ӘУЛЕТ пен ДӘУЛЕТ

Бақыт САРБАЛАҰЛЫ

 

Шаттық орнаған шаңырақ

Тарихтың қойнауына әлдеқашан еніп кеткен жылдар мен айларды ойлағанда кейде халқымыз қазақтың: «Өткен күнде белгі жоқ» деген сөзі еріксіз еске түсері бар. Шындығында да солай  емес пе? Мәселен, ХХ ғасырдың 1930–1960 жылдарының төл бітім-болмысынан, ен шежіресінен қанша­лықты хабардармыз? Мен неліктен тек осы жылдарды мысалға алып отырмын, оның себебі жазылған мақаланы оқу барысында түсінікті де болар. Алайда, бүгінгі біздің неме­релерімізді айтпағанда, қазіргі жаста­рымыз аталмыш жылдары нелер болғанын, өз ата-бабалары тыныс-тіршілі­гінде қандай отты, сұрапыл дауылдар соққанын, әйтпесе  елдің есін кіргізіп, етегін жинатқан Алтын­күрек ақ желдер қашан қанат қаққанын біле ме? Айталық, 1941–1945 жылдарға созылған Ұлы Отан соғысы. «Күркіреп күндей өтті ғой соғыс!..». 1950–1960 жылдардағы бейбіт, берекелі кезең. Біздің болашағымыз – жастар осы уақыттардағы тарихи оң-теріс, төңкеріс оқиғаларды біл­меуі де әбден мүмкін-ау… Алайда, оларда не кінә бар? Оқытпасақ, көңілдеріне тоқытпасақ, қайдан білмекші?! Демек, мәселе тереңде: саналы адам қоғамының қашан да өз өткенін, тарихын ұмытпауға тиістілігінде. Өйткені, өткенін, тарихын үзік-үзік білетін қоғамда надандық,  мәңгүрттік үстемдік құратынын былай қойғанда, сол қоғамды мекендеген халықтың еркін де елеулі Ел де бола алмасы – аксиома. Ақиқат  осыған сайса, біздің бүгінгі  тәуелсіз мемлекетімізде кешегі ХХ ғасыр түгіл жыл санауымыздың тұла бойын түгел танып, оған дейінгі дәуірлерді де шырамытып жатсақ, нұр үстіне нұр.

Бұл тұрғыдан келсек, кейінгі тәуелсіз­дік алған жылдарымыздың бергені  мол болғаны, берешегі одан да мол екені түсі­нікті. Әрине, бұл жерде билігіміз мойнына жүктелер міндет зор  екені өз алдына, жеке­леген азаматтарымызға да қатысты көп нәрсе бар. Мәселен, үлкенді-кішілі отбасы­лар тарихынан ұлы Отан тарихы түзілсе, текті әулеттеріміздің халықтық қам-қарекет­тері қазақ деген әлеуметіміздің бірлігін, берендігін қамтамасыз етіп қана қоймай, оның әлемдік деңгейдегі ұлыстық тірлігін, ұлттық ерендігін қалыптастырары анық.

Айтқанымыздың айғағына ақиық ақынымыз, кешегі Ұлы Отан соғысының қаһарманы Қасым Аманжоловтың мына бір жыр жолдарын ғана алға тарталықшы:

Батыс бардық,

Балқан бастық бөктерлеп.

Қарпат астық,

Альпі аттадық көкке өрлеп.

Еуропаның аспанында тұрмыз біз

Кеудемізді қасиетті кек кернеп!..

Өткен күндерде белгі көптігін аңғар­татын асқақ жолдар бұл. Ғанибет, қасиетті шындық.

Мені осындай «ер серігі – сергек ойларға» (М.Әуезов) жетелеп, осындай толғаныстарға  түсірген не? Нендей себеп, қандай жағдай? Бұған басты себеп – туған құдам Әділхан Шалғынбаев пен құдағиым Ханымбала Саурықова  әулеттеріндегі ке­йін­гі кездерде орын алған жақсы жаңа­лықтар, отбастарындағы оқиға деңгейінен асып, елдік сипат алған оқиғалар.

Бұдан бұрын олармен танысып-біліскен жылдар естелігіне сәл кезек берсек, алды­мен олардың  Алматыға көшіп келу себебі еске түседі. Олардың басына түскен  сол кездегі үлкен қиындық, аяқтарынан ша­лып, орға итерушілердің  тым мықтылы­ғынан орын алған уақытша сәтсіздік. Айтпақшы, бұл қиындық-сәтсіздік те Әділхан–Ханымбала осал болмағандықтан да жасалған қастандық әрекет нәтижесі-тін. Талдықорған облыстық және қалалық партия, совет ұйымдарында жауапты қыз­мет­тер атқарған, сондықтан көпке көптен белгілі іскер азамат  Әділхан Берікбайұлы еліміз тәуелсіздік алғанда алғашқы ақжол­тай кәсіпкерлердің бірі ретінде алдынан ақ жол ашылған-ды. Тұңғыш қазақ-американ кәсіпорнын құрған.                Не жасыратыны бар, Абай айтқандай үш қасиет: «Ыстық қай­рат, нұрлы ақыл, жылы жүрекке» ие адам­ның тасы өрге домалауға тиіс-тін.  Тілегі таза, айналасындағы жұрт­қа ниеті ақ, досы көп, қасы жоқ, қолынан да,  тілінен де келетін Әділханның басына бақ  қонуы да заңды еді. Бұл тіпті де адасып қонған бақ емес, адамның адал еңбегі мен ақ жүрегіне оралған бақ-тын… Бірақ алғашқы құдаларының бірі болған бізді қатты   риза еткені – Әділхан–Ханымба­ланың осы зор соққыдан сынбағаны, бірнеше жылдарға созылған қиындықты қыңбай бірге көтеріп, жеңіп, алға қадам басқаны.

Мұның өзі – адамға біткен  айрықша қасиеттің бірі болса керек. Өз тағдырыңды өзің билеп, жақсылық жолына бұрар күрескерлік өте қажет. Өкінішке қарай, жұрттың бәріне бірдей бұйырмаған,  сирек­тердің маңдайына жазылған ерек­шелік «Адамзатты махаббатпен  жаратқан» Алла Тағаланың ақ жолымен жүре білген, қана­ғат пен қайырымдылықты енші еткен мұн­дай адамдар – өз бақытының ұстасы десек, асырып та айтпаймыз, жасыра жаңылыс­паймыз да.

Әділхан–Ханымбаламен танысқалы біраз жылдар өтсе, соның кейінгі жылда­рында біз көбінесе осы отбасының қуаны­шына, жалғасқан жақсылықтарына, қол жеткізген жемістері мен жеңістеріне ортақта­сып келеміз.  Рас, тұңғыш ұлдары Сырымның үйленіп, үй болу жағдайына куә болдық деп айта алмаймыз. Заңды себеппен біз қызығына қатыса алмасақ та, Талдықорғанда алғашқы қыздары Бибі­гүлді де құтты орнына қондырып үлгергенін естідік. Қазіргі кезде Бибігүл мен Талғаттан үш бірдей немере өсіп жатыр. Олардың тұңғышы Біржан Қарағанды универси­тетінің 3-курс студенті болса, екіншілері Асият «Дарын» мектебінің 9-сыныбында, ең кенже Нұржан 6-сыныпта оқиды.

Бұл шаңырақта бұлардан кейін Құдай берген 3 ұл, тағы бір қыз бар десек, ортан­шы Әсет, Ғазиз – егіз ұлдар, Мәди – ұлдардың кенжесі. Ал Бота – Әділхан мен Ханымбаланың сүткенже қыздары ғана емес, сүйікті құткенжелері.

Қадірлі оқырман, бұлардың осы ұл-қыздарының есімдеріне қараңызшы: Сырым, Әсет, Ғазиз, Мәди, Бота. Адам өмірі атынан басталады десек, бұл есім­дердің қай-қайсысын да  таныстырып жату артық. Қазақ елінің бұлбұл қызы Бибігүл, әйгілі би, көсем Сырым, «Аққуға аспан­дағы әнін қосқан» Әсет, Қараөткелдің қыра­ны, пері – Ғазиз, Қарқаралының баһадүрі, сері – Мәди. Ал қазақтың аяулы есім­дерінің бірі Ақботаға ешқандай қосымша түсініктің қажет еместігі анық. Осындай қастерлі ныспылар Әділхан Шалғынбаевтар  перзент­терінің бойларына  бала кезден бір нұр, сыр құймады деп қалай айтарсыз?

Сонымен, біздің: Бақыт – Сәуленің екінші қыздары Дана егіздің сыңары Әсетпен қол ұстасып, Шалғынбаевтар босағасын оң аяғымен аттағалы құттың басы, алтынды ердің қасы болғаны еш дәлел тілемесе  керек.  Бұл шаңырақта жарық дүние есігін ашқан  Аделя, Нұрәлем, Әліби осы кешегі жас, бүгінгі бас отаудың жұлдыздары. Бұдан кейін Ғазиз, Мәдилер үйленді. Жақында ғана Ғазиз – Әсел отбасында маңдайы жарылған ұл Ернияз өмірге келді. Мәди – Айман шаңырағында  Аружан, Әмина, Марғұлан өсіп жатыр. Ақбота қияға қанат қағып, қазақтың жаны сұлу  жігіті Әлібекпен қол ұстасып, бола­шаққа бірге бет алды. Бұл жас отбасында көптен күткен ұл Димаш жарық дүние табалдырығынан аттап, ана-ене Ұлтайдың қуанышын кенересінен асырды.

Қыз – жаңа өріс қана емес. Елді елге, жерді жерге қосатын да – қазақтың қыздары. Біз Ғазиздің қосағы Әсел арқылы жаңа құда-құдағи Қазыбек–Гүлбану­лармен таныссақ, Мәдидің жары Айман арқылы Хадиша апаймен, Тәкен–Гүлнәрлармен табыстық. Хадиша – елге есімі мәшһүр Әлихан Бәйме­новтың туған әпкесі болса, оның қызы Гүлнәрмен бас қосқан Тәкен келісті қазақ азаматы. Бұл топқа Ақбота жағынан ортаға қосылған ҰХК ардагері, полковник қажы Халел – қазақтың сұлу қызы Қалампырды қоспа­сақ, Құдай қосқан құда-құдағилар қағана­тының бір емес, екі  уығы кем соғар еді.  Әрқайсысы әр жақтан. Атақты әр түрлі ру, жүз өкілдері: Әділхан–Ханымбала айна­ла­сында Алатау мен Сыр, Сарыарқа мен Жетісу қосылып жатқандай. Біз бұл жағдай­ларды айтқанда белгілі бір ру, жүз аттарын жаңғырту үшін емес, қазақтың Ұлы даласы­ның қай қиырын жайласа да діні, ділі ортақ, тілі түгіл еншісі бөлінбеген, жақын жеті атасы­нан қыз алмаған, қалған жетпіс жеті атасын да жатсынбаған ұлы ұлт екенін мәшһүрле­мекпіз. Алақандай Дағыс­танда бір тауды айналсаң, тілі қасқа, ділі басқа бір ұлт шыға келетінін ескерсек, қаны­мызды жаңартып, жанымызды жаң­ғырта түсетін осы бір салт-дәстүрімізді жалғастыра түсуіміз қажет-ақ.

Бұл тұрғыдан келсек те, Әділхан Шал­ғын­баевтар әулеті – кең-байтақ Қазақ­станның кішкентай бір үлгі-моделі.

 

Күйеуіне сіңлісін алып берген ана

Топырағы құнарсыз тақыр жерде жайқалып тал өспейді. Ал топырағы құнар­лы, түгін тартсаң майы шығатын, тұнық суы мол, күн шуақты жерде тамыр тартқан терек дәні талай жылдар өте келе тамырын тереңге жібере жай теректен Бәйтерекке айналады. Енді ол қатты жел-борандар түгілі алапат дауылдар соғып, қара нөсер жауындар  құйса да құлата алмас, тағды­ры­мен тайталасар Бәйтерек. Бұл айтқан­дарымыз қазақтың қазіргі уақытта әйтеуір бар, әйтпесе құрып  кетпейтін, нар әрбір шаңырағының өмір жолына өте ұқсас десек, асыра айтармыз ба?

Біздіңше, Алматы қаласы мен облысы орталығын, Жетісу жерін  мекендеп жатқан Шалғынбаевтар Бәйтерек   тектес әулет болып табылады. Тарих тереңіне көз жүгіртпей-ақ, тек бергі білетін жерімізден-ақ сөз сабақтасақ, бүгінгі Шалғын­баев­тардың атасы Берікбай Шалғынбаев ХХ ғасырдың басында, атап айтқанда, 1908 жылы кіндік кескен, бұрынғы Талдықорған облысының Көксу ауданының Еңбекші ауылында ғұмыр кешіп, 1972 жылы өмірден өткенше  еселі еңбек еткен жан. Нағыз қарапайым қазақ болса да, қарабайыр пенделер қатарын толықтырған ол емес. Алдыңғы қатарлы зиялы, көзі ашық, ауыл­дағы  ел қатты құрметтеген азамат болған. Қарақан басынан гөрі  халық мүддесін әрқашан жоғары қойған. Соның бір  көрінісі елде 1930 жылдардан бастап қуаң­шылық меңдеп, аштық апаты өршігенде ол осы 1930–1932 жылдары Қытай мен Моңғолияға барып, өз қаражатына мал сатып әкеліп,  елге таратуы. Екінші бір  ерекше мысал – 1935 жылы Қазақ автоно­миялы  республикасының 15 жылдығы кеңінен атап өтілгенде оның  өкіметтің ең алғашқы ардақты атақтарының бірі – «Даңқ» белгісімен марапатталып, оны Қазақстан коммунистерінің сол кездегі бірінші хатшысы Леон Мирзоянның  өз қолынан  алуы. Бұдан бөлек, туған ауылы мен елінің өркендеуіне ерен үлес қосқан  ол әр түрлі деңгейдегі  марапаттар мен  мақтау қағаздарына ие болған.  Алмағайып заман­дарда көбісі жоғалғанмен, бірнешеуін бала болса да сақтап қалған Әділханның сезімталдығына риза болуға тура келеді.

Шалғынбаевтар – әу бастан өсіп-өнген әулет. Осы әулетбасы Берікбай әкеміз екі рет үйленген. Бірінші әйелі Нұрбике  Қалманбетқызынан үш ұл, бір қыз көреді. Олар – Тынышбай, Досмағұл, Шымырбай және бұлардың қарындасы Арғынтай. Тағдырдың жазуына шара бар ма, үшеуі де Ұлы Отан соғысына шақырылып, майдан даласынан қайтпады. Тынышбай Берік­байұлы мен Досмағұл Берікбайұлынан «қайтыс болды» деген қара қағаз да келмей, хабарсыз кетсе, ал Шымырбай Берік­байұлынан 1942 жылы соғыста ерлікпен  «қаза тапты» деген қара қағаз келсе де, сақталмаған. Бұл кездері әлі дүниеге де келмеген Әділхандар оны қайдан көрсін.

Бұл – Шалғынбаевтар әулетіне  тағдыр­дың зор соққысы еді. Нұрбикеден қалған қыз Арғынтай, әрине, тұрмыс құрып, өсіп-өнді. Тоқсаннан аса жасап, өмірден өтті.  Оншақты ұл-қыздары бар – Шалғын­баевтың жиендері.

Ал нағашы ата Қалманбеттен Сейсеке, Сәрсеке атты 2 ұл, Нұрбике, Балбике, Дән­бике атты үш қыз өрбіген. Көріп отырған­дарыңыздай, Нұрбике – Тынышбай, Досма­ғұл, Шымырбайдың аналары. Сол кездегі Кеңес Одағының  да саясаты сорақы, әйтпесе мемлекетке қандай да бір шаңырақтың  отын өшіруге бола ма?! Ең құрығанда бір ұлды ұрпақ жалғастыру үшін отбасында қалдыру керек қой. Нұрбике анамыз – қазақтың нағыз қызы, асыл ана­сы екен. Берікбай Шал­ғынбаев шаңырағы­ның отын өшірмеу үшін  ерекше, бәлкім ел көзіне тосын, бірақ ең дұрыс ерлік қадамға барады. Туған сіңлісі Дәнбике Қалманбет­қызын күйеуі, Ленин колхозының төрағасы Асылсейіт Кешуов­тен ажыратып алып, өз күйеуі Берікбайға қосады. Дәнбикенің Асылсейіттен Мұқан деген ұлы, Маңғаз деген  қызы бар екен. Әрине, олар өз жұртында қалады. Қайран қазағымның ғажап салт-дәстүрі-ай! Ең бастысы, бір әулеттің: Шалғынбаевтар шырағы сөнбеуі керек. Сол уақытта Дәнбике анамыздың, Асылсейіт әкеміздің бастан қандай күйді кешіргенін, бір-біріне не айтқанын кім білсін. Бірақ осылайша елдік үшін ең жөн, ерлік шешім  қабыл­данды.

Міне, нақ соның арқасында Берікбай  Шалғынбайұлы әулетінің түтіні өшпей, Алла Тағала жар болып, Дәнбике анамыз 1948 жылы Алпысханды, 1950 жылы Зейнеқа­былды, 1952 жылы Әділханды дүниеге әкелді.  Бір салмақты себеп бар болуы керек, Зейнеқабылды туысымен Дәнбикенің ағасы Сәрсеке мен оның жұбайы Бижамал алып кетеді. Міне, бұл да өсіп-өнген ел қазақтың өнегелі салт-ғұрпы. Сондықтан да Әділхан­дар туған ағасы Зейнеқабылды әлі күнге дейін  нағашы санайды.

Арада үш жыл өткен соң, 1955 жылы Бибі­нұр деген қыз бала жарық дүние табал­дырығын аттайды. Ол екі жасқа толғанда қайтыс болады. Тұз-дәмі таусылды ма екен, осы қызының артынан Дәнбике ана да бақилыққа аттанады. Бұл да тағдырдың бір үлкен соққысы еді.  Осылайша Алпыс­хан 9 жасында, Әділхан 5 жасында туған аналарынан айырылып, жетім қалады. Әрине, әке тірі,  бірақ балалар үшін шеше­нің жөні бөлек  қой. Сондықтан да Әділхан «Анам менің есімде жоқ, суреті де сақтал­мапты. Есейгенше ол кісіден  туғанымды білген де жоқпын. Тек нағашы анам Бижамал өмірден өтер кезде «Сенің  туған анаң – Дәнбике!» дегенді айтты. Зейне­қабылдың да туған бауырларымыз екенін де нақ осы жолы  айтып еді» деп еске алады.

Сөйтіп, бақилық боларда Бижамал ана  арылып, өз парызын орындап, шындықты жайып салады.  Алғашында таңданарлық жаңалық сезілгенмен, анадан ақ сүт еміп, халықтық дәстүрге  қанығып өскен Әділхан ес кірген соң туған анасының қабірін іздестіріп табады. Ештен кеш жақсы, перзенттік парызын орындап, басына көк тас қояды. Ел-жұртты жинап,  еске алып, ас береді. Дәнбике анасының бірінші күйеуінен қалған  Мұқан ағасы мен Маңғаз әпкесін де іздеп тауып, қауышады. Бұл күнде олар да бұл дүниеден өтіп кеткен, бірақ Шалғынбаевтар олардың ұрпақ­тарымен араласып тұрады.

Біздің халық: «Өлі разы болмай,  тірі байымайды» деп қалай тамаша айтқан.  Тірілерден дұға дәметпесе, өлілерге ештеңенің керегі жоқ. Десек те, өткен мен бүгіннің байланысын қамтамасыз етпей, аруақтарды тірілердің ұмытпауын жалғас­тырмай, рух сабақтастығын сақтамай, өмір-тарих шежіресі толығар ма, адам көңілі бүтінделер ме?

Ана! Жаратушы Алла Тағаладан кейінгі қасиет пен құдірет иесі – Ана. Перзенті үшін түн ұйқысын төрт бөлген, ұл-қызы үшін мұз кешіп, өрт көрген Ананы қалай ардақтасақ та жараспай ма?  Тәмсіл: «Анаң­ды Меккеге үш арқалап апарсаң да, борышыңды өтеп құтыла алмайсың» дейді. Солай шығар. Алайда, бәрібір ана жүрегі кең, өзі өмір  сыйлаған ұл-қызының өзгелерге (немере-шөбере­леріне) өмір сыйлап, ең бастысы, ақ шуақ­ты көңіл сыйлап азаматтық туын желбі­ретіп жүргенін көрсе, соған көзі жетсе, «Балам,  парызыңды өтедің» деп айтуы да әбден мүмкін-ау. Анасын сағынған Әділхан талығып ұйықтап жатып, түс көреді. Түсінде ғажайып бір іс көрді: жүрегінен сағыныш өлеңі құйыла бастайды. Осы­лайша  Әділхан Дәнбике  анасы туралы жұмыр жыр жазып, оған іні-досы, компо­зитор Әли Алпысбаев әдемі ән шығарып, дүниеге өлмес перзенттік махаббат-әуен қанат қағады. Оны он мыңдаған, жүз мыңдаған халық тыңдап, шын жүрек­терінен сүйсініп жатса, бұл – Асыл Ана алдындағы бір парыздың өтелгені емес пе?!

 

Сағындым сені, анашым!

Бір сағыныш  басады ылғи еңсемді,

Қысқа болды ғұмырыңның өлшемі.

Айырылып балғын сәби шағымнан,

Аяулы Ана көре алмадым мен сені.

 

Қайырмасы:

Аяулы менің Анашым,

Жадымда мәңгі, жадымда мәңгі қаласың.

 

Ұмыту  маған, ұмыту маған мүмкін бе,

Өзіңдей жанды, өзіңдей жанды

жаны асыл.

 

Көрмесем де түсіме ылғи енесің,

Дидарыңмен маған қуат бересің.

Құлыным деп маңдайымнан иіскеп,

Күндей нұрлы мейіріңді төгесің.

 

Қайырмасы:

Ұлың бүгін ұрпағымен көркейді,

Болар еді Анам мұны көрсе игі.

Бір сағыныш жүрегімді тербетіп,

Бір өкініш жүрегімді өртейді.

 

Қайырмасы:

Дегендейсің маған: «ұлым, жасыма»,

Амал бар ма, бара алмаймын қасыңа.

Елу бес жыл өткен кезде табылған

Құран оқып, белгі қойдым басыңа.

 

Жүректі жарып шыққан жыр. Ана туралы жер жүзінің мыңдаған тілінде он мыңдаған жырлар бар. Меніңше, мынау солардың ешқайсысына ұқсамайды. Өйткені, ол ұл Әділханның өз сөзі – ерек­ше сағынышы мен тағдырдың толқынына бір қарсы жүзуі. Бұл жердегі анаға деген мұңды махаббатта мін жоқ. Қайта мәңгілік өмір мәні мен сәні перзенттің серті мен «дерті» болып шыққан. Ән төресі – Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жыры» болса (сөзі ақиық ақын Тұманбай Молдаға­лиевтікі),  Әлихан Алпысбаевтың саз-әуені де өзінше әдемі. Тіпті, осы өлең-әнді оқып, тыңдап, көңіліне тоқыған жандардың да жүрегін бір өкініш өртеп, бір сағыныш тербетсе – таңқалмайсың…

 

Соғыстан қалған сызат көп

Анасын тапқан Әділхан енді бауыр­ларын іздеуге  кірісті. Әрине, бұдан 88 жыл бұрын хабарсыз кеткендерді табу қиын шығар: ал бір дерегі бар Шымырбайдың  қабірін тауып, жатқан жеріне тәу етіп қайту – мүмкін нәрсе. Бүгінгі интернеттің бір пайдасы – Шымырбай 1947 жылы 11 қарашада Ардон шатқалы үшін шайқаста ерлікпен қаза тапқан деген деректің  ұшы­ғын қолға ұстатты. Рас болса,  дамылдаған жері – Ресейдің Солтүстік Осетия республикасының Ардон ауданы. Тәуекел! Алла Тағала бар болса, Шымырбай сол  деп Әділхан–Ханымбала екеуі жолға шықты.  Сәтін салған сапар болды, Құрбан айт кезінде тамыздың 17-сі күні  жолға шыққан олар  аталған елге жетіп, бауырларын үш күн бойы іздеді. Осетиндер ұлттық болмысын сақтаған,  өте қайырымды, қонақжай халық екен, құшақ жая қарсы алды, қолдан келген көмектерін аямады. Солардың арқасында оның Мичуринск ауылындағы мектеп ауласын­дағы ортақ майдандастар зиратында жерленгенін анықтап, қабірін тауып, тағзым етті. Мұнда 900-ден астам соғыс құрбаны жатыр екен. 243-інің аты-жөні белгілі. Туған ауылын­дағы әке қабірінен   алынған топырақты Шымырбай жатқан майдандастар зиратына қосып, басқаша айтқанда, екеуі Берік­байұлы Шымырбайдың қабіріне бір уыс топырақ салды. Құрбан айт кезі болған­дықтан бұлар  Владикавказға барып, бір қой сатып әкеліп, арнайы құдайы тамақ берді. Бауырдың  қабірінен бір уыс топы­рақ алды. Ендігі мақсат, әрине, ұлы топырағын  туған әкесі топырағына қосу…

Сөйтіп, бұл өзі жол оңғарылған, мақсат орындалған құтты сапар болды.

Берікбайұлы Шымырбай 1920 жылы бүгінгі Алматы облысының Көксу ауда­нындағы Еңбекші ауылында дүниеге келген.  Ол 1938 жылы әскер қатарына шақырылған. Мектепті өте жақсы бітірген, орысшаға жүйрік Шымырбай кіші коман­дирлер дайындайтын курсқа жіберіліп, оны  тәмамдап, лейтенант шенінде Моздок, Беслан, Термез және басқа да елді-мекендерде  әскери қызмет атқарып, 1941 жылы елге  қайтайын деп  тұрған сәтінде сұрапыл соғыс өрті тұтанады.

Ол Солтүстік  Кавказ корпусының қолбасшысы генерал-лейтенант Иса Плиевтің қарамағында екі жақ та қан төгіп, жан беріп, жан алысқан  соғысқа қатысады. Иса Плиев маршал Георгий Жуков, мар­шал Константин Рокоссовский деңгейлес әскер жетекшісі еді. Немістер бұл өңірдегі алапат шайқасқа арнайы жасақталған, бақайшағына дейін қаруланған жанқияр «Эдельвес» құрамасын салады. Мұнда Өмір мен Өлім тікелей беттесті. Не жеңіс, не жеңілу… Мұның басты себебі, фашистер Ардон  шатқалы арқылы Әзербайжанға өтіп, Баку мұнайын  иемденіп, КСРО-ның күре тамырын қию еді.  Кеңес жауын­герлерінің  өлмей беріспеген табандылығы, жаппай жауынгерлік батырлығы ғаламат ұрыс тағдырын шешті. Осы соғыста мыңдаған қыршын жастар қаза тапты. Солардың бірі, жас лейтенант, жүрек жұтқан қаһарман Шымырбай Берікбайұлы еді.

Осындағы халық, мектеп оқушылары соғыс ерлерін қатты құрметтеп, олардың ескерткіш-құлпытасын көздің қарашығын­дай күтеді екен.

Сол сапардың соңы көңіл бірлеп,  елге аман-есен жетіп, ұл Шымырбайдың топы­рағын Берікбай  әке топырағына қосып, үш құрбан бауырға жеке құлпытас қоюға ұласты. Әрине, Берікбаев Шымырбайдың  туған жылы – өлген жылы, күні белгілі. Ал «Шалғынбаев  Тынышбай Берікбайұлы оралған жоқ. Шалғынбаев Досмағұл Берік­байұлы оралған жоқ» деп жазылған құлпы­таста. Бұл шараның аяғы қазіргі Зылиха Тамшыбаева (бұрынғы Еңбекші) ауылын­дағы Ұлы Отан соғысына қатысқан жауын­герлерге  қойылған ескерткіш-мемориал­дық кешен басында өткен марқұмдар Шалғынбаевтарды еске  алып, құрмет көр­сету  жиынына жалғасты. Аудан ардагері Наурыз Қылышбаев өте мәнді   сөйледі. Әкімдер Алмас Әділ, Бағлан Тәне­кеев, Ауған соғысының батыры Нұрәділ ағаның, ҰХК полковнигі-зейнеткер Хален ағалар сөздері дәмді шықты.  Осының нәтиже­сінде бұл шара көп жиынның бірі емес, тағзым ету, жас ұрпаққа тағылым беру салтанатына айналды. Бұлай дейті­німіз, сексен жыл өткен соң, құрбандарға дұға бағыштамаса, адам көз жасын төкпейді. Ең негізгісі, мұның бәрі Шалғынбаевтар әулетінен гөрі жас ұрпаққа тәлім-тәрбие мектебі. Олар өткенге, соғыс құрбандарына құрмет – тірілер үшін  бүгінгі  бейбітшілік сақтала беруі үшін керектігін  түсінеді.  Мұның өзі қатысқан үлкен-кішінің бәрінің рухын көтеріп, қазіргі Тәуелсіздіктің нығая беруі үшін қажеттігіне көз жеткізеді. Жиындағы жү­ректен шыққан сөздер. Құрметті қарауыл. Мектеп оқушыларының патротизмге толы тебіреністі жүздері. Аспанға отқарудан құрмет салютін ату. Арнайы концерт. Құран бағышталған көп адам бас қосқан ас.  Бұл жерде  жиын мен астың, концерт­тің мықты өтуінде жер­гілікті мектеп директоры Гүлмира ханым мен ауыл әкімі Асқар Алпысбаевтың, Әділхан құданың достары Мырзағұл мен  Байғайшаның еңбектері зор екені айтпаса да түсінікті. Бас-басына алғыс айтқымыз келеді..

 

Алты бала тапқанды «ханым» десе жарасар…

Байқайсыз ба, осымен мақаламызға нүкте қоюға да болады. Өйткені, негізгі нысана тақырыпты  игердік, Әділхан құда мен Ханымбала  құдағи өміріндегі кейінгі жаңалықтардан жап-жақсы хабардар еттік. Көңілдегі көрікті ниет-ойлары ауыл көлемінен асқан оқиғаға ұласқанын түйсіндік. Десек те, біздің осы әңгіме-эссемізге бір-екі сымбат пен қымбатты айтпау жетпей тұрғанын сезінесің.

Тағдыр Әділханды дүниеге келген сәтінен сынаққа   салып келеді екен. Тіпті, Шалғынбаевтар әулетінің  басына талай рет түнек орнапты. Осы түнекті серпіп, күн шығарған Нұрбике ана мен Дәнбике аналар қайраты қандай?! Одан берідегі Әділхан Берікбайұлының тыныс-тіршілігі тек биікке өрлеу ме? Ең бастысы, (ол әкесі мен екі шешесінен қалған аманатты – Шалғынбаевтар әулеті сабақтастығын жалғастырып, ғұмыр тарихындағы қаратаң­дақтарды ағартып, Тағдыр тауқыметтерін жеңіп, мойындаған қаумалаған халық, жүзі жарық ел ағалық, ер-аталық жасқа көтеріліп, Құдай қосқан жары Ханымба­ламен бірге сыннан да, тыңнан да, шыңнан да өтіп,  мақсатқа жетіп келеді екен.

Мына өмірдің бір ғажабы: ердің жасы – елуінен ассаң да, ел ағалық жасы алпысына қадам бассаң да, білгеніңнен білмегенің  әлі көп екен. Мен таяуда ғана ежелгі сақ, түркі  бабаларымыздың бұдан 4500 жыл  алдымен жадқа, кейін хатқа түскен тұңғыш кітабы «Авестадан» мынадай жолдарды оқып, таңқалдым:

Міне, теңіз буырқанған,   шулаған,

Міне, теңіз толқындары тулаған.

Міне, теңіз кері шегініп күрсінген,

Міне, теңіз алға ұмтылып жар сүзген.

Ең көне жыр тағдыр теңізін айтып отыр. Иә, тағдыр – теңіз. Әділхан–Ха­нымбала, міне, осы тулаған теңіз толқын­дарына әрқашан қарсы жүзіп,  дәрменсіз қол қусырып батып кетпей, алға беттеп күресіп-қарысып жеңіп келеді екен.  Олардың мына өмірде құлап-сүрінбей, бір белестен келесі биіктерге  көтеріліп, бастарына бақ құсын қондырып, бақытқа жетіп келе жатуларының бар сыры осында екен. Тәуелсіз еліміздің бір жас азаматын тәрбиелеп, жетілдіру, бір жас шаңыра­ғының түтінін тік ұшыру – елдік шаруа болса, Әділхан–Ханымбаланың  бүгінге шейінгі тағдырдың толқынына қарсы жүзген, теңіздің толқынынан береке, ырыс, алтын сүзген өмірлері Ел үшін Ер болып өмір сүру десек, сәл де асыра  айтармыз ба?! Жоғары оқу орнындағы жемісті ұстаздық. Алты баланы бірдей ел азамат­тары етіп   тәрбиелеу. Туыс-ағайындарды айналада үйіріп ұстай білу. Бірі – төр, бірі өр құда-құдағилармен жолына сай кішік болып, кісі болып, байыпты қарым-қатынас жасау. Бұларды  тізбелемегенде,  болмы­сында – сері, жігіттің шері Әділханды да отқа жан­дырмай, суға түсірмей,  аман сақ­тап, тізгіндеп ұстай білуі де – Ханым­баланың атына заты сай даралығы, қазақ әйеліне тән даналығы десек, жаңылыс­паймыз.  Өмірі – Ханым, көңілі – (бала) таза мұндай қазақ аналары сирек десек және қателеспеспіз.

Ханымбала құдағи туралы бұл сөзіміз де Әділхан құданы жақтау, мақтау екеніне келісерсіз. Ендеше, Әділхан құданың  соңында жарқырап  жатқан іздерін тануды, Елдің Еріне  тән өзге де істерін тілге тиек етуді келесі бір жолға  қалдыралық.

Түйіндей айтқанда, Әділхан–Ханым­бала бүгінде тұғырдан  түсіп тұрмаса да, Шал­ғынбаевтар әулетінің жарқын жо­лын жалғастыру, асыл қасиеттерін алға астыру – Сырым, Әсет – Дана, Ғазиз – Әсел, Мәди – Аймандар қолында. Айтпақ­шы, олар әулет жолын көп жағдайда-ақ жақсы жалғап та келеді.  Алайда, өз заман­дары сипат-сымбатына сай тағдырдың толқындарына қарсы жүзіп, неше түрлі қиындықтарды жеңіп-меңгеріп, ақ пен қара, жақсылық пен жамандық таразысын теңгеріп, әке мен шешеден  асып түсу де  шарт емес пе? Қалай десек те, немерелер жөнінен алсақ, ата Берікбайдың  Алаш азаматы болғанының басы ашық. Оның кенже ұлы Әділхан Шалғынбаев та үрдіс десең  әулет үрдісін дамытқан, қандай бір істі де дөңгелетіп әкететін,  облыс әкімі қойса да, әлеуетті әкім болар, ең негізгісі халыққа жақын хакім   Тұлға. Менің бұл сөзді айтып отырғаным текті әулеттің жас өкілдері  ішінен де өз бастарынан артылып, айнала қауымына, асса Халыққа көлеңкесі түсер бір Қайраткер тұлға шығуы керек-ақ.

Бәлкім, осал емес, олқы  да емес бүгінгі немерелер маңдайына Шалғынбаевтардың әулетінің лайықты ұл-қыздары болып қалу, тәуелсіз Қазақ Елі  дәулетінің жарық Жұлдыздары болып жану бұйырып тұрған да шығар.

Біздің бұған сеніміміз кәміл.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *