УКРАИНАҒА «БЫЛЫҚПАҒАН» ПРЕМЬЕР КЕРЕК

Әшірбек АМАНГЕЛДІ, «Алматы ақшамының» саяси шолушысы.
Сырттан от көсеушілердің үрлеуімен Украинаның Қырым түбегінен айырылғаны, Донбасста соғыс өрті тұтанып, тыныштықтың түтінге тұншыққаны – бүгінгі күннің ащы шындығы. Бірлігі бұзылған елдің тірлігі де ақсайды. Мұндайда елге батыл билік, ілкімді басшылық керек-ақ. Батыс пен шығысқа жалтақтаған немесе байшыкеш олигархтармен ауыз жаласқан көшбасшылардан жалыққан басқа баламаны көрмеген украин жұрты биылғы жылдың сәуіріндегі президенттік сайлауда амалсыз шоумен, әзілкеш әртіс, продюсер Владимир Зеленскийге көбірек дауыс беріп, үлкен үміт артты. Мұндай таңдауға кекесін білдіріп, сан-саққа жүргіртушілер де табылуда.
Жаңа президент ақыл қосушылардың айтуымен Жоғарғы Раданы таратып, қайтадан өткізген сайлауда өзі басқарған «Халық қызметшісі» партиясы 42,44% дауыспен жеңіске жетті. Сөйтіп, парламентте өзін қолдайтындай деңгейде басымдыққа қол жеткізді. Ендігі қалғаны атқарушы билік – үкімет басшысын таңдап, кабинетті білікті министрлерден жасақтау болып тұр.
Бұдан бұрын да айтқанымыздай, Украина президенттік-парламенттік республика. Конституция бойынша үкімет басшысын Жоғарғы Рада таңдап, тағайындайды. Сол себепті, ол президенттен гөрі парламентке тәуелділеу. Өзінің жұмысы туралы соған есеп беріп отырады. Осыған байланысты Украинада кейде президент пен премьердің қатынасында келіспеушіліктер туып жатады. Мұндай текетірестер кезінде Виктор Ющенко мен Юлия Тимощенко, Петр Порошенко мен Арсений Яценюк кейіннен Владимир Гройсман арасында бой көрсеткен.
Заңгер мамандар алдағы уақытта да осындай қайшылықтар болмауы үшін «Конституцияға өзгерістер енгізіліп, «Президент туралы» арнайы заң қабылдануы қажет», – дейді.

Ал президент В.Зеленский: «жемқорлықпен аяусыз күресемін, елдің шығысындағы қақтығыстарды тоқтатамын, Еуропалық бағытты жүзеге асырамын», – деген бағдарламалық уәдесін орындау үшін өзімен түсінісіп жұмыс істейтін министрлер кабинетін құруды қалайды. Парламенттік сайлау өтісімен ол «үкіметті бұрын-соңды премьер не спикер болмаған, парламентте ешқандай фракцияны басқармаған, олигархтармен ауыз жаласып, былықпаған, тәуелсіз және кәсіпқой экономист басқаруы тиіс» деген көзқарасын ашық білдірді.
Дұрыс-ақ дейік! Бірақ ондай: «сүттен – ақ, судан – таза» маман табыла қоя ма деңіз. Екіншіден, саясаттан хабарсыз, басқару ісінен мақрұм «кәсіпқой экономист» жұмысты қожыратып, елді тұйыққа тіреп қоймай ма? деген сұрақ туады.
Дегенмен, «Ұрыста тұрыс жоқ» демекші, қазіргі кезде президенттің қалауына сай келетіндей үміткерді іздестіріп, таңдау жұмысы жүргізілуде.
Ресейдің танымал «Коммерсант» басылымының жазуына қарағанда, кейінгі бірер апта көлемінде: Украинаның МВФ (Халықаралық валюта қорындағы) өкілі Владислав Рашкован, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Александр Данилюк, «Украин қорғаныс өнеркәсіп» жанындағы бақылаушы кеңестің төрағасы Айварас Абромавичус, «Нафтагаз» басшысы Андрей Коболев және осы компанияның атқарушы директоры Юрий Витиренко ықтимал тізімге енгізіліп, олармен пікірлесу-сөйлесу өткізілген. Осындай таңдауға алтыншы болып президент әкімшілігі жетекшісінің экономикалық мәселелер бойынша орынбасары Алексей Гончарук та ілігіп, әңгімеге шақырылған.
Мұндайда болжам мен қауесет қатар жүреді. Кейбір ресейлік басылымдар үкімет басшысын Зеленскийдің өзі таңдап, тағайындай алмайды. Оған лайық адамды мұхиттың ар жағындағы қамқоршылары АҚШ-тың нұсқауымен қояды деген қыжыртпа пікір айтады.
Мәселен, fondsk.ru басылымының жазуынша шілде айының басында Киевке АҚШ Мемлекеттік департаментінің Украина бойынша арнаулы өкілі Курт Волкер келіп В.Зеленскиймен кездесу өткізген. Кездесуге Құрама Штаттардың осы елдегі өкілетті елшісі Уильям Тейлор және Еуроодақтағы өкілі Гордон Сондленд қатынасып, онда екі жақты қатынастың өзекті мәселелері талқыланған. Міне, осы әңгіме барысында премьер болатын кандидат жайы да сөз болғаны болуы бек мүмкін.

Анығын айтқанда, үміткерлер баршылық. Әйтсе де, сарапшылардың саралауынша басқаларға қарағанда Гончаруктың мүмкіндігі жоғарылау. Ол бұрынырақта жекеменшік заң кеңеселерінде, батыстағы фирмаларда жүмыс істеп, біршама тәжірибе жинақтаған. Саясатқа 2014 жылдан бастап араласып, «Сила людей» партиясын басқарған. Бірақ та парламенттік сайлауда небәрі 0,11% дауыс жинап, Жоғары Радаға өтпей қалған. 2015–2019 ж.ж. кішігірім тиімді реттеу құрылымын жемісті басқарып, қабілеттілігімен көзге түскен.
«Жалғыз ағаш орман болмас» дейтіндей, резидент әкімшілігі премьерге қоса, кабинеттің басқа мүшелерін, яғни салалық министрлер қызметіне «шақ келетін» кандидатураларды да іздеп, іріктеп жатқан сыңайлы. Мысалы, денсаулық саласын басқаруға Михаил Радуцкий, білім министрлігіне Сергей Бабак лайықты көрінген. Алайда, Радуцкий министрліктен гөрі парламенттегі заңнамалық стратегиялық жұмысты өзіне қолайлы көретінін айтыпты. Ал Сергей Бабак мұғалімдердің айлық жалақысын 4 мың долларға көтеру керек деген ұсыныс айтып, күлкіге ұшыраған. Есептеп қараса ондай деңгейге көтеру үшін ол ойлағандай 200 млн. доллар емес, 2 млрд. доллардан астам қаражат қажет екен.
Кейде лауазымды қызметте сәл сүрінсең сырғып кетуің оңай. Сол айтқандай, Украина президентінің әкімшілігін басқарғанына көп бола қоймаған Андрей Богдан жуырда АҚШ президенті Дональд Трамп пен Владимир Зеленскийдің кездесуін ұйымдастыра алмағаны үшін орнынан босатылып, Сот төрелігі жоғарығы кеңесіне сырғыды. Американ жағы Богданды олигарх Игорь Коломойскийдің билікке тықпалаған адамы деген күдікпен қарайды. Оның үстіне Ақ үй қожайының алдағы 2020 жылғы кезекті сайлауға басы қатып жатқанда Украина президентімен кездесуді аса қош көрмей отырған секілді.
Бәрін айт та бірін айт. Украина қоғамының алдындағы дәл бүгінгі өзекті де керекті мәселе оның шығыс аймағындағы өздерін ДНР және ЛНР деген атаумен бөлек республикалар жариялап отырған – Донецкі мен Луганскідегі атыс-шабыс, жарылыстың тоқтап, тыныштықтың орнауы. Бұл соғыс елге аз қайғы-қасірет әкелген жоқ. Бес жылдан асқан қарулы қақтығыстың кесірінен 13 мың адам көз жұмып, 30 мыңнан астам адам түрлі жарақаттар алды. 1,5 млн. тұрғын үй-жайынан безіп, босқынға айналды.
БАҚ құралдарында жазылғанындай, Владимир Зеленский президент болып сайланғалы бері 11 шілдеде алғаш рет телефон арқылы Ресей президенті Владимир Путинмен сөйлесіп Донбастағы жағдай, алдағы «нормандық төрттіктің» кездесуі, тұтқындарды алмасу, украин теңізшілерін босату мәселелері талқыланған. Шамасы нормандық төрттік: Ресей, Украина, Германия және Францияның саммиті күзде Минскіде өтуі ықтимал. Оған дейін аталған елдердің сыртқы істер министрлері Парижде бас қосып, кездесудің күн тәртібін пысықтайтын болады.
Жақында Донбасста төрт украин солдатының оққа ұшуына алаңдаған Зеленский 7 тамызда Путинге тағы да телефон шалып, келісім талабына сәйкес сепаратистердің атысын тоқтатуына ықпал етуін сұрады. Өз кезегінде Ресей президенті Украина қарулы күштерінің атқылауынан бейбіт тұрғындардың жапа шегіп жатқанын еске салды.
Соғыс пен қақтығыс ешуақытта ешкімге опа бермеген. Бүгінде барша жанашыр қауымының тілегі: «Украинаның шығысында тыныштық пен бейбітшілік орнап, біртұтас ел ретінде дамудың даңғыл жолына түсуі».
Десек те, президент В.Зеленскийдің барынша Украина мүддесі жолында тынымсыз жұмыс істеп жатқаны байқалады. Ол жуықта Борис Джонсонның Ұлыбритания премьер-министрі болып сайлануымен құттықтап, ағылшын билігінің Украинаның территориялық тұтастығы мен егемендігін қолдайтынына ризашылығын жеткізді және де Корольдік ЕО-тан шыққаннан кейін де екі жақты тиімді қарым-қатынастың сақталатынына сенім білдірді.
Кейінгі түскен мәліметтерге қарағанда В.Зеленский 7-8 тамыз күндері Түркияға сапар шегіп, президент Тайып Эрдоғанмен кездескен. Кездесу барысында Украина–Түркия ынтымақтастығы, мәдени қатынас, қауіпсіздік пен қорғаныс өнеркәсібі мәселелері, Ресейдегі украиналық және Қырымдағы да саяси тұтқындар тағдыры талқыланған. Украина басшысы: «екі жақ ынтымақтаса әрекет жасап, Қырым мәселесін оңтайлы шешеміз» деген үмітте екенін айтқан.