ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯНЫ ДАМЫТАТЫН ІТ-КЕҢЕС ҚҰРЫЛАДЫ

Шаһар басшысы Б.Сағынтаев ІТ-қауысдастығымен кездесіп, бұл саланы қолдау мен дамыту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, арнайы кеңестің құрылатыны туралы хабарлады.

Екі сағатқа созылған кездесуде ІТ-саласының мамандары мегаполис экономикасында оның үлесін арттыру туралы ой қозғаса, электронды коммерция, онлайн-сервис, ритейл, логистика, финтех, көлік мобильділігі, білім және инвестициямен айналысатын цифрлық компаниялардың өкілдері осы саланың экожүйесін одан әрі қалыптастырудағы өз ойларын ортаға салды.

Басты мәселенің бірі – кадр жетіспеушілігі. Бейнебақылау жүйесін құрастырумен айналысатын Қайрат Ахметов бұл мәселені шешу үшін «Алатау» ПИТ АЭА студенттердің кампусын ашуды, финтех-маман Руслан Омаров ЖОО-да студенттік зертханаларды ашуды, Жамбыл Ревшановтың компаниясы Алматыда халықаралық ІТ-мектебін ашуды ұсынды. Жиынға қатысушылардың барлығы саланы тиімді реттеу, қолдаудың түсінікті ережесін жасау және цифрландыруда жеке бизнесті дамыту туралы мәселені көтерді.

ІТ-қауымдастықтың барлық өкілдерін тыңдаған қала әкімі ақпараттық технология саласында Іскерлік кеңеске балама ретінде арнайы кеңес құру жөніндегі ұсынысты қолдады.

– Жақында өткен кеңесте Президент Қ.-Ж.Тоқаев мегаполистің барлық саласының тыныс-тіршілігін цифрландыру бойынша жұмысты жандандыруды тапсырған болатын. Сондықтан бізге сіздердің көмектеріңіз маңызды. Құрылатын ІТ-кеңес аясында ай сайын бір рет кездесеміз, нақтылы мәселелерді қоямыз және олардың шешімдерін табатын боламыз. Ең бастысы, кеңес ІТ-саланы дамыту үшін жайлы жағдайлар жасаудың тиімді алаңы болуы тиіс, – деді Б.Сағынтаев.

Әкімдік инфрақұрылымды құруға, барлық мүдделі тараптардың іс-қимылын үйлестіруге көмектесетін болады. Қала экономикасының құрылымында сала үлесінің барынша маңызды болу міндеті тұр.

Мегаполис басшысы Б.Сағынтаевтың пікірінше, Алматы осы салада әлемдегі ең инновациялы және ілгері жылжыған қалалардың бірі болуы тиіс. Ол үшін барлық мүмкіндіктер, ең бастысы – бай адами капитал бар. Сонымен қатар, ғылыми-зерттеу орталықтары мен ЖОО-ның әлеуетін пайдалану қажет.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *