ТЫҢ ДҮНИЕНІ КӨРСЕТКЕН АРНА

7Жасыратыны жоқ, теледидар алдында сағызша созылған бірінен кейін бірі көрсетілетін сериалдарға телміретін көрермендер болмаса, көпшілігіміз «көк жәшікті» біртіндеп ғаламторға айырбастап алған­даймыз. Әсіресе, қалалықтар.  Технологиясы дамыған ғасырда бұл заңдылық та шығар. Десе де…

Желтоқсан айының басында Әуезов театрында актер Бекжан Тұрыстың «Ұлым, саған айтам…» атты моноспектаклі қойылғаны белгілі. Бұқаралық ақпарат құралдарының арқасында қойылымның болатыны жайлы алматылықтар құлағдар болса, интернеттің «кесірінен» кештің қалай өткенінен өзге қалаларды қойып, сонау шалғайдағы аудан мен ауылдағы ағайындар хабардар. Сол кезде актер бенефисіне барып, керемет қойылымның куәсі болған алматы­лықтарға сырттай қызыққандардың көптігін  әлеуметтік желілердегі пікірлерден-ақ білдік.

Араға көп уақыт салмай-ақ, 16 желтоқсан күні  «Алматы» арнасынан «Ұлым, саған айтам…» моноспектаклінің көрсетілетіні туралы да  әлеуметтік желілер арқылы таралды. «Шымылдықсыз шындық­тың» тура Тәуелсіздік күні берілетіні телекөрерменді бір мезгілде қуантқанын да, қапаландырғанын да байқадық. Театрға барып көре алмай қалған көрермендер ерекше қойылымның, ең болмаса, теленұсқасын көре алатындарына қуанса, келесі бір лек, әсіресе, өзге өңірде – аудан-ауылдарда тұратын ағайындарымыз  актер бенефисінің неге «Қазақстан»  мен  «Хабардан» көрсетілмегенін сұрап, «Алматы» арнасының жоқтығын айтып шағынды. Әрине, «Отау тв» арқылы қойылымды көре алғандар баршылық…

Кештің теленұсқасын көріп ләззат алған көрермен қауым бұдан кейін тағы да сол әлеуметтік желілер арқылы бекзат өнердің шынайы иесі – Бекжан ағаға жылы лебіздері мен қойылымнан алған әсерлері жайлы пікірлерімен бөлісіп, «Алматы» телеарнасына ризашылықтарын білдіріп жатты. Сөзіміз де дәлелді болсын…

 

Азамат ШАРҒЫН, Алматы қаласының тұрғыны:

«Шындықтың көзіне қарау – қашан да қорқынышты»  («Сұлтан Бейбарыс» фильмінен).

Бекжан Тұрыс ағамыздың «Ұлым, саған айтам…»  атты кешіне бараалмай, әлеуметтік желілерде жазылған ой-пікірлерді ғана оқып, ашырқанып жүр едік…  Бар болғыр, «Алматы» телеарнасы басшылығына мың алғыс!

Көрдік. Алған әсерімді іште бар сөздермен жеткізе алмаспын. Қоғамдағы өзекті мәселелер, іштегі ащы запыран… Жүздеген ток-шоу, сансыз телехикая, қаптаған арзан әзіл бағдарламалары тырнағына татымайтын қойылым.

Республикалық таралымға ие «Қазақстан» ұлттық арнасы, «Хабар» арнасы неге түсірмеген? Барша қазақ көруге тұрарлық дүние! Әттең…

 

Ержан БАЙТІЛЕС, журналист. Қызылорда қаласы:

Ғажап кеш болыпты. Айтары жоқ. Елуге келгенде елге айта алатын сөзің болмаса, келмей-ақ қою керек екен. Бекжан аға – айтары да бар, өмірімен өнеге де көрсете алатын азамат! «Ұлым, саған айтам…»-нан кейін телеарналардағы басқа дүниелерді көре алмай жатырмын…

 

Бұл – бірді-екілі ғана мысал. Ал моноспектакльдің еліміздің басты арналарынан не себепті көрсетілмегені жайлы сұраққа актердің өзі екі арнаның да  түсіруге құлықсыз болғанын, себебін білмейтінін жазыпты. Бір нәрсе анық, ол – көрермен талғамының әртүрлі екені, көпшіліктің арзан әзіл мен қаптаған шоулардан жалыққаны. Көрерменге тек жеңіл әзіл, даңғаза әуен, мағынасыз сериалдар ұнай бермейтіні аңғарылды. «Қазақстан» мен «Хабар» арналарындағыдай кең ауқымда әрі сапалы етіп түсіретіндей мүмкіндік «Алматы» арнасында аз, десе де, көрерменіне саф алтындай салмақты дүние ұсына білді.

Театр – тірі өнер. «Ұлым, саған айтам…» театр репертуарына енгізілсе, көрерменіне екі есе қуаныш сыйлайтыны белгілі. Театр басшылығы да бір шешімге келер.

Ал біз – көрермендер «Алматы» арнасының басшылығына тура Тәуелсіздік күнімен орайластырып әр қазаққа ой салар, әр қазақты ойлантар ғажап қойылымды көрсеткені үшін алғысымызды айтамыз! Биік белестен көріне беріңіздер!

 

Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *