ӘУЕЗОВ АУДАНЫНА САЯБАҚТАР МЕН СКВЕРЛЕР КЕРЕК

Шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфе­деновтің есептік кездесуіне қатысты. Өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын баяндаған аудан басшысы оның алға басқан жетістіктері мен тыныс-тіршілігі туралы да қысқаша айтып берді.

Мәншүк БЕКБОСЫН

Бүгінде тұрғындар тарапынан түсетін көкейкесті мәселелердің бірі – аудан­ның инфрақұрылымдық жағдайы екен. Бұл ретте тұрғындар ауданды көріктен­діруге байланысты бірқатар ой-пікір­лерін ортаға салды. Соның ішінде аудан бойынша көше­лерді жарықтан­дыру, ауызсу мәселелері түйінді болып отыр­ғаны айтылды және аулаларды абаттан­дыруға қатысты сауалдар қойылды.

Өткен жылы «Таугүл-3» ықшамауда­нында инженерлік желілерді дамыту мақсатында 22 шақырым су құбыры мен 22,7 шақырым кәріз жүйелері тарты­лыпты.

Ауданды жарықтандыру үшін «Баян-ауыл», «Алтын бесік» ықшамаудан­да­рында, Алтынсарин мен Абай даңғыл­дарының, Өтеген батыр, Сейітжанов көшелерінің бойына, №8 ықшамауданға ұзындығы 15 шақырым болатын 469 жа­рық көздері орна­тылған екен. «Достық» ықшамау­данында 1137 жарық жүйелерін жүргізу жұмыстары аяқталуға жақын қалыпты.

Ауданда барлығы 966 аула бар.  Төрт жылдың ішінде 336 аула (38%) жөнделді. Соның ішінде 96 аула өткен жылы жаңарса, 150 ауланы жөндеу бойынша ЖСҚ әзірленді.

Әуезов ауданының ықшамаудандары «бір ықшамаудан – бір мектеп – бір балабақша – жаяу жүргінші аймағы» қағи­­даты бойынша жобаланған. Қазіргі кезде ықшамаудандар ішіндегі жаяу жүргінші аймақтары қараусыз қалған екен. Биыл №10 ықшамауданда абаттан­дыру жұмыстары жүргізіледі. Айтар болсақ, өткен жылы ауданда «Алтын бесік» ықшамауданында, Райымбек, Саин, Абай даңғылдарының, Алтынса­рин, Шаляпин, Төле би, Момышұлы, Яссауи көшелерінің бойына 4 мыңнан астам түрлі ағаштар отырғызылған екен.

Тұрғындар ауданға скверлер мен саябақтардың жетіспейтінін тілге тиек етті. Шаһар басшысы Бақытжан Сағын­таев тұрғындардың бұл мәселені «Бюд­жетке қатысу» жобасы арқылы шешуге болатынын айтты.

–       Әуезов ауданының тұрғындары осы жоба бойынша ауданға бөлінген 500 млн. теңгенің жартысына да тұрмай­тын идея­­ларын ұсынды. Өздеріңіздің тілек­те­ріңізді ескере отырып, қоғамдық кеңіс­тікті  абат­тан­дыру және жасылдан­дыру жөніндегі шешімдерді жүзеге асыруға, бос уақытты денсаулыққа пайдалы етіп өткізуге болатын еді, – деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *