ТУҒАН ЕЛДІҢ ТУЫН КӨТЕРГЕН ТУЫНДЫЛАР

МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҚҚА ҰСЫНЫЛҒАН ШЫҒАРМАЛАР

Қазіргі қазақ  сөз өнерінде өзіндік өрнегін нық орнықтырған белгілі ақын Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫНЫҢ Мемле­кет­тік сыйлыққа ұсынылып жатқан  «ШУАҚ­ТЫ ШАҚ»  атты жыр жинағы – осы бір мағынасы терең тіркеске толық жауап беретін елеулі еңбек.

Туған елдің туын көтерген, оның ардақты атын асқақ­тат­қан шынайы жырлар шын мәнінде ерекше бір мазмұнға, рухқа толып, айбынданып кететін кездері де болады екен. Ол үшін ол санаңдағы салмақты ой мен жарық дүниеге шығар өрнекті сөздердің өзара астаса келіп, жаны дүниеңнен қуат алып,  таза жүректен шығуы керек. Бәлкім, Өтеген ақынның жырларын оқи  отырып, бір қарағанда қарапайым көрінер, бірақ ойы терең, өрнегі ерен жыр жолдарына соншалықты мән бергенім содан да болар. Ақын жүрегінің түкпірінде жатқан тамаша ой ағындарын қозғап, шынайы сезімнің перзенті ретінде ақ қағаздың бетіне жыр маржанын төккенде ол өлеңдер ойлы оқырманның олжасы болып шыға келеді.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының соңында әр тараптан білім қуып Алматыға келіп бас қосқан жас талапкерлер арасында әдебиет әлемінен өзімнің орнымды табамын, ақын боламын деген үміт­керлер аз болған жоқ едік. Жатақхана бөлмелерінде, дәрісханаларда қалт еткенде, осы қырынан көрінуге тырысып жататын жастардың қай-қайсысы да ол тұста өздерін дайын ақын сезінетіні анық еді. Дегенмен, уақыттың өзі сарапшы. Сол топтан ақын болып шыққан, бүгінде елімізге мәшһүр  Өтеген Оралбайұлы, Жақсылық Айжан сынды әріптестеріміз сол алғашқы жылдардың өзінде дайын деңгейлерін  көрсете бастаған еді.

Әлбетте, сөз өнері, оның ішінде поэзия – асау тұл­пар іспетті.  Тұлпар мінезі қашанда тазалықты, адал­дықты, шынайы жүрек сезімін қалайды. Бұл қасиеттер жоқ жерде нағыз поэзияны іздеудің өзі күнә. Ал поэзия пырағының жалынан ұстап, бүгінде жыр әлемінің жампозына айналған, қат-қабат қоғам өмірінің сан түрлі саласына араласа жүріп, өз жүре­гіндегі жыр отын лаулата білген, ондаған поэзиялық жинақтардың, танымдық еңбектердің авторы Өтеген Оралбайұлының соңғы жылдардағы өлеңдерінен мен осындай бір тазалық пен шынайылықты, туған жерге, туған елге деген, ана мен балаға, жарға, замандасқа, тұтастай айтқанда, адам баласына деген  мархабатты махаббатты айқын аңғарамыз.

Ақынның  «Шуақты шақ» жинағында  жарияланған жырлары кемеліне келген ақынның қолтаңбасын танытады. Осы тұста Өтегеннің  Меккеге барып қайт­қан қажылық сапарынан туған «Қағбаның қарлы­ғаштары» жинағы қазақ топырағына «мінажат жырлары» ұғымын алғаш ала келгенін де осы орайда ерекше атап айтуға тиіспін.  Бұл жинақ та кезінде ел баспасөзінде кеңінен аталып өтіп, жақсы бағасын алған болатын.

Біреулерден озбадым деп өкінбен,

Біреулерден қалдым деп те көрмедім.

Қарапайым тірлікке мен бекінгем,

Өлең менің тағдырым мен еңбегім,

деп соншалықты шынайылықпен өз табиғатын таныта тұрып, қасиетті поэзияға адалдығын алға тартады ақын Өтеген Оралбайұлы.

Әдетте ақын қоғамның әрбір «сыздаған жарасына» жүрегін ауыртып,  жақсылықтың әр жарқылына жаны нұрланып қуанады емес пе? Өтегеннің жырларында бүгінгі күннің өзекті деген жайттарының бәрі де қамтылған. Оны ең алдымен еліміздің тәуелсіздік алып, бейбіт әлемге аты әйгілі болып, күн өткен сайын тұғырын нықтай түскені қуантады.

Бірде қалып, бірде озыппын қуанып,

Бірде күліп, бірде жылап, жұбанып.

Тәубе дедім, тәуелсіздік жеткенде,

Шын қуандым, қолыма көк ту алып,

деп шын жүректен тебірене, толғанады ақын. Жалпы, ақынның «Шуақты шақ» жыр жинағын Тәуелсіздікке тарту болған талантты да талғамды туындылардың көш басында тұрған еңбектердің бірі десек, асыра айтқандық болмас. Мұны айтып жатқаным, «қазір Тәуелсіздік туралы әдеби шығармалар неге жоқ?» деген жалпылама пікір бар. Мұндай шығармалар бар екенін көре білу керек шығар. Ақынның осы жинақтағы «Ұлт ұраны – Ұлытау» және «Нығмет айы – наурыз» дастандары да Тәуелсіздіктің туын көтерген таңдаулы дүниелер.

Өтеген ақынның «Шуақты шақ» жинағына енген өлеңдерін оқи отырып, өзіміз де сонау бір кездері туған ауылымызда асыр салып ойнаған, бозбала болып балауса күндердің қызығына қанған, азамат болып алға ұмтылған бүкіл өмір жолымызды барлағандай болдық. Сіз бен біздің жүріп өткен жолымыз ақынның өлең­дерінен айна-қатесіз көрініс тапқандай. Біз де ақын жырына арқау болған Ақкиізтоғай, Ақмешіттер тектес алыс ауылда, Жем өзені секілді сыршыл ағыстың сырына үңіліп, туған жерден шалғайға кеткенде сағынышымызды серік қылып  сан алуан сезімдермен күн кешкеніміз ақиқат. Өйткені, бұл кезеңдер – өмір атты керуеннің сан бояулы белестері. Өмірдің шын­дығы ақын жыры арқылы әрқайсымызға жақын болып тұратыны сондықтан болса керек. Өтеген жырла­рының шынайы сыршылдығы, кәусардай тазалығы осы бағытта айқын көрінеді. Кеше мен бүгіннің сабақтастығын ақын бірер жолдармен әдемі де шымыр түйіндейді:

Қараша үйден қанат қағып шықтық біз,

Тамаша үйден түзу шыққан түтінбіз.

Ақынның өлеңдерінде ойды осылайша образды түрде кестелеу басым. Сөзді ойнатып қолдану, бейнелі теңеулермен өрнек салу, сәтті тіркестер түзу және сол арқылы көркем полотно, әсерлі картина жасау – Өтеген ақындығының ерекше сипаты. Тіпті, ақынның кейбір жырлары тек бір әріппен бастан-аяқ өріліп отырады. Мәселен, ақынның «Ұлт ұраны – Ұлытау» атты көлемді тарихи толғауының бастапқы отыз үш шума­ғындағы 120 тармақ бір ғана «Ұ» әрпінен басталады. Ана тіліміздің соншалықты шұрайлы да бай екеніне мақтана тұрып, осы бір асыл қазынамызды құмнан маржан тергендей жарқырата қолданған ақынның суреткерлік талантын мойындамасқа амалың қалмайды.

Мұндай өлеңдер мен ерекше қолданыстар ақын шығармашылығында аз емес. Бұл ақынның өзіне тән қолтаңбасы, суреткерлігі  десе болады. Мына бір суретті жолдарға зер салайықшы:

Шағыл төбе.

Беткейі қыс, ығы жаз,

Құбыладан соққандай ма жылы саз.

Аспан деген – ашық қалған терезе,

Терезенің жақтауы жоқ, шынысы аз.

 

Ал анау не?

Құс жолы ма,

Ақ құм ба?

Жатқан сынды бір керемет гәп мұнда.

Құс жолына қоссам деймін жолымды,

Сол арманды таппадым ба, таптым ба?

Қандай әдемі әрі нанымды көрініс. Жыр жолдарын оқи отырып,  қазақтың қасиетті даласының мөлдіреген бір тамаша шағы да, тұмса табиғаттың бір сәттегі кәусар таза қалпы да, мақпалдай қара түнгі аспанның ашық терезедей әсем суреті де көз алдымызға келетіні анық. Сонымен қатар,  табиғат сырлары мен адам арманының сабақтаса өрілген жарасымды тұтастығын да сезінгендейміз.

Суреткерлік – ақынның ең басты жетістігі. Осы қасиет Өтеген ақынның адам мен қоғам, бүгінгі заманның тынысы мен адами қарым-қатынастар, т.б. төңірегіндегі жырларына да тән. Ақын замандастары туралы жиі толғанады. Адамгершілік пен имандылық құндылықтарын кім қалай бағалап жүр, қасыңдағы тұрғыластарыңның өмірге көзқарасы мен түсінігі қандай, не асыл, не жасық деген сауалдарға ақын әрдайым жауап іздейді.

Біреу – шатты,

Біреу – мұңды,

Біреу – жыр,

Әр пендеде алуан-алуан тілеу жүр.

Бірді екіге айналдырсам деп біреу,

Бірді бірге қоспаймын деп біреу жүр.

Біреулер жүр қанағаты – қарында,

Біреулер жүр қанағаты – дарында.

Бірді бірге жалғай алмай жүр біреу,

Мыңы есепсіз біреулердің барында.

Өлең жолдарында әрқайсымыз көріп жүрген, сезіп жүрген өмірдің ақиқат сипаты бар. Ақын осындайды көре тұрып жырламауға хақы жоқтай сезінеді. «Жыр жазбасам жауым маған дос болып, Өлең жазсам өліп кетер сияқты», – дейді ақын. Мына өмірдің қызығы мен қытымыр мінезі осы өлеңде айқын көрінген. Бүгінгі уақыттың сан алуан ырғағы жинақта жақсы түзілген.

Осындай сәттерде ақын өзінің алдында өткен ұлылар талантына жүгінеді. Абайға сыйынады, дауылпаз Қасым мен сыршыл Сағиға, ойы ормандай Қадыр мен жыры мақпал Жұмекенге жыр арнайды. Олар туралы айта келіп:

Қазағының жетіп еді жүрегіне,

Жетеміз бе,

Жетпейміз бе парқына?», –

деп көпке ой, көңілге сауал тастайды.

Өтеген поэзиясының тақырып аясы аса кең. Оны «Шуақты шақ» атты жыр кітабындағы ойлы да әрлі өлеңдері дәлелдей түседі. Онда кең байтақ даламыздың  сан сипатты табиғатының алуан мінездері де, жыл мезгілдерінің әрқайсысына тән әсерлі суреттері де, адам  көңілінің күнгейі мен көлеңкелі мезеттері де сыр болып төгіледі. Жасауы келіскен жыр моншақтары болып тізіледі. Зер салайық:

Сәуір сайрады құс болып,

Сағым белдеуге түстеніп.

                             ***

Мамырым менің,

Тамырым менің бүрленген.

                             ***

Маусым қандай?

Маусым деген жұмақтай,

Сүт ағады су орнына сынаптай.

                           ***

Тамыз ба, таң суыған таразы ма,

Туған жыр тамызық бол намазыма.

Төбесін жұлдыз шайған ақ шулан бұлт,

Шашылған ұқсап кетті қағазыма…

Ақынды поэзия әлемінің биігіне көтерген көркем жырлар біз бүгін сөз етіп отырған дүниелермен шектелмейді. Талғамы биік оқырманына оннан астам жыр жинағын, бірнеше прозалық туындыларын, ғылыми еңбектерін ұсынған, бірқатар республикалық жыр мүшайраларының жеңімпазы атанған қаламгер­дің әдеби шығармашылығы бүгінде ұлттық әдебие­тіміздің қазыналы қатарынан өз орнын берік иеленген.

Жырлау үшін келгенмін мен өмірді,

Беріп әлі болғам жоқ берерімді,

деп өзі жыр­лағандай,   Өтеген ақынның өзіміз сөз етіп отырған «Шуақты шақ» атты жинағы оның бүгінде кез-келген бәйгеге арғымақ жаратып қосатын, әбден кемеліне келген қаламы жүйрік, жүрегі сезімтал қаламгер дәрежесінде екенін айқын танытады. Демек, оның Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған жыр жинағы әдеби-көркемдік, ұлттық-идеялық, мазмұн-пішіндік жағынан осы сыйлыққа әбден лайықты.

Балтабай  ӘБДІҒАЗИҰЛЫ,

Қазақстан  Жазушылар  одағының мүшесі,

филология ғылымының докторы,

 профессор.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *