Ұтымды жоба қабылданып отыр

hqdefault

Қазақ үшін латын қарпі аса жат дүние емес, біздің тарихымыздың белгілі бір кезеңі осы  графикамен  жазылғанын  көнекөз қа­риялар  жақсы біледі. Сонау 1926 жылдың 26 ақпаны мен 6 наурызы аралығында Баку қаласында өткен Кеңес Одағы түркітану­шыларының І конференциясында дәл қазір­гідей, латын графикасына көшу мәселесі қаралған болатын. Әрине, ол уақыттағы саяси жағдай басқа, мүдде басқа болды. Десек те, 1928 жылдың 20 қарашасында еліміздің Орталық Атқару комитеті латын әліпбиіне көшу туралы қаулы қабылдап, сол заманғы қазақ өмірінің белгілі бір кезеңі латын қарпімен тарихта қалды.

Латын графикасына көшудің қазіргі жағдайы мүлде бөлек, бұл екі оқиғада сырттай ұқсастық болғанмен, айырмашылығы жер мен көктей. Заманалар көшінің әрқилы белестерінде біздің халқымыз өзіндік үнінен айырылып, тіпті тілін де жоғалта жаздағаны белгілі. Ұлы Тәуелсіздігіміздің арқасында ғана біз өзімізге қайта оралып жатқан елміз. Тілдік ерекшелік оның жазуында  айқын көрініс бергенде ғана тіл ғұмыры ұзақ болады. Осы орайда латын қарпіне көшу мәселесін ұлтымыздың ұлттығын сақтау деп түсінген абзал.

Біле білсек, латын қарпі қазірде біздің жастарымыздың меңгеріп алған дүниесіне айналып отыр. Компьютерлік технологиялар өмірімізге дендеп енген кезден бастап-ақ олар бейресми түрде осы қаріпті пайдаланып келеді. Сондықтан  бұл мәселенің негіздемесі қай қырынан келсек те жасалып қойған деуге болады. Ендігі әңгіме ресми түрде латын графикасына көшу мәселесіне ойысып отырғаны да сондықтан.

Өткенде Қазақстан Парламенті Мәжілісінің отырысында «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдау өтіп, онда осы мәселеге байланысты әр  түрлі ұсыныстар айтылған болатын. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған тапсырмаларға байланысты жүзеге асырылып жатқан жұмыстар ретінде сол отырыста Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің «Біздің ұлттық сана-сезім, рухани даму, өркендеу жолымыз, осының барлығы қазақ тілінің жаңа әліпбиін жасаудан басталады» деуі де тегін емес еді. Осы басқосуда латын графика­сының алғашқы бір нұсқасы таныстырылып, ол жұртшылықтың талқылауына ұсынылды. Ондағы оң өзгеріс­термен қатар, тілдік айырмашы­лықтарымызға деген кейбір жетіспеушіліктерді де жұрт назардан тыс қалдырмады.

Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Әлемде ешбір ел өзінің жаңа әліпбиін бүкіл халық болып осылайша талқылаған емес. Біз үшін әрбір адамның пікірін білу маңызды», – деп айтуында үлкен мән жатыр.

Президент Жарлығымен бекітілген қазақ әліпбиінің латын графикасындағы нұсқасында талқылауларда айтылған ескертпелер ескеріліп,   тіліміздің барлық мүмкіндіктері қарасты­рылғаны байқалады. Бұл тұста әр дыбыс бір әріп болатын, латын графикасының негізі барынша сақталатын, компьютерлік технологияларға шығын кетпейтін жоба бекітіліп отыр. Ендігі жерде осы шаруа кезең-кезеңмен ұтымды қолға алынып, сапалы түрде жүзеге асырылады деп сенемін.

Қали СӘРСЕНБАЙ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Алматы қаласы мәслихатының депутаты.

 

%d1%88%d0%b0%d1%80%d0%bc%d0%b0%d0%bd%d0%be%d0%b2

Бұл – ұлтымыздың рухани кодексі

Елбасы латын әліпбиіне өту туралы Жарлыққа қол қоя отырып, болашаққа үлкен әрі нақты қадам жасап отыр. Бұл біздің, ұлты­мыздың рухани ко­дексі десек те болады. Елбасы бастамасының мәні зор, келешектің ба­қытты көрінісі, мақтанатын нәрсе. Латын ол қазіргі жаңа технологияның, ғы­лым­ның, тіпті әде­биеттің тілі. Осы бастаманы Нұр­сұлтан Әбішұлы қолдап отырғанына қуаныш­тымын.

Төрегелді ШАРМАНОВ,

Қазақ ұлттық тағамтану академиясының президенті,

Алматы қаласының Құрметті азаматы.

%d1%85%d0%b0%d1%81%d0%b0%d0%bd%d2%93%d0%b0%d0%bb%d0%b8%d0%b5%d0%b2

Әлемдік өнер тілі өрісімізді ашады

Латын қарпіне ауысу, бұл еліміздегі үлкен оқиға. Олай дейтінім, Елбасының осынау игі бастамасын ел болып, халық болып қолдап, бүгін, міне, жемісін көруге жақын қалдық. Бүкіл дүние жүзі латын қарпіне көшкен уақытта біз осы шешімді қолдауымыз керек. Бұл заманауи техни­каны, әлемдік ғылым мен білімді, музыканы меңгеруге зор мүмкіндік. Біздің мақ­сатымыз – тілімізді, мәде­ниетімізді, өнерімізді дамыту, соны әлемдік деңгейге шығару. Сол себепті, Елбасының латын әліпбиінің соңғы нұсқасын қолдап, Жарлыққа қол қойғаны бізді қуантты.

Ескендір ХАСАНҒАЛИЕВ, ҚР Халық әртісі.

 

Әліпбиге қатысты пікірдің бәрі ескеріледі

Әсел ДАҒЖАН

Кеше Алматы қаласының Қоғамдық кеңесі қазақ әліпбиінің латын графикасына көшуіне орай қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселелерді саралап, талдаған жиын өткізді. 

Шараға тіл білімі мамандары, саясаттанушылар, блогерлер, мемлекеттік қызмет өкілдері қатысып, пікір айтып, ұсыныс білдірді. Екі сағатқа созылған жиында мамандар «қазақ қоғамы латын әліпбиіне көшуді қызу қолдайды, дегенмен латын әліпбиінің нұсқасына келгенде пікір екіге бөлінуде. Әлеуметтік желілерде өз пікірін білдіріп, ұсыныс айтып жатқан азаматтардың көзқарастары мен пікірі ескеріледі» дегенді айтты.

– Қоғам латын әліпбиіне бей-жай қарап отырған жоқ. Олардың қызығушылығы өте жоғары. Кеше ғана осы латын әліпбиіне қатысты мемлекеттік комиссия құрылды. Енді өзінің азаматтық көзқарасын білдіріп, ұсыныс айтып жүрген, сын-ескертпелері бар азаматтардың пікірі ескерілетін болады. Алдағы екі жылда графикте де өзгеріс болуы мүмкін. Қоғамда апостроф пен диграфқа байланысты үлкен қызуталас болып жатыр. Осы екі нұсқаға байланысты алдағы уақытта бір шешімге келуіміз керек. Әлеуметтік желіде болсын, өзінің көзқарасын білдіріп жүрген азаматтардың көзқарасы мен ұсыныстары еленуі керек, еленеді, – деді саясаттанушы Ерлан Саиров.

Мамандардың айтуынша, бүгінде әлемдегі дамыған отыз ел осы латын әліпбиін қолданып отыр. Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тлешов:

– Мемлекеттік қызмет салаларында, қызмет көрсету орындарында латын әліпбиін қолданысқа енгізу қарастырылып жатыр. Жаңа әліпбидің емлесі жасалуы керек, соның негізінде орфографиялық сөздік бекітілуі тиіс. Бұған дейін жалқы есім­дердің, мемлекеттік атаулардың орыс тілінде бұрмалан­ғандығы айтылып келді. Осыларды бірізге түсіру мәселесі тұр, – деді.

Жиында қоғамдық кеңес мүшелері де белсенді пікір білдіріп, ұсыныс айтты.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *