Тығылып той жасауды тоқтату керек

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ,  Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Қадірлі халайық! Құрметті алматылықтар!

Мынау әлемді тітіренткен коронавирус індеті біздің халқымызды да шетінен баудай түсіріп жатыр. Күнде еститініміз қаралы хабар, азалы сөздер. Қарапайым халықтың қатарында небір атпал, азбал азаматтарымыз, қайраткер тұлғаларымыз да беймезгіл дүниеден өтіп жатыр. Бейне бір ешкімді әскерге алмай-ақ, сапқа тұрғызбай-ақ, қан майданның қасабына ұшырататын, көзге көрінбейтін қырғын соғыс жүріп жатқандай.

Бізге бұлай шыбынша қырылып отыра беруге болмайды. Сондықтан сақтық шараларын күшейтуіміз керек. Медицинамызды мемлекет қолына алып, бәрін тәртіпке келтіріп, дәрі-дәрмектерді жеткізіп, аурухана-емханаларымыздың ахуалын да жақсартып, оған қоса, дәрігер-мамандар да күн-түн демей адам өмірі үшін күресіп жатқан тұста, біз де бейқам болмай, өз тарапымыздан ауыр жүктің бір жағын көтерісуіміз керек.

Ол үшін көп нәрсе керек емес. Бар болғаны жеке басымыздың тазалығын сақтап, бетпердемізді тағып, адам көп жиналған орталарда ара қашықтықты сақтап жүрейік. Дәл қазір думандатып, той тойлап жүретін уақыт емес, оны да есте ұстайық. Тығылып той жасауды тоқтату керек. Олай болмаған күнде, коронавирусқа өзіміз көмектескен боламыз. Болып жатқан келеңсіздіктердің себебін ұлттан емес, ұлтсыздықтан, тәртіптен емес, тәртіпсіздіктен іздеу керек. Сондықтан, мойнымыздағы жауапкершілікті дұрыс түсінгеніміз абзал.

Сонда ғана өзіміз де, жан-жағымыз да, еліміз де аман болады. Бұл індеттің жолын осылай біріккенде ғана кесеміз.

Әр отбасына амандық, жақсылық тілеймін!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close