Қуғынға ұшыраған қолжазба

авторы Бөжей Мыңғатұлы Абайды емдеген қазақтың тұңғыш дәрiгерлерiнiң бiрi болатын

Бөжей Мыңғатұлы революциядан бұрын медицина саласында жоғары бiлiм алып, Семей, Шұбартау және Қарқаралы өңiрiнде қызмет еткен белгiлi қазақ дәрiгерi. Әрi шығыс және орыс ақын-жазушыларының шығармаларын оқып, ұлы Абаймен жақын араласқан. Өзi де қазақ халқының өмiрi, қоғамдық ахуалы, кәсiбi мен салт-санасы туралы шығармалар жазған. Соның бiрi Алдар көсеге арналған алғашқы көркем өңделген осы аттас дастаны. Бөжей Мыңғатұлы отызыншы жылдары саяси қуғын-сүргiн құрбанына айналған соң шығармалары ұзақ жылдар бойы баспа жүзiн көрмедi. Ақынның ұлы, филология ғылымдарының докторы Мұратбек Бөжейұлы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында және өмiрiнiң соңында әдеби мұражайының аға ғылыми қызметкерi болып еңбек ете жүрiп, әкесiнiң қолжазбаларын көзiнiң қарашығындай сақтап келгенiмен кеңестiк кезеңде кiтап етiп шығаруға мұршасы келмедi. Мiне, ендi халқының денсаулығын сақтау жолында еңбек еткен ұлтжанды азамат Бөжей Мыңғатұлының туғанына 100 жыл толған биылғы жылы ақынның немересi, филология ғылымдарының кандидаты Зипа Бөжееваның қолға алуымен «Алдар көсе» дастаны жеке жинақ болып баспадан жарық көрдi.

Бөжей Мыңғатұлы өмiрiнде орыс тiлiнде бiлiм алса да ұлыққа жағынбаған, шен-шекпенге қызықпаған. Талай шонжардан қасiрет көрген Абай ұлы Мағауияның қазасына қатты қайғырады. «Менiң немере ағам Бөжей Мыңғатұлы орысша дәрiгерлiк оқу бiтiрiп келген адам едi. Шынында ол заманда бiздiң керей ғана емес, көршi тобықты, найман, төлеңгiт iшiнде де ол кiсiден басқа орысша оқыған адам дәрiгерi жоқ болатын. Бөжей Абайдың науқас екенiн естiген соң-ақ аялдамастан ат ерттетiп, жүруге қамданады. Қасына мен ердiм. Бөжей қағазға бүктелген ақ дәрi берiп едi. Абай iшпедi, үнсiз басын шайқады. «Менiң тынысымды алған – тәннiң дертi емес. Ешқандай дәрiмен жазылмайды» дейдi» (Мағауия Құрымбайұлы. «Жалын», №5, 1970 жыл).

Бөжей Мыңғатұлының 1900 жылы жазылып, биыл ғана баспа жүзiн көрген «Алдар көсе» дастаны ұлттық сипатқа мол, құнды жаңа деректерге бай, көркемдiк және композициялық ерекшелiктерi арнайы зерттеудi қажет етедi. Жақында Бөжей ұрпақтары кiтаптың тұсаукесерiн өткiзiп, аталарына ас бердi.

Ө.ӨТЕУЛIҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *