ӨТКЕНГЕ КЕШІРІМ – БОЛАШАҚҚА СЕНІМ

немесе  мүлікті жариялау жөніндегі заң актісінің ерекшеліктері туралы

70Бүгінгі күні «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңына тиісті түзетулер мен өзгерістер енгізіліп, қолдану мерзімі 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін созылуына байланысты редакцияға келіп түсіп жатқан сұраулар тізбегі де күн санап көбейіп келеді. Осы орайда біз редакциямыздың хат қоржынында жиналып қалған  оқырмандарымыздың негізгі сауалдарына талдау жасай отырып,  оған жауап беру үшін Алматы қалалық Мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмыстары басқармасының бөлім басшысы Бекен Төлеужанұлы Нұрахметовке өтініш жасаған едік.

— Бекен Төлеужанұлы, әңгімемізді аталмыш заң аясында қандай мүліктер, яғни қандай жеке құндылықтар  жариялау арқылы заңдастыруға жатады, содан бастасақ?

— Сіздің сауалыңыздың жауабы өзіміз сөз етіп отырған заңның үшінші бабында нақты айқындалған. Атап айтсақ, ақша, бағалы қағаздар, заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы үлесі, басқа біреудің атына рәсімделген жылжымайтын мүлік, еліміздің территория­сындағы ғимараттар, шет  елдегі жылжымайтын мүліктер мен қаржы жариялау арқылы заңдастыруға жатады, Осы орайда пайдалану құқығы сотпен қаралып жатқан мүліктер, несиеге алынған қаражат, мемлекет пайдасына берілуге тиісті мүлік, бюджет қаражатына салынған объек­тілер, т.б. жария ету арқылы заңдастыруға жат­пайтынын айта кеткен орынды деп ойлаймын.

— Көп адамдарды мүлікті жария ету барысында төленетін он пайыздық алым мөлшері алаңдатады екен. Сондықтан да осы он пайыздық алым қандай жағдайда және қалай алынады? Он пайыздық алымды төлемеу қандай тәртіппен жүзеге асырылады, соған тоқталып өтсеңіз?

— Бұл сұрағыңыз өте орынды. Себебі, заңды оқымаған немесе оқыса да дұрыс түсінбеген адамдардың ішінде: «Мүлікті жариялау барысында міндетті түрде он пайыздық алым алынады екен, оны қалай төлейміз?» деген жаңсақ түсініктен арыла алмай жүргендер көп. Сондықтан да мүлікті, оның ішінде қаржыны заңдастыру кезінде қандай жағдайда он пайыздық алым алынбайды, соған тоқталайын. Мысалы, еліміздің территориясында тиісті талаптарға сай рәсімделген немесе құжаттары уақытында дайындалмаған жылжымайтын мүліктерді жариялау кезінде он пайыздық алым алынбайды. Он пайыздық алым тек шет елдегі жылжымайтын, оның ішінде басқа біреудің атына жазылған мүліктерді жариялау кезінде ғана алынады. Өз еліміздегі және шет елдегі жылжымайтын мүліктерді жария етудің тәртібі аталмыш заңның тоғызыншы және оныншы баптарында жақсы түсіндірілген. Ал енді қаржыны жария ету мәселесіне тоқталайын. Бұл шара өзіміз басшылыққа алып отырған Заңның сегізінші бабының (ақшаны жария етуді ұйымдастыру және жүргізу тәртібі жөніндегі жалпы ережелер) талаптары негізінде жүзеге асырылады. Мы­салы,  қаржының иесі, яғни жария етуші субъект қара­жатын екінші дәрежедегі банкідегі жинақшоты арқылы көрсетіп,  әртүрлі активтерге салса (мемлекеттік құнды қағаз­дар, т.б) немесе инвестиция құралы ретінде жұм­сайтын болса, ондай жағдайда он пайыздық алым алынбайды. Ал енді жария етілген ақша инвестиция мақ­сатында жұмсалмайтын болса, онда он пайыздық алым алынады. Тағы бір ерекшелік, ақшаны банкке салмай-ақ жария етуге болады. Ол үшін мемлекеттік кіріс ор­ганына арнайы декларация тапсырса болды. Бұндай жағдайда он пайыздық алым төленеді. Сонымен қатар ақша ұлттық және шет ел валютасында екінші деңгейдегі банкте, Ұлттық пошта операторында ашылған ағымдағы шотқа салу (аудару) және тұрғылықты жері бойынша мем­лекеттік кіріс органына арнайы деклара­ция тап­сыру арқылы жария етілуге жатады. Жария етілетін ақшаны ағымдағы шотқа енгізген (аударған) кезде екінші деңгейдегі банк, Ұлттық пошта операторы жария ету субъектісіне аударылған ақша сомасының мөлшерін растайтын анықтама береді. Арнайы декларация мен анықтама мүлікті жария етуші субъектіні  лауазымды тұл­ғалар тарапынан орын алып жататын кез-келген заң­сыз әрекеттерден қорғайтын негізгі құжат болып табы­лады.

— Кейбір оқырмандарымыз: «Өмір болған соң әртүрлі жағдайлар орын алып жатады. Сондықтан да болашақта құқық тәртібін бұзып, жауапкершілікке тартылып  қалған жағдайда, жария етілген мүлік пен қаржы заң алдында жауап беретін объектіге айналмай ма? Тәркілеуге түсіп кетпей ме?» деген сауалдарды да жиі қояды. Осы жағы қалай?

— Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы: «Мүлікті жария­лау – соңғы  мүмкіндік, бұдан кейін ешқандай жеңілдік болмайды» деп қатаң ескертті. Сонымен қатар аталмыш жариялау акциясы біткеннен кейін шет елдегі жылжы­майтын мүлік пен есепшоттар бойынша түскен ақпа­раттардың барлығы мемлекетаралық келісімдер негізінде түбегейлі тексерілетінін, қатаң шаралар қолға алына­тынын да қадап айтты. Осы орайда мүмлкін жария етуші субъектілерге рақымшылық шаралары жүзеге асырылған кезде кез-келген субъект өзіне тиісті құқық­тармен қорғалуға тиіс. Аталмыш Заңда азаматтардың мүлікті жария ету барысында басшылыққа алатын  қорғалу құқықтары да жан-жақты қарастырылған. Атап айтсақ, аталмыш Заңның бесінші бабында азаматтарға берілетін кепілдіктер Қазақстан Республикасы Қылмыстық және әкімшілік құқық бұзу кодекстерінің қандай баптарымен қорғалатыны, қандай жағдайда қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтыны нақты айтылған. Тағы да бір ерекше айта кететін жағдай – мүлкін жария етуге ынталы субъектілердің мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстан Республикасы Қылмыс­тық кодексінің 361 (Лауазымдық өкілеттіліктерді теріс пайда­лану), 362 (Билікті немесе лауазымдық өкілет­тіліктерді асыра пайдалану), 365 (Заңды кәсіпкерлікке кедергі жасау) баптарына да тиісті түзетулер мен өзгерістер енгізілді. Мысалы, Қылмыстық кодекстің 361-бабында мүлікті жария ету процесінде алынған ақпаратты пайдалана отырып, аталмыш Заңда белгіленген қызметтік міндеттерді орындау кезінде жасалған іс-әрекеттер – мүлкін тәркілеумен, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойы айыра отырып, төрт жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатындығы нақты көрсетілген. Бұған қоса тиісті тәртіппен жүзеге асырылған жариялау объектісі кез-келген уақытта (болашақта да әртүрлі жағдайлармен қылмыстық іс қозғалған жағдайда)  дәлел ретінде қолға алынбайтын болғандықтан, сот шешімімен тәркілеуге де жатпайды. Осылайша, мүлікті жария етуші субъектілер бір ғана заң емес, бірнеше заңмен қорғалатыны жан-жақты қарас­тырылып отыр.

— Осы уақытқа дейін жеке табыс салығы жөнінде мемлекеттік кірістер органына декларация тапсырып келген кейбір мемлекеттік қызметшілердің ішінде өзіне тиесілі қаражаты мен мүлкін жасырып келген субъектілер де аз емес. Енді осы қолданыстығы Заң талаптарына сәйкес, мемлекеттік қызметтегі азаматтар өз мүлкі мен қаржысын жария еткен жағдайда, олардың жауапкершілікке тартылмауына қандай кепілдік бар?

— Сұрағыңыз өте орынды. Және де талай адамдардың көкейінде жүрген сауал десе де болады. Сондықтан да бұл сұраққа өзіміз сөз етіп отырған Заңның бесінші бабымен (осы заңмен ұсынылатын кепілдіктер) жауап берейік. Мысалы, осы баптың 1-пунктінің 3-тармақшасында былай деп көрсетілген: «Қазақстан Республикасы Заңдарына сәйкес жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны және (немесе) жеке тұлғаның кірістері және мүлкі туралы декларацияны, оның ішінде жұбайының (зайыбының)  тапсырмағаны немесе осындай декларация­лардағы мәліметтерді толық емес, анық емес түрде бергені, оның ішінде жұбайының (зайыбының) бергені үшін тәр­тіптік жауапкершіліктен босатылады». Міне, бұл мәселеде алаңдайтын негіз жоқ. Себебі, бәріне заң кепілдік беріп отыр.

— Мүлікті жария етуші кейбір субъектілер жүзеге асырылып жатқан акция барысында өз аттарының жария болмауын да қалайды. Осы орайда бұл шараның қанша­лықты құпиялылығы жөнінде айта кетсеңіз?

— Жария етуге байланысты кез-келген мәлімет салық­тық және банктік құпия болып табылады. Ол құпияны ешкім де үшінші жаққа таратуға құқылы емес. Ақпаратты тарату арқылы теріс әрекет жасаған адамдардың мәселесі  қылмыстық жауапкершілікпен қаралады. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 223- бабына төмендегідей өзгерістер енгізілді: «Мемлекеттік органдар лауазымды тұлғаларының, ұйымдар қызметкер­лерінің «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға, және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы»  Қазақстан Рес­публикасы Заңында белгіленген қызметтік міндеттерді орындау кезінде алған ақшамен және (немесе)өзге де мүлікпен жасалған операциялар туралы мәліметтер мен ақпаратты олардың заңсыз жария етуі немесе өзге де заңсыз пайдалануы – белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш  жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады». Міне, мүлікті жария етуге мүдделілік танытқан субъектілер үшін бұдан артық қандай жеңілдік пен кепілдік керек? Мұндай нормативтік-құқықтық акт алдағы жылдардың еншісінде тағы да қабылдана ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Сондықтан да өткенге кешіріммен қарап, болашаққа сеніммен қадам басуға мүмкіндік беретін заң актісінің беріп отырған жеңілдіктерін дер уақытында пайдалана білген абзал.

— Мысалы, қалалық жерлерде көп қабатты тұрғын үй­лердің маңында  қабаттасып тұрған гараждар аз емес. Көбісінің тиісті құжаттары да жоқ. Сондықтан да гараж иелері өздеріне тиесілі мүлікті «жария ету арқылы заңдастыруға бола ма?» деген сауалды көп қояды.

— Көп қабатты тұрғын үйлердің ауласында орна­ласқан гараждар мүлікті жариялау талаптарына сәйкес келмейді. Себебі, көп қабатты тұрғын үйлердің аула­сында гараж орналасқан жер халықтың ортақ негізде қолданылатын игілігіне жатады. Ал халықтың ортақ негізде қолданылатын жер көлемі жекешелендіру объектісі болып табылмайды. Субъект өзінің жеке меншік жерінде орналасқан гаражды немесе басқа да құрылыс объектісін ғана жария ете алады. Ол үшін тәуелсіз эксперттің субъектінің жария ететін мүлкі тиісті құрылыс талаптарына сай екендігін растайтын қоры­тындысы керек. Содан кейін барып тиісті құжаттар тізімі мүлікті жария ету комиссиясының қарауына беріледі. Комиссия өз шешімін отыз күн  ішінде жария етеді.

— Сіз мүлікті жария етудің ерекшеліктері мен жеңіл­діктеріне жан-жақты тоқталып өттіңіз. Осы орайда, табыс салығы бойынша декларацияда көрсетпей, өзіне тиесілі қаржы мен мүлікті жасырып қалған субъектілерге қарсы қолданылатын тиісті шаралар қарастырылған ба?

— Әрине. Кез-келген заң жеңілдік пен кепілдік берумен қоса, заң талаптарын орындамағаны үшін жауапкершлікке тарту мәселелерін де назардан тыс қалдырмайды. Мүлікті жария етуге байланысты біраз нормативті-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілгенін жоғарыда айтып өттім. Енді аталмыш заң талаптарын орындамағаны үшін қолданылатын шараларға қысқаша тоқталайын. Мысалы, Қазақстан Республикасы Әкімші­лік-құқық бұзу туралы кодексінің 275-бабының маз­мұны: «Салық салу объектілерін және салықтық есеп­тілікке жататын өзге де мүлікті жасыру» деген редак­цияда өзгерді. Сонымен қатар осы бап қосымша 3 және 4-тармақтармен толықтырылды. Онда былай деп көрсетілген: «Жеке тұлғаның Қазақстан Республика­сынан тысқары жерлерде меншік құқығындағы мүлкінің, сондай-ақ, Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі шетелдік банктердегі банктік шоттарында ақшасының болуы туралы Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жеке табыс салығы бойынша декларацияда көрсетілуге жататын мәліметтерді жеке табыс салығы бойынша декларацияда көрсетпеу жолы­мен жасыруы – екі жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөл­шерінде айыппұл салуға әкеліп соғады. Әкімшілік жаза қолданғаннан кейін бір жыл ішінде осы баптың үшінші бөлігінде белгіленген бұзушылықты жоймау – бес жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеліп соғады». Осы орайда, болашақта мүлкі мен қаржысын жасырған субъектінің жауапкершілігі қыл­мыстық іске қатысты қаралып жататын болса, айыпталу­шыға бұдан басқа да қатаң шаралар қолданылуы мүмкін екендігін еске сала кету артық емес деп ойлаймын.

— Әңгімеңізге рахмет.

 

Сұхбаттасқан  — Б.ОЙСА.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *