ТУРАШЫЛ, ТЕКТІ ТУҒАН ТҰЛҒА ЕДІ

Қоштасуға қи­май­тын жаны таза, адал адамдар арамыз­дан кеткенде ортамыз ой­сырап қалып жа­тады. Өкінішке қарай, осын­дай абзал аза­маты­мыздың бірінен айыры­лып отырмыз.

Алматы қаласы Бостандық ауданының бұрынғы әкімі Аман­келді Кәрімұлы Кәрі­моллин 71 жасында ұзаққа созылған сыр­қаттан қайтыс болды.

Аманкелді Кәрі­мол­лин 1947 жылы 26 қазанда Батыс Қазақ­стан облысында дү­ниеге келген. Жоғары мектептен соң, Алматы облысында түрлі мем­лекеттік лауазымда жұмыс істеді.

Алматы облысының Шелек ауданында шар­уашылықтарда тә­жі­рибе жинақтаған ол, кейін Алматы қаласы атқару комитеті төр­ағасының орынба­сары, 1995–1997 жыл­дары Қазақстан Рес­пуб­ли­касы   Премьер-Минис­т­рінің кеңесшісі, 1997– 2001 жылдары Алматы облысы әкі­мінің орын­басары, 2002 жылдан 2009 жылға дейін Ал­маты қаласы Бостан­дық ауданының әкімі қыз­меттерінде болған.

2011 жылға дейін «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары қызметін атқарған.

Қай қызметте болса да, ол өзінің кіршіксіз тазалығымен көпшіліктің көкейінде қалды. Оның өзіне ғана тән мінезі мен сабыры айналасын тәнті етті.

Ұлттың жоғын жоқтаған асыл азамат соңына өшпестей мұра қалдырды. Максим Горький Сүлеймен Стальский туралы «Кішкентай ұлдарын ұлы етіп көрсететін ұлы халықтар болады,  сондай-ақ, кішкентай халқын ұлы етіп көрсететін кішкентай ұлдар болады» депті. Аманкелді Кәрімұлы дәл осындай текті туған, турашыл тұлға еді.

Азалы күнде қайғыра отырып, отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтамыз. Иманыңыз жолдас болып, жаныңыз пейіштің төрінде болғай.

«Ақшамдықтар».   

 

Хамит БІРЖАНҰЛЫ,

Бостандық ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы

Аман нағыз азамат болатын

Тағы да бір арда азаматтан айырылып қалдық. Азамат болғанда қандай еді? Нағыз кесек мінезді, ісі де, сөзі де мығым болатын.

Аманкелді Кәрімұлымен таныстығымыз ерте­ден басталды. Кезінде Алматы қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдары тіпті ерекше, құлшына көп жұмыс жасады. Еліміздің өсіп-өркендеуі жолында көп еңбек етті. Шын мәнінде нағыз елін сүйген патриот болды.

Алматы облысы әкімінің орынбасары болып тұрғанда да ерекше еңбегімен көзге түскен осы Аманкелді бауырым еді. Аманкелді Кәрімұлы  Бостандық ауданының әкімі болып 7 жыл адал еңбек етті. Ауданның әрбір ауласын жаяу аралап кететін. Қай жерді жөндеу керек, қай жерде қоқыс жатыр, бәрін бір шолып өткенде-ақ байқайтын. Өте әділ, турашыл азамат еді.

Аманкелді Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасынан шыққан.

Шапса балта өтер ме,

Шыңғырлаудың тасына.

Нелер келіп, не кетпес,

Ер жігіттің басына! –

демекші, Аманкелдінің еліміз үшін жасаған жар­қын ісі ешқашан ұмыт болмайды. Әлі күнге есім­нен кетпейтін мына бір оқиғаны айта кетейін. Қара­сай батырдың 300 жылдығына орай Бостан­дық ау­данының атынан киіз үй тіккізіп, бір топ ардагерді өзі бастап барған еді. Мұндағы айт­пағым – тарихқа деген құрметі ерекше бола­тын. Аудан ардагерлерін қолдап, қанаттандырып отыратын. Ең алғашқы болып Бостандық ауданын­да Арда­герлер ұйымдарын ашқан да осы Аманкелді Кәрімұлы. Аудандағы 7 округтің бастауыш ұйым төрағаларына айлық төлейтін еді.

Арда азаматтың кісілік, кішілік, адами қасиеті бойында өте мол еді. Болмысы бөлек, тектілігі алыстан көрініп тұратын. Осыдан біраз уақыт бұрын Бостандық ауданы әкімшілігінің шаруа­шылық бөлімінде Жаңаберген Садықов деген жігіт қызмет еткен. Сол жігіт дүниеден өткенде Аманкелді Кәрімұлы барлық атқаратын шаруаны өз мойнына алып, тағы да бір азаматтық танытқан еді. Аманкелдінің азаматтығы мұнымен бітпейді. Қайтейін, ажалға қимайтын азамат еді ғой.

 

Қайырлы ЖОҢҚАБАЕВ,

97 жастағы ардагер:

Қарапайымдылығында шек жоқ еді

Сұм ажал арамыздан биік парасат, адами қасиеті мол тағы бір азаматты алып тынды. Аманкелді Кәрімұлы Бостан­дық ауданына әкім болып келген күннен бастап арда­герлерге деген көзқарасы ерекше болған еді. Әрбір мерекеде басымызды қосып, қауқылдасып қалатынбыз. Ән де айтып, билеп те алатын. Қарапайымдылығында шек жоқ еді. Сондай сәттерде ардагерлер өздерінің өтініштерін, талап-тілектерін айтып үлгеретін.

Дереу қарамағындағы тиісті сала басшыларын шақырып алып, мәселені бір-ақ шешетін. Еш уақытта өзін биік ұстаған емес. Қайта жол беріп, кезі келсе көмектесіп жіберуге дайын тұратын. Әрбір мерейтой иесінің отбасына барып, құттықтап, әңгімелесіп қайтатын. Алдына барған жанның ренжіп қайтқанын көрген жоқпын. Соңғы уақытта сырқатты болып жатқанын естіп, хал-жағдайын сұрай алмадым-ау деп қамығып жүр едім.

Хош бол, абзал азамат!

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *