ТУҒАН ЖЕРІН ТУ ЕТКЕН ҚАЛАМГЕР

Қызылордада, Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин төсбелгісінің және көптеген медальдардың иегері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда қаласының Құрметті азаматы, жазушы-журналист Итен Қарымсақұлының туғанына 80 жыл толу аясында оқырмандармен кездесу өтті. Оған қатысушылар жазушының жеке өмірі мен шығармашылығы жайлы көрмені тамашалады. Содан соң ҚР Президент сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Алматы қаласы мәслихатының депутаты, «Алматы ақшамы» газетінің Бас редакторы, жазушы-публицист Қали Сәрсенбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, «Жұлдыз» журналының Бас редакторы Ғалым Жайлыбай, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас ғылыми қызметкері, ғылым докторы Нұрдәулет Ақыш және республикалық «Ана тілі» газеті Бас редакторының бірінші орынбасары, ҚР мәдениет қайраткері Нұрперзент Домбай лебіз білдірген арнайы бейнеролик көрсетілді.

Кездесуді Қызылорда облысы әкімді­гінің жауапты қызметкері, жазушы Бегім­бай Ұзақбаев ашып, жүргізді. Ол мерейтой иесінің өмір жолы мен шығармашылық қызметін жиналғандарға қысқаша баяндап берді.

Қаршадайынан қолына қалам ұстап, оны 64 жыл бойы өміріне айнымас серік еткен қаламгер Итен Қарымсақұлының еліміздің ақпарат әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар. Жерлесіміз елден жырақ жүрсе де өзі туып-өскен Сыр өңірінің атпал азаматтарын есінен екі елі шығарған емес. Әсіресе, Қызылорда облысының дамуына айрықша үлес қосқан жайсаң жандар мен әріптестерінің еселі еңбектері жазбалары­ның алтын арқауына айналуы көңілге қонымды, кейінгі жастарға үлгі болмақ.

Қала әкімінің орынбасары Ш.Байманов шаһар басшысының Итен Қарымсақұлына арнаған құттықтауын оқып, Құрмет грамотасын тапсырды.

– Сізді 80 жасқа толған мерейтойы­ңызбен барша Қызылорда қаласы тұрғын­дары атынан шын жүректен құттықтаймын, – деп жазған Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев – Сыр халқы Сізді өңіріміздің өсіп-өркендеуі жолында елеулі істерге ерекше үлес қосқан елжанды азамат ретінде жақсы біледі және әрдайым құрметтейді.

Елдің игілігі үшін еткен еңбек жолы­ңызда түрлі маңызды бастамалардың басында болып, барлығын да абыроймен атқарып, жұртшылықтың шынайы алғысы мен құрметіне бөленіп келесіз.

Сіз ұзақ жылдар еліміздің ақпарат кеңестігінде қызмет етіп, абыройлы еңбек атқардыңыз. Осы жылдары аймағымыздың атын шығарып, мәртебесін асыруға күш салған талай шәкіртті тәрбиелеп, өңіріміз­дің өсіп-өркендеуіне зор үлесіңізді қостыңыз. Өзіңізді білімді де білікті маман, дарынды ұйымдастырушы, қашан да ел мүддесін басты міндет санайтын тұлға ретінде таныта білдіңіз. Өмірдің биік белестерінен қаймықпай өтіп, қарапайым еңбектің еселі жемісін көрген, ел мүддесін басты міндет санайтын тұлға ретінде таныта білген бұл еңбектеріңіз бізге әрқашан да үлгі, өнеге.

Өмір жолыңыздың әрбір соқпағында биік парасаттың, үлкен жүректі ірі тұлғаның өзіндік қолтаңбасы, өшпес ізі бар. Бүгінде құрмет демалысында болсаңыз да өңіріміздің қоғамдық-саяси өмірінің өркендеуіне ерекше үлес қосып келесіз.

Сізге бүгін 80 жасқа толған мерейлі мерекеңізде мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, жанұяңызға амандық, бақ-береке тілеймін.

Әрқашан еңбегіңіздің жемісін, ұрпақта­рыңыздың қызығы мен қуанышын көріп жүре беріңіз!

Кездесуде облыстық «Сыр бойы» газеті­нің бұрынғы Бас редакторы, жазушы С.Пірназар, облыстық газет редакциясында бірге еңбек еткен ардагер әріптестері Ө.Жаппарханов, Қ.Мырзахметов қаламгер­дің жазу өнеріндегі өзіндік бағытын, қамтыған тақырыбын және кейінгіге өнеге боларлық қырларын жан-жақты сөз етті. Қорқыт ата атындағы университеттің кафедра меңгерушісі, ғалым Ғ.Тұяқбаев, ардагер ұстаз З.Көздібаева журналист-жазушыға жылы лебіздер білдіріп, шығармашылық жолда зор табыс тіледі.

Итен Қарымсақұлының «Қоңыр қалам», «Адамдар. Жылдар. Тағдырлар», «Тегін білген тексіз болмайды», «Жүрек жаз­ба­лары», «Жаса, жарық күн!», әлі баспаның бояуы да кетпеген «Жақсының жарығы» сияқты кітаптары оқырманның ыстық ықыласына бөленді. Әсіресе, құқық тақырыбын терең жазу әріптесіміздің үлкен біліктілігі мен ізденгіштігін айқын көрсетіп жүр.

Салтанатты шараны ұйым­дастырған «Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің қоғамдық-саяси тарихы бойынша фи­лиа­лының басшысы Г.Ахме­това қаламгер өзінің туын­дыларын облыс­тық архив қорындағы «Қызылорда облы­сының журналистері» коллекциясына табыс етке­нін айтып, архив қорындағы жеке тектік құжаттары жайлы әңгімеледі.

Итен Қарымсақұлы сөз сөйлеп, кезде­суге келген жұртшылыққа алғыс сезімін білдірді.

* * *

Әріптесіміз Итен Қа­рым­сақұлы 1985–1996 жылдары облыстық «Сыр бойы» газетінің бөлім меңгерушісі әрі облыстық прокуратурада қызмет атқарып, таным­дық-құқықтық басылым «Прокуратура тынысы» газетін тұрақты түрде шығарды әрі редакциялық кеңестің мүшесі болған еді. Облыс про­куроры Х.Дәуешов Итен Қарымсақұлын жылы жүзбен қабылдап, 80 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтады, шығармашылық жолда үлкен табыс тіледі, облыс прокуратурасының тарихына арнап тұңғыш рет шығарған «Өмірдің әміршісі – әділ билік» атты кітапты сыйлап, ескерткіш сыйлықтар тапсырды.

Қаламгер И.Қарымсақұлы облыс орта­лығындағы «Сыр мектебі», республикалық «Ардагер айнасы», тағы басқа білім мен ғылымға, жастар тәрбиесіне арналған бірнеше басылымдардың басын біріктірген «Сыр мектебі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің /директор-Бас редакторы М.Әміреев/ еңбек ұжымымен дидарласты. Осылайша туған жерін ту еткен әріптесіміз өзі өскен өңірдің адамдарымен ақжарқын жүздесіп, облыстың және өңірдің көз тартқан көркіне көңілі риза болып оралды.

Үлкен той алда. Қызылорда облысында 2019 жылы аталып өтілетін және еске алынатын күндер тізбегіне сәйкес журна­лист, жазушы Итен Қарымсақұлының туғанына 80 жыл толуына арналған шара алдағы уақыттың еншісінде тұр.

Осы тұста Қорқыт ата атындағы мемле­кеттік университетінің (ректоры Қ.Бисенов) болашақ жас журналистері үлкен қызмет атқарғанын атап айту ләзім. Олар Сыр елінде өткен осындай жылт еткен жаңалықты іліп әкетіп, игі шараның көркем өткені жайлы тамаша әзірленген материалдар топтамасын ғаламтордың әлемдік желі көздеріне лақтырып жіберді. Сөйтіп, ғаламтор көрермендерін әп-сәтте марқайтып тастады. Жалпы, өмірдің тыныс-тірлігінің, жақсы істің, жаңалықтың халыққа кешікпей жеткені жақсы. Бұл тойшыл қауымның да мерейін өсіреді.

(Өз тілшімізден).

ҚЫЗЫЛОРДА.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *