ТЫНЫШТЫҚТЫ ТАУДАҒЫ ТҮН БҰЗДЫ

Естерiңiзде болса, бұдан бұрын режиссер Нұрғали Ораздың «Қайыршының жұлдызы» атты әңгiмесiнiң желiсiмен «Адасқан жұлдыз» драмасын қойған-ды. Ендi көрермен жазушының «Бақыт құсы» әңгiмесi бойынша қойылған «Таудағы түн» лирикалық драмасымен қауышты.

Драма тақырыбы махаббат жайында. Жо-жоқ, бұл сiз ойлаған аласұрған сезiмдер, сiз елестеткен әппақ аққулар емес. Мұндағы махаббаттың тамыры тереңде, бұл — әдеттегiден әлдеқайда тұнық, әлдеқайда кiршiксiз сезiм. Шығарма желiсi былайша өрiледi: бас кейiпкер Мұхит – бiр кездерi Алматыға арман арқалап келген балаң жiгiт, бүгiнде қатардағы жазушы. Айрандай ұйыған бiр жанұяның отағасы да — өзi. Айтпақшы, жазушының өзi туып-өскен ауылына ат басын бұрмағалы бiрталай жылдың жүзi болған. Басты сылтауы – жұмысбастылық.

Мұхиттың өмiрiндегi мүлгiген тыныштықты тосыннан соғылған қоңырау бұзады. Телефондағы сыңғырлаған дауыстың иесi – Мәдина. Мәдина – жазушының жерлесi, екеуi де алып қаладан алыста жатқан Қойтас деген момақан ауылдың топырағынан. Мектеп жасында Мұхит Мұқановтың шығармаларын ынта-шынтасымен берiле оқып, авторды бiр рет көрудi арман еткен Мәдина бүгiн оны «Бақ құсы» мейрамханасына кездесуге шақырып отыр. Жазушы «Апырай, бұл бiр қызық болды-ау, ә?» деп бiраз толқыса да, кездесуге бiрден келiстi.

Ары қарай, Мұхит пен Мәдина қымбат мейрамханада шүйiркелесiп отырып ас iштi, алыстағы ауылдарын еске алып, бүгiнгi әдебиеттiң жайын сөз қылды. Екеуiне ортақ дүние – рухани үндестiк. Екеуi де — зиянсыз қиял, таза ойдың адамы. Жазушы қыздың сұлулығына, емен-жарқын мiнезiне тәнтi болды. Ал, қыз өзi сүйiп оқитын авторға бұрыннан ынтық-тын. Әдеттегi күндерi бiр-бiрiнен айнымайтын қоңырқай тiршiлiктiң сарыны бұзылды, жазушы мен оқырман қыз арасында тек екеуiне ғана түсiнiктi ынтызар сезiм пайда болды…

Нұрғали Ораздың «Бақыт құсы» атты әңгiмесi — өте әсерлi дүние. Ал, ондағы мөлдiр сезiмдi театр сахнасында көрудiң әсерi одан да күштiрек. Рас, режиссердiң ұсынысымен жазушы әңгiмесiне бiрқатар кейiпкерлердi (жазушының әйелi, даяшы, күзетшi, т.б) қосып, пьесаны толықтырған. 5йткенi, екi кейiпкердiң ойынымен бiр жарым сағаттық спектакльдi әдемi етiп өрбiту әсте мүмкiн емес.

…Мәдина қыз жазушымен тағы да дидарласудың ретiн келтiрдi. Екеудiң жолы Алатау бөктерiндегi саяжайда толған айды тамашалау үшiн қайта түйiстi. Жазушы Мұхит алғашқы кездесуде Жапонияда Обасутэяма тауына барып, айдың сұлу көрiнiсiн тамашалау үрдiсi бар екенiн сөз еткен-дi. Екiншi кездесу сол әңгiмеден кейiн жүзеге асты. Бұл кездесуде жазушы мен қыз бiр-бiрiнiң иығына бас қойып сыр шертiстi. Қыз өзiнiң дүниеден озған Ұлдай әпкесiн, одан соң өзiнiң шет елдегi шендi нақсүйерi Маймақты еске алды. Бүгiнде Мәдинаны үлде мен бүлдеге орап, өзiнiң жекеменшiк қуыршағына айналдырған Маймақтың портретi төрде iлулi тұр.

Шығарма желiсiнде Мұхит Мәдинаның саяжайынан таң атқан соң бiр-ақ қайтатын. Ал, қойылым соңында керiсiнше, Мәдина портретпен бiрге тағы да жалғыз қалады.

Ендi кейiпкерлердiң ойынына келейiк. Бiз қойылымның бiрiншi құрамындағы әртiстердiң өнерiн тамашаладық. Неге екенiн қайдам, Мұхиттың рөлiндегi Бейбiт Камарановқа көптi көрген, кексе жазушының рөлiн сомдау үшiн әртiстiк шеберлiк жетiспегендей көрiндi.

Алды-артын бағамдайтын жасқа жеткен жазушыны тек бурыл тартқан шаш пен ескi үлгiдегi костюммен ғана көрсетпесе керек-тi. Режиссер Балтабай Сейiтмамытұлының айтуынша, мұндай рөлдi сомдау үшiн әртiстiң актерлiк интеллектiсi, яки, дүниетанымы жоғары болуға тиiс. Мұхит рөлiндегi Бейбiт Камаранов пен Жомарт Зейнәбiлдiң дүниетанымына, актерлiк зердесiне шүбә келтiрмеймiз. Ал, Мәдина (Гүлбаһрам Байбосынова) шығармадағы кейiпкердiң бойындағы нәзiктiктi, тазалықты көрерменге жеткiзе бiлдi. Тазалық дегеннен шығады, Мәдина қыздың таза да сыңғыр күлкiсi кей жерде тiптi артықтау кетiп жатты. Мәселен, басты кейiпкер өзiнiң балалық шағын еске алады да күледi, мамандығының агроном екендiгiн айтып тұрып, тағы да тоқтамай күледi. Не деген таусылмайтын күлкi? Осы тұста айта кетелiк, өткен жолғы мақаламызда театр әртiстерiнiң сахнада «жаппай тосылып қалу» үдерiсiн түсiне алмайтындығымызды жазғанбыз. Ендiгi ретте, көрерменнiң театрдағы актрисалардың, әсiресе, жас актрисалардың бiрiнен-бiрi айнымайтын жасанды күлкiсiнен жалыға бастағанын айтқымыз келедi. Баяғы «Тақиялы перiште» фильмiндегi Әмина ананың (өмiрзақова) қарқылдай күлетiнi есiңiзде шығар? Көрермен сондай жасандылықсыз, дара күлкiнi аңсайды. Жас әртiстер қатарластарының сахнадағы қылығын көшiруге емес, болмысы дара әртiстерге болмаса да, ұқсап бағуға тырысса игi едi.

Айрықша тоқталуға тұрарлық тағы бiр әртiс – портреттiң рөлiн сомдаған Нышанбек Жұбанаев. Жұмсақ кресло мен биiк мансапқа қол жеткiзу үшiн шендi-шекпендiлермен қоян-қолтық араласуға ықыласты маймақ жiгiт бүгiнде Мәдинадай тотыны алтын торға қамап қойған. Қойылым желiсiне қайта оралсақ, толған айды тамашалайтын түнi жазушының түсiнде Маймақтың портретi тiрiлiп келiп, онымен «тiлдеседi». 5зiн бейкүнә қыздың обалына қалдым деп есептемейтiн арамза жiгiттiң ойнақы көзқарасын, құбылмалы мiнезiн әртiс әдемi келтiре бiлдi. Қойылымдағы жазушының әйелi, жол-жөнекей кездесетiн бойжеткен, даяшы сынды қосалқы рөлдегi әртiстердiң ойыны тым аз уақыт арасында жүредi. Режиссер драманың бас жағында Мұхиттан ұялы телефонын сұрап, әлдебiр құрбысымен айқайлап сөйлесетiн сылқым бойжеткенмен ненi көрсеткiсi келдi екен? Бүгiнгi жастардың болмысын ба, әлде? Сондай-ақ, мына бiр жәйт назарымызды өзiне ерекше аудартты: таныстық барысында Мұхит Мәдинадан «Соңғы рет қашан кiтап оқыдың?» деп сұрайды. Сонда Мәдина «Ой, аға, мен өзiмнiң қашан оқығаным тұрмақ, соңғы рет қашан кiтап сатып алғанымды да бiлмеймiн» дейдi сықылықтай күлiп. Мұнысына тiптi қымсынбайды да.

Жазушының бөлек жаратылысына, нәзiк жанына iңкәр оқырман қыздың айтатын сөзi ме едi бұл? Кiтап оқымайтын оқырман қалайша жазушы жанына құмартуы, оны айлап-жылдап iздеуi мүмкiн? Бiзге дәл осы сөздер драманың тұтас мазмұнының, желiсiнiң аяғын аспаннан келтiргендей әсер қалдырды.

Шығарманың өн бойында Мәдинаны өресi биiк, талай кiтапты тауысқан қыз ретiнде көрсету керек пе едi деген ойға қалдық. Сосын, сценарийге ұлы адамдардың қанатты сөздерiнен, тағылымды кiтаптардан үзiндiлер қосу керек пе едi?.. Қалай дегенмен, бұл – эстетикалық талғамы жоғары, зиялы қауым жете түсiнетiн дүние. 5йткенi, мұнда жай ғана махаббат емес, жазушының, яки зиялының сұлу сезiмi суреттеледi ғой.

«Таудағы түн» — тың дүние. Тың болатын себебi, бұл — жазушы жанының кеңдiгiн, әйел затына деген құрметiн көрсететiн қойылым. 5зiнiң сүйген жарына арамдық ойламайтын отағасының құпия махаббаты, жүрек түбiнде жасырынған сезiмi. Мұндай құпиялылық бүгiнгiнiң көп бөрiктiсiне тән сықылды. Оның үстiне, мұнда там-тұмдап болса да қазiр қазақ әдебиетiнiң өлiара шақта тұрғандығы, бүгiнгi қоғамның бас ауруына айналған мәселелерi айтылады.

«Махаббат, қызық мол жылдарды» оқығаннан кейiн Әзiлхан Нұршайықовқа хаттарын оқша жаудырған оқырмандар. Жазушы Бексұлтан Нұржекеге «әйел жанын зерттеудiң шеберi» деп баға берiп, құлаш-құлаш хат арнаған ханымдар. Задында, ақын-жазушы деген халықтың жүрегi ерекше сезiмтал келетiнiн кез-келген кiтапқұмар жан бiледi. Сондай-ақ, оқырман осы сезiмтал халықтың оқырманмен етене араласатын кеңжүрек жандар екенiн де жақсы бiледi. Жазушы мен оқырман арасындағы берiк байланысты, кейде тiптi ұлы сезiмге ұласатын ынтық көңiлдердi сипаттайтын бiр қойылым бiзге керек-тi. Мiнеки, «Таудағы түн» дүниеге келдi. Толған айды тамашалайтын таудағы түннiң тылсым иiрiмiне бойлаймын десеңiз, театрға барыңыз…

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *