ӘУКЕН ЖӘКІШЕВ ТҰРҒАН ҮЙГЕ ЕСКЕРТКІШ ТАҚТА ОРНАТЫЛДЫ

Қоғам және мемлекет қайраткері, республиканың еңбек сіңірген құрылысшысы Әукен Жәкішев тұрған Қонаев көшесіндегі №162 үйге ескерткіш тақта орнатылды. Тақтаның ашылу салтанатына Әукен Смақұлының туған-туыстары мен шәкірттері, қалалық мәдениет басқармасының өкілдері қатысты. Сонымен қатар, тарих ғылымының докторы, академик Балқаш Әбішева, техника ғылымының докторы Тілеукен Ахметов, филология ғылымының докторы Уәлихан Қалижан, жазушы Сафуан Шаймерденовтің жұбайы Бағдат апай қатысып, сөз сөйледі.

Мәншүк БЕКБОСЫН

Еліміздегі  құрылыс саласының өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан «Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген құрылысшысы» Әукен Жәкішев 1924 жылы 1 мамырда Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Захаровка ауылында дүниеге келді. 1948 жылы Харьков инженерлік-құрылыс институтын инженер-құрылысшы мамандығы бойынша үздік дипломмен бітірген ол еңбек жолын Қара­ғанды цемент зауытының құрылыс басқар­масында бастайды. Алғашында қатардағы прораб болған ол кейіннен аға прорабтыққа дейін көтеріледі. 1950 жылдары  Әукен Жәкі­шев Қарағанды облыстық партия комитетіне ауыстырылады. Сол жерде 1953 жылға дейін жемісті еңбек етеді. Сөйтіп,  1953 жылы небәрі 29 жасында Әукен Смақұлы Қазақ ССР тұрғын үй-азаматтық құрылыс министрінің орынбасары қызметіне тағайындалады. Кейіннен Қазақстан КП Орталық Комитеті құрылыс және құрылыс материалдары өнеркәсібі бөлімі меңгеруші­сінің орынбасары, бір жылдан кейін Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің 2-ші хатшысы болып қызмет атқарады.

Бүгінде Әукен Жәкішевтің қолтаңбасы қаладағы кез-келген ғимаратта сайрап тұр десек, артық айтпағанымыз болар. Мәселен, Алматы қаласының өзінде көптеген ірі құры­лыстар, ғимараттар, атап айтқанда, «Қазақ­стан» қонақ үйі, «Медеу» мұз айдыны, Республика сарайы тұрғызылды. Бұдан өзге, тұрғын үйлер және республика бойынша ірі қара және түсті металлургия, химия, энергетика, көлік және байланыс саласының кәсіпорындары, совхоздар мен ауылдар, көптеген қалалар бой көтерді. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші секретары Д.А.Қонаевтың тұсында елімізде мыңдаған колхоздар мен совхоздармен қатар көптеген қалалар салынған екен. Осы үлкен, ауқымды, ірі жұмыстардың бәрінде Әукен Смақұлының қолтаңбасы қалды.

Әукен  ағаның  құрылыс  саласындағы 40 жылдық еңбегі өзінің оң бағасын алды. Бұл ретте «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет белгісі» ордендерінің, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы және көптеген медальдармен марапатталуы соның айғағы.  Ол-ол ма, Әукен Смақұлы Одақтық деңгейдегі дербес зейнеткер атанып, кейін еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Республика алдындағы сіңірген ерекше еңбегі үшін дербес зейнеткер болды.

Мемориалдық тақта орнатуға арналған жиынның соңында Ә.Жәкішевтің құрметіне ас берілді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *