«Өткен күннің отына жылынып жүр дегейсің…»

Бірде «бауырым» деп, бірде «жаным» деп, шын жүрегімен елжіреп тұратын Ибрагим ағамның шынайы бейнесі көз алдымнан кетпейді. Ақын ағам бұл сөзді маған ғана айтпайтынын да жақсы білемін. Бірақ неге екенін қайдам, тек маған ғана айтатын сөзіндей қабылдаушы едім. Кеше ғана арамызда жүрген Ибрагим Исаның жарқын жүзін, мейірбан ықыласын әлі ешкім ұмыта қоймаған шығар.

Әнуарбек ӘУЕЛБЕК

Бұрыннан оқып-біліп өссек те, ол кісімен мен 80-жылдардың аяғында жақын араласа бастадым. Мен «Ле­ниншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде жұмыс істеп жүрген едім. Бір күні редакцияға келіп, біздің бөлмемізге де арнайы бас сұқты. Қасында ауылдан келген жылқышы досы бар. Ауылда аты шыққан, ең­бегі еленіп жүрген жылқышы жігітті газетте көрсетіп жіберу керек екен, сол шаруалармен келіпті. Бұл жұ­мысы бітті ме, бітпеді ме, ол жағы есім­де жоқ, жұмыс аяғы болып қалған еді, әй-шайға қарамастан:

– Кеттік, біздің үйге барып оты­райық, – деп, алды-артыма қаратпай үйіне ертіп барды.

Менің де ауылды сағынып жүрген кезім еді. Досы екеуі ауыл жайлы талай қызық әңгімені бастап келіп жіберді. Қараңғы түсе бастағанда үй­ге жеңгей де келіп, дұрыстап дас­тархан жасап, біраз уақыт отыры­сымызды қайта жалғастырғанымыз бар. Жылқышы жігіт біраз күндей боламын деп отырған еді, кейіннен онымен кездесе алмадым. Ал Ибра­гим аға екеуміз содан кейін жиі кездесіп жүрдік.

– Бір ауылдың баласымыз ғой, сен маған ұқсайсың, – деп, көбіне қолтықтап алушы еді.

– Мына өлеңді «Қазақ әдебие­тіне» берейін деп жүрмін, – деп, бір күні «Ірі-ірі қара әріп таппай жүрмін» деген өлеңін оқып берді. Бір-екі жұмадан кейін газетке шыққанын да көрдім. Бұл кезде Ибрагим аға «Сақ­шы» газетінде жұмыс істеп жүрген болатын. Екеуміз бірге барып, ақын, Бас редактор Базарбай Исаев аға­мызға кіріп, сәлем беріп шыққа­нымыз есімде.

– Бір-біріңді жоғалтпай жүріңдер, жігіттер! – деп, Базарбай аға да аға­лық ақылын айтты.

– Сен өзімсің ғой, – деп бас­тай­тын еді оңашада әңгімесін. Бір әңгі­месін айтып үлгереді, кейбіріне кел­генде, «Кейін асықпай айтып бере­мін» деп, ысырып қоюшы еді.

2012 жылдың күзінде Ибрагим аға­мен ойламаған жерде ауылда, Шиеліде кездестік. Аудан орталы­ғында «Алтын күз» мерекесі аталып өтіп жатыр екен, сол тойда бірге бол­дық. Ауылды сағынып барған болу керек: «Менің баратын жер­лерім көп еді», – деп, бөлектеу кетіп жүрді. Жалпы, ақын туралы сөз қозғағанда, оның өзі жайында емес, өлеңі туралы айтқың келіп тұратыны бар. Өйткені, өлең ақынның өз бейнесін көрсетеді. Қолыма ақынның «Хатқа жауабы» түсті.

 

…Бұл хатыңды алғасын,

бас көтерді БАҚЫТ деген

 жолдасым.

Бірақ, бірақ, мына мені, азап-қыз,

бақытты екен деп ойлауға асықпа.

Бақыт деген көзбен емес,

мен үшін

Дүрбіменен әзер көрер қашықта.

Иә, иә…

солай бұл.

Қуа-қуа бұлдыраған Бақытты,

өтіп кетті талай жыл.

Енді, міне, арамызға

айлар салып,

жыл салып,

тағы бір хат жүрегімді тұр шағып.

«Қалай», – депсің,

денсаулық па керегі?

Сұрамағың әлде ақынның өлеңі?

Бұл жағынан уайымдама,

әзірге,

екеуі де өмір сүріп келеді.

Бақыттан да жақын Үміт

досым бар,

сол өлгенде екеуі де өледі.

«Қалай, депсің, ауа райы қаланың»

Оның, оның,

сұрайтұғын несі бар,

Ауа райы көңіл күйі баланың.

Одан-дағы сұрамайсың сен неге

жүрегімнің ауа райын, қарағым!

деп келеді бұл өлеңі. Ибрагим ағаның өлеңдері де өзі сияқты, ешкімнің жазғанына ұқсамайды. Оқуға да жеңіл, өз-өзінен төгіліп тұрады. Оп-оңай нәрсені қолдан қиындатып, құрастырып жатпайды.

Ибрагим ағаның «Елге сәлемін» алыңызшы. Әннің өзі де керемет, әрине, дегенмен сөз көңіліңнің төріне бір-ақ шығатын сияқты. Дәл осылай қарапайым ғана етіп, елдің бәрі жаза салатындай көрінеді-ау! Бірақ ол үшін Ибрагим болып туу керек шығар…

«…Алматыға бұл күнде сыймай-ақ

 жүр дегейсің,

Туған жерін, достарын қимай-ақ

 жүр дегейсің.

Қалмағандай тірегі, шытынаған

 жүрегі,

Амал қанша, әйтеуір, қирамай

жүр дегейсің…

 

Алып ұшқан көңілі басылып жүр

 дегейсің,

Жүдегенін жанының жасырып жүр

 дегейсің.

Жылу іздеп іздерден, жапырақтай

 күз көрген,

Шаршаңқырап бұл күнде шашылып

 жүр дегейсің.

 

Сөзге ілініп себепсіз, сүрініп жүр

 дегейсің,

Шаршағаны түрінен білініп жүр

 дегейсің.

Жаңа өмірге ере алмай, болашаққа

 сене алмай,

Өткен күннің отына жылынып

 жүр дегейсің…», –

дейді ақын. Бұл әрі-беріден соң, жал­ғыздық жыры! Айналадағы қоғам ақынды құрметтегенмен, көбіне көзге ілмей қалып жататыны бар. Көңілі желдей есіп, бәрін құшағына қысып, жақсы көріп тұратын ақынға аз ғана көңіл бөлмей қоюдың өзі жетіп жа­тыр. Оның үстіне, Ибрагим аға кәдімгі бала мінезді, жас сәбидей, пәк жанды кісі еді ғой… Өз көңілін өзі жы­лытып, өмірдің бар ләззатын жыр­дан ғана іздеуге мәжбүр болып жатады.

Кейде ойлап отырсам, Ибрагим ағаның балаша қуанып, шын риза болған кезін өмірде бір-ақ рет көр­гендей боламын. Дүние жалғанмен қош айтысардың аз ғана алдында өткен «Студенттер сарайындағы» үл­кен шығармашылық кешінде қатты толқып, шын қуанып жүрді. Соның алдында ғана «Алматы ақшамының» редакциясына келіп, осындағы қыз-жігіттерге жолығып, біраз сұхбат құрып кеткен болатын.

– Жүрек болмай жүр, ота жаса­тып шықтым, – деді, аса көңіл бөлгісі келе бермейтіндей болып. «Ой өлше­мі» деген жыр кітабына: «Әнуар бауырым! Өмірде де, өлеңде де қатар жүрген азаматтық көңіліңе қашанда риза, сыйлас бауырым деп білем өзің­ді. Осы бір ыстық қатынасымыз жоғал­масын деп, ағаң – Ибрагим. 17.07.2014 ж.» деп, қолтаңба жазып берді.

«Мені бір адам ұмытпаса, сол сен шығарсың» деген сөзді ақын ағамның көзінен оқығандай болдым. Беу, дүние-ай десейші! Бәрін біліп тұрамыз, амал қанша…

Оқта-текте Ибрагим ағамның қол­таңбасын оқып қоямын. Өзі қасымда отырғандай болып тұрады. Ол ту­ра­лы көп айта беруге болады ғой, содан ба, не айтарыңды да білмейсің. Жұрт жетпіске келді деп жатыр, маған сол баяғы бала қал­пында, жас сәбидей пәк күйінде елестейді де тұрады.

Ақын туралы айтқаннан гөрі, оны оқыған оңай ма дейсің кейде. Мың­нан астам әнге сөз жазған ақын аға­мыз әнге айналған күйі аспанда қалықтап тұрып қалғандай көрінеді. Мен емес, мені қойшы – өзіңізбін ғой, ел ұмытпайды сізді, абзал аға!

«Алматы ақшамЫның» анықтамасы:

Ибрагим Исаев – 1949 жылы 7 қаңтарда Қызылорда облысына қарасты Сырдария ауданының Жетікөл ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің Журналистика факультетін сырттай оқып бітірген. Сыр­дария аудандық газетінде әдеби қызметкер, Қызылорда облыстық халық шығармашылығы үйінде нұсқаушы-әдіскер, Қазақстан Жазушылар одағының көркем әдебиетті насихаттау бюросында тілші-әдіскер, «Ара» журналында фельетоншы, «Жалын» альманағында редактор, «Сахна-Сцена» журналында бас редактор, «Сақшы – На страже» газетінде, «Арай» журналында бөлім меңгерушісі болып қызмет істеді. Өлеңдері бірқатар шет  ел тілдеріне аударылған.

Көптеген ән мәтіндерінің авторы. «Әнаға» атты ән альбомы шыққан. Коми ақыны И.Куратовтың, орыс ақыны Н.Рубцовтың өлеңдерін қазақша сөйлеткен. «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен мара­патталған.

Шығармалары: «Алтын сырға». (Өлеңдер. А., «Жазушы», 1974).  «Таң алдындағы ән». (Өлеңдер мен балладалар. А., «Жазушы», 1976). «Тербеледі қайыңдар». (Өлеңдер мен баллада. А., «Жалын», 1981).  «Жанымның жарығы». (Өлеңдер мен баллада. А., «Жазушы», 1983). «Ой өлшемі». (Жыр кітабы. А., «Нұрлы әлем», 2014).

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close