Тіршілік тіні

 Нұржамал ӘЛІШЕВА

«ЖҮЗ МЫҢ АЗ ҒОЙ…»

Дәу холдинг басшысымен сұхбаттасып отырмын.

Мекемеге 70 мың евро тұратын экска­ватор алған ғой. Соны жүргізетін маман таппапты. Алдына келетін өңкей өзге ұлттың өкілдері екен. Әлгі техниканы қазақтың бір баласы тізгіндесе ғой деп жүргенде, бір жігіт келіпті әйтеуір.

Оқу орнын енді ғана бітірген екен. Басшымен әңгімелесуден сәтті өткен.

– Айлығың 100 мың теңге болады, әзірге өз-өзіңді көрсет, – десе, әлгі бауырымыз:

– Аға-ау, 100 мыңға жұмыс істегенше, аяқты көтеріп қойып үйде жатпаймын ба?! – деген екен…

Осы холдинг басшысы 13 жасында, «плодоконсервный» зауытында жұмыс істейтін шешесіне жазғы уақытта көмек­тесуге барып, ең алғашқы жалақысына оқуға керекті құрал-жабдықтарын өзі тапқан көрінеді. Одан соң, жоғары оқу орнының 1-курсында оқып жүріп, екі ай автобус жүргізіпті.

Ал біз, көп ата-ана, баламыз бірден пәпкі ұстап шыға келсе ғой деп армандаймыз…

 

«ПӘПКІ»

– Пәтеріңді жалға берген құрысын! Келіп-кететін адамдар өз үйіндей көре ме?! Соңғы тұрған кісілер алқа-салқасын шығарып кетіпті. Ваннадан ақау шығып, тамшылап тұрып неше күн бойына су аққан, одан астымыздағы пәтерді бүлдіріп, екі кештің арасында шу болдық та қалдық. Сантехник келді де, он-он бес минут аялдады ма, жоқ па, 90 мың тең­гемізді қағып кетті. Менің бір айлық жалақым! Ұлдарыма айтып отырмын, бәрің бірдей  пәпкі ұстамай-ақ қойыңдаршы, осындайдың оқуын оқыңдар деп.

Әрине, бұл көршімнің ашумен айтқан сөзі. Әйтпесе, қай ата-ана баласының пәпкі ұстап жүргенін, жылы жерде отырғанын қаламайды дейсіз. «Болашақта пәпкі ұстап жүрсем» деп армандайтын бала да аз емес…

Дегенмен, жұмысшы мамандық­тарының мәртебесін көтеру керек!

 

БАҚЫТТЫ БОЛ!

Ауылда, бала күнімізде үлкен кісілерге «сәмбердік» деп амандасқанымызда, сәле­мімізді «бақытты бол» деп алатын әжелеріміз.

Жаңа автобуста, час-пиктің кезінде, бір бозбала иығымнан түртіп, «мында отырыңыз» деп орнын ұсынды.

– Бақытты бол! – деп жайғаса кеттім.

Әлгі баланың жүзі нұрланып сала берді. Тамағын кенеп жөткірініп те қойды. «Бақытты болдың» жылы әсер еткені. Өзім де ерекше бір сөз ойлап тапқандай қуанып қалдым. Әдетте қалалықтар «рақмет», «рақмет, айналайын­мен» шектеліп жатамыз ғой.

Біз де қартайып келеміз. Әдемі қартаюға жазсын!

 

БІРІНШІ «ЫЛ»

Мұғалім танысымды Білім күнімен құттықтадым.

– Мәссаған, биыл біздің мектепте 1 «Л» сыныбы бар ғой, – деп таңғалып тұр теле­фон­нан. – «Ыл» деп айтқанға тіліміз келмей жатыр.

Көбей, ҚАЗАҚ!

 

НАЙЗАҒАЙ

Аспанды бұлт торлап алды. Сосын лезде шатыр-шұтыр етіп найзағай ойнады. Екеуі сыртта ойнап жүрген-ді.

– Аспан жынданып жатыр! – деді үйге асыға-аптыға кірген кішкентай «Күміс қасығым».

Езу тарттым.

 

ҚЫЗ – ЖАНАШЫР

Мектепке дайындық. Базар аралауға шықтық. Алматының халқы түгел осы жерде ме дерсіз.

Киім-кешектен бөлек, тағы алатын ұсақ-түйегім тіпті көп, аяқты байлайды. Көп дүние көңілімнен шықпай, әбден шаршадым. Аяқ талып кетті. Балалар да шаршады.

Ұлым қабағы қайшыланып, «қисалаңдай» бастады, әрең жүр. «Қарным ашты; сок ішем; балмұздақ жеймін; жүгері әперші; неменеге қарай бересіз, барлық киім бірдей ғой; ала салайық та; қайтайықшы».

Ал қызымда үн жоқ қой. Мазаңды алмайды. Өзім сияқты, даладан, көшеден тамақ жемейді. Шөлдесе, сок емес, бала болса да су ішеді. Пайдалы дүниені біледі.

Ағасы бізден артта қалып қалса, есі шығып, жанұшыра кері бұрылып, іздеп келеді. Кіп-кішкентай болып оған қарайлап жүреді.

Балмұздақ сатып беріп едім, тәттіні жемейтінімді білсе де, «тым болмаса бір жалап дәмін көріңізші» деп өтінді.

– Әкеме тәпішке алуды ұмытпаңыз! – деп тағы бір еске салып қойды.

Үйге, есіктен кіре салып отағасыға ұлы туралы «арызымды» айтып жатырмын, айтып жатырмын. Оған қыңқ еткен ұл да, әке де жоқ

– Еркек қой, еркек менің құлыным! – деп көтермелеп қояды әуелі.

Одан сайын от алып:

– Осы, қазақ ұл туса, есі шыға қуанады. Сен де ешқашан дүкен араламайсың бізбен! Қызды көбірек туу керек, нағыз жанашыр солар! – дегенім сол еді, әкелерінің:

– Оһ, міне, міне, күшті айттың! Тағы бір қыз тушы, а?! – дегені.

Сендерге дауа жоқ екен деп, қолымдағы пакеттерімді еденге тастай салып, есік көзіне отыра кетіп, еріксіз күліп жібердім.

 

ОЙЫННЫҢ ЖАҢА ТҮРІ

Қызым оқитын 3 «а» сыныбы биыл үш қабатты жаңа ғимаратта оқуды бастады.

Кеше, Білім күнінде бала тұрмақ, ата-аналар адасып жүрдік бір-бірімізді таппай.

Бүгін қызым отыр:

– Анашым, бүгін біз күшті ойнадық! – деп, мәз өзі.

– Е-е, ол қандай ойын? – деп қызығу­шы­лық таныттым. Ойладым, бастауыш сынып болғасын, ұстаз сабақты ойын түрінде қызықты етіп өткізген болды ғой деп.

– Біз бүгін үзілісте адасып ойнадық, – дегені.

 

БАЛАМЫСЫҢ ДЕГЕН

– Қызым, сабаққа әлі ерте ғой, неге тым ерте киініп жатсың?

– Ерте бара берейінші, біз деген қоңы­рау соғылғанша шамалы шулай тұрамыз.

 

АЛТЫ ЖҮЗ ТЕҢГЕ

– Анашым, ертеңге 500 теңге беріңізші?

– 500 теңге жоқ, балам!

– Онда 600 теңге беріңіз.

– …

 

ЗИЯНЫ ЖОҚ ӨТІРІК

Ұлым мектеп сабақтарын әзірлеп болып, «ағылшынға» дайындалуға кірісті. Әп-сәтте шыж-быж бола қалды.

– Апай тест сұрақтарын берген бола­тын, сол жоқ, көрмедіңіз бе? – деп қойып, «осы сенен бір пәле келген жоқ па екен» дегендей, қағаздарға жақын кішкентай қарындасына көзін аларта бір қарап қойды.

Негізі, о пәле менен келген болатын. Бағана жазу үстелдерін жинастырып жүріп, шашылып жатқан біраз қағазды шығарып тастағанмын.

– Апайыңа айта сал, «анам байқамай тастап қойыпты» десең ұрыспайды, үл­кендерді түсінеді, – дедім.

– О-о-ой, қойыңызшы, жоғалтып алдым дей саламын.

– Е, неге? Өтірік айтасың ба сонда?

– Сізге ұят келмесін да…

 

ҰЯТ

Кешегі  курстастар кездесуіне шақы­рылған бір курстасымыз келмеді. Оның, негізі, қазіргі ұстанған жолы, көзқарасы бөлекше… бізбен отырғысы келмеген болар. Иә, әркімнің өз жолы бар, сон­дықтан ешкімге өкпеміз жоқ.

Шәй үстінде тағы хабарласып едік, телефон тұтқасын көтермеді.

КазГУ-де жүрген жолдарымызды еске алып, баяғы «комбинат питания», почта, дүкен, кинотеатр орындарын да көрдік. Ішіне кірдік. Бүгінде «Керемет» деген студенттер орталығына айналыпты.

Есіме бір оқиғаның түскені.

Қыз-жігіттер бірігіп киноға баратынбыз, әлгі «Кереметтің» орнындағы ғимаратқа. Бір күні эротический фильм екен бүгінгісі (қазір ойласам, ол тұста қайдағы эротический фильм деші) дегенді естіп, төрт қыз «ұлдардан бөлек барайық, ыңғайсыз ғой» деп шештік. «Ұрланып» кірсек, артқы орындықта отырған курс­тастарымыз Рақат пен Нұрхатты көзіміз шалып қалды. Жоғары курстың да жігіттері отыр екен. Әбден қысылып, ыңғай­сызданып, жан-жағымызға жалтақтай қарап, жарық тезірек өшсе екен деп дегбіріміз қашқаны да есімде.

Фильмнің аты және неден басталғаны қазір есімде жоқ, бірақ кино бастала салысымен фильмдегі қыз бен жігіт төсекте сүйісті ме екен, әйтеуір бірдеме. Содан әлгі төртеуіміз қып-қызыл болып, бес минут ішінде кинотеатрдан шығып жүре бердік қой. Ұялып. Менімше, сол кезде төрт қыз бір-бірімізден де ұялып жүрміз.

Бүгінгі күні де, орамалға тұмшаланып, белуардан сақал түсірмесек те, сол ұятымыз әлі өзімізде жүр!..

 

ҰЛ

Күні бойы табанымнан тозып, бір шаруа­лармен көп жүріп, шаршап отырған едім. Автобуста.

Бағдаршам түбіндегі, ақ жаулықты ана­сының шалғайындағы әлденені қақ­қылап, тазалап жатқан отыздар шама­сындағы ұлды көріп, сүйсінгенім-ай!

Жаным жадырап сала берді. Керемет көрініс енді ол! Оны тек көзбен көру керек!

Екеуі жетектесіп, ауылдан келгендері көрініп тұр. Қала көшесінде жүрмін деп сіресіп тұрған ұл жоқ, еңкейіп алып шешесінің етегіне жұққан әлденені алақанымен қаққылап жатыр, қаққыштап жатыр.

Баласы жақсы адамдар ешқашан қартай­майды! Қарашаңыраққа ие болатын ұлдар аман болсын!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *