«Томирис» фильмі түсіріліп жатыр

Құттыбек АЙМАХАН

 

Биылғы жылы елімізде 50 көркемсу­ретті фильм түсіріледі екен. Әрине, олар­дың бәрі әр түрлі жанрда болары анық. Дегенмен, солардың ішіндегі ең бастысы – ол сөз жоқ, «Томирис» фильмі болатыны анық. Ал бұл киноны түсіруші бұған дейін  бірқатар тарихи фильмдер арқылы белгілі болған Ахан Сатаев. Бұл режиссер жаңа фильмді түсіруді осы жылдың басынан бастап қолға алған екен.

Жалпы, тарихтан белгілі Томирис ханшайым – біздің заманымызға дейінгі шамамен 570-520 жылдары қазіргі қазақ жерінде өмір сүрген массагеттер патшайы­мы. Ол туралы зерттеушілер пікірі бойынша, Томирис сақ патшасы Ишпа­қай­дың ұрпағы, ұлы хан Сыпыраның қызы болған көрінеді. Оның аты мен атағы б.д.д. 530-529 жылдары Мидия патшасы Кирмен арада болған соғысқа байланысты шыққан.

Міне, осындай тарихи тұлға жөнінде фильм түсіру, әрине, оңай емес. Сондық­тан да «tengrіnews. kz» сайтының хабар­лауынша, алдымен фильмді түсіруге тыңғылықты дайындықтар жүрген. Бұл ретте, фильмдегі негізгі рөл Томиристің әр жасын көрсететін үш түрлі қыз белгі­ленген. Мысалы, Томиристің жас кезін 15 жастағы Салтанат Серкебаева және әлі қыз күнін бұған дейін «Батыр» фильміне түсіп көпке танылған 10 жастағы Лия Фомина сомдайтын болады. Ал енді патшайым Томиристі алғаш рет киноға түсіп отырған астаналық қыз  Әлмира Тұрсын бейнелейтін болыпты. Осы басты рөлге кастинг барысында еліміз бойынша 15 мыңдай хат келіп түскен екен. Осы орайда Әлмира өзінің алғашқы жаңа рөлі туралы «Әрине, бұл рөл туралы айту маған қызық және қиын. Сондықтан да оның қорытынды нәтижесі туралы айту да мен үшін өте қиын. Тек айтарым, рөлге бекіткен кезде менде түсініксіз сезімдер болғаны жасырын емес. Алдымда не күтіп тұрғанын да білгенім жоқ…» деп шынын айтады. Осы тұрғыда ол бұрын атқа отыруды Орталық демалыс және мәдениет саябағында үйірмеге қатысу арқылы меңгергенін айтады. Бірақ та ат  құла­ғында ойнаудың барлық қиындықтары мен сырларын осы киноға түсу бары­сында шындап меңгерген екен. Сосын осы кезде түрлі каскадерлік амалдарды жасауға, актерлік шеберлікке үйренген.

Әсіресе, фильмді түсіру барысында басты рөлдегі Әлмираға көне түрік және ерте замандардағы иран тілдерінен туын­даған ежелгі сақтар тілінде сөйлеу аса қиынға түскен. Өйткені, ол қазір тіптен ауыр тіл болған. Тіпті, бұл тіл бүгінгі қазақ немесе басқа тілдерге де ұқсамаған. Содан болар, фильм түсірілімі барысында ол тілді арнайы аудармашылар бүгінгі тілімізге ыңғайлап келтіріп отырған. Сондай-ақ, фильмдегі киімдер қазіргідей жасанды емес, нағыз матадан тігіліпті. Тіпті, тері бешпенттердің өзіне шын мәнін­дегі тері қолданылыпты. Осыған байла­нысты Әлмираның өзі «Таң қалатыным, киімдегі әр түрлі оюлы бөлшектер асқан терең оймен және мазмұнмен жасалған. Мысалы, белбеудегі архардың белгісінің өзі тұнып тұрған өнер. Оның үстіне ол менің руымның ұраны болды. Сондықтан да оны кигенде рухым қозып, кейіп­керімнің бейнесіне қалай кіріп кеткенімді білмей қаламын» дейді шабыттана сөйлеп.

Қысқасы, массагеттер патшайымы туралы фильм қазіргі уақытта жаңадан түсіріліп жатыр. Бұл ретте «Томирис» фильмінің қоюшы-режиссері Ақан Сатаев «Фильм жыл соңына дейін түсіріліп бітеді» деп отыр. Сондықтан да ұлы сақ пат­шайы­мы туралы фильмнің қалай болаты­нын алдағы уақытта көре жатар­мыз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *