Тозақтың төрінен қайтқандар

немесе Бухенвальд көтерілісіне қатысқан қазақтар туралы

Жеңіс ШЫНЫБЕКОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі

 

 

Бухенвальд концентрациялық лагері Веймар қаласының (Германия) маңындағы Эттерсберг тауында орналасқан. Лагерь тұрған жер – буг ағаштарынан құралған қалың орман. Бухенвальд – «буг орманы» деген мағына береді.

Бухенвальд концлагері 1933 жылы салынған. ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде фашистік Германия жерінде 1100 концла­герьлер мен түрмелер тұрғызылды. (Келтірі­летін деректер Бухенвальд концлагері мұражайының құжаттарынан алынған). Солардың ішіндегі адамдарды аяусыз қырып-жойып, айуандықпен азаптап, ғасырлар бойы ұмытылмас қайғы-қасірет­ке ұшыратқан – осы Бухенвальд концла­гері. 1945 жылдың сәуір айына дейін осы лагерьде 32 ұлттан 238 980 адам тұтқында болған. Оның ішінде 56545 адам атылып, асылып, газ камераларында азаппен тұн­шықтырылып өлтірілген, ауыр жұмыстан, аштықтан, қолдан жұқтырылған аурулар­дан қырылған. Бухенвальд мұражайында адамдарды азаптайтын, жан түршігерлік құралдар – адам денесін өртейтін пештер, газ камералары, ауру жұқтыратын зертхана, тіс, тырнақ жұлатын қысқыштар сол күйінде сақталған.

Үлкен қақпадан басталып, тас қазатын кенішке дейін созылатын жол «қанды жол» деп аталған. Эсэсшілер тұтқындардың әрқайсысына тас көтертіп, осы жолмен жұмыс орнына дейін жүгіріп баруға мәжбүр еткен. Жолда талықсып құлаған­дарды табанда атып тастаған немесе иттерге талатқан.

Лагерьдің ортасындағы үлкен алаң Апель плац деп аталады. Бір барактағы бір тұтқынның шамалы «күнәсі» үшін барлық тұтқындарды қар мен жаңбырдың астында 18 сағат бойы тұрғызып қойған. Таңертең тұтқындарды тізе бүктірместен қайта жұмысқа айдағанда Апель плацта бірнеше жүз өлік қалып қояды екен. Осы жерде коммунистерді, антифашистерді, еврейлерді дүрелеп жазалаған. Егер жазаланушы кеңес адамы болса, «интернационалды», ал неміс, поляк, венгр, еврей болса, өз елдері­нің көпке тараған бір әнін «шырқап» тұруға міндетті болған. Бұл әндерді сол кезде бүкіл дүние жүзіне белгілі «Бухен­вальд оркестрі» сүйемелдеп тұрған. Лагерь­де атақты музыканттар, сазгерлер, әншілер болған. Олардан құрылған оркестр шын мәнісінде өте күшті оркестр болыпты.

Үлкен барактардың ең шетінде №8 деп аталатын блок бар. Бұл – тұтқын балалар блогы. Олар – жаулап алынған жерлерден әкелінген орыс, поляк, украин, беларусь, болгар, еврей, чех балалары. Бұл тұтқын­дар­­дың ішінде ең жасы 4 жасар поляк бала­сы Ежи Цвайк болыпты. Ең үлкендері – он төрт жаста. Лагерь мұражайында Ежи Цвайктың үлкейтілген суреті ілулі тұр. Кейін Груне Апиц деген жазушы осы бала туралы «Қасқырлар апанында» деген әйгілі роман жазыпты. Сол роман жүздеген тілге аударылған.

Фашистер тұтқын балаларды түрлі жұмыстарға пайдаланған. Жарамайтын­дарын күшік иттерге талатып «ауыздан­дырған».

Крематорийдің жерасты қабатында өзгеше лазарет бар. Мұнда ауруларды емде­меген. Оған дені сау тұтқындарды (әсіресе, орыстар мен еврейлерді) жатқызып, бөртпе сүзек, сары ауру, шешек, оба, т.б. ауру­лар­ды қолдан егіп жұқтырып, жаңа вакцина­мен емдеп, тәжірибе жасаған. Осы крема­торийде 8483 кеңестік соғыс тұтқындары «емделіп», денелері пештерде өртелген. Кезінде олардың қайда жоғалып кеткенін ешкім білген жоқ. Осы крематорийдің астыңғы қабатында 1944 жылдың 18 тамы­зында антифашист Эрнест Тельман атыл­ған. Қазір сол жерде Тельманға ескерткіш тақта орнатылып, алау оты жағылған.

Лагерь мұражайында азаптау құралда­рымен қатар, адам ойына келмейтін, көрген адамның жанын түршіктіретін үй мүліктері тұр. Евгений Кочан деген жазушының 1959 жылы Майндегі Франкфурт қаласында жарық көрген «Эс-эс үкіметі немесе конц­лагерлерінің системасы» деген кітабынан үзінді келтірейік:

«…СС-тің хауптштурмфюрері Мюллер мен лагерьдің дәрігері Вагнер тұтқындар арасынан дене бітімі жақсы, терісі әдемі адамдарды іздеп тауып, суретке түсіріп алған. Ал лагерь коменданты Кох оларды іріктеп, лазеретке жіберіп отырған. Соның артынша «патология бөлімінде» жақсы өңделген адам терілері пайда бола бастады. Комендант Кох өзіне үстел шамын адам сүйегінен, ал оның абажуры адам терісінен жасалсын деп бұйрық берген». Бұйрық орындалған да. Үстел шамының қасында бетіне су диірменінің және басқа көріністер салынған адам терілері ілініп қойылған. Адамның бас сүйегі Кохтың ең таңдаулы сувенирі екен. Ол келген қонақтарына осыларды көрсетіп мақтанған».

Туристік сапармен Германияға, Бухен­вальд концлагеріне барған кезде осындай сұмдықтарды көріп, денеміз түршікті.

Бухенвальд өзі өмір сүрген 12 жыл ішінде бірде-бір тұтқын қашып шыға алмаған жалғыз, ең «таңдаулы» лагерь. Бірақ осы тозақ отында жүріп-ақ 32 ұлттың өкілдері 1943 жылы астыртын «Лагерьдің интернационалдық комитетін» (ИКЛ) құрды. Бостандық аңсаған олар өздері жұмыс істейтін өндіріс орындары мен зауыттарда бүлдіру әрекеттерін жасады. Жер астында аса құпия түрде жасалған «фау» ракеталық снарядтарын істен шығар­ды. Соғыс аяқталуға жақындап қалғанда тұтқындар көтеріліске дайындалды. Олар­дың қолында зауыттан жасырып алынған винтовкалар, қол пулеметі, гранаталар бар еді. Көпшілігі темір қадамен, шоқпармен, шегемен қаруланды (осы көтеріліс қарулары лагерь мұражайында сақталған).

1945 жылдың 11 сәуір күні интерна­ционалдық комитет қарулы көтерілісті бастауға бұйрық берді. 178 топқа бөлінген қарулы, қарусыз мыңдаған тұтқын лагерь сақшыларына бір мезгілде лап қойды. Әбден ашынып, қаны қарайған өжет адамдар өздеріне бораған оққа қарай алға ұмтылып, пулемет, автомат ұңғыларын кеудесімен жаба құлап, басқаларға жол ашты. Тікенді сымдарды үзіп, бағаналарды құлатты. Солдат казармаларын қоршап алып, от қойды. Тұтқындар топандай қаптап өз жендеттерін лезде таптап өтті. Лагерь сақшыларының бірде-біреуі аман құтыла алмады. Фашистік садизмнің ең асқынған ажал мен азап ошағы – Бухен­вальд концлагері небәрі 45 минутта жермен-жексен болып құлады. Бұл соғыс тарихында Спартак көтерілісінен кейінгі, сырттың көмегінсіз, тұтқындардың өзін-өзі азат еткен тегеурінді әрі жеңіспен аяқталған тұңғыш көтерілісі болды. Сол күні «кебін кимей, кебенек киген» 21 мың тұтқын бостандық алды.

Бірақ олардың көпшілігін әлі де талай тозақ күтіп тұр еді. Әсіресе, лагерьде тұтқын болған кеңес жауынгерлері мен офицерлері кейін өз елінде «Отанын сатқан опасыз» атанып, атылды. Атылудан аман қалғандар Сахалин аралында, Воркута, Коломно, Магадан лагерьлерінде азапты жолдарын жалғастырды.

Бухенвальд концлагерінде басқа ұлттар­мен қатар қазақ жігіттері де көр азабын тартқан. Жамбыл облысының Сарысу ауда­нынан майданға аттанған екі жігіт Омар­бек Шалғынбаев пен Қасым Керімбеков бір жылдан соң хабар-ошарсыз кеткен. Соңғы хаттарын Сталинград майданынан жазыпты. Екеуін өлдіге санап туған-туыстары қазақ дәстүрімен ас беріп, Құран бағыштаған екен. Бірақ екеуі де өлмепті, соғыс аяқталғаннан кейін көп жыл өткенде аман-сау елге оралыпты.

Аудандық газетте қызмет істеп жүр­генде осы екі азаматпен кездесіп, сұхбат алудың сәті түсіп еді. О.Шалғынбаев Жайыл­ма совхозында веттехник, ал Қ.Керім­беков Калинин атындағы совхозда кадрлар бөлімінің бастығы болып істейді. Естуімше, екеуі де ауылдағы аса құрметті, елге танымал, сыйлы адамдар екен. Өз ауыздарынан жазып алған әңгіме былай өрбиді:

Екеуі Жамбылда жасақталған полктің құрамында қоршаудағы Сталинград қаласына тап болған. Осы жерде екеуі де ауыр жараланып тұтқынға түскен. Жас жігіттерді жарақаты жазылған соң эша­лонға тиеп, Германияға айдаған. Онда жұмысшы қолы жетпейтіндіктен бұларды аман қалдырған. Бухенвальд концлагеріне тоғытқан екен.

– Көрмеген азабымыз жоқ, тозақ отына қақталдық, – дейді Омарбек қарт. – Жеңіске 20 күн қалғанда, 22 сәуір күні тұтқындар жаппай көтеріліске шықты. Әбден қаны қарайып, жүрегі өшпендікке толған жүздеген мың тұтқын жауып тұрған оққа қарамай фашистерге тарпа бас салды. Өздері де қырылды, фашистерді де тып-типыл етіп жойды.

Соғыстан кейін кейбір батыстың тарих­шылары тұтқындарды Америка әскерлері азат етті деп сандырақтады. Бұл шылғи өтірік. Сәуір айының 22-і күні лагерьде бірде-бір Америка солдаты болған жоқ. Олар тек төрт күннен кейін лагерь көтерілісшілердің қолына өткеннен кейін ғана келді. Рас, олар тұтқындарды тойғы­зып тамақтандырды, темекі таратып берді. Жаралыларды емдеді. Содан кейін тұтқын­дарды өз елдерінің әскери өкілдеріне тоқтау­сыз таратып берді. Қасым екеумізді Кеңес армиясының «Айрықша бөліміне» (Смерч) тапсырды. Түсі суық тергеушілер бізге әуелден-ақ оң көзбен қараған жоқ. Сол кездегі тілмен айтқанда, бізді «тазар­тудан» өткізді. Соңынан тұтқынға алып, қатал тергеді.

Біз Отанға опасыздық еткен жоқпыз. Ешбір әскери құпияны білмейміз. Бар жазығымыз жараланып, ес-түссіз халде тұтқынға түсіп, бодан болғанымыз. Сталин көкеміздің: «Соғыста әскери тұтқын деген жоқ, опасыздар бар» деген әйгілі сөзі бізді сатқын, опасыз етіп шығарды.

Подстам қаласының маңындағы бір қалашықта мыңдаған «опасыздар мен сат­қындарды» пойызға тиеп Ресейге аттан­дырды. Өзіміз кеудемізді оққа төсеп қорға­ған Отанымызда сот болды. Мені ең ауыр ату жазасына кесті. Ол кезде ату жазасы үкім шыққаннан кейін 1-2-ден кейін орындалатын. Мен Воркута лагерінде үкімді күтіп бір жыл жаттым. Мұнда да тәртіп фашистердікінен кем түспейді екен. Қорлықты өз адамдарымыздан көрдік. Жанымызға сол батты.

Бір жылдан кейін менің ісім қайта қаралып, ату жазасын 25 жылға ауыс­тыр­ды. Сталин өлгеннен кейін оны 10 жылға қысқартты. Воркутада 10 жыл ауыр жұмыс­тан ыңыршағым айналған мені босатты. Ауылға терім сүйегіме жабысып, аруақ сияқты қалт-құлт етіп әзер жеттім.

Қасым ақсақалдың әңгімесі тым қысқа болды.

– Алғашқы сотта, – деді ол кісі жабыр­қай күрсініп, – 25 жылға соттады. Кейін 10 жылға, одан соң тағы 5 жылға дейін қыс­қартты. Қысқасы, Солнечный Сахалинда 10 жыл отырдым.

Омарбек сияқты атылуға кесілмей тірі қалғаныма қуандым. Нағыз фашистер өзіміздің елде де бар екен. Олар тұтқын­дарды адам айтқысыз қорлап, азаптады. Сонда көрген қорлығым арада 40 жыл өтсе де, осы уақытқа дейін түсіме кіреді. Түс көрген сайын жын соққан адамдай айғай­лап, шошып оянамын. Бұл елестен, үрейден өмірбақи құтыла алмайтын шығармын.

Тәуба, елге оралған соң үйленіп балалы-шағалы болдым. Соған шүкіршілік етемін. Ендігі жалғыз тілек – біз көргенді ұрпағымыз көрмесе екен.

Тозақтың төріне барып қайтқан екі мұңдас тірі болғанда, биыл 100 жасқа толар еді. Артындағы балалары, немерелері олардың өмірін жалғастыра бермек.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close