Өттің, дүние…

 

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Шыңғыс Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты, Махамбет Өтемісұлы атындағы сыйлықтың иегері, жазушы, драматург Рахымжан Отарбаев дүниеден өтті. 

 

Рахымжан Отарбаев 1956 жылы 19 қазанда Атырау облысы, Құрманғазы ауданында дүниеге келген. 1977 жылы Орал педагогика институтын бітірген. Әр жылдарда «Орал өңірі» газетінде тілші, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Қазақ телерадио коми­те­тінде редактор, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жалын» альманағында бөлім мең­герушісі, Қырғызстанда Қазақстан елші­лігінің атта­шесі, Маңғыстау облыстық телерадио компаниясының төрағасы, Атырау облыстық драма театрының директоры, ҚР Президенті Әкімшілігінде сектор меңгерушісі қызметтерінде болған.

Жазушының әр жылдары «Шер», «Жұл­дыздар құлаған жер», «Жайық жыры», «Қараша қаздар қайтқанда», «Дауысыңды естідім», «Отверженный мир» атты прозалық жинақтары және таңдамалы шығарма­ларының 2 томдығы жарық көрген. Қытай­дың «Ұлттар» баспасынан қытай, қазақ тілінде 2 томдығы, Ресейдің «Худо­жествен­ная литература» баспасынан орыс тілінде бір томдығы және қырғыз тілінде кітаптары жарық көрген. Жекелеген шығар­малары түрік, араб, ағылшын тілдерінде басылған. «Бейбарыс сұлтан», «Бас», «Нашақор жайлы новелла», «Нұр­жауған-ғұмыр», «Сырым батыр», «Мұстафа Шоқай» сынды пьесалары республикалық және шет ел театр­ларында сахналанған.

 

Тірі сөздің, ірі сөздің иесі еді…

 

Бұл дүниенің шын жалған екендігіне тағы да көзіміз жетсе де, ол жалған өмір сүрмеді, жалған сөз жазбады. Өмір шындығын өнер тілімен жеріне жеткізіп кетті. Қайтейік-ай!? Мынау жалған дүниеге бес күн қонақ пенденің қолында не тұр?.. Не шара?..

Тірі сөздің, ірі сөздің иесі, кеудесі қара сөздің күмбірлеген күй сандығы, жазуы шертпе күйдей шүйгін, шырын, шерлі еді-ау.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Айтматов академиясының академигі, әлемдік деңгейдегі аса көрнекті жазушы, қазақ интеллектуалды прозасының ірі өкілі Рахымжан Отарбаев өмірден озды дегенде есеңгіреп қалдық. Мұндайда аза сөз жазуға жүрек шіркін шыдар ма, қол жүрер ме? Бағзыдан келе жатқан түсінікпен топшыласақ, шын жазушының өлімі әркімді де оқыс ойландырып, өз жүрегінің ішіндегі шындыққа үңілуге жетелейтін шығар. Сол шыңыраудағы шындықты жалғанның жарығына шым-шымдап шығарып, шырылдатып айтып жүрген санаулы суреткердің бірі еді Рахымжан Отарбаев.

Қайран, Раха! Соңғы уақытта бұ дүниенің жалғандығы, пендешілік жөнінде көп айтып, ұлтын рухани кемелдікке ұмтылдырудың қамындағы қысқа-қысқа қайырымдарға ден қойып еді. Айтуындай айтып, жазуындай жазып кетті. Енді қалғаны Алашқа аманат.

Қайтейік-ай! Жатқан жеріңіз жарық болсын!

 

«Ақшамдықтар».  

 

 ***

 

Сәбит ОРАЗБАЙ,

Қазақстанның Халық әртісі

 

МІНЕЗІМЕН ДЕ, ЖҮРЕГІМЕН ДЕ ЕЛДІ ЕЛЕҢ ЕТКІЗГЕН

 

«Бас», «Нашақор жайлы новелла», «Нұр­жауған-ғұмыр» сияқты пьесалары еліміздің театрларында өзіндік жаңалы­ғымен ерекшеленіп қойылғаны есімде. Ол тарихи тақырыптарға да батыл әрі еркін қалам сілтеді. «Бейба­рыс сұлтан», «Сырым батыр», «Мұста­фа Шоқай» деп аталған драмалық шығармалары көрерменнен өз бағасын алды. Ол спектакльдердегі бейне­лерді сомдаған актерлер де құлшыныспен кірісіп, үлкен шабытпен міндеттерін атқар­ды. Рахымжанның драмалық шығар­мала­лары республика көлемімен шектеліп қал­май, шет ел театрларында да сахна­ланды.

Рахымжан ұлтжанды қаламгер еді. Оның туындыларынан ұлттық өнеріміз­дің, дәстүріміздің нышандары аңға­рылып тұратын. Қоғам туралы, бола­шағымыз хақын­да бұрын айтылмаған, айтылса да таптаурын болмаған ойларын, пікірлерін, ұсыныстарын спектакльдерінің ішіне сыналап кіргізіп отыратын. Айталық, классик жазушы­мыз Әбдіжәмил Нұрпейі­совтің атақты «Қан мен тер» трилогиясы негізінде  жазылған осы аттас спектакльдегі басты кейіпкерлердің бірі Еламанның ел мен жер туралы шағын монологі бар. Онда қазақ халқының өмірі, жер дауы мен жесір дауы төңірегінде арпалыспен өтіп келе жатқаны, білімге, заман жаңа­лығына құштарлығының аздығы сөз болады. Отарбаевтың спектакль­дерінде де осы мәселе орынды көте­ріледі. Бұл бір қаламгердің екіншісін қайталау емес, қайта ойды толықтыру, пікірдің ұштасуы.

Қайран Қадырдың «Ақынға керек ақыл көп, тентектік керек аздаған» деген тәмсілге бергісіз тәлімді жыр жолдары бар. Бұл тек ақынға ғана емес, жалпы талантты жандарға айтылған деп түсіну керек. Мінезсіз, жайдақ адамнан рухыңды қоз­ғайтын, жігеріңді жанитын сөз, пікір немесе туынды шықпайтыны әмбеге аян ғой.

Мінез – жанның айнасы. Рахым­жанның кейде алдыңғы толқын ағалары  хақында ашына сөйлеп қоятыны да сон­дықтан. Бірақ орынсыз ешкімді күстә­на­ламайды, артық кетіп жатқан немесе кем­шін түсіп жатқан жерлерін айтады. Мұның бәрін қазақ халқының кемелді келешегі үшін болып жатқан толға­ныстан туған ашық ой, ащы шындық деп ұғынған абзал.

Иә, осындай бір жаны таза, қоғам­ның жанашыры, ұлтының қамқоршысы болған ұлтжанды қаламгер өмірден озды. Амал нешік, алдың пейіш, артың кеніш болсын дейміз!

 

***

 

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын

 

Қайта тумас қазақ, қайталанбас қаламгер

 

Рахымжан Отарбаев?!

Дүниеден өтті дегенге сене алмай отырмын.

Қандай азамат…

Алғаш көргенімде Жұмекен аға екеумізді өзі таныстырып: «Жастарың қатар, бірге жүріңдер. Рахымжан інім елден, Атыраудан енді келді, сен бұған бас-көз боп жүр» деп тапсырып, батасын беріп еді…

Бас-көз бола алмадым…

Ноқта киіп көрмеген асауға қалай ие боларсың!?

Мен оған «Қабырғасы қарағайдай қаба жалды қара айғыр» деген ат қой­ған едім. Жолыққанда осы теңеуім­ді қысқа қайырсам: «Сен менің титул­дарымды түгелдеп, толығымен айт!» деп, ақсия күліп, қобыраған шашын жоғарыға бір сілкіп қоятын.

Қайта тумас қазақ, қайталанбас қаламгер ғой. Неткен өкінішті…

Бақұл бол, бауырым!

 

***

 

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ,

Халықаралық Ақпараттандыру академиясының академигі

 

Өзекті Өртеп кеттің!

 

Бір кейіпкеріңнің аузымен айтқан сөзің бар еді: «дүние жалған емес, адам — жалған». Бүгін де Құдайдың таңы атты. Бірақ сен жоқсың! Өзекті өртеп кеттің! Киелі сөздің түрмесінен сен қашып шық­тың! Енді халқың сені біржола аялауға ауысатын болады! Жалған өміріңнен құтылдың, Раха, нағыз өмірің бүгін басталды! Басың сыймай кеткен дүниеге жаның сиятынын біліп кеткеніңді сеземін! Жазушының бұдан асқан жеңісі болмайды. Осы ғана медеу.

 

***

 

Өмірге деген құштарлық еді…

 

Рахымжан аға…

Рахымжан аға…

Өлетініңнен қорыққан жоқпын

бәрібір,

Тағдырың басқа салған соң.

Жоқтайтындардың,

жоқтағандардың әні бір,

Жүрегің тоқтап қалған соң.

Өмірге деген құштарлық еді үніңде,

Жүрсе де мейлі жылатып.

Ажалың ғана бақытты боп

тұр бүгінде,

Құшағына алған құлатып.

Адамның басы, Алланың добы

болмайды,

Алла да сүйер пендесін.

Көзіміз көріп көметініміз жанды

қинайды,

Қара жер орын бергесін!

 

Динара МӘЛІК.

 

***

 

 

Бір өзі – бар қазақтың мінезі еді

 

Өзінің де сөзінің де мінезі —

рух еді…

Рахымжан аға – тарпаңдардан

қалған бір өзі еді.

Бір өзі – бар қазақтың мінезі еді.

Онсыз да момын халықтың

Мінезі өлді!..

Өлген сайын жүректі мұң езеді.

…Қасқа боп тұрып ем,

Патша боп жүріп ем,

Мен енді, басқа боп тірілем – деп,

кетті-ау, ағасы?!

Алғыс-қарғысы қатар

жүретін қазағына

Шарт ете қалды-ау, шамасы.

Онсыз да ортасынан омырылып,

Арыстарымның азайған

кезде қарасы,

«Бұл кеткені – не еткені?!»

— Жоқ, кетпеді!

Қайта келсем, қадірімді білсін деп,

Рухы нұрға беттеді.

Өлімін де өнеге еткен өмірге

Менің асыл ағаларым-ай,

Уай, не деген текті еді!..

Тән ауырлап, топыраққа

көшкен күн,

Жан жалындап, жалп-жалп

етіп өшкен күн,

Ұлтың, жұртың ұлықтайтын

ұрпағың

Аға, Мәңгілігіңе қош келдің!

 

Бақыт БЕДЕЛХАН.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *