Әуезхан ШАШАЕВ, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары: ТАРИХИ ТАҢДАУ КҮНІ

1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні. Бұл мереке – халқымыздың Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа деген ыстық ықыласы, шынайы сүйіспеншілігі мен ерекше құрметінің белгісі. Жүрегі елім деп соққан Елбасының бүкіл өмірі мен жүріп өткен жолы – қажырлы еңбек пен қайталанбас ерліктен тұрады.

Бүгін біз мереке қарсаңында ҚР Білім және ғылым министрлігі Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары Әуезхан Қадіржанұлы Шашаевты әңгімеге тартып отырмыз.

 

– Әуезхан Қадіржанұлы, Қазақ елінің соңғы ғасырлар бедерінде тәуелсіз даму арнасына түскеніне ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Бұл тарих үшін қас-қағым ғана сәт болуы мүмкін. Тарих сахнасына Тәуел­сіз ел ретінде танылып, жеке туын көтерген Қазақ елінің көшін аудармай, мақсатты жеріне жеткізудің салмақты екенін осы дәуірде өмір сүрген адам ғана түсінер. Осы істің басында тұрған қайраткерді қалай құрметтесе де лайықты емес пе?

– Қазақ елінің тізгінін қолына алған Тұңғыш Президентіміз алғашқы күннен бастап, бабалар аманатына адалдық таны­тып, болашақты баянды ететін байыпты жолды таңдай білді және одан бір айны­мады. Халықты ортақ мақсат жолына бастай білді. Одан артық қандай бақыт керек?!

Ұлт Көшбасшысы, Елбасымыз – халқына адал еңбек етіп, Отан және әлем мақтанышына айналған біртуар тұлға. Тұңғыш Президент күні – ел халқының асыға күтетін мәртебелі мерекесі. Елбасы күні – тарихи таңдау күні. Ұлт Көшбас­шысының төңірегіне топтасу күні.

1 желтоқсанда – Қазақстанда Тұңғыш Пре­зидент күні аталып өтіледі. Прези­денттік институт – елдің конституциялық құрылымы, мемлекеттілігіміздің қалып­тасуы мен алдағы дамуының негізі.

1991 жылы 1 желтоқсанда алғаш рет жалпы халықтық Президент сайлауы өтті. Онда Нұрсұлтан Назарбаев халықтың 98,7 пайыз дауысын алып, Қазақстанның тұңғыш жалпы халық сайлаған Президенті болды. 2011 жылы «Қазақстан Респуб­ликасы» заңына өзгерістер мен толықтыры­лулар енгізіліп, 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні мемлекеттік мереке ретінде белгіленді.

Өз елінің әрбір азаматы мен патриоты үшін аға буынның, оның ішінде Прези­дентіміздің атқарған қызметі мен еңбегін атап өту абырой мен парыз болып санала­ды. Мемлекет басшысы халық пен мемле­кеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқық­тары мен бостандықтарының ныша­ны әрі кепілі болып табылады.

Елбасы мемлекет басына келген бойда туған халқының, барша қазақтың бірден сүйіспеншілігіне бөленді. Мемлекет құрудағы оның стратегиялық бастамасы мен ұлт болып ұйысудағы тың ойлары мен мақсаттары бірден халықтың жүрегіне жетті.

Біз – адамзаттың бүгінгі тарих көшінде Мәңгілік Ел болуды мұрат етіп отырған елміз. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сол бір қиын кезеңдерде елдің бірлігі мен тыныштығын сақтау жолындағы қайраткерлік істері мен өрлігін ұмытпауымыз керек. Демек, Тұңғыш Президент күні мерекесінің аталып өтілуі ерлікке толы Елбасы еңбегіне берілген шынайы баға деп білемін.

Нұрсұлтан Назарбаев өз елінің бүкіл қиын-қыстау және шарықтау кезеңдерін бастан өткерді. Сол кездердің бәрінде де оның жоғары адами қабілеті, ұшқыр ақылы, жігерлілігі мен табандылығы, адамдардың тілін таба білуі өз биігінен көрінді. Елбасымыз нені айтса да ашығын айтады.

2012 жылы Елбасымыз жастарды 1 жел­тоқсан – Тұңғыш Президент күні мере­кесімен құттықтай келе: «Осы жылдардың ішінде жетістіктерді жасаған қазақстан­дықтар – сіздерсіздер. Біз сіздерге қызмет ететін адамдармыз. Қорғап, қолдап, бірне­ше мәрте сайлап, басына көтерген халқым­нан айналайын!» деген Елбасы жастарды ата-баба аманатынан да хабардар етті. Ол аманат – ата-баба қаны мен тері төгілген Ұлы Даланы, қазақтың даласын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу десек, Президент осы аманаттың әрбіріміздің қасиетті парызы­мыз екенін де ескертіп өтті.

– Қазақстан Президентінің өз еліміздегі, халықаралық қауымдастықтағы бастамала­рына қалай қарайсыз?

– Қазақстан Президенті өзінің бойында қандай да болсын мемлекеттік маңызды мәселелерді алыстан сезетін, болашақ мұрат­­тарымызды дәл көре білетін қасиетке бай қайраткер. Оның саяси стиліндегі ең маңызды сипаттарының бірі – практика мен теорияны ұштастыру. Бұған Елбасы­мыздың жаңа бастамалары дәлел бола алады.

Адамзаттың алдындағы ұлы жауапкер­шілікті  Нұрсұлтан Назарбаевтай сезіне білу керек деген ой-пікірімізді Елбасының жаһандық саясаттағы ұстанымы мен кемел көреген­дігі айғақтай түседі деп ойлаймын. Қазақ­станның «Сенім, Дәстүр, Ашықтық, Төзім­ділік» ұранымен өткізген Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйы­мын­дағы абыройлы төрағалығы еліміздің, Тұңғыш Президентіміздің әлемдік қоғам­дастықтың кез-келген ұйымының төрінде отырып, бастама көтере алатын ақылы мен парасатын, кемеңгерлігі мен кеңдігін, дана­лығы мен даралығын әлем мойындаған.

Қазақстан – Шығыс пен Батыс, өрке­ниеттер мен мәдениеттер арасындағы жаһандық үнқатысуларға бастамашы болған, әлемдік және дәстүрлі діндердің, басқа да маңызды халықаралық форумдар­дың өткізілер нүктесіне айналған мемлекет.

Бүгінде Қазақстанды бүкіл әлем біледі. Елордамызда ЕҚЫҰ-ның Астана саммиті, ЭКСПО көрмесі, Азиада, Универсиада ойындары, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі және басқа да ірі халықаралық іс-шаралар Қазақстан Президентінің басшылығымен табысты әрі жоғары деңгейде өткізілді. Демек, Тұңғыш Президентіміздің әрбір бастамасы, әрбір қадамы өшпестей өнеге.

Қазақстан – бүгінде іргесі берік, ынты­мағы жарасқан, экономикасы қуатты, саяси жүйесі сараланған, өз жолын, өз бола­шағын айқындаған, әлемдік қауым­дастық алдындағы беделі биік мемлекет.

Жалпы, Қазақстанның Мемлекет басшы­сы көтерген кез-келген жаһандық бастамалардың барлығы да әлемнің қай қиырында өмір сүрмесін, адамзат бала­сының игілігі үшін қызмет ететіні айқын.

Ұлы Дала – ұлт рухының шарайнасы, бақ-дәулетіне айналып отыр. Орманбет ақынның: «Еділ – үйдің есігі, Жайық – үйдің жапсары, Түркістан – үйдің төрі» деп жырлауы тегіннен-тегін емес болса керек.

Қазақстан Президенті – тәуелсіз Қазақ елін тарих сахнасына шығарып, әлемге танытқан тұңғыш қайраткер!

Ол – тәуелсіз Қазақ елінің сан алуан халқын бір тудың астына топтастырған – бірлік пен татулықтың символы.

Бүгінде Тұңғыш Президентіміз – Қазақ­стандықтардың барлық қиындық­тарды жеңудегі тірегі, демберушісі. Тұңғыш Президент күнін тойлау болашақ ұрпақты жеңіс пен жасампаздық рухында тәрбие­леу, Қазақстанның әрбір азаматының жүрегіне ертеңгі күнге деген сенім отын ұялату үшін қажет.

Мемлекет басшысының дәуірлік салмағы бар ірі шешімдері мен тәуелсіз Қа­зақстанның ішкі және сыртқы саясаттағы орасан зор табыстары тап осы сөздермен тығыз байланысты.

Қазақстан өзге жұртқа үлгі болатын тағы бір игі бастамасы – ұлтаралық және дінаралық қатынастарды реттеу мәселесі бойынша теңдессіз қадам жасауы. Бүгінде 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері, сондай-ақ 46 діни конфессия өкілдері Қазақстанның бірлігі жарасқан бейбіт халқын құрап отыр. Бұл да Президен­тіміз­дің ел тұтастығы жолында сіңірген өлшеусіз еңбегі деп білеміз. Біз бүгін Тәуелсіздік жылда­рында ел мен жер мұраты, оның кемел келешегі үшін сара жол салып, асқан көрегенділік таныта білген Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевты тарихи тұлға ретінде мақтан етеміз. Олай болса, Тұңғыш Президенттің тарихи рөлін белгілейтін мемлекеттік мерекенің болуы зандылық.

Біз, туған елін шексіз сүйген, оның бүгіні мен ертеңіне бей-жай қарай алмай­тын Қазақстан Республикасының азаматы ретінде бұл мерекенің ел тарихындағы маңыздылығын терең түсінеміз, сондықтан әр жыл сайын Тұңғыш Президент күнін айрықша салтанатпен атап өтетін боламыз.

Елбасымыз жүргізген сындарлы саясаттың нәтижесінде Қазақстан жаһанға танылды. Бүкіл әлем Президентімізді Қазақстан Тәуелсіздігінің негізін қалау- шы әрі бүкіл халықаралық қоғамдастықтың алдында зор беделге ие болған сұңғыла саясаткер ретінде таниды.

– Қазақстан Президентінің жалпы­ұлттық көшбасшылығының мәні неде?

– Президентіміз Қазақстанды, қазақ халқын әлемге танытқан тұлға. Демек, ол Тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы дара қайраткер.

Қазақстандық мемлекеттілікті дамыту­дың барлық негізгі элементтері соңғы онжыл­дықта «Назарбаев феноменінің» ықпалында болғанын мойындауымыз керек. Ұлт көшбасшысы – өткен мен болашақтың еншісіндегі жетістіктердің символы ғана емес. Президент қазақстан­дықтар үшін болашақтағы дамуымыздың идеялық шабыт берушісі.

– Тұңғыш Президентіміз өзінің бірегейлі кемеңгер мемлекет қайраткері екенін өз халқының ғана емес, әлем жұртшылығының алдында да дәлелдеп шықты емес пе?

– Елбасы: «Ұлтаралық келісім – кез-келген мемлекет пен халықтың жүйке жүйесі. Біздің барлык жетістіктеріміз – бейбітшілік пен келісімнің арқасы. Бейбіт­шілік пен келісім өзінен-өзі туындай қалған нәрсе емес. Біздің тәуелсіздік жылдары құрғанымыз – мемлекет пен біздің қоғамымыздың ұлы жұмысы. Бұл – біздің ортақ байлығымыз, біз оны сақтауымыз керек», – деген болатын.

Мемлекет басшысының елдегі ішкі саяси тұрақтылықты күшейтуге бағыттал­ған маңызды бастамаларының бірі – ұлтаралық және дінаралық келісімді сақ­тауға бағытталған бірегей құрал – Қазақ­стан халқы Ассамблеясының құрылуы.

Елбасының стратегиялық жоспары бойынша, ұлтаралық келісім тетігінің негізгі элементі болып табылатын Ассамблея қазақстандық қоғамды мықты, бәсекеге қабілетті мемлекет құру жолында біріктіретін маңызды факторға айнала алды. Қазақстан Президентінің елдегі қоғамдық келісімнің моделін «Бірлік – көп ұлттылықта, көп дінділікте» деп бағалағаны да тегін болмаса керек.

Қалыптасқан тәжірибелерді бекітіп, саяси тұрақтылық пен Қазақстан халқы- ның бірлігін ары қарай сақтап қалу мақсатында Қазақстан халқы Ассамблея- сының аясында Ұлт бірлігі доктринасы қабылданды. Онда қазақстандық мемле­кет­тің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін жүйенің негізгі элементтері айқындалып, болашаққа қарай ілгері қадам басудың негізгі идеялық мәні анықталды.

Ұлтаралық және дінаралық келісім жүйесін тек сақтап қана емес, оны күшей- ту қажет – бұл міндет тәуелсіз Қазақстанда шешімін тапқан мәселе. Бұл мақсат қазақ­стандық қоғамды жүйелі түрде модерни­зациялау жөніндегі еліміз Президенті жария­лаған жаңа стратегиялық даму бағыты аясында да басым тақырып ретінде көрініс тапқан. Сыйластық пен өзара төзімділіктің, әрбір топтың мүддесін ойлайтын бұл модель қазақ мәдениетінің тарихи бастауымен, салты мен дәстүрімен толыға түсіп отыр.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Әңгімелескен –

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *