтылық жоқ, жүйе қайда?». Шіркін-ай, сол кездер… Бір мақаланы 5-6 рет қайта жазған кездерім әлі есімде… «Мақала шығарма емес, оның ғылыми негізі, тұжырымы болу керек» деген сөздердің ызғары есіп тұратын… Әрі ұстаз, әрі жанашыр ананың тілегі жалғыз болатын. Сапалы жұмыс. Сол кезде кейін дәл осы сөздерді студенттерге, тіпті өз балаларыма қайталайтынымды білдім бе?! Ұяңда көрген үлгі-өнеге, шындығында, өмірлік азығыңа айналары хақ. Алғаш еңбек жолымды бастаған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұстаздар қауымы менің сөз саптауымды да, жүріс-тұрысымды да анама ұқсататын. Бұл тәлімдік генетика болар. Не қанмен, не тәрбиемен берілгенін білмеймін, бірақ студенттер алдына шыққанда «арқамның қозып» сабақ беруім анамның педагогикалық талантынан бастау алған қасиет шығар деп ойлаймын. Мен үшін қазақ тілі – тарих қойнауынан бастау алған бабалар тілі, ұлттың күретамыры, еліміздің болашағы мен даралығы. Мен Құдайберген Жұбанов, Ахмет Байтұрсынов, Сәрсен Аманжолов сияқты тіл мамандарының даналығына қайран қаламын. Әр айтылған тұжырымның өміршеңдігі мен өзектілігіне, әр ғылыми бірліктің әуезділігіне, тапқырлықпен дүниеге келгеніне таңғаламын, олардың ұрпақтар санасында сақталуын қалаймын… Тіл білімін адамтану, қоғамтану, елтану құдіретімен сабақтастырған Әбдуәли Қайдар, Рәбиға Сыздық сияқты ғалымдардың еңбектеріне бас иемін… Анамды да сол үзілмес ғылыми дәстүрдің жалғасы деп танимын…

«Ана сұлулығы жүзіндегі мейірімінен көрінеді» деген Ғабит Мүсіреповтің жан толқытар сөздері есіме түседі. Осындай отбасында дүниеге келу, өмірлік ұстанымдары берік адамдардың перзенті болу бақыты маңдайыма бұйырғанына Ұлы Жаратушыға алғыс айтамын іштей. Анам маған ғылымда ғана емес, өмірде де жүрісімен, сөзімен үлгі болып келеді.

Біздің әулетте хат жазу, хат арқылы ойымызды жеткізу – қалыптасқан дәстүр. Ол дәстүр ата-анамыздан бізге өтті. Енді бізден, біздің балаларымызға жалғасуда. Менің бүгінгі ана туралы жүрекжарды мақалам да сол хат үлгісінде жазылды, сондықтан бір салада бірге еңбек етіп жүрген әріптес ойынан гөрі перзенттің анаға деген махаббаты алға шығып кетіп жатса, оқырманым айыпқа бұйырмас деймін, өйткені бүгін ақ қағаз бетінде жүрек көбірек сөйледі. Перзент жүрегі!..

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *