УАҚЫТПЕН ҮНДЕСЕ БIЛГЕН ҚАЙРАТКЕР

  • АЛМАТЫНЫҢ АЙЫМДАРЫ

15Жетпiс жылдан аса тарихы бар Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және Әлем тiлдерi университетiнiң республикамыздың бiлiм беру жүйесiндегi алатын орны мен атқарып келе жатқан қызметтерi ауқымды әрi аса жауапты.

 

Осы жылдарда бүкiл әлем кеңiс­тiгiнде, елiмiзде ғасырларға татырлық iргелi әлеуметтiк-экономикалық өзгерiстер орын алуда. Бiздiң уни­вер­ситетiмiзде өзгердi. Оған дәлел ретiнде мынаны айтудың өзi жет­кiлiктi. Әлемге әйгiлi беделдi ағыл­шын агенттiгiнiң (Quacquarelli Symonds-QS) бағалауынша, дүние­жүзiлiк ең озық деген 800 универ­си­теттiң тiзiмiне қазақстандық 9 жоға­ры оқу орны енген. Бiздiң универ­си­тет сол тоғыздықтың iшiнде 6-орында.

Университет ұжымы Қазақстан Президентi Н.Ә. Назарбаев айтып өткендей, «бiлiм берудi, кәсiптiк даяр­лық пен әлеуметтiк саланы XXI ғасырдың деңгейiне көтеруде» ай­қын­дайтын құндылық болып отыр­ғанын үлкен жауапкершiлiкпен қабылдап, қарқынды еңбек етуде.

Университетiмiз соңғы жылдар­дағы нарық қыспағынан жол тауып, соны қадам жасап, инновациялық адаптивтi типтегi университет  мәр­те­бесiн алып, жан-жақты жаңарып келедi. Бiлiм жүйесiндегi бәсекеге өз орнын сақтай отырып, ұйымдық, оқу-әдiстемелiк ғылыми жұмыс­тарды жетiлдiре отырып, материал­дық базасын нығайту жолымен халықаралық, гуманитарлық-эко­номикалық бағытта мамандар даярлайтын республикамыздағы iрi оқу-ғылыми кешенiне айналып отыр.

Iлгерiде атап өткен қол жеткен жетiстiктер университет ұжымының қажырлы еңбегiмен, үлкен iзденiстер арқылы мүмкiн болып отыр.

Сөз жоқ, бұл университеттiң көп салалы қызметiн ұйымдастыру, басқарумен де тiкелей байланысты. Мiне, осындай ауқымды, аса жа­уапты жұмыстың басында жиырма жылдан астам уақыт мерзiмiнде ұжым­ды сөзi мен iсi әрдайым бiр жерден шығатын, аса бiлiмдi өз iсiне үлкен жауапкершiлiкпен қарайтын, талантты ұйымдастырушы, филоло­гия ғылымдарының докторы, про­фессор Сәлима Құнанбаева абырой­мен атқарып келедi.

Мен өзiм осы университетте 40 жылдан астам уақыт үзбей еңбек етiп келемiн, ұжыммен бiрге ыстығы мен суығын бiрдей бөлiсiп келе жатқан ардагер ұстаздардың бiрiмiн. Эконо­мистерге тән нәрсе – өткендi бүгiн­гiмен, бүгiнгiнi болашақпен салыс­тыру арқылы өткен және өсу жолы­мызды бағалау екенi белгiлi.

Ал осы соңғы 20 жылдағы оқу-әдiстемелiк, ғылыми жұмыстарды жаңа талаптарға сай ұйымдастырып, басқару, студент-жастарға терең бiлiм мен өнегелi тәрбие беру, уни­вер­ситеттiң ғылыми-материалдық базасын нығайту арқылы әлемдiк бiлiм-ғылым кеңiстiгiнде лайықты орын алу Салима Сағиқызындай танымал ғалым, шебер ұйымдасты­рушы, қайраткердiң ғана қолынан келiп отырғанын мақтанышпен айтуға болады.

Осы жылдарда бiрлесе жұмыс атқару барысында байқағанымыздай, Сәлима Сағиқызының өзiн ұстай бiлуi, қазақ-орыс-ағылшын тiлде­рiн­дегi сауаттылығы, адамдармен сөй­лесе бiлуi, әйел азаматына тән жаны­ның жайсаңдығын аңғару қиын емес. Өзiнiң қажырлы еңбегi мен асқан жауапкершiлiгi, әр мәселеге адами, кәсiби тұрғыдан қарауы, шешудi ке­йiнге қалдырмай, дер кезiңде жауа­бын беруi өзгелерге (әрiптестерiне) өнеге боларлықтай. Университеттiң өзiне тән дәстүрiн қастерлеуi, арда­гер ұстаздарын ардақтай бiлуi, жас мамандардың жалықпай еңбек етiп, iзденiсте болуын талап етуi де құп­тарлық жай. Мiне, осындай басқару­шыға, ұстазға тән ауадай қажет қа­сиеттер арқасында Сәлима Сағиқызы ректор ретiнде ұжымды топтастыра бiлдi, аса ауқымды әрi жауапты жаңа мiндеттерге жұмылдыра бiлдi.

Профессор С.С. Құнанбаева өзiнiң ғылыми-ұстаздық, әкiмшiлiк және қоғамдық жұмыстарын iскер­лiк, үлкен жауапкершiлiкпен атқа­рып келедi. Бiрнеше жылдар қата­рынан  Алматы қаласы әкiмшiлiгi жанындағы аналар мен балаларды қорғау комитетiнiң төрайымы, Ал­маты өңiрiндегi ректорлар Ассоциа­циясының жұмысында да белсен­дiлiгiн таныта бiлдi. Оған қоса өзiнiң күнделiктi ұстаздық жүктемесiн қа­тар жүргiзе отырып, магистрант­тар мен докторанттарға ғылыми жетек­шiлiк етуде.

Келешек ұрпаққа бiлiм мен тәр­бие берудегi ерен еңбегi ескерiлiп, Қазақстан Республикасының бiлiм беру iсiнiң үздiгi, құрметтi қызмет­керi төсбелгiсiн алды, Үкiметiмiздiң «Құрмет» орденiмен, Қазақстан Тәуел­сiздiгiнiң 10 жылдық, Қазақ­стан Республикасы Консти­туция­сының 10 жылдық мерекелiк медал­дарымен марапатталды, «Қазақ­станның еңбек сiңiрген қайраткерi» атанды, Халықаралық жоғары мектеп академиясының академигi, Қазақстан Республикасының Ұлт­тық Ғылым академиясының мүше-корреспондентi болып сайланды.

Сәлима Сағиқызының фило­логия ғылымының оқу-методоло­гиялық проблемаларын дамытудағы ерен еңбегi алыс-жақын шет елдерге де танымал. Оның айғағы ретiнде мыналарды айтудың өзi де жеткiлiктi. 2004 жылы Қазақстан-Австрия арасындағы бiлiм және мәдениет қатынасын дамытудағы еңбегi үшiн Австрияның Құрметтi кресiмен, ал 2008 жылы қазiргi қоғамның интел­лектуалды дамуына қосқан үлесi үшiн халықаралық Сократ атындағы лауреат атанды. Осындай жетiстiктер оның өмiр жолы iзгiлiктi, еңбексүй­гiш­тiк, өзi таңдап, талғап алған iлiмiне бар күш-қайратын, iс-тәжiр­биесiн арнап, жоғары дәрежелi мамандарды даярлаумен тiкелей байланысты. Жарты ғасырға жуық өзi бiлiм алған оқу ордасында тап­жылмай еңбек етуi табандылықтың, бiрiздiлiктiң белгiсi.

«Дәрiгер – адам жанының инже­нерi» деген халықта даналық сөз бар. Сәлима Сағиқызының еңбек жолының сәттi болуы – жанұясы­ның түсiнiк-ұғымының жоғары бо­луында. Өйткенi, Әнуар Бекұлы үлкен азамат, елiне еңбегi сiңген дәрiгер, ғылым мен практиканы шебер ұйымдастырып, халқына қадiрлi, әсiресе болашақ ұрпақ – балалардың зор қамқоршысы деген атаққа лайық жан. Осыдан да ұстаз­дық пен дәрiгердiң адамзат пен қо­ғамның дамуындағы орасан мәртебелi миссиясын анық аңғаруға болады.

Сәлима Сағиқызының өмiр және еңбек жолын мақтанышпен айта отырып, университетiмiздiң Абылай хан бабамыздың атына сай бола­шақта нысаналы сәттi дамуында, өске­лең ұрпаққа терең бiлiм мен өне­гелi тәрбие беруде әлi де қажымас қайратымен зор үлес қосады деп сенемiз.

М. ИСҚАЛИЕВ,

Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi,

экономика ғылымының докторы, профессор.

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close