Туризмді жарнамалауда ақшаны босқа шашпау керек

Туристер Көктөбе, Медеу, Шымбұлаққа баратын жолды жиі сұрайды

Қалалық Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы саяхат жайлы әлемдегі ең ірі    TrіpAdvіsor»  туристік сайтымен бірлесе «DATA сандық технологиялар академиясы TrіpAdvіsor» конференциясын өткізді. 

Әсел ДАҒЖАН 

Үш күнге созылған конфе­ренция Орталық Азия бойынша Алматыда тұңғыш рет ұйым­дастырылып отыр. Ондағы мақ­сат – Алматының турис­тік әле­уетін озық сандық техно­логиялар арқылы дамыту.

Конференцияда E-Tourіsm Fron­tіers Case зерттеулеріне негізделген ақпараттар айтылып, әлеуметтік желілер мен саяхат технологиялары бойынша соңғы жаңалықтар сөз болып, сандық және контент-мар­кетинг бойын­ша желілік талдау, практикалық сабақтар және қызу пікірталас­тар болды. Сондай-ақ, саяхатты жоспарлау, тапсырыс беру және сатып алудан бастап туристік жоспарлаудың жаңа үрдістері туралы әңгімелер айтылды.

– Навигация, сондай-ақ сая­хат­ты жоспарлаудың Онлайн-қызметтерін қолданушылар саны жыл санап ар­тып келеді. Соңғы екі жылда сондай онлайн-қызмет түрін турис­тердің 83 пайызы қолданған. Турис­тер қонақ­үй, авиабилет, экскурсия, көлікті жалға алу, тіпті, мейрам­ха­надан үстел брондаудың өзіне онлайн қызмет­терді пайдаланады. Көп­теген компа­ниялар мұны ескер­мей, ақшаны еш­кімге керексіз әрі қызықсыз буклет­тер, баспа ма­териалдарына жұмсай­ды. Сон­дықтан жарнамаға бөлінген қара­жатты сандық марке­тингке бөлу керек, – деді TrіpAdvіsor мар­кетинг менеджері Чад Шивер.

Туристік салаға қатысы бар мамандардың барлығының басын қосқан DATA конференциясы бұған дейін Жапония, Греция, Камбоджа, Кения, Сингапур, Сейшель аралдары, Индонезия, Марокко және Виктория сар­қырамасында өткізілген.

– Қазір адамдар ақпаратты мо­бильді телефон, интернет платфор­малар мен әлеуметтік желілер арқылы алып үйренді. Бірақ тәжірибе көрсетіп жат­қандай, кәсіпкерлер мен туристік саладағы басшылар бұл трендтің маңыздылығын сезіне алмай келеді. Өзіңнің кәсібіңді ғаламтор арқылы тиімді жүргізгің келсе, заманауи маркетинг құрал­дары­нан сауаттылық қажет. Осы мә­селенің маңыздылығын әрі Ал­матының турис­тік әлеуетін ескере келе, біз осы шараны ұйым­­дастырдық, – деді Алматы қаласы Туризм және сыртқы байла­ныстар басқармасының бас­шысы Мақсат Қиқымов.

 

Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, осы жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында Ал­маты әуежайы арқылы шаһарға 343 мың турист келген. Оның ішінде 23 мың адам қызметтік іс-сапармен келсе, 11 мың адам туристік сапармен келген. Қалған 283 мың адам жеке істерімен келгендігі тіркелген. Ал 2017 жылы шаһарды 508 мың турист тамашалаған. Ал осы келген саяхатшылардың көбі қай елден деген сұраққа жауап берсек, алдыңғы қатарда Ресей Федера­циясы тұр, яғни 89 мың турист көрші елден келген. Одан кейін Қытай, Өзбекстан мен Қырғыз­стан, Түркия, Тәжікстан, Үндістан, Оңтүстік Корея, Украина, ең соңғы орында Америка Құрама Штаттарынан 10 мың турист келген. 

 

Ал еліміздің өзге өңірлерінен Алматыға пойыз арқылы саяхат­тап келетін туристер бойынша 2017 жылы шаһарға ең көп ту­рист Ақмола облы­сынан келген. Одан кейінгі орында Оңтүстік Қа­зақстан облысы тұрса, үшінші орында Шығыс Қазақстан облысы тұр.

Туристердің ең көп қоятын сұрағы қандай десек, «Көк-Төбе, Медеу, Шымбұлаққа қалай барады?» деген сауалды респон­денттердің 19 пайызы қоятын көрінеді. Одан кейін таксиге тапсырыс беру, төлемақы жүйесі қандай және көлікті жалға беру жайлы сұрайды екен. Үшінші орында туристерді қызықты­ратын сауалдар – «Үлкен Алма­ты көлі, Шарын шатқалы мен Қайыңды көлі және Алтын Емел қорығына қалай бара­мыз?» деген сұрақтар. Айтпақшы, «Оңай» карта­сын қай жерден сатып алуға болады және қалай толты­рамыз деген сауал да туристердің жиі қоятын сұрағы.

Айта кетейік, егер Қытай Халық Республикасы мен Үндіс­тан аза­маттары қазақстан­дық әуекомпания­лар арқылы Алматы мен Астанадан үшінші елге ұшатын болса, олар Қазақстанда 72 сағат бойы визасыз жүре алады. Осы жылдың бірінші тоқсаны бойынша ресми мәлімет­терге сүйенсек, Үндістанның  1201 азаматы, қытайлық 2904 азамат визасыз режимді пайда­ланып, Қазақстан арқылы үшінші елдерге ұшқан.

Турстаттың мәліметіне сүйен­сек, «2018 жылғы жаз айларында Ресей туристері үшін ТМД-ғы ең танымал 10 қала» рейтингінде Алматы үшінші орыннан көрінді. Әзірге Баку мен Минск біздің алдымызды орап тұр.

 

Жоғарыда біз сөз қылған Trіp­Advіsor сайтынан қонақ үйлер мен көңіл көтеру орындары, қала­лардың көрікті жерлері жайлы 661 миллион­нан аса  түрлі пікірлер мен шолулар таба аласыз. Бұл әлемдегі ең ірі туристік сайттың 70 миллионға жуық жазылушысы бар. Ай сайын сайтты орташа есеппен 456 миллион­нан аса қолданушы пайдаланады.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *