Толстой Тургеневті неге дуэльге шақырды?

Туланың Чернь елді-мекенінде әлем әдебиетінің қос классигі Тургенев пен Толстойға орнатылған ескерткіш тұр. Әудем жерде Ясная Поляна және Толстойлар әулетінің жері орналасқан. Сондай-ақ, Тургеневтің туған жері Бежин де тиіп тұр.

Әрине, аталмыш ескерткіш екі алыптың достығының белгісі болға­нымен, бір заманда олардың арасында болмашы нәрсеге бола қара мысық жүгіріп өткенін біреу білсе, біреу білмес.

– Бұл тарихты көп жұрт біле бер­мейді, – дейді Тургенев өмірі мен шы­ғар­машылығының білгірі, жазушы, «Муравейник» журналының Бас редакторы Н.Старченко. – 1861 жылы мамыр айында Лев Николаевич Иван Сергеевичке қонаққа келеді. Екеуі ақын А.Феттке барады. Ақынның үйінде, 27 мамырда, таңғы ас үстінде екі классик арасында жанжал туады.

Тургенев өзінің қызы Полина жө­нін­де абыржып сөйлеп отырады. Қыз­дың  аты негізінен Пелагея көрі­неді. Алай­да, тігінші, шаруа әйел жас Иван­ның басын «айналдырып» алғанға ұқсай­ды. Өйткені, балаға әке керек бол­ған тәрізді. Кейінірек жазушы Поли­наны Парижге, П.Виардоның отбасы­ның тәрбиесіне жібереді. Оған атақты әншінің есімін береді. Парижде ол қайы­рымдылықпен айналысады. Тол­стой оның бұл әрекетін түсінбеген болып, аздаған намысқа тиетін сөздер айтады. Тургенев болса «Аузыңызды жабы­ңыз» деп айқайлап жібереді. Бірақ ол іле-шала өзінің қызу қандылығы үшін кешірім сұрап, жалғыз өзі кетіп қалады. Толстой Ясная Полянаға тар­тады. Жол-жөнекей танысы Борисовтың үйіне соғады. Сол жерден ол Тургеневке ашуланып, қолхат жібереді және хат түрінде кешірім сұрауын талап етеді.

Тургенев сол заматында жауап береді.

«1861. Май. Спасск.

Құрметті мәртебелім, Лев Нико­лаевич! Сіздің хатыңызға айтарым мынау: Феттің дастарханындағы әңгі­меде мен өзімнің міндетім, әкелік пары­зым жөнінде әңгімелемекші едім. Оның соңы ашуға ұласып, сізге тіл тигізіп алғаным үшін кешірім өтінемін. Мен сізден хат түрінде екінші мәрте кешірім сұраймын» дейді  Тургенев.

– Тургенев Толстойдың хатына жауап дайындағанша, Лев Николаевич келесі елді-мекенге өтіп кетеді, – деп жалғайды әңгімесін Н.Старченко. – Иван Сергеевич кешірім хатын түн ауа жаңа мекен-жайға жібереді. Алайда, бірден жауап алмағанына шыдамсыздық танытқан Толстой Тургеневті дуэльге шақырады. Ол жай пистолетпен емес, аңшы мылтығымен шығуды талап етеді. Толстой бұл шараға кәдімгідей әбден дайындалып кіріседі. Бұл тұста Толстой 33 жаста, Тургенев 43 жаста еді. Алайда, жұртты осындай болмашы нәрсеге бола жанжалдасудың сыры неде екені ойландыратын. Бұның мәнісі тереңде сияқты. Ол үшін Н.Старченконы әрі қарай тыңдайық.

– Иван Сергеевичтің некесіз туған қызы жөніндегі тартыс бұл оқиғаның жәй ғана себепкері еді. Гәп мынада болатын. Негізгі себеп Тургеневтен 12 жас кіші Мария Николаевна Толстая еді. Лев Николаевичтің сүйікті апасы. Оның атақты «Балалық шақ», «Жастық» атты романдарының прототипі – Любочка. Маша 17 жасында үш атадан қосылатын граф В.Толстойға тұрмысқа шыққан. Толстойдың алғашқы туынды­ларына жоғары баға беріп, ұлы санаған, көрші ауылда тұратын Тургенев оның апасына барып, «Современник» журна­лындағы жазушының шығармалары туралы жылы пікір білдіреді.

Қырымдағы ағылшын және фран­цуздармен күресіп жүрген жас жазушы оның бұл келісіне, пікіріне қатты риза болып, күнделігінде былай деп жазады: «Машадан мені қанаттандыратын кере­мет хат алдым. Ол онда өзінің Турге­невпен таныстығы жөнінде жазыпты. Өте мейірімді, даңқты хат. Бұл менің шығармашылығыма қанат бітірді».

Бұдан кейін Тургенев Толстойдың апасының ауылы Покровкаға жиі келе­тін болды. Тіпті, әдебиет сыншысы П.Ан­ненковқа жазған хатында: «Бұл менің назарымды аударған бірден-бір тірі тіршілік иесі болды. Одан көзімді алар емеспін. Сондай мейірімді, ақылды, қара­пайым. Қартайған шағымда (мен төрт күннен соң 36-ға шығамын) ғашық­тық дертіне ұшырадым» деп мойын­дайды.

Екі классиктің көңіл-күйінің құрба­ны болған ол Тургеневтің ұсынысын көп күтіп еді. Ақырында Швейцарияға кетіп тынды.

Жазушы сол тұста жазған «Фауст» повесіндегі басты кейіпкеріне Машаның бойындағы көп қасиетті пайдаланған. 1858 жылы үш баланың анасы күйеуі­мен ажырасады. Әрине, Толстой мұның бәрінен хабардар еді. Тіпті, күнделігіне «Тургенев Машаны ренжітіп жүр» деп жазып та қойған. Бірақ оның бұл айып­тауы ақиқаттан алыстау еді. Алайда, ол Маша ажырасқан соң үйленуді ойла­мады.

Тургеневтің оған деген сезімі адал болғанымен, ол үйлену туралы шешімге келе алмады. Тургенев биік (192 см.), сұлу адам еді. Бірақ әйел баласына келгенде тез шешім қабылдай алмайтын. Тіпті, ол бұдан бұрын өзі ұнатқан сұлу Юлия Вревскаямен де қарым-қатына­сын қашық ұстаған. Соның күйігінен ол орыс-түрік соғысына медбике болып кетіп, Болгарияда жұмбақ аурудан көз жұмады.

Лев Толстой Мария ажырасқан үш жыл ішінде үлкен досына деген ашуы­нан бір сәтке ажырай алмады. Феттің үйіндегі таңғы ас үстінде бұлқан-талқан болып, ашуға ерік бергені Тургеневтің қызы емес, апасы үшін еді. Алайда, Мария Николаевна Тургенев туралы әр кезде ыстық ілтипатпен еске алып жүр­ді. «Ол керемет аңшы еді. Покровскіде біздің үйге жиі келетін. Әлі есімде. Ол бізге жаңа шығармаларын оқитын. Оның әңгімесінің мазмұндылығы, таби­ғатты бейнелеуі бізге қатты әсер қалды­ратын» деп отырады екен Мария Нико­лаевна.

Ендігі жерде зерттеушілерді осы дуэль бола қалған жағдайда қалай өтетіні де қызықтырып, мәселен Старченко өз ойын былай сараптайды:

– Екеуі де аңшылыққа ессіз беріл­ген, көзсіз мерген адамдар еді. Екеуінің қайсысы да бірінші атса өлтіретін еді. Алайда, Тургеневтің ауаға ататынына сенімдімін. Ал Толстой өзін қалай ұстайтынын біле алмадым. Бақытымызға орай Борисов, Фетисовтар оған жол бермеді.

Толстой Тургеневке қанша қарыздар болса да көп уақытқа дейін өзіне-өзі келе алмады. Тургенев оның талантын алғаш байқап жоғары бағасын беріп, Қырым соғысынан алдырып, Петер­бург­тегі пәтерінде бар қолайсыздыққа қарамай, шыдап күткен адам.

Классиктер 17 жыл бойына бір-бірімен қатыспаған. Алайда, Толстой­дың өзі алғаш болып, бұған шыдай алмады. 1878 жылы Парижге татуласу хатын жіберді. Бұл хатқа қатты толқып жылап жіберген Иван Сергеевич: «Біздің тұрақты достығымызды қалпы­на келтіруге құлшына кірісемін, маған созған қолыңызды қатты қыстым» деп бірден жауап берген.

Қ.ИМАН.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *