ТУҒАН КҮН БЕ, әлде ТУЫЛҒАН КҮН БЕ?

Иә, үндемейміз. Бірақ ішіңе сыймай кетеді. Сонымен…

Туған күн бе, әлде туылған күн бе? Мен зейнеткермін. Мамандығым филолог еді. Уақытым бар. Кейінгі 3-4 жылда М.Әуе­зовтің «Абай жолы» эпопеясының 4 кіта­бын, «Қараш-қараш», «Көксерек», «Қор­ған­сыздың күні», т.б. повестері мен әңгі­мелерін, Абайдың қара сөздерін, ТАхта­новтың «Қаһарлы күндер», «Боран», «Үндіс­тан хикаяларын»…, С.Мұратбеков­тің «Жусанның исі», «Жабайы алмасын», С.Сейфуллиннің «Айша», «Жер қазған­дар», «Біздің тұрмыс» сияқты повестері мен «Бандыны қуған Хамит», «Қыр балалары», т.б. әңгімелерін және басқа да бірталай классиктердің шығармаларын қайталап оқып шықтым. Олардың ішінде Ф.Достоев­ский, И.Васильев, Н.Тургенов, Д.Дефо, Джек Лондон, т.б. сияқты орыс және шетелдік қаламгерлер де бар. Бірақ олар жөнінде сөз басқа. Бұның бәрін тізбелеп айтып отырғаным, осылардың бірде-біреуі­нен туылған деген сөз кездестірмедім. Бар болса да өз жөнімен, өз орнымен айтылған. Мен сол шығармаларды оқығанда, осындай даулы мәселелерге ерекше көңіл аударамын. Туылған деген сөздегі -ыл қазақ тілінің орфографиялық ережесі бойынша өзгелік етістің жұрнағы болып табылады. Бала уақыты келген соң әрекет етеді, туады, туылмайды, анасының құрсағынан шыға­ды, шығылмайды, дүниеге келеді, келін­бейді. Жылайды, жыланбайды, еңбектейді, еңбектелінбейді, қаз тұрады, тұрылмайды… Неге -ыл жұрнағы бір ғана ту деген етістіктің бұйрық райлы формасына ғана жалғанады? Себебі, туылды дейтіндердің көкейінде әйелдің баласын тууы тұрады. Негізінде, қазақтар әйелі туды демейді, әйелі босанып ұл (қыз) тапты дейді. Мен жоғарыда оқыған шығармалардың бәрінде дерлік солай, Тіпті, әйел туды деген күннің өзінде бұл екі түрлі әрекет қатар, бір мезгілде болады: әйел баласын туады, бала өзі туады. Бұндай жағдайда бұл омоним сөздер болып есептелуге тиіс: Айтылуы бірдей, мағыналары басқа. Омоним сөз­дерге қазақ тілі өте бай, бір ғана түс деген сөзді алайықшы: түс – етістік, аттан түс, көліктен түс; түс – зат есім, ұйықтағанда көретін түс; түс уақыт мөлшері – тал түс, түскі ас; заттың түсі – ақ қар, ақ мата, … -ыл, -іл жұрнақтарының жалғанатын өз орны,  өз  жөндері бар: мысалы, пәлен жерде осындай сөздер айтылды, жиналыс өткізілді десек,  ол сөздерді нақты кім айтқаны, жиналысты кім өткізгені белгісіз, әйтеуір көпшіліктің атсалысуымен, тапсы­рысымен белгіленген іс-әрекет орындалады,  сондықтан да ол өзгелік етіс деп аталады.

 

Рақат, рақмет пе, әлде рахат, рахмет пе?

Барлық жерде осылай ала-құла жазы­лып жүр. Жоғарыда мен атаған шығар­маларда негізінен рақат, рақмет, аракідік өте сирек х әрпімен жазылғаны кездесіп қалады. Мектеп оқулықтарында да сол бірінші нұсқамен рақат, рақмет болып жазылған, оқушыларға солай үйретеді. 2006 жылғы қаулы бойынша да, білуімше, бірінші нұсқа бекітілген. Ендеше, неге хх-х деп қақалып жазамыз, айтылуында да қ дыбысы анық естілмей ме? Және  біздің сөйлеу мәнерімізге, болмысы­мызға «қ» жақын дыбыс емес пе?

Алматының «Алма-Ата» деген «тарихи атауын» қайтару керек дейді… Құдайшы­лығын айтыңыздаршы, ол қашаннан бері тарихи атау болып еді? Мен 75 жастамын. Ес білгелі білетінім – Алматы. Рас, орыс тілділер Алма-Ата дейтін… Бірде былай, бірде олай бола берген соң, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары ресми түрде Алматы болып бекітілгені есімде. Тіпті, кейінгі жылдары табылған мың жылғы тарихы бар монетада да ALMATY деген жазу бар емес пе еді? Мағынасы тар депті. Алма аты, яғни оның аты Алма деген мағына немесе -лы, -лі зат есімнен сын есім тудыратын жұрнақтардың уақыт өте келе өзгеріске ұшыраған түрі болуы мүмкін деген болжам да бар. Құдайға шүкір, қала басшысы қала атын өзгерту күн тәртібінде жоқ, – депті. Бірақ бәріміз құрмет тұтатын, беделді адамдар бұндай бастама кө­тер­геннен кейін ай-шайға қарамай өз­геріске ұшырап кете ме деп алаңдайсың ғой…

 

Құлағына алтын сырға…

Бұл тіркесті тіпті кейбір мықты деген журналистердің өзі пәленшеге құлаққағыс болсын деген мағынада қолданады. Ал оның негізгі мәні құлағындағы алтын сыр­ға­сына алданып отырып, біздің айтқаны­мызды естімей, байқамай, білмей қалсын дегенді білдіреді. Басқалар басқа болсын, тіл мамандары бұны білуі керек қой… Бұрын кітапта солай жазылған деп, барлық даулы мәселеге бірден нүкте қою­шы еді, қазір мерзімді басылымдар болсын, шығып жатқан кітаптар болсын, әрқай­сында әрқалай. Әрқайсы өзінше би, кімге құлақ асарыңды білмей дал боласың…

 

Шүйлі өзен болуы керек

І. Жансүгіровтің:

«Шилі өзен, қамыс-ай,

Бізді ойлай жүр, таныс-ай…», – дейтін әніндегі 2009 жылы Қазақ Ұлттық өнер академиясы шығарған жинақта «Шилі өзенді» «Шилі өзек», ал «Илигайды» «Елік-ай» деп жазыпты. Құрастырушылардың бірінен неге олай деп сұрасам: Өзенде ши өспейді, қазақ қыздарына Илигай деп ат қоймайды дейді. Негізінде, ол шилі емес, шүйлі өзен болуы керек. Шүйлі, бай, балығы көп деген мағынаны білдіреді. Өзен жағалауына ши өспейтін болсын дейік, ал қамыс ше? Қамыс өзекте өспейді ғой, судың ішінде тұрады.  Сосын өзен жаға­сында ши өспейтініне әбден көздері жеткен бе? Мысалы, С.Сейфуллиннің 1987 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан бес томдық шығармалар жинағында «Сырын білмей – сыртына сенбе» деп аталатын аяқтал­май қалған әңгімесінде… «Өзен бойында жар­лардан басқа, ши, томар шұқанақтардан басқа жаңбыр жауса паналайтын ешнәрсе жоқ» деген сөйлем бар… (3-том, 25-бет).

«Илигайды» алатын болсақ, Қазақта Роза, Света, Тамара, Мария,  т.с. атты қыздар толып жатыр. Оларды өзгертуге ешкімнің қақы жоқ. Ендеше, Илигайды неге өзгер­теміз? Ата-анасы кезінде бір нәрсе­мен байла­ныстырып, мән беріп қойған шығар. Оның үстіне бұл ат халық­тың құлағына сіңген, атам заманнан бері небір дүлдүл әншілер шырқап келе жатқан халық әні емес пе?!

Халықтың құлағына сіңіп, жүрегінен орын алып, әбден қалыптасқан атауларды өзгертуге неге құштармыз?

Айта берсең, таусылмайды. Кейбір жер ерекшеліктеріне қарай айтылатын сөздердің жөні басқа, ал мына айтылғандар баршаға ортақ, әдеби, мәдени тілдің жанды атау­лары, ғасырлар бойы қалыптасқан сөздер ғой. Ауыстыру үшін алдымен тереңірек зерттеп, әбден зерделеп алған жөн болар еді деп ойлаймын.

 

Ф.ЖҮНІСОВА, зейнеткер.

Алматы қаласы, «Сайран» ы/а.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *