Туберкулезге тосқауыл қояр кез жетті

Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық Фтизиопульмонология ғылыми орталығы және С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің фтизиопульмонология кафедрасының ұйымдастыруымен Бүкіләлемдік туберкулезбен күрес күні аталып өтті.

Бұл күн қоғамдық денсаулық сақтаудың ауыр да күрделі мәселесі туберкулезді жою ісіне қоғамның саяси және әлеуметтік назарын аударып, атсалысуға жұмылуға шақырады.

Сонымен қатар, қоғамның туберкулез ауыртпалығы жайлы және әлемде туберкулездің алдын алуға үлкен күш салынып жатқандығы туралы хабарландырылғандығын арттыруға бағытталады. Басты назар туберкулезбен сырқаттанушы жандарға қатысты қоғамдағы стигматизацияға, кемсітушілік пен әлеуметтік жатсынуға аударылады.  Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымы өзінің «EndTB»  стратегиясында 2035 жылы туберкулезден болатын өлім-жітімді 95%-ға дейін және туберкулезге шалдығу жағдайын 90%-ға дейін төмендетуді мақсат етіп қойды.

Аталып өтетін Бүкіләлемдік туберкулезбен күрес күнінің негізгі мақсаты – бұл проблеманың абстрактілі емес екендігін және кез-келгеніміз бұл жағдайға душар болуымыз мүмкін екендігін қоғамға жеткізу. Сондықтан да бұл акцияның сәтті өтуі әрбір адамның жеке ұстанымына байланысты. Дерттің алдын алуды әрқайсымыз өзімізден, өмір сүру салтымыздан бастауымыз қажет. Яғни,  жыл сайын флюорографиялық тексеруден өтіп тұруымыз абзал. Тек өз қауіпсіздігімізді сақтау үшін емес, сонымен қатар балаларымыз мен жақындарымызды да індеттен қорғау үшін дерттің алдын алу бойынша шаралар қабылдап отыруымыз қажет.  Ал ең маңыздысы: дерттің бірінші белгілері байқалған жағдайда қауіпті індеттің одан әрі асқынып кетпейіне жол бермеу үшін дереу медицина қызметкерлеріне қаралу қажет.

Аталмыш конференцияға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі «ҚР Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының» директоры Малик Аденов, Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов, С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің ректоры Талғат Нұрғожин,   USAID миссиясының Орта Азиядағы аймақтық директоры Кристофер Эдвард, ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі республикалық орталықтың бас директоры Бауыржан Байсеркин, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығының директоры Жамиля Баттакова қатысатын болады.

Сонымен қатар, бұл жиынға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы, С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университеті, Алматы қаласы мен Талғар қаласының туберкулезге қарсы ұйымдары мен алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметі, ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі республикалық орталығының, халықаралық, үкіметтік емес ұйымдарының мамандары, сонымен қатар С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің студенттері қатысады.

Бүкіләлемдік туберкулезбен күрес күні әлем халқының біріге отыра дертпен күресуіне мүмкіндік туғызып, сонымен қатар, басқаларды туберкулез жайлы мәліметтермен ақпараттандыруға септігін тигізеді. Қазір «Туберкулезден азат әлем құру үшін көшбасшылар қажет. Сіз туберкулезді жою тарихында өз қолтаңбаңызды қалдыра аласыз» ұранымен жаһандық қозғалысқа бірігтін кез келді деп білеміз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *