ТРЕТЬЯКОВТЫҢ ТӨРІНДЕ ТҰРҒАН ТУЫНДЫ

36Әрбір өнердің өзіндік жолы, сүрлеу-соқпағы болатыны мәлім. Сол жолда қиыншылық та кездеспей қалмайды. Әсіресе, біздің республикамыз үшін кенже дамыған бейнелеу өнеріне М.Кенбаев сынды суретшілердің аянбай тер төгуі қажет еді. Ұлттық өнеріміздің өмірімізге дендеп еніп, кәсіби деңгейге көтерілуі қаншалықты қиын болған болса, Кенбаевтар да соншалықты қызметке бел буды. Туған өнер үшін оның ыстығына күйді, суығына тоңды.

М. Кенбаев көп көру, оқу, ізденумен бірге жанына қарапайымдылықты серік етті. Задында, қандай ұлы өнер туындысы болсын, оның түп тамыры, идеясы қарапайымдылықтан бастау алады. Сондықтан ол алып отырған тақырыбын ой қазанында әбден қайнатып, тоқсан толғанады. Осы ретте ол өнердегі, өмірдегі ұстазы, алғашқы ұлттық кәсіби суретшіміз Әбілхан Қастеевті сүйсіне еске алатын. Тұла бойы қарапайымдылықтан тұратын қазақтың осы бір «қара шалына» ол өмір бойы борыштар болып өтті.

– Асылы, өнердегі асып-таспау, әрбір детальға дейін асықпай, барлап зерттеу, төзімді болу сынды ерен қасиеттер біздің бүгінге дейінгі көп суретшілерімізге сол кісіден үлгі боп қалды, – деуші еді.

35Молдахмет Кенбаев 1951 жылы В.Суриков атындағы Мәскеу Мемлекеттік көркемсурет институтына түсті. Сол жылдардағы жадында қалдырған жақсы әсерлері «Сенеждағы қыс», «Сенеждағы көктем», «Солнечно­горскідегі көктем» атты табиғат көріністерінде жақсы бейнеленеді.

Іздену, оқу баспалдақтары күн сайын биіктей түсті. Әйгілі Третьяков залдарын бір күн көрмесе сағынып қа­латыны бар. Кең тынысты композицияның шебері П. Ре­шетниковтың шеберханасында өзін еркін сезінуі творчествода көптеген табыстарға жетуге мүмкіндік жасады. Осы бір жылдары арман мен үмітті, күдік пен сенімді жанына серік еткен оның «Өнер зерттеушісінің портреті», «Пионер қыз» портреттері мен «Аяқ суыту», «Жаралы А.Болконский» атты полотнолары дүниеге келді.

М.Кенбаевтың творчестводағы шыққан биіктерін саусақпен санап тауыса алмайсыз. Сол жетістіктің бәрін тобықтай сөздің түйініне әкеліп тіресек, оның бірнеше туындысы Третьяков галереясында, Шығыс халықтарының және Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік көркемөнер мұражайының алтын қорында сақтаулы. Суретші бақыты – оның ой-армандарымен күн сайын сан мыңдаған көрерменнің танысуында.

Елу сегізінші жылы Мәскеуде қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі болды. Осы айтулы мерекенің қарсаңында Мұхтар Әуезов пен Орал Таңсықбаев – мерекелік төрешілер мұның шеберханасына келді. Ондағы мақсат – жас суретшінің онкүндікке дайындап жатқан шығармаларымен танысу еді. Бұл кезде Молдахмет әйгілі «Қашағанға құрық салу» атты кең  тынысты пейзажының эскизін тәмәмдап қалған болатын. Сондағы ұлы Мұқаңның «Пәлі, Орал, мына Молдахметтің аттары асау ғой, тіпті, жалынан ұстатар түрі жоқ» деп тамсанғаны бар екен.

Төрешілердің жақсы лебізінен кейін ол ерекше бір толқу сезіммен күн-түн жұмыс істеді. Кейіннен бұл картина атақты Третьяков галереясының төрінен Қазақстан суретшілері шығармаларының арасынан бірінші болып орын алды. Бұл – республика бейнелеу өнерінің  ірі табысы еді.

Әдетте, бейнелеу өнерінде «палитрасы өте бай», «палитрасы өте ұстамды» деген тіркестерді жиі кездес­тіресің. Бұл суретшінің бояу қолданысын білдіреді. Ал Молдахметтің бояу қолданысына осы екі тұрғыдан да назар аударуға болады.

Ойымыз қанықты болуы үшін, «Сарыарқа» атты романтикалык психологиялык сезімге бай пейзажын алып қарайықшы. Осынау жазиралы полотноның орта шенінде тұрған күй атасының бейнесі тым айбынды, тым әсерлі. Оның бойындағы қара, сұр, селдір бояулардың сырын айтпай-ақ түсінесіз. Картинаға одан әрі қарасаңыз, сізге сырлы нақышпен сыр шертеді. Шығарманың әсерлілігі сонда – осынау қария бейнесіне, көгілдір кеңістікке дамылсыз тарап жатқан күй сазына елтіп кеткендейсіз. Кенеп бетінен сол күй сазымен бірге жаныңызға нұрлы шуақ құятын мажорлы жылы леп есетіндей. Әрі даланың сарғыш кейпі, күміс, меруерт бояулар домбыраның әр сазынан мол хабардар ететіндей. Картинаның техникалық орындалуы, композициялық құрылымы өте сәтті. Суретші адам мен табиғат арасындағы үндестікке терең бойлайды. Соның сырлы тоғысуларын аңсайды. Осы міндетті ол ойдағыдай орындап шыққан.

М.Кенбаев даланы сүйді. Оның сол даланың кеңдігіне, паңдығына ғашықтығын «Шопан әні», «Қашағанға құрық салу», «Әңгіме үстінде», «Қыстауда», «Құрманғазы» атты поэзия мен поэтикаға толы пейзаждарынан айқын аңғаруға болады. Далаға тартып туған ұлдың бейнесі бар онда.

М.Кенбаев туралы, оның адамды тазалыққа, іңкәрлікке тынымсыз бастайтын, көрерменді баурай беретін тарлан талант табиғатына сүйсініп отырып, қалам тербей беруге болар еді. Біз сол көл-көсір еңбектің тамшыдайын ғана сөз еттік.

С.КӨРКЕМБЕК.

 

Р.S. Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік көркемөнер мұражайында Қазақ­стан­ның халық суретшісі Молдахмет Кенбаевтың 90 жылдығына орай жеке көрмесі өтіп жатыр. Бұл сол көрмені аралау барысында туған шағын әсер. Аға буын суретшілер – Ә.Қастеев, Ә.Ысмайылов, О.Таңсық­баев, М.Кен­баевтар әдебиеттегі М.Әуезов, С.Мұ­қанов тәрізді бей­нелеу өнеріндегі сондай тұлғалар десек, артық кетпес­піз. Олар – ұлттық рухты, болмысты жырлап өтті. М.Кенбаевтың осынау туын­дыларына ұзақ уақыт көз тоқта­тып қарасаңыз, сол әсердің құшағында боларыңыз сөзсіз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *