Тоқалдан туған бүркіт

Қарға Жапалаққа ішкен-жегенін айтып, масайрап отырғанда, көк аспан өрт қойған­дай шатырлап ала жөнелді.

– Ойбай, аспаннан тас құлап келеді! – деді Жапалақ сонау зеңгір көктен зеңбіректің оғын­дай сарқырап келе жатқан Қыранды көріп.

– Тастан садаға кетсін, Бүркіт деген қоян­шық осы болады. Қырыққа келгенше қырық­қа дейін сан білмейді де, ертеден қара кешке дейін аспан мен жердің ара қашықтығын өлшеймін деп әуре. Бала күнімізде-ақ әлемді қаттап-шоттап, есебін алып қойғанбыз. Жер мен көктің арасы пәленбай шақырым десем, сенбейді. Кеудесі сырылдап, құйрығы шұрылдағанша көзжетпес көкке шығады да, қайта бұрылып, «бір, екі, үш…» деп санай бас­тағанда-ақ басы айналып, осылай домалайды. Өлсін, қызталақ! – деп Қарға тісінің арасы­мен шырт түкіріп қойды.

Осы кезде жер-әлемді көшіріп сарқырап келе жатқан Қыран қыр астына жайдың оғындай шаншыла түскен еді.

– Жүрші, барып келейік! – деді өлген, қираған, бұзылған, жарылғанды қызық көре­тін Жапалақ.

– Қой, құрысын, Жапеке, бәледен аулақ! «Қарға Бүркітті сабап кетіпті» деген сөзге қалдырмақсың ба? «Тек жүргенің теңге, ағаң үйленсе жеңге» дейді біздің қарғалар. Теңгең болса, жеңгең болса, дауда нең бар? Баяғы бала кезде бір Бүркітті шапалақпен тартып жіберем деп, сөзге қалғаным бар.

Қарға Қыран аттанғанша ымды білмес Жапалақты әңгімеге айналдырып, бөгей тұр­мақшы еді.

– Алайда, өз бауырыңды жамандағанмен, біреу саған жақсы бауырын бере ме? Қанша айтқанмен, түбіміз бір. Әкем марқұм тоқсанға келгенде, тоқалы тауып берген екен осы Бүркіт­ті. Тоқалдан туған бала қайбір оңған дейсің? Есі болса, жер мен көктің арасын өлшегенше, аузы мен құйрығының арасын өлшеп біліп алар еді. Құдай жынды ғып қойған соң, не шара?! Аман болсын әйтеуір. Бәрінен бар жақсы, – деді Қарға езуіне қатқан бірдемесін алып тастап.

Осы сәтте тояттаған Қыран қыр астынан қиялай шығып, асқар тауларға қарай бет алды. Қарғаның манадан бергі иегі қышып, сарғая күтіп отырған шағы осы еді.

– Сыйлы қонақ келе қалғандай болса, өле қалғандай болмай, сойып берем бе деп байлап отырған бір ту түлкім бар еді, жаңағы жерөлшегіш қояншық жеп кетпесе екеуміз бір сорпаланайық, жүріңіз, Жапеке, – деп қырға қарай қалбаң-құлбаң етіп ұша жөнелді.

– Бәсе, айттым ғой, жеп кетіпті! – деді Қарға қардың үстінде қып-қызыл шиедей боп жатқан қанды көріп. – Түбіміз бір деп осы тентек-ақ түбіме жететін болды. Тоқалдан туған тексіз ит, көк тиын табысы жоқ, екі көзі менің малымда. Қайта қалдырыпты. Кел, Жапеке, отыра қал да, оба бер.

Екеуі әлі буы бұрқырап жатқан семіз түлкі­нің қызылына тұмсықты да, тырнақты да салды.

Қыранның қалдығын жеп, сарқытын ішіп күн көріп жүрген сорлы қарға анау-мынау деп өсектемей-ақ Қыранды Қыран десе, тағынан тайып қалмас еді, қайтесің?..

 

Оспанхан ӘУБӘКІРОВ.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *