ТМД-да тұңғыш рет

Теңбіл доп додасы Алматы қаласы әкімдігінің қолда­уымен ұйымдастырылады

Алматыда тамыз айының 19-ы мен 26-сы аралығында ТМД елдері тарихында тұңғыш рет футзалдан студенттер арасында әлем чемпио­натының жалауы желбірейді.

Теңбіл  доп додасының алып шаһарда өтуі туралы FІSU мен Қазақстан студенттер спорты феде­рациясы және Ұлттық студенттер лигасы арасында  келісім-шарт  бекітілді.

Бұл чемпионат 1984 жылдан бастап Халықаралық студенттер спорты федерациясының (FІSU) қамқорлығымен екі жылда бір рет өткізіледі. Қазақстан қыздар және ұлдар арасында болатын жарысқа өтінім білдіріпті.  Алты құрлықтың  басын қосатын  бәсекеге 16 ерлер және 12 қыздар командасы бақ сынайды деп күтілуде. Ол дегеніміз — 500 қатысушы, осы чемпионат­тың рекорды болып саналады.

Осыған орай, ұйым­дастыру комитетінің құрамы бекітіліп, арнайы wucfutsal2018.com вебсайты ашылған.  Сонымен қатар, FІSU-дың келісімімен ӘЧ логотипі, хабарламалар, инфогайд, маскот, медальдар бекітілді.  Ол туралы бізге чемпионаттың ұйымдасты­ру комитетінің төрағасы, фут­зал­дан Ұлттық студенттер лига­сының президенті Дамир Шыны­беков мәлімдеді:

– Бұл жарысқа қызығушылық өте жоғары. Чемпионаттың дайын­дығына FІSU жоғары баға берді. Жалпы, біздің қаланың осындай халықаралық дәрежедегі спорттық шараларды ұйымдастыру жағынан тәжірибесі мол дегім келеді. Оның айқын дәлелі, 2017 жылы  өткен қысқы Универсиада ойындары. Жоғары деңгейде өткен  әлемдік жарысқа  арнайы  бой көтерген спорт нысандарда өтетін футзал бәсе­кесіне көптеген еріктілер  қосы­луда. Бір сөзбен айтатын болсам, біз әлем чемпионатын қабылдауға толықтай дайынбыз.

Айта кетер жәйт, қазір Алма­тыда жұмыс бабымен Халықаралық студенттер спорты федерациясының (FІSU) өкілдері келіп, спорттық нысандарды аралап, қонақ үйлердің  сапасын көрді.

– Алматыда өтетін футзалдан әлем   чемпионатына  дайындық қызу жү­ріп жатқанын көрдік.  Бізде биыл спорттың әр түрінен 35 әлем чем­пионаты өтеді. Соның ішінде фут­зал ең маңыздысы болып табы­лады, себебі, қатысушылар саны  көп. Осы  біріншілік футзал  тари­хын­дағы ең есте қаларлығы бола­тынына сенімдіміз, – деді FІSU әлем чемпионаты департаментінің директоры Пауло Феррейро.

Футзалдан әлем чемпионаты ойындары Almaty Arena және Halyk Arena спорт кешендерінде өтеді. Спортшылардың дайынды­ғына арналған 4 дайындық база қарастырылған.

 

Айдана ӘДІЛБЕКОВА,

Қалалық ДШжС басқармасының баспасөз қызметі.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *