Әуезов ауданының қариясы да, баласы да қуана бергей

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Әуезов ауданын ара­лаған жұмыс сапары кезінде «Тау­гүл-3» елді-мекенінде орналасқан «Белсенді ұзақ өмір» орталығының жұмысы­мен танысты және «Мамыр-5» ықшамау­данында Елбасының «Туған жер» бағдарла­масы бойынша жеке инвестиция есебінен салынған жаңа балабақшада болды.

«Белсенді ұзақ өмір» қалалық бағдарламасы аясында ашылған екінші орталықта егде жастағы жандарға күн сайын медициналық-әлеуметтік, білім-оқыту кешенді қызметтері көрсетіледі, психология­лық тренингтер өткізіледі, құқықтық кеңес беріледі, дұрыс тамақтану жолдары үйретіледі, қарттар емдік денешынықтырумен, йогамен, хорео­графиямен айналысып, ағылшын тілі және компьютерлік сауаттылық бойынша дәріс алады. Өткен жылы Алмалы ауданында ашылған дәл осындай алғашқы орталықта 9 мың­нан астам адамға түрлі қызметтер көрсетілсе, ал мұнда небәрі бірнеше айдың ішінде 4 мыңнан астам алматылық қамтылған.

«Қазіргі таңда Алматы тұрғын­дарының 12%-ы – аға ұрпақ өкілдері. Біздің міндетіміз – оларға қажетті барлық жағдайды жасау, қамқор­лыққа алу, зейнетке шықса да бел­сенді өмір сүрулеріне, жаңа достар, жаңа ізденістер табуына ықпал ету. Жақын арада Алатау мен Бостандық аудандарында да осындай орталықтар ашылады. Тағы біреуі Әуезов ауда­нындағы «Тастақ-1» елді-мекенінде іске қосылады. Аға ұрпақ өкілдері белсенді әрі ұзақ өмір сүріп, балалары мен немерелерін қуанышқа бөлей берсін!», – деді Бауыржан Байбек.

Қарт адамдардың өздерін әлеу­меттік жағынан жақсы сезінулері және денсаулықтарын нығайтулары үшін қаланың барлық ауданында тегін бассейндер мен фитнес-залдар ұйым­дастырылған, 50-ден астам әлеуметтік клуб ашылған. Жаңа мекемеге жету қиындық туғызбауы үшін қала әкімі 104-бағытты ұзартуды тапсырды.

Дәл осы күні Бауыржан Байбек «BІ Group» компаниясы «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде «Мамыр-5» шағынауданында салған 120 орынды жаңа балабақшаны аралап көрді.

Қала әкімдігі бұл мақсатта жер телімін бөліп, инженерлік желілерді тартып берді, ал құрылысты жүргізуші компания өзінің 600 миллионнан ас­там теңгесін жұмсап, ғимаратты тұр­ғызды. Жалпы, соңғы жылдар ішінде қалада 553 мемлекеттік және жеке балабақшалар ашылды, ал бұл өз кезегінде балаларды 83%-ға дейін қамтуға мүмкіндік берді.

Айта кетерлігі, халық тығыз орна­ласқан осы мөлтек ауданда әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту аясында жаңа балабақшаның шығыс жағында 1200 орынды мемлекеттік мектеп құрылысы басталды. Ал батыс жағына жаңа емхана салу үшін жер телімі бөлінді.

«АҚШАМ-АҚПАРАТ».

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *