Туғанына он күн болған бөбек жазылып шықты

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Коронавирус инфекциясымен күрес басталғалы бері Алматыда 239 бала осы індеттен емделіп шыққан. Бұл туралы қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Ержан Сералин Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифингте айтты.

 

– Балалардың көпшілігі жеңіл немесе орташа ауыр түрімен ауырды. Барлығы дін аман. Қазір тоғыз бала ем қабылдап жатыр. Жағдайлары қалыпты, – деді Е.Сералин.

Бұрнағы күні туғанына 10 күн болған сәби айыққан. Бірнеше күнге созылған ем-домнан кейін анасы екеуінің ПТР-тест нәтижесі таза болғандықтан ауруханадан үйлеріне шығарылған.

Коронавирус кезінде балаларды қалай дұрыс емдеу керектігі жөнінде де сөз қозғалды. Дәрігердің айтуынша, ешбір дүрбелең тудырудың қажет жоқ, балада температура көтерілсе, парацетомолмен түсіру керек. Сондай-ақ, көп мөлшерде сұйықтық ішкені дұрыс. Оқшаулану қажет. Аулаға шығуға болмайды. Егер температурасы түспей тұрып алса, онда дәрігерге жүгінген абзал, кеудесіне ретгенография жасату керек. Егер пневмония диагнозы қойылған болса, одан әрі дәрігерлер өз қарауына алатын болады. Ешбір жағдайда балаларға антибиотиктерді өз бетінше, дәрігердің тағайындауынсыз беруге болмайтынын да жеткізді.

240 орынға шақталған аурухананың бас дәрігері пандемия басталғалы балалармен қатар ересектерді де қабылдап жатқандарын айтты. Ол педиатрлардың үлкендерді емдеуге тез бейімделгенін атап өтті. Тіпті, қажет болған жағдайда, біздің пациентке толық көлемде медициналық көмек көрсету үшін қаланың барлық қажетті маманынан кеңес алуға мүмкіндігіміз бар деген Е.Сералин жақында 83 жастағы қарияны сәтті емдеп жазғандарын айтты.

– Науқастардың жағдайын анықтау үшін алдымен рентгеннен немесе компьютерлік томографиядан өткіземіз. Сол жерде науқаста пневмония бар-жоғын анықтаймыз. Бізге ауруы күрделі адамдар келіп түседі, 90 пайызында пневмония болады. Пневмонияны емдеудің алғашқы жолы – оттегі беру. Керек жағдайда антибиотикалық дәрілерді енгіземіз, – дейді дәрігер.

Бас дәрігер науқастардың көбі алдымен үй жағдайында емделіп, ауруларын асқындырып алып жатқанын айтты.

– Жүрек, бронхы, өкпе және басқа да созылмалы ауруы бар адамдар ауруын ұзақ уақыт дұрыс емдемейді. Көп адам емханаға уақытында бармайды, бір дәріні 10-15 жыл бойы дозасын өзгертпей іше береді. Яғни дәрінің тиімділігі бар-жоғына қарамай және еш қадағалаусыз іше бергеннен осындай індет кезінде жағдайлары қиындайды. Созылмалы дерті бар науқастар емханаға уақытында барып қаралып, медициналық тексеруден өтіп жүрсе, оның өзі бізге үлкен көмек болар еді, – дейді дәрігер.

Алматыда балалар ауруханасында екі оттегі стансасы ашылады. Бұл туралы да осы брифингте айтылды. Қазір ауруханада 25 оттегі концентраторы бар. Оның 17-сі 8 литрден.

– Келесі айда әкімдіктің көмегімен 125 концентратор жеткізіледі. Сонымен қатар, екі оттегі стансасы салынады. Бұл біздің ауруханамызды түгел қамтуға мүмкіндік береді, – дейді бас дәрігер.

Брифинг барысында спикер ауруханада дәрі тапшылығы жоқ екенін де айтты. Осы уақыттар аралығында күн демей, түн демей, аянбай еңбек етіп жатқан медицина мамандарына алғысын білдірді. Сонымен қатар, Е.Сералин аурухана дәрігерлерінің атынан соңғы адам емделіп шыққанша саптан шықпай, күресетіндіктерін жеткізді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *