ТІРЕСКЕНДІ ТІЗЕ БҮКТІРГЕН ТҮРКІЛЕРМІЗ!

Көшпенділердің өмірін өз көзіңізбен көресіз

Алатау ауданы аумағында орналасқан «Боралдай сақ қорғаны» археологиялық саябағында кешелі бері «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» атты халықаралық этнофестиваль өтуде.

 Әсел ДАҒЖАН

Фестиваль – көшпенді тұрмыс-салт, көшпелі елдің озық мәдениеті мен өнері, дала заңына бағынатын қоңыр тіршілік пен жыл мезгілдерімен санаса, табиғат аясында еркін ғұмыр кешкен нағыз қазақы өмірді көзбен көріп, қолмен ұстағысы келетін жандар үшін тамаша демалыс әрі рухани сергектік сыйлайды.

Екі күн бойына қала тұрғындары мен қонақтары бүркітші, шабандоз, көкпаршы және садақ атушылардың шеберліктеріне тәнті болып, батырлардың жекпе-жегін, желдей ескен ат үстінен жерден тиын алғандардың ептілігін, сондай-ақ, өзге де ұлттық ойын түрлерін тамашалап, ұлттық ас мәзірінен дәм тата алады. Фестиваль түркі халықтарының бай мұрасымен жақыннан танысуға тамаша мүмкіндік береді.

Ашық аспан астында өтіп жатқан этнофестивальге 18 елден 140-тан астам өкіл келген. Яғни Мажарстан, Моңғолия, Украина, Өзбекстан, Башқұртстан, Дағыстан, Саха, Тыва, Алтай Республикасы халқының өкілдері. Олардың әрқайсысы ұлттық киімдерін киіп, өздеріне тән ұлттық дәстүрімен келген.

– Біз Дағыстаннан келдік, мұндай фестивальге бірінші рет қатысуымыз. Ұлттық киімдерін киген қаншама этнос өкілдері жүр. Біздің құрамада 5 адам бар, қалған қатысушылармен садақ ату мен аламан бәйгеде сынға түсеміз, – деді дағыстандық қонақтар.

Фестиваль өтіп жатқан аумақтың табалдырығын аттаған сәттен бастап Алматы секілді алып мегаполистің бір бұрышына құдды бір дәулеті тасыған бай ауыл көшіп келгендей әсерге бөленесіз. Қара қазан мен самаурыннан шығып жатқан түтін иісі, киіз үйдің бір бұрышына жайғасып алған ұсталар мен шеберлер, белдесіп жүрген палуандар мен тазы жетектеген жас балалар, бәйге атын ерттеп мініп жатқан шабандоздарды көргенде, қаны қазақ кез-келген адамның әйтеуір бір жүрек тұсын шымыр еткізеді бұл көрініс. Шіркін, алыста қалған ауылымды сағындым деп жүрген жан болса, бұл нағыз баруға, көруге тұрарлық фестиваль.

Шара барысында Қазақстанның жеті дүркін, әлемнің екі дүркін чемпионы, Гиннестің рекордтар кітабына екі рет енген Сергей Цырульниковтың басқаруымен алыптар шоуы болады. Олар күреседі, шегені қолдарымен қағады, темірді майыстырады, кір көтереді. Алып күш иесі Сергей Цырульников шеберлік сынып­тарын өткізеді және көрермендер үшін арнайы жарыстар ұйымдастырады. Бұдан өзге, Андрош Бироның басқаруымен Мажарстаннан келген қонақтар әскери ат ойындарына қатысады, буряттық шаман Вэлигто Бадмаев ыстық тастар арқылы көз тиюден қор­ғайды. Башқұртстаннан келген садақ­шылар жаяу және ат үстінде тұрып «Мэргэн уксы» мергендік өнерлерін көр­сетеді. Қыр­ғыз­дың «Сал­буурун» ко­ман­дасы бүр­кітпен және тазы итпен аң аулау шеберлігін ұсынады.

Тақырыпқа орай айта ке­тейік, Елба­сының «Ұлы даланың жеті қы­ры» бағдар­лама­лық мақаласы аясында қаладағы Райым­бек батыр­дың мавзолейі ре­конструкцияланып, киелі орында мемо­риалды музей ке­шені ашылмақ. Бұ­лардан өзге, «Этно­ленд» этномәдени кешенін салу да жоспарланған.

Айта кетейік, фестивальге кіру тегін. Келушілерге ыңғайлы болу үшін сағат 8.00-ден 19.00-ге дейін арнайы автобус бағыттары ұйымдастырылған.  Олар мына төрт нүк­телер бойынша қаты­найды: Бай­тұрсынов/Абай, Н.Сац атындағы театр (Шаляпин көше­сі, 22), Алатау дәстүрлі өнер театры және Алматы-1 ТВ (авто­тұрақ). Жолақы құны – 150 теңге. Екі күн ішінде аталған фести­вальға 20 мыңнан астам адам келеді деп жоспарланған.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *