Туған жерін сүйе білген туған елін де сүйеді

Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

 

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жарық көріп, оның жүзеге асырыла бастаға­нына, міне, тура бір жыл  болды. Осы бір жыл ішінде не атқарылды, қандай рухани құндылықтарымызбен қайта қауыштық, қала өміріне рухани жаңғы­ру қандай рең әкелді деген сауалмен төңірегімізге көз жүгіртсек, бірталай  шаруа атқарылғанын аңғару қиын емес. Ең бастысы,  әсем қала  Алматымыздың әр бұрышында ұлттық  нақышта бедер­ленген, ұлтымыз қадір тұтатын  құнды дүниелеріміз  орнығып,  қалаға өзінше әр беріп тұр. Осы рухани жаңғыру аясында  өзінше  жаңғырып, жасарып жатқан қала аудандарының бірі –Наурызбай ауданы. Құрылғанына биыл төрт жыл болатын  бұл ауданда  туған жерге ту тігу, қасиетті жерлерді қадірлеу, ұлты­мыздың ұмыт қалған салт-дәстүрлерін жаңғырту, жас ұрпақ бойына  ұлттық тәрбиені сіңіру бағытындағы жұмыстар кеңінен қолға алынып отыр.  Соның бір парасы өткен жылы пайдалануға беріл­ген   «Аlіbі Cіtі Park» саябағы еді.   Алатау баурайындағы  «Таугүл» ықшамауданы тұрғындары  үшін саябақ салып берген «Бидай» өнімдері» компаниясы болатын. Кәсіпкерлікпен қатар,  әлеуметтік жауап­кершілікті, қайырымдылықты бірге жүргізіп келе жатқан компания  осы бір жанға жайлы, адамдардың дема­лысы үшін барлық жағдайлар жасалған саябақ құрылысына 450 миллион теңге қаражат жұмсапты.    Саябақта балалар мен ересектерге арналған спорт алаң­дары, ойын аттракциондары, велосипед­ке арналған жолдар, шахмат, дойбы ойнайтын және жүгіру алаңдары, шағын футбол, волейбол, баскетбол алаңдары  орналасқан. Кеше осы «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында Наурызбай аудандық әкімдігі мен  «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының ұйымдастыруымен саябақтың дирек­торы, «Бидай өнімдері компаниясының вице-президенті Мейірхан Оқасовпен  мектеп оқушыларының кездесуі  өткізілді.  Кездесуде  Наурызбай аудан­дық «Нұр Отан» партиясы филиалы төрағасының орынбасары Ербол Күміс­қожаев оқушыларға «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мақсаты мен міндетін  тағы бір түсіндіріп өтіп,  ауданда осы бағдарлама аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтіп, сөз кезегін «Alіbі Cіtі Park» саябағының директоры Мейірхан Оқасовқа берді.  Осы аудан­ның Құрамыс ауылында туып-өсіп, Алматыда экономикалық білім алған, ал бүгінде «Бидай өнімдері» секілді  үлкен компанияның басқару құрамында жүр­ген жиырма алты жастағы Мейірхан Оқасовтың жастарға айтары аз болған жоқ. Мейірхан   оқушыларға сабақ­тарын жақсы оқып, өздері қалаған маман­дық­ты игеріп,  аты озық отыз елдің қатарына ілігуді мұрат етіп отырған туған елдеріне қызмет етулеріне тілектестігін білдірді. Еліміздің болашағы жастар екендігіне, Елбасы жастарға үлкен үміт артатын­дығын, күні кеше ғана болып өткен «Жас Отан» жастар қанатының кезекті құрылтайында жастарға жүктелген міндеттердің зор екендігін жеткізген   кәсіпкер наурызбайлық жас жеткіншек­терді жаман әдет-дағдыдан аулақ болып, салауатты өмір сүруге үндеді. Ал жас­тардың  спортпен айналысып, салауатты өмір сүрулеріне саябақта барлық жағ­дайлар жасалған және  мұндағы  қыз­меттің барлығы тегін.  Кездесу  оқушы­лардың   «Туған жерге тағзым» флешмо­бымен аяқталды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *