Өткен жылы 127 жазатайм оқиғалар орын алып, 17 адам қайтыс болыпты

Нұржамал  БАЙСАҚАЛ

 

Сейсенбі күні Алматы өңірлік коммуникациялар алаңында Алматы қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының басшысы Талғат  Разақов  Алматы қаласының кәсіпорындарында  ҚР Еңбек заңының сақталуы  жөнінде журналистермен баспасөз мәслихатын өткізді.  Басқарма басшысы Талғат Көшенұлы  журналистерге  еңбек, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру, сондай-ақ тарихи Отанына оралған қандастарымызға «Оралман мәртебесін беру» бойынша атқарылған жұмыстары жөнінде баяндады. Орыс тіліне жүйрік Талғат Көшенұлы қазақ тіліндегі ақпаратын ежіктеп  оқып шыққан болды. Жазған құлда жазық бар ма,  қазақтілді журналистер әйтеуір басқарма басшысының сол ежіктелген ақпаратынан  өткен жылы Алматыдағы кәсіпорындарда 127 жазатайым оқиға орын алып, соның салдарынан  17 адамның қайтыс болып, 41 адам ауыр жарақат, 76 адам жеңіл жарақаттар алғандығын  ұқты. Сонымен қатар,  басқарманың еңбек инспекторлары  азаматтардың еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған 827 тексеру жүргізіп, нәтижесінде 960  еңбек заңының бұзылғандығын анықтап, осы тексерулердің қорытындысы бойынша заңбұзушылықтарды жою туралы 483 нұсқаулық шығарылып, 331 лауазымды және заңды тұлғаға  58,2 миллион теңге көлемінде айыппұл салынып, әкімшілік жазаға тартылыпты. 481 қандас бауырларымыз «Оралман» мәртебесін алыпты.

Ал биылғы жылдың  осы кезеңіне дейін еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған 168 тексеру жүргізіліпті. Оның қорытындысы бойынша 193 заңбұзушылық анықталып, 84 нұсқаулық шығарылыпты.  Еңбек заңына қатысты заңбұзушылықтардың көбі  еңбекақыны  уақытылы төлемеу, еңбек демалысын дұрыс есептемеу немесе төлемеу, еңбек келісім-шартын жасамауға байланысты туындайтынын басқарма басшысы айтқан мәліметтерден байқауға болады.  Жұмыс күшін пайдаланғанмен, оған ақы төлеуді естен шығаратын басшылардан жұмысшылар  көп жағдайда еңбек  ақыларын  заңды түрде талап ете алмай жататын көрінеді.

– Жұмысшылар жұмысқа тұрғанмен, өздерінің құқықтарын білмегендіктен үнемі өз мүмкіндіктерінен ұтылып қалып жатады.  Жұмыс берушіден еңбекақы, жәрдемақы, еңбек демалысын талап ету үшін жұмыс беруші мен жұмысшы арасында арнайы келісім-шарт жасалуы тиіс,– дейді, басқарма басшысы. Осы жағдайларды ескерген еңбек инспекторлары еңбек заңнамасының нормаларын түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп  отырады.  Осы түсіндіру жұмыстары бойынша 1977 адамның қатысумен  42 кездесу ұйымдастырыпты. Биылдың өзінде еңбектік құқық ережелерін бұзғаны үшін 59 лауазымды және заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 13,4 миллион теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Ал жұмысшылардың еңбекақысын дер кезінде бермеген 42 заңды тұлғаға 4,8 миллион теңге көлемінде айыппұл салыныпты.  Осы бес ай ішінде қаламыздағы кәсіпорындарда 15 апаттық жағдай орын алып, 1 адам қайтыс болып, 10 адам ауыр жарақат алыпты.  Баяндамаға құлақ түре отырып,  мына бейбіт күнде жұмыс орнында опат болып, ауыр жарақат алып жатқан адамдардың саны артпаса азамай тұрғанын  байқауға болады. Бір жылда  жұмыс бабында жүрген 17 адамнан айырылу аз емес. Ал  жазатайым жазымдардың салдарынан мүгедек болып жатқандар қаншама?

Күні кеше ғана отбасын асырап отырған сол азаматтар қазір отбасын мүгедектігіне байланысты алатын мардымсыз жәрдемақымен асырауға мәжбүр. Жұмыс беруші тарапынан оларға ешқандай көмек көрсетілмейтіні бесенеден белгілі. Жұмыс орнында болатын  өлім-жітімнің себептері неде деген сауалға  жұмысшылардың техникалық қауіпсіздіктің дұрыс  сақталмауынан делінеді, ал сол техникалық қауіпсіздікті сақтауға оны жұмысшылардан талап етуге жұмыс беруші жауапты емес пе, ал біз болсақ,  көп жағдайда  енді қайтып дауласа алмайтын өлген адамды кінәлі етіп қоятынымыз бар.   Басқарма басшысы сөз ретінде  еңбек инспекторларының  өз бетінше тексерулер жүргізе алмайтындарын, тек  азаматтардан  шағым түскен жағдайда  ғана, онда да   прокуратураның  ұйғарымымен тексеру жүргізуге құқылы екендіктерін жасырмады.  2018 жылы  304 қандас бауырымызға  «Оралман» мәртебесі беріліпті.   Журналистер  тарапынан қойылған  заңсыз еңбек мигранттары, қоғамдық көлікте  заңсыз билет бақылаушысы болып жүрген тұлғаларға байланысты қойылған сауалдарға Талғат Көшенұлы  қаламыздағы 15 қалалық, 2 облыстық жолаушылар тасымалымен айналысатын автопарктерді тексеру барысында олардың штат кестесінде билет бақылаушы деген қызметтің жоқтығын айтты.

Ал заңсыз  еңбек етіп жүрген жұмысшылар анықталған жағдайда оларға және оларды заңсыз пайдаланған жұмыс беруші тұлғаларға тиісті көлемде айыппұл салынатындығын   айтып, кез-келген азаматтың өзінің еңбек құқын жетік білуі керектігін ескертті. Өз құқын білген адам ешқашан ешнәрседен ұтылмайды, – дейді еңбек құқының сақталуына жауапты басқарма басшысы Талғат Разақов мырза.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *