Туған жер – жалпыұлттық патриотизмнің қайнар бұлағы

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы осыған дейінгі рухани жаңғыруға бағытталған Жолдауларының, мемлекеттік бағдарламаларының жалғасы дерлік тарихи құжат деуге толық негіз бар. Мемлекет басшысы мақаласының тарихи маңызы сонда, ол – саяси реформа және экономикалық жаңғыру бағдарламасын рухани тұрғыдан толықтырып қарастыруымен құнды.
«Сананы жаңғыртудың» мазмұнын негіздей отырып, Президент жаңғырудың алты бағытын белгілеп берді. Ол – бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат кұруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы. Бұл бағыттардың барлығы уақыттың талаптарына нақты жауап бере алады. Бүгінгі таңда Алматы қалалық әкімшілік жанынан Рухани жаңғыру саласы бойынша арнаулы топ жұмыс істеуде. Сала бойынша арнаулы бағдарламалар құрылған. Біз өзіміздің мәдени, тарихи құндылықтарымызды дамыта отырып, әлемнің жақсы қасиеттерін бойымызға сіңіруіміз керек. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген қанатты сөздің төркіні осыны ұғындырады. Президенттің ой-пікірі бабалар ұлағатымен астасып жатыр. Аталарымыз ұлы дала мен ұлы мәдениетті мұра етті.
Қазақстан Президенті рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөліне баса назар аударып, бірнеше міндетті айқындап берді. Оның ең негізгісі – ұлттың терең тарихынан бастау алатын рухани ұстынды сақтап қалу. Тарихтың белестерінен сүрінбей өткен құндылықтарымыз бен озық дәстүрімізді табысты жаңғырудың алғышартына айналдыра білгенде ғана біз мұратымызға жетеміз. Осындағы басты мұратымыздың бірі – Туған жер. Бізді болашаққа бастайтын да, оған деген жігерімізді жанитын да туған жер. Елбасы мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын енгізу арқылы патриотизмнің жарқын үлгісін, нақты нәтижемен көрсетуді міндеттеп отыруы да сондықтан. Бұл – мәдениетті өркендету мен өлкетану, елді мекендерді абаттандыру, туризмді дамыту және тағы басқа шараларды қамтитын кешенді жоба. «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің қайнар бұлағы болуы тиіс. Елбасымыз «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», – деп тегіннен-тегін айтпаса керек. Елбасы «Туған жерге туыңды тік!» деген халық мақалына ерекше басымдық беріп отыр. Патриотизм туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен бастау алады. «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады», – деді Елбасы «Туған жер» жобасы туралы. Рухани ой-толғау мақаласының білімнің салтанат құруы бөлімінде білім көкжиегін кеңейтуде атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып, жемісті жетістіктерді жалпақ жұртқа жария етіп, халықтың арманын айқындап берген.
«Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек… Біз осы тұста неге баса назар аударуымыз керек? Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес» дейді Президент. Ол біздің осал тұсымызды тамыршыдай тап басып отыр. Әрине, Елбасымыздың ет жүрегі елжірегенде халқымыздың ғасырлар бойғы тамаша салт-дәстүрлерін, бойларындағы тамаша қасиеттерін саф алтындай таза қалыпта сақтап қалуға ұмтылғанын тап басып беріп отыр. Рухани жаңғырудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім, ал тұрақтылық – рухани жаңғырудың кепілі. Тәуелсіз Қазақстанның тұғырын берік қылу үшін Елбасы тиісті қоғамдық сана сезімді қалыптастырып, азаматтық бірегейлікті нығайту арқылы бірлік пен келісімді қамтамасыз етудің қажеттілігін айрықша атап өткен. Бұл жерде біз тағы да тарихи сабақтастықты көріп отырмыз. Мәселен, 1993 жылғы «Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде» еңбегінде Нұрсұлтан Назарбаев «Жаңғыру дамыған азаматтық қоғамның қалыптасуын көздейді» деген еді. Жалпы, қазақстандық және азаматтық бірегейлік, түптеп келгенде, бүгінгі күннің ең басты мәселесі. Ол туралы Елбасы «Қазақстанды жаңғырту әрбір азамат бостандығының шарты және жалпы алғанда қоғамдағы тұрақтылық болып табылатын азаматтық қоғамның қалыптасуын көздейді» дейді.
Елбасының мақаласы алға қойған мақсат-міндеттер жолында күнделікті еңбектенуді талап етеді. Бүгін жаһандану үдерісі жүріп жатқан уақытта ұлттық үрдіс, ұлттық рух – үлкен міндет. Жас ұрпақтың бойына ұлттық рухты қайтіп құямыз? Бүгінгі студент ертеңгі мемлекет қайраткері. Сондықтан Қазақстан тарихы, этнопедагогика пәндері ұлттық сананы дамытуға бағытталуы тиіс.
Қазіргі таңда этностық және діни қақтығыстар көптеген елдердің тұрақты дамуына қауіп төндіріп тұрғанда, Қазақстан жүйелі негізде жағымды этносаралық қатынастарды құру арқылы осы саладағы әлеуетті мәселелерді оңтайлы шешіп келеді.
Қазақ жерінде бақытын еңбектен тауып, елдің ырыс-несібесін арттырып, ұлттық тұтастықтың жарқын үлгісі болып жүрген адамдар қаншама! Мұндай жандар шаруашылықтың, биліктің барлық саласында да бар. Олар ағынан жарылып, Қазақстанды өз Отаны санайды, қиын-қыстау уақытта пана болған қазақ халқына ризашылық сезімін еш жасырмайды. Міне, осындай таза ниет пен тілектен қазақстандық ұлттық бірегейлік туындайды. Мұны әрбір этнос өкілі жақсы түсінеді. Бүгінде мемлекет тарапынан олардың жан-жақты өркендеуіне барлық мүмкіндіктер жасалып келеді.«Қазақстанның 100 жаңа есімі» қатарынан елімізге мақтаныш болатын, үлгі тұтатын өзге этнос өкілдерінің де болуы заңдылық болып саналады. Сол себепті, рухани жаңғыру бағыттарын жүзеге асыруда Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері біртұтас болып біріге түсуі тиіс.
Қайдар АЛДАЖҰМАНОВ,
тарих ғылымының кандидаты, Ш.Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология институтының
бас ғылыми хатшысы.