ТОЙҒА БАРСАҢ, КЕШІКПЕ!

тойдың уақытын шектеу – дұрыс па, бұрыс па?

Қазақта той көп болсын, ағайын! Бірақ бүгінде сол көп тойларымызды арзандатып жіберген жоқпыз ба? Немесе сағат 17.00-ге белгіленген той 20.00-де басталып, ерте келгенді шаршатып, кешігіп келгендер күттіріп, той сапасына көлеңке түсіріп жатқан жоқпыз ба? Әлбетте, той– әркімнің жеке қуанышы. Оны кіммен бөліседі, тойына кімді шақырады, тіпті, қай уақытта бастап, қай уақытта аяқтауы да той иесінің өз еркінде. Десек те, жақында тараздықтар осы мәселеге қатысты үндеу қабылдап, тойшыл қауымға ұсыныс жасады. Бұдан былай жамбылдықтар ысырапшылдық пен даңғойлыққа жол беретін орынсыз салтанат өткізуге шектеу қоймақ. Сондай-ақ, тойды сағат 19.00-де бастап, сағат 24.00-де аяқтауды қолға алмақ. Несі бар, құптарлық ұсыныс. Дер кезінде басталған той, уақытында аяқталып жатса, оның мәні де, мағынасы да арта түспей ме? Бұл ұсынысқа сіз не дейсіз, оқырман? Тойдың уақытын шектеу дұрыс па, бұрыс па?

Салтанат ЖАНБОЛАТҚЫЗЫ,

№36 мектептің бастауыш

сынып мұғалімі:

 

Тойға кешігіп бару – Өзгенің уақытын ұрлау

– Мен тараздықтардың ұсынысын қос қолдап құптаймын. «Ой, той қазір басталмайды, ел әлі жинала қойған жоқ…» деген сөз тойшыл қауымның санасында жатта­лып қалғалы қашан?! Алматылық­тарда да кешігіп келетін әдет бар. Кейде сол тойға кешігіп келу біздің қанымызға сіңіп кетті ме деп ойлаймын. Өз басым, тойға кешігіп баруды – өзгенің уақытын ұрлау деп түсінемін. Реті келсе, халық тойға кешік­пей баруды үйрену керек қой. Ерте барсаң, ерте қайтасың дегендей… Оның үстіне, қазір тойдың саны да, түрі де көбейді. «Жиғанын тойға шашатын» қазекем нәресте туғаннан бастап, баланы қырқынан шығару, бесік той, тілашар, диплом алу, әскерге шығарып салу, зейнетке шығу секілді қуаныштарын үлкен мейрамханаларда атап өтуді сәнге айналдырды. Бұл менің жеке пікірім, әрине. Жалпы, отбасылық мерекелерді 200-ге жуық жұртты шақырып алып, атап өтудің қажеті шамалы. Неге десеңіз, бұл қуаныш­тар жақын ағайын-туыспен ғана атап өтетін жақсылықтар ғой. Тойға кешігіп баруды бүгінде қоғам болып талқылап жатырмыз. Ұсыныс орынды. Кешігуді тоқтатып, есепсіз тойлардың санын шектеу керек!  Егер тойдың дер кезінде басталып, уақытында аяқталуына қатаң талап қойылса, той иесі қуанып, тойға келген біз демалып қайтар едік!

 

Әлімбек ҚАУҒАБАЙ,

қала тұрғыны:

 

Кеш басталған тойда қандай береке бар?

– Расында да тойдың басталуы мен аяқталуының өзі бүгінде үлкен мәселеге айналып отыр. Қоғам болып, бұл олқылық­тың алдын алмасақ болмайды.  Өзіңіз ойлаңызшы, кеш басталған тойда қандай береке бар? Алғашқы дастарханның өзіне сегізге қарай отырсаң, одан кейін қайта­лана беретін мыжыма тілектерді тыңдап біткенше түн ортасы болады. Бұл кезде уақытында келген елдің ұйқысы келіп, тамаққа тәбеті қашады. Тіпті, ойын-сауық­қа да зауқы соқпайды ғой. Өйткені, жұмыс­тан кейін тойға келген халық шар­шайды. Сосын олар үзіліске шыға сала, «ертең – жұмыс» деп үйге қайтуға ыңғай­ланады. Осылайша екінші дастархандағы дәм сол күйінде желінбей қалады. Мұны той иесінің қуанышы дейміз бе, әлде «бекер мал шашпағы» дейміз бе?Жалпы, қоғам той мәдениетін үйрену керек. Өз уақы­тында басталған той ұзақ әрі қызықты болмақ. Сонда тойдың мәртебесі артады.

 

Кенжебек ИМАНӘЛІ,

әскери қызметкер:

 

Бүгінгі тойлардың түрі кӨп те, тәлімі аз

– Жалпы, той жасауды көңіл көтеру деп қана түсінбеу керек. Тойда мүмкіндігінше елдік мәні бар, ұлттық құндылықта­рымыз­ды ұлықтайтын, жас ұрпақ тағылымды тәрбие алатын мәдени орта деп бағалаған жөн шығар. Бұрынғы тойлар тек ішіп-жеммен шектелмеген. Онда ұлттық ойын­дар ойнатылып, көкпар тартқан, балуандар белдесіп, ақындар айтысқан, ән-жырдан шашу шашылып, үлкендер ұлағатты әңгіме айтқан. Ал бүгінгі тойлардың түрі көп те, тәлімі аз. Арзан күлкі мен орынсыз әзілді төрімізге шығарып алдық. Соған жаным ауырады. Той иелері ысырапқа көп жол береді. Құдды бір, қуанышпен емес, байлығын, барлығын көрсетіп, жалған намыстың жетегінде жүргендей әсер етеді кейде. Құран аяттарының бірінде: «Ішіп-жеңдер, бірақ ысырапшылдық болмасын, өйткені, Алла Тағала дарақы, ысырапшыл адамды қолдамайды» деген. Дана Абай да осыны айтты ғой: «Өсек, өтірік, мақтан­шақ, еріншек, бекер мал шашпақ – бес дұшпаның білсеңіз» деп… Естуімше, жамбылдықтардың басым көпшілігі әлгі ұсынысқа қолдау білдіріп, оны заңдас­тыруды да ойластырып жатқан көрінеді. Өте орынды ұсыныс!

 

Бағдагүл МЕКЕБАЕВА,

№3 қалалық емхананың есепшісі:

 

Кешігіп жатқан жұртқа

не деп Өкпе айтасыз?!

– Рас, бүгінгі тойлардың уақытында басталып жататыны некен-саяқ. Менің ойымша, жұрттың бір уақытта тойға жинала қоюы екіталай. Оның үстіне, той бұрынғыдай сенбі-жексенбі күндері ғана өтіп жатқан жоқ. Аптаның әр күні той, қазір. Көпшілігі жұмыстан кейін келеді. Үйіне барып, дайындалып шыққанша да біраз уақыт керек. Оған жолдағы көлік кептелісін қосыңыз. Сондықтан халықтың жағдайына да түсіністікпен қарау керек! Ең бастысы, тойға келмей қалып, жайған дастарханың сол күйінше қалғанынан сақтасын! Әйтпесе, ешкім еріккеннен той жасамайды. Егер менің көп жылдан бері зарығып күткен немерем өмірге келсе, неге есте қаларлық той жасамаймын?! Неге мен шаттанып, қуанып, көптің тілегін естіп, үлкендердің батасын алмаймын? Сондық­тан тойдың біразын қысқарту керек дегенге де, уақытын шектеу керек дегенге де келіс­пеймін. Шашылса, той иесі шашылады. Оған ешкімнің басы ауырмай-ақ қойсын… Әрине, тойыңның уақытында басталғаны жақсы ғой, бірақ кешігіп жатқан жұртқа не деп өкпе айтасыз?!

 

Қуат БЕКТЕМІРОВ,

құрылыс саласының маманы:

 

Отбасының ғана емес,

қоғамның мәселесіне айналып отыр

– Кейде маған осы тойлар қуанышпен бөлісу емес, той жасаудан жарыс өтіп жатқандай сезіледі…Мен мына қыз баланы мейрамханада той жасап ұзату дегенге қарсымын. Біріншіден, бұл дәстүрге қайшы. Екіншіден, қазақ қызын бөтен жерден шығарып салмаған. Сондықтан ұзату той дегенді қыз баланың өз үйінен шығарып салған әлдеқайда әсерлі болады. Сыңсу айтса да қандай жарасымды! Расында да, той бүгінде отбасының ғана емес, қоғамның мәселесіне айналып отыр. Әйтпесе, сізге той иесі шақыру билетін біраз күн бұрын берген жоқ па? Сол билетке қарап-ақ, уақытыңды реттеп, кешікпей баруға жағдай жасауға болады ғой. Сондықтан тойға кешігіп баруды той иесін сыйламау және өзгенің уақытын ұрлау деп түсінемін. Тараздықтардың ұсынысы бізге де жұғысты болсын дейміз!

 

Бағдат МАҚСАТҰЛЫ,

той бизнесімен айналысатын маман:

 

Өте орынды ұсыныс

–       Дер кезінде көтерілген мәселе. Өзім меркілікпін. Той саласында жұмыс жасап жатқаныма біраз болды. Бүгінге дейін уақы­тында басталған тойға да, кешігіп басталған тойға да куә болдым. Өз басым­нан өткен бір жәйтті айта кетейін. Осыдан бір-екі жыл бұрын кішкентай қызымның тұсаукесерін шағын мейрамханада атап өттік. Әрине, ағайын-туысқа. Сенесіз бе, сағат 17.00-ге белгіленген той 21.00-ден кете әрең басталды ғой. Алыстан келген қонақ­тар біз жақтың «тәртібін» қайдан білсін, дәл уақытында келіп алған. Шар­шап, қарын­дары аша бастады. Меркіліктер ол кезде малдарын жайлап, асықпай шайын ішіп үйде отырады. Сосын аяңдап жеткенше қас қараяды ғой. Бұл өте жаман әдет. Той иесі үшін тіпті уайым. Шақырған жұрты бөлініп-салынып жырым-жырым болып келіп жатса, несі жақсы. Асабаның да мазасы кете­ді. Ертерек бастайын десе, елі жоқ. Тараз­дықтар осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін керемет ұсыныс жасап отыр екен. Өте қуаныштымын. Не нәрсенің болса да уақытында болғаны абзал емес пе?!

 

Сауалнаманы жүргізген –

Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *