Әуезов ауданының әкімі Әнуар ӨСКЕНБАЕВ: ӘКІМНІҢ ТАПСЫРМАСЫ ЖАҢА СЕРПІЛІС БЕРДІ

Алматы әкімдігі: Шетсіз қала

Әуезов ауданы шет аудандар қатарынан болмаса да,  халық көп шоғырланған, қазаны бұрқ-сарқ қайнап жатқан асхана мен мейрамхана, көк түтіні бұрқыраған кәуапханалар, май құю стансалары көп шоғырланған  аудандардың бірі.  Жаңа тұрғын үйлер, халыққа қажетті әлеуметтік нысандардың жаңа ғимараттары, сән-салтанатты сауда ойын-сауық орталықтары  бой көтеріп, жол магистральдары салынып, жаңа жылу, су жүйелері тартылып, қала адам үшін деген қағидат бойынша  жаңарып, жасарып жатқанмен,  шешілмеген мәселесі әлі де жеткілікті.  Біз бүгін  Әуезов  ауданының әкімі  Әнуар Әуезұлы Өскенбаевпен ауданның  көп орталықты аудан мәртебесіне ие болу мақсатында  жасалып жатқан жұмыстары төңірегінде әңгімелескен едік.

– Әнуар Әуезұлы,  қала әкімі  шет аудандардың әлеуметтік мәселесіне айрықша мән беріп, қалада тұратын халықтың қауіпсіз, жайлы өмір сүрулеріне қажетті жағдайлар жасауды, қала адам үшін қағидатын қалыптастырып, олардың мұң-мұқтажына  мұқият құлақ асуды талап етіп отыр. Әуезов ауданы қаламыздағы қалыптасқан аудандардың бірі, дегенімізбен   оның да құрамына жаңа ықшамаудандар қосылып, өрісі кеңейіп жатыр емес пе? Ал үлкен үйде қашан да қарбалас тірлік толастамайтыны және бар.  

– Оныңыз рас,   Әуезов ауданы  298,2 мың халық тұратын үлкен шаңырақ.  Ал осынша халықтың тілін тауып, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларына қажетті  барлық инфрақұрылымдарды қалыптастыру әрине оңай шаруа емес, дегенмен қала басшылығының қолдауымен қазіргі таңда ауқымды істер атқарылып жатыр. «Елу жылда ел жаңа» демекші,  енді бір үш-төрт жылдан кейін елуге келетін Әуезов ауданы бүгінде  «қала адам үшін» қағидатымен әдемі қалыптасып, алға ұмтылып келе жатқан аудандардың бірі.

Алматы жұртын ғана емес, еліміздің бірқатар аймақтарын нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған республикалық мәртебедегі «Ақсай нан» зауытының  біздің ауданда орналасуы да үлкен мақтаныш. Осы жылдар ішінде бірнеше кинозалдан тұратын «Сары-Арқа» кинотеатры қайта салынып, жұмыс істеуде. «Динамо» бассейні қайта жаңартылды, Наталья Сац атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік академиялық орыс театры, «Famіly» отбасылық демалыс паркі жұмыс істейді, жаңа супермаркеттер, Халықаралық теннис орталығы, «Сары Арқа» және «Мәскеу» метро станциялары, Мәскеу  ойын-сауық орталығы ашылды, жақын арада «Сары-Арқа» және «Достық» станциялары іске қосылады.

Алматылықтар мен қала қонақтарына танымал  осы көрікті жерлер, біздің  ауданның мақтанышы, мәртебесі. Алайда, жаңа өзіңіз айтып өткендей, іргеміз ұлғайып,  соның есебінен халық  саны өсіп келеді. Халық саны артқан сайын олардың қолайлы өмір сүрулеріне  қажетті  жағдайлар жасау мәселесі де туындайды.  Көпқабатты тұрғын үйлер салу, жол, жылу, су жүйелерін жүргізу,  орталықтандырылған кәріз жүйелерін жүргізу сияқты қадау-қадау мәселелер  әлі де бар.  Міне, дәл қазір осы жұмыстар ауданымызда белсенді түрде жүргізілуде.

– Қала басшысы  1 тамызға дейін аудандарды одан әрі дамыту бойынша бірінші кезектегі іс-қимылдар жоспарын әзірлеуді тапсырғаны  белгілі. Енді осы бағытта атқарылатын, яғни 2019–2021 жылдарға бағытталған  ауданның  даму   жоспары туралы  айтып берсеңіз?

–  Қазіргі таңда  Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмаларын орындау бойынша іс-шаралар жоспарын дайындадық. Өздеріңіз білетіндей, біз ең алдымен тұрғындарды толғандыратын әлеуметтік және тұрмыстық сипаттағы мәселелерге айрықша  мән беріп отырмыз.   Адамның жүретін, тұратын жері қауіпсіз болуы  тиіс  деген қала басшысының ең  негізгі тапсырмасы – көшелердің жарық, аулалардың тұрғындар үшін қолайлы болуы  тиіс делінсе,  сол ең өзекті мәселелердің бірі – көше жарығы. Ауданда барлығы 11 136 тірек (жарық  желілері) орнатылды. Аудан аумағын сыртқы жарықпен 100 пайыз қамтуды қамтамасыз ету үшін аула аумақтарында 2 814 жарықтандыру тірегін салу, 84,4 шақырым электр беру желілерін және 227 жеке сектордағы жарықтандыру тіректерін немесе 6,8 шақырым желілерді жүргізу қажеттілігі туындап отыр. Бұл жұмысты келесі жылы  қолға алуды  жоспарлап отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, тұрғындар  тарапынан жиі айтылатын  мәселенің бірі – арық желілерін жөндеу  болып табылады.  Бұл ретте кел­генде аудан  аумағындағы  230   шақырым арық жүйе­лері­нің аулаларда және өтпе жолдарда орналасқан 126  шақы­рымы қайта  жөндеуді талап етеді. Ұзындығы 4  шақы­рымды құрайтын магистральдь арық жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары  осы жылға жоспарланған. Ал  қалған 122  шақырым арық жүйелерін  жөндеу жұмыстары  2020-2021 жылдарға жоспарланып отыр.

 

ПИК-тің  өз есебінен 800 тұрғын үй жөндеуден өтеді

 – Әнуар Әуезұлы, қала  әкімі көпқабатты тұрғын үйлердің алдындағы аулаларды көлік тұрағына айналдырмай,   сол үйлерде тұратын тұрғындардың  көршілік қарым-қатынастарын арттыруға дәнекер болатын ортаға айналдыру  қажет. Сол үшін аулаларды абаттандыруға   ерекше мән беруді тапсырғаны белгілі. Әуезов ауданындағы аулалардың ахуалы қалай?

– Аула аумақтарын жөндеу мәселесі өткір  болып тұр. Ауданда барлығы 966 аула бар болса, бүгінгі күнге дейін оның 336-ы жөнделді. 2020-2021 жылдар аралығында тағы  517 ауланы жөндеу жоспарланып отыр.  Көп жағдайда аулалар сәулетті болғанмен, тұрғын үйлердің сырт келбеті соған сай келмей  жатады, сол себепті көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеумен қамтамасыз ету де алдағы жоспар­ларымызда бар. Ауданда барлығы 1733 көпқабатты тұрғын үй бар болса, оның  97-сі жаңа (салынғанына 10  жыл болған), 92-сі ескі үйлер. 2011 жылдан бастап 173 үй жөнделді, оның ішінде 99-ның шатыры және 74 лифт жабдығы қайта жөндеуден өтті. 1371 үй (797 лифт) жөндеуді қажет етеді.

Ауданда 92 ескі үй орналасқан, көпшілігі өткен ғасырдың 40-жылдары салынған. Оның 46-сы бойынша инвестормен көпқабатты тұрғын үйлерді бұзу және олардың орнында құрылыс салу туралы келісім-шарт жасалды. Ағымдағы жылы  бес үй бұзылып, олардың орнына  жаңа сәулетті тұрғын үйлер салынатын болады.

Жекеменшік секторда барлығы 35 көшеде, «Таугүл» («Мамыр» кенті), «Қоржын», «Жазира», «Алмас», «Шабыт», «Атамекен», «Астана», «Қуаныш», Алматы-Саин-Шаляпин-Қарғалы өзені көшелерінің шаршысында су құбыры желілерін қайта жаңарту қажет.

«Достық» ықшамауданындағы  17 көшеде 12  шақырым кәріз жүйелерін жүргізу жоспарлануда.

Ауданда барлығы 204 көше бар, соның  46-сы  жөндеуді қажет етеді. Қала тазалығы мен адамдардың денсаулығын  қамтамасыз ету үшін  иттерді серуендетуге арналған орындар­ды анықтау қажеттілігі туындап отыр. Иттерді рұқсат етіл­меген жерлерде серуендетуге  қатаң тыйым салу ережелерін  бекітіп,  иелерінің  жауапкершілігін арттыруды көздеп отырмыз. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігі үшін өте маңызды.

– Соңғы жылдары пәтер иелері кооперативтерінің жұмыстары жиі сынға ұшырап жүр. Ауданда қанша ПИК жұмыс істейді. Олардың қызметін қалай бағалар едіңіз?

–  ПИК-тердің жұмысына баға беретін тұрғындардың өздері болуы керек. Ал аудандағы ПИК-тер санына келсек, бізде 227 ПИК  жұмысты  істейді. ПИК-тің өз қаражаты есебінен  алдағы уақытта 800 көпқабатты тұрғын үйді жөндеу жұмыстарымен қамтамасыз ету  де жоспарланып отыр. Аулаң сәнді, көшең көрікті болса, адамның көңіл-күйі де жақсы болары анық.  Соны ойластырған аудан әкімдігінің көріктендіру бөлімі қаланы гүлмен көгалдандыру шеңберінде 2020 жылы 5000 м2 аймаққа  көпжылдық жасыл желектер мен гүлдер отырғызуды жоспарлауда. Осыған байланысты жасыл желектерді күтіп ұстау бойынша техникалық ерекшелікке өзгерістер енгізілді.

 

2865  жаңа жұмыс орны ашылады

  –   Кәсіпкерлік пен орта және шағын бизнес өкілдеріне қолдау көрсету  де бірінші кезектегі мәселелер қатарында тұр ғой. Әуезов ауданындағы кәсіпкерліктің ахуалы қалай?

– Жаңа кәсіпорындар құру және жұмыс істеп тұрғандарын кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. Ауданда 9 915 заңды тұлға жұмыс істейді. ІІ жартыжылдықта 2 865 жаңа жұмыс орындарын құру (1050 уақытша және 1815 тұрақты) көзделіп отыр.

Сондай-ақ, 5 балабақша мен 3 көпдеңгейлі паркинг салу үшін қажетті 8 жер телімін  аукцион арқылы  мақсатты  пайдалану жоспарда бар.

Жалақы бойынша берешекті азайту жөніндегі жұмысты жалғастырудамыз. Ауданда  4 кәсіпорын жұмысшыларға еңбекақы бойынша 16,2 млн. теңге көлемінде  қарыз болып отыр. Бұл өз кезегінде кәсіпорын жұмысшыларының әлеуметтік жағдайына кері әсерін тигізетіндіктен, тиісті орындар еңбекақы берешегін қайтару бойынша  жұмыстар жүргізуде.

 

«Сайран» сәнденіп, «Сарыарқа» шырайланады

 – Алматыны дамыту бағдарламасы аясында Әуезов  ауданы бойынша  бірқатар сауда орталықтары мен базар­лардың құрылысын жаңарту жоспарланғанынан хабардар едік,  сол жұмыстардың барысы туралы  айта кетсеңіз?

– Иә,  Алматыны дамыту бағдарламасы аясында ауданымызда  жаңа ғимараттар мен құрылыстарды салумен қатар, «Арыстан», «Сарыарқа» базарларын жаңғырту, сондай-ақ, «Тигрохауд» сауда орталығының мақсатты пайдаланылуын анықтау   көзделуде.

Ағымдағы жылдың жоспарында салынып жатқан 12 көпқабатты тұрғын үйді немесе 174 мың м2 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда.

Сондай-ақ, «Сайран» автобекетін  абаттандыру жұмыстарын  одан әрі  жалғастырып, автобекетке іргелес  жатқан аумақтарды абаттандыру, сондай-ақ, автобекет аумағында жол-көлік қозғалысын ұйымдастыруды жақсарту жалғасады.

 

«Іsker Аnа»  әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға көмектеседі

 – «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында қандай игілікті істер қолға алынып отыр?

– Наурыз айынан бастап қолға алынған «Бақытты от­басы» бағдарламасы бойынша көптеген жақсы бастамалар, қайырымдылық шаралары жүзеге асырылуда. Ауданда «Бақытты отбасы» бағдарламасын жүзеге асыратын   әлеуметтік «Іsker Аnа»  аналар орталығы  ашылды.

Бұл орталықта көпбалалы аналар  кәсіпкерлігі дамитын болады, тігін шеберлігіне оқыту курстары, «hand maіd» шығармашылық кабинеті, шет ел тілдері, аспаздар мен кондитерлер және басқа да қажетті мамандықтар дайындайтын  курстары ашылады.

Бүгінгі күні ауданда «Бақытты отбасы» орталығы арқылы 100-ден астам көпбалалы ана тіркелген.

Сондай-ақ, ауданда аға ұрпаққа ерекше көңіл бөлініп, Сүлейменов көшесі, 3 «Таугүл-3» ықшамауданында «Белсенді ұзақ өмір сүру клубы» ашылып, белсенді жұмыс істеуде, аудан зейнеткерлерінің бос уақытын тиімді өткізуге қажетті жағдайлардың барлығы жасалды. Ағылшын тілі курстары, компьютерлік сауаттылығы және т.б. осындай орталықты осы жылы «Тастақ-1» ықшамауданында да  ашуды жоспарлап отырмыз.

– Биыл  Жастар жылы дегендей…

– Аудан жастарына да жеткілікті дәрежеде көңіл бөлініп отырады.   Олар барынша жұмыспен қамтылған. Жоғары оқу орындары мен   орта арнаулы оқу орындарын бітірген жас мамандар  «Еңбек» мемлекеттік  бағдарламасы шеңберінде «Жастар  тәжірибесі» бағдарламасымен қамтамасыз етіліп, олардың алғашқы еңбек жолдарын бастап, кәсіби шеберліктерін шыңдауға бағыт-бағдар берілуде. Бұл ретте Жұмыспен қамту орталықтарының жұмыстарын айрықша атап өтуге болады. Қоғамның ең басты байлығы дені сау адам десек, аудандағы емдеу мекемелерінің жұмыстары  жақсарып,  тұрғындарға медициналық қызмет көрсету сапасы жақсарып, дәрігерлік көмекке деген қолжетімділіктері арта түсті. Дәл қазіргі күндері  медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында  «Денсаулық айлығы»  өткізілуде.

 

Жаңа оқу жылының қоңырауын соғуға дайынбыз

 – Енді бірнеше күндерден кейін жаңа оқу жылы қоңырауын соғады, аудандағы білім беру мекемелерінің оқу жылына дайындықтары қалай?

– Қазіргі уақытта мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы өзекті мәселе   екені даусыз. Ауданда орналас­қан  32 мемлекеттік мектептің алдағы жылыту маусымына дайындық актілері бар.

11 мектепте 5365 орынды қосымша құрылыс салу және сейсмотұрақтылығын күшейте отырып күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда.

Білім басқармасына №№9, 72, 97, 104, 113, 121, 122, 127, 130, 133, 141, 155, 158, және мектептерде стадиондардың құрылысына, №№ 6, 9, 116, 104, 72, 113, 121, 122, 133 141, 155 және 158 мектептерде спорт алаңдарының құрылысын салу жөнінде  өтінім берілді

Сондай-ақ, мемлекеттік жекеменшік серіктестік шеңберінде биылғы жылы 26 балабақша ашу есебінен мектепке дейінгі мекемелердегі орын тапшылығын төмендету жоспарланып отыр.   «Nur Otan» партиясының «Жүректен жүрекке!» бағдарламасы аясындағы «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы біздің ауданнан  басталды. Қазір бұл іс-шара аудандағы барлық мектептерді қамтып, оған ауданның кәсіпкер азаматтары, мәслихат депутаттары белсенді түрде атсалысуда.

 

Полиция сенің қорғаның

 – Қоғамдық қауіпсіздік бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

–  14 учаскелік полиция пунктінің қоғамдық қауіпсіздігі және материалдық-техникалық жабдықталуы  қамтамасыз етіледі.

ҚР Ұлттық ұланының 165 полиция қызметкері мен әскери қызметшілерін қамтитын 61 бағыт әзірленді және жұмыс істейді. 10 шағын көлемді стационарлық полиция пункті ұйымдастырылды, учаскелік полиция инспек­торларының саны 104 адамға дейін, олардың көмекшілері 36 адамға дейін көбейді.

Бес криминогендік учаскеде 10 сыртқы бейнебақылау камерасы орнатылады. Құқықбұзушылықтарға мүлдем төзбеушілікке жағдай жасалуда, есеп беретін контингентпен және пәтерлерін жалға берушілермен  жұмыс күшейтілді.

Құқықбұзушылықтың алдын  алу және қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында аудандық полиция басқармасы аудан әкімі аппаратымен бірлесіп, халықпен тоқсан сайынғы есеп беру кездесулерінің және азаматтық белсенділермен қоғамдық тыңдаулардың кестесі бекітілді.

Сонымен қатар, аудан әкімі аппараты ойын терминалдарын анықтау бойынша рейдтер ұйымдастырып тұрады. Алматы Экономикалық тергеу департаменті мен аудандық мемлекеттік кірістер басқармасымен бірлесіп жыл басынан бері 81 ойын аппараты анықталды.

Тұрғын үйді заңсыз жалға берген тұлғаларды анықтау бойынша рейдтер жүргізілуде.  Соның нәтижесінде, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының мәліметтері бойынша 7 айда 376  пәтерін жалға беретін  тұлғалар  жеке кәсіпкер ретінде ресімделді.

Аулаларда бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары басталды.

        

Тұрғындарға есігіміз қашан да ашық

 – Әуезов ауданы әкімдігінің есігі тұрғындар үшін ашық па?

– Әлбетте.  Біз бүгінде «Ашық әкімдік» қағидатымен жұмыс істеп келеміз.

Бүгінгі күні аудан тұрғындарымен қалалық және аудандық қызметтердің қатысуымен 10-нан астам кездесу өткізіліп, барлық сұрақтар бойынша нақты шешімдер қабылдануда. Қала басшысы аудан әкімдеріне халық алдына жиі шығып, оларды не толғандыратынын өз құлақтарымен естіп, біліп барып соларды шешу жолдарын қарастыру керектігін қадап айтты. Әкімдіктің жұмысын жандандыру мақсатында біз қала басшысының осы  талабына сай жұмыс істеуге бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара жұмыс істеуге кірісіп кеткенімізді айтқым келеді. Оған  алдағы уақытқа белгіленіп отырған тұрғындармен кездесу дәлел болмақ.

– Әңгімеңізге рахмет.  Әр басшы халықтан биік сыншы  жоғын жадында ұстаса екен дейміз.

 

Әңгімелескен –

Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *