ТИМУР

Жанболат АУПБАЕВ

Уақыт, замана дейміз. Тір­ші­­ліктің көзі оның да өз ағысымен жүріп-жүріп келіп, бір бұлқынып қалатын кезі болады. Өн бойынан жаңғыру лебі сезіліп, жаңару үрдісіне бастайтын мұндай құбылысты тарих тілінде сілкіну сәті деп атайды. Сондай уақытта ғой, тұлғалардың туып, жұлдыздар шоғырының жарқ етіп жана­тыны.

Қазақ елі үшін міне, осын­дай бір кез ХХ ғасырдың 60-жылдары болған сияқты. Олай дейтініміз, сол уақыт бедерінде туған республикамыздың руха­ни, мәдени және басқа да өмі­рінде айдарынан жел ескен небір дүлдүлдер одақтық аре­наға түйдек-түйдегімен шығып, өздерінің ғажап қабілеттерімен жұртты таңғалдырып жатты. Оған әдебиеттегі құбылыс Ол­жас Сүлейменовті айтпағанда, ғылымдағы ядролық физика білгірі Жабағы Тәкібаевты сөз етпегенде, графикадағы қыл­қалам шебері Мақым Қисаме­ди­новті былай қойғанда, сол кездегі төл спортымыздың өзі­нен қаншама саңлақтар сара­ланып шықты десеңізші! Еске түсірейік, олар: спринттік қа­шық­тықтағы желаяқ – Ғұсман Қосанов, гүрзі жұдырықты бокс­шы Әбдісалан Нұрма­ханов, түйе балуан Әбілсейіт Айханов, атақты футболшы Тимур Сегізбаев, волейболшы Октябрь Жарылғапов, шахмат­шы Аида Мүсілімова, конькиші Ораз Қаңлыбаев және альпи­нист Сырым Күдерин еді.

Иә, бұлар сол кездегі жас ұрпақ, біздің бойтұмарымыз болатын. Мақтанышымыз, ке­рек десеңіз, темір-қазы­ғымыз әрі ұранымыз да еді олар. Сол себептен де осы саңлақтарға еліктеп өсіп, ержеттік, бой түзедік. Солардың ішінде, әсі­ресе, атақты футболшы Тимур Сегізбаевқа деген құрметіміз ерекше-тін. Өйткені, ауылдық жердегі кез-келген қазақ бала­сының доп теппейтіні, футбол­ды ардақтамайтыны аз еді. Сондықтан да ол бізге етене жақын болды. Бәріміз де оны ерекше құрмет тұтып, есімін жүрегімізге жаттап өстік.

Сол Тимур Сегізбаев қазір қайда? Не істеп жүр? Өзі көп­тен бері газет-журнал бетте­рінен көрінбей кетті, оның себе­бі неде? Ардақты азамат бүгінгі заман мен қоғам, отан­дық футбол туралы не ойлай­ды? Міне, осы және осыдан басқа да сұрақтарға жауап алу үшін біз Тимур Санжарұлын іздеп тауып, онымен әңгіме­лескен едік.

– Тимур аға, сіз бен біз әңгі­мемізді, ең алдымен, небәрі үш-ақ әріптен тұратын «доп» деген сөзден бастап көрсек. Өйткені, ол кейін өзіңіздің өміріңіздің мәні мен мұратына айналған, сөйтіп есіміңізді бүкіл елге мәшһүр етуге негіз қалаған ұғым болды ғой. Ендеше, осы сиқырлы сөз тұң­ғыш рет сіздің санаңызда қа­лай, қашан қалыптасты? Допқа үйірсектік танытып, футбол әлеміне қарай қадам басуға не нәрсе себеп болды деп ойлай­сыз?

– Шынымды айтайын, әкем Сан­жар Бақтыбайұлы заң қызметкері болғандықтан ба, әйтеуір ерекше тәртіптің адамы еді. Әрине, балалары біздер үшін оқу, білім дегенде ол кісі ештеңесін аямайтын. Бірақ асық атып, доп қуу сияқты елтең-селтең ойынға жаны қас еді. Бұл біздің Есік селосында тұрған кездегі жағдайымыз. Ал 1949 жылы Алматыға көшіп келген соң мынадай оқиға болды.

Күз кезі-тін. Екінші класта оқимын. Мектептен қайтып келе жатып, трамвай ішінде Боря Калганов деген баламен танысып қалдым. Шүйіркелесе келе ол маған өзінің де біздің Пчеловодная орамында тұра­ты­нын, сонда көше балалары­нан жасақталған «Ястреб» атты футбол командасының бар екенін айтты. Сөйтті де: «Бүгін Кіші станицадағы «Казаки разбойники» командасымен кездесетін едік. Бір ойын­шы­мыз жетпей тұр. Бармай қалсақ қарсыластарымыздың: «олар бізден қорықты», – деген маза­ғына ұшырайтынымыз анық. Келсең қайтеді. Құдай біледі, сен доп тебе алатын баласың. Мен біліп, сезіп тұрмын. Жү­рек­сінбе. Жүр!», – деп жел­піл­детті.

Мына сөзді естігенде деле­бем қозып, Боряның артынан қалай ергенімді, ескі Верный бекінісінің маңайындағы Зем­ляной вал иініне келіп, ондағы «Ястреб» көше командасының балаларына не себептен қосы­лып кеткенімді өзім де сезбей қалдым. Жә… Ойнап жүріп байқаймын, жиі-жиі алданып қала беретінім болмаса, басқа­лардан жылдамдау сияқтымын. Осы ұшқырлықпен қарсылас­тар қақпасы маңайына екі-үш барып қайтқаным есімде. Ақ тер, көк тер боп шапқылап жүрміз. Бірақ екі жақтан да есеп ашылар емес. Бір мезетте өзіне бағытталған допты қағып алған «Казаки разбойники» командасы қақпашысының үстіне зырқырай жүгіріп келе жатқан үш-төрт бала екпі­німізді тоқтата алмаған күйі апыр-топыр құлап түспесіміз бар ма. Міне, осы сәтте ешкім күтпеген оқиға болды. Қақпа­шы өзінің үстін басып қалған балалардың астынан тырбаңдап шыға алмай жатыр. Ал оның қолынан ұшып кеткен доп жерге құйымшағыммен құлаған менің алдыма келіп топ ете түсті. Дереу тақымымды қыса қойдым. Сөйттім де, бұтымның арасындағы «тұтқындалған» доппен бірге екі метрдей жер­дегі ашық қалған қақпаға ыш­қына атылдым. Алаң у-шу. Қарсы жақ: «Екі аяқтың ара­сына қыстырып алып, қақпаға кіргізілген доп голға есепте­лінбейді», – деп өзеурейді. Біз­дікілер: «Жоқ. Қалай ойнасаң, олай ойна, тек қолмен қағып кіргізілмеген доптан басқаның бәрі голға жатқызылады», – деп екіленеді. Кесімді сөзді ойынға төрешілік етіп жүрген сол кездегі Алматы физкультура техникумының студенті, осы Кіші станицаның тумасы бұйра бас орыс жігіті айтты. «Бала­лар, – деді ол, – футболда қақпаға баспен соғып, кеудемен итеріп кіргізілетін доптар да бар ғой. Ал олар есепке алын­ғанда, екі аяқпен қысып алып орындалған мына голдың не жазығы бар? Қайта бұл тапқыр­лық. Сондықтан да көп сөзді қойып, ойынды алаң ортасынан бастаңдар», – деді төреші.

Әңгіменің тоқетері, сол күнгі ойын 1:0 есебімен біздің пайдамызға шешілді. Жеңіске жеткізген жалғыз голдың иесі менің болғаныма елден ерек қуанған Боря Калгановта ес жоқ. Өйткені, сол ғой мені тауып, мұнда ертіп әкелген. Сондықтан да аңқылдай келіп, арқамнан қағады. Құшақтайды. Күле береді. Қойшы, содан не керек, қайтарымда «Ястреб» командасының мүшелері мені қолдарына қақпақылдай көтеріп отырып, үйге дейін әндете әкеліп салды.

Доп атты сиқырлы өнермен өз басым ең алғаш рет міне, осылай танысып, табыс­қан­мын, бауырым. Жоғарыдағы оқиға бәлкім, менің өмірбая­ным­дағы кездейсоқтық болар. Мүмкін үлкен футбол әлеміне негіз қалаған алғашқы баспал­дақ шығар. Білмеймін… Білеті­нім, осыдан кейінгі көше, мек­теп, одан қалалық жарыстағы командалар арасындағы бәсе­келердің бәрінің менсіз өтпей­тін болғандығы еді.

– Адамның ең бір бақытты кезі оның балалық шағы ғой. Бұл уақытта ол көп ештеңені ойламайды, өмірді кіршіксіз таза қалпында қабылдап, өзін қор­шаған ортадағы жағдаяттың бәрін мөлдір, пәк деп ұғады. Және бір ғажабы, көбіміз есейе келе осы бергі өмірдегі біраз жайларды жадымызға сақтай алмай, сана­мыздан шығарып алып жатсақ та балалық шақ­тағы көрген-білгенімізді еш уа­қытта, ешқа­шан да ұмытпай­тын­дығымыз. Осы тұрғыдан алып қарағанда, 50-жылдардың ұланы сіздің есіңізде сол уақыт­та өшпестей боп жатта­лып қалған қандай жәйт және өзіңізді таңғал­дырған не нәрсе еді деп ойлайсыз?

– Ондай нәрселер көп.., өте көп болды деп айта аламын. Соның алғаш­қысы, мәселен, 1952 жылы Алматыдағы өзім көзбен анық көрген ғажайып дер едім. 11-12 жастағы кезіміз ғой. Құрдас­тарым Жәнібек Сауранбаев, Диас Омаров бастаған бір топ бала мектептегі сабақтан кейін 28 панфиловшылар паркінің спорт алаңына келеміз. Сөй­теміз де осындағы Октябрь Жарылға­повтың волейболшылар командасының тордан қиыс кеткен доптарын әкеліп беруге қолғабыс тигіземіз. Сондай сәттердің бірінде кенет менің көзім көрші алаңдағы өтіп жатқан баскет­болшылар бәсекесіне, олардың арасын­дағы бойы сұмдық ұзын, денесі де өте зор жігітке түсті. Ол басқалар сияқты алаөкпе боп көп жүгірмейді. Қарсылас­тар жағының шебіне өтіп алып, ыңғай­лы сәтті күтіп тұрады да қояды. Серік­терінің ебін тауып өзіне қарай лақтыр­ған добын көрсе, оны иілмей не секір­мей-ақ қағып алып, төменге үңілгендей кейіппен шығыршыққа тастай салады. «Бұл кім?» дейміз аң-таң болып. Сөйт­сек, ол бойы 2 метр 33 сантиметр Уәйіс Ақтаев деген феномен екен. Кейін сұрас­тырып білсек, тұрқы жағынан өте ерек бұл баскетболшы сол кездегі КСРО көлемінде ғана емес, бүкіл әлем­дегі ең биік ойыншының бірі екен. Ал сол ғажайып жан – қайталанбас құбы­лыс иесін қазір кім біледі? Ешкім де. Егер Алматының көнекөз тұрғында­рынан сұрастырып, архивтерден суретін іздес­ті­ріп тапса, сол Уәйіс газетке жазатын жақсы-ақ тақырып болар еді, шіркін!

Бала кезімдегі екінші бір ұмытылмас оқиға ол – совет футболының атасы деуге болатын ұлы адам – Николай Пет­рович Старостинді көріп, әңгімесін тың­дауым дер едім. 1919–1936 жылдары Мәскеудің «Красная Пресня», «Дукат», «Спартак» командаларында өнер көрсе­тіп, жанкүйерлердің шексіз сүйіспен­шілігіне бөленген, содан соң білгір бапкер атанған бұл кісі Ұлы Отан соғы­сынан кейін үкіметке сенімсіз адам ретінде жер аударылып, 1951–1955 жылдары Алматыда тұрды. Көзінде мұң болғанымен, шымыр денелі, шалқақ кең кеуделі осы бір жан қасынан өтіп бара жатқан кез-келген адамның назарын өзіне аудартпай қоймайтын. Сол кездері елулерді алқымдап қалған Николай Петровичтің итті өте жақсы көретінін байқайтынбыз. Күн сайын кешкілік тайыншадай ағылшын тұқымды ала төбетті жетектеген оны Коммунистік прос­пектідегі қазіргі Амангелді ескерт­кіші тұрған скверден жиі көруге бола­тын. Бір жолы Николай Петровичті сырттай бақылап жүрген біздер қанша жүрексінсек те батылымыз жетіп, атақ­ты футболшыға шұрқырай сәлем бергеніміз бар. Бұған қатты риза болған ол кісі жөн сұрасып танысқан соң ал кеп әңгіме тиегін ағытты дейсің. Аты аңызға айналған адамның сондағы бір ұлағатты сөзі әлі есімде.

– Футбол адамды өзіне баурап тартатын эмоциялық әсері мен қасиеті жағынан өнер әлеміне өте жақын нәрсе, – деген Николай Петрович бізге ойлана қарап. – Көз алдарыңа елестетіп көрің­дерші, мықты актерлердің қимылы, мимикасы сахнада ешқашан да екінші рет қайталанбайды ғой. Ендеше, нағыз шебер, саңлақ ойыншы да, міне, солай болуға тиіс. Егер шабуылшының бір әдісі алаңда қайталана берсе, қарсылас­тары оны біліп алады да келесі сәтте сол тәсілді өзіне кері қолданып, оның адымын аштырмай қояды. Сондықтан балалар, футбол деген үнемі ізденістен тұратын творчестволық өнер. Оған әманда жаңашылдық тән. Оны аяқпен ғана емес, баспен де ойлап ойнай білу керек. Осыны ұмытпағайсыңдар.

Қазір мен атақты футболшы Нико­лай Старостин жоғарыдағы ғажап, ойлы сөздерді оң-солымызды танып үлгерме­ген біздерге неге айтты екен деп жиі ойға қаламын. Иә, атағынан ат үркетін аяқдоп тарланының құйтақандай бала­ларды ересектерге балап, бүкпесіз әңгі­ме шертуінде қандай сыр бар? Мүмкін, сол кезде ол кісі басына іс түскен қиын шақта өзі пана тапқан Қазақстанда, оның астанасы Алматыда футбол атты құдіретті спорт түрінің көп кешікпей дүркірей өркен жаятынына, ал жанында тұрған мына қарасирақтардың сол өнердің алғашқы қарлығаштары бола­ты­нына сенген шығар. Иә, солай.

– Енді сіз бен біз мына сауалға жауап іздеп көрсек. Егер Тимур Сегіз­баев өзінің өмірлік мұраты – футболға деген құштарлығын бастапқы, яғни алғашқы әңгімеде айтылғандай кездей­соқ жағдайда ашып, таппаған болса, онда ол тағы кім болуы мүмкін еді? Кейін есейіп, ақыл тоқтатқан кезде осыны өзіңіз бір сәтке де болса есіңізге алып, ой сарабына салып көрдіңіз бе?

– Жоқ, қалай болғанда да бәрібір мен бұл кәсіптен ешқайда кетпес едім. Ол дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Әрине, егер сіз: «Жас кезіңізде бойы­ңыз­дан тағы қандай қабілеттің ұшқыны байқалушы еді?» – деп сұрасаңыз, онда бұл енді мүлде басқа әңгіме. Олай дейтінім, нендей ерекшелігімді ескер­генін білмеймін, 1954 жылы жетінші класта оқып жүргенімде маған кино­режиссер Шәкен Аймановтың көзі түскені бар. Ол кезде «Қазақфильм» киностудиясы біздің №33 мектепке қара­ма-қарсы орналасқан болатын. Комсомол және 8 март көшелерінің қиылысындағы оның кең ауласы доп қуған балалардан босамаушы еді. Бір күні сол жерде жүрген мені Шәкен аға: «Міне, киноға қажет бас кейіпкерді таптым!» – деп шап беріп ұстап алды да, ішке жетелей жөнелді. Ол кісінің айтуына қарағанда таяуда «Қанатты сыйлық» атты фильм түсірілмекші екен. Сондағы бас кейіпкер – жас ұланның рөлін мен ойнауым керек болып шық­ты. Көп кешікпей оқиғасы биік шың­дағы жартасқа салған бүркіттің ұясына қиындықпен өрмелеп шығып, одан қыран балапанын алып түсетін құсбе­гінің баласы туралы осы кинолентаға дайындық басталып кеп кетті дейсің. Түрлі сынақтардың бәрінен өтіп, кино түсірілетін Тянь-Шань тауларына енді аттанайық деп тұрғанымызда біздің республикалық жасөспірімдер коман­дасының Фрунзедегі Бүкілодақтық жарысқа қатысатыны туралы хабар келді. Алдымда екі түрлі таңдау тұрды. Оның бірі кино да, екіншісі – футбол. Мен соңғы жолды қаладым. Сөйттім де, Фрунзеге тартып тұрдым. Ал «Қанатты сыйлыққа» келсек, ондағы маған бекі­тілген құсбегі баласының рөлін класта­сым Аман Әміреев ойнап шықты. Және ойнағанда қандай, өте жақсы орындады деп батыл айта аламын.

Жастық шақтағы бойымда байқалған тағы бір қабілет ол менің гимнастикаға деген бейімділігім еді. Мұны ең алғаш көріп білген өзім оқитын №33 мектеп­тегі дене тәрбиесінің мұғалімі Сыздықов ағай болатын. Спорттың бұл түрімен айналысуымды осы ұстазымнан да кем қаламаған кластасым Олег Тен дер едім. Кейін КСРО спорт шебері, Қазақстан­ның бірнеше дүркін чемпионы атанған атақты атлет ол бірде өзіміз жаттығып жүрген Бәрібаев көшесіндегі физкуль­тура техникумының спорт залында тұрып: «Міне, көрдің бе? – деді. – Мен турникте «күн» жасауды жарты жылда әзер үйрендім. Ал сен болсаң, Тимур, мұны екі жаттығудан соң-ақ меңгеріп кеттің. Білесің бе, сенен өте күшті гимнаст шығады!».

Турниктің белтемірін қос қолыңмен ұстап тұрып, бар денеңмен бүкіл кеңіс­тікте қалықтай шыр айналатын «күн» әдісін жасау оңай емес. Ол от алған ұшақтың пропеллері сияқты зырылда­ған тынымсыз қимыл. Міне, сондай сәтте саусақтарың сәл сусып кетсе… біт­кенің. Жазым боласың. Екінші разрядты гимнастар ғана орындай алатын осындай жаттығуды сегізінші класс оқушысы менің бірден меңгеріп кетуім көп ұзамай физкультура техни­ку­мы оқытушыларының құлағына да жетіпті. Спорт залына іздеп келіп қимы­лымды көрген мамандардың ішінен жата кеп жабысқан жанның бірі Жәнібек Қуанышбаев атты оқытушы болды (бұл кісі атақты актер Қаллеке – Қалибек Қуанышбаев ағамыздың ұлы еді. Ол спорттық гимнастикадан қазақ жаста­рының арасынан шыққан алғашқы КСРО спорт шебері-тін. 60-жылдары жоғары оқу орны болып қайта құрылған Қазақ физкультура институтында жемісті жұмыс істеп, кейін Мәскеуге ауысты. Сонда педагогика ғылымдары­ның кандидаты атағын алып, зейнетке шықты). Міне, сол Жәнібек аға менің әрбір жаттығуыма ерінбей келіп көріп жүріп, бір айдан кейін: «Жақсы гимнаст боласың, Тимур. Әрі кетсе екі жылда спорт шебері атанбасаң қолыңды әкел!» – деді. Алайда, мен бұл салаға да түп­кілікті бет бұра алмадым. Оған «кінәлі» тағы да өзім мүшесі болып табылатын республикалық жасөспірімдер команда­сының 1956–1958 жылдардағы Орта Азия мен Прибалтика елдерінде өткізіл­ген футбол турнирлері еді. Қысқасын айтқанда, қол босамады. Уақыт жетпеді. Сөйтіп…

– Түсінікті. Енді біз әңгімемізді атақты «Қайрат» командасына қарай бұрсақ. Бұл ұжымның 50–60-жылдар­дағы жағдайы қандай еді? Сіз оған қашан, қалай қабылдандыңыз?

– Әу баста «Алматы» деп құрылып, одан кейін «Динамо» атауына ие болған бұл команда 1932–1953 жылдар аралы­ғында аймақтық, Бүкілодақтық футбол чемпионаттарында ала-құла ойнап жүрді. Оның 1954 жылғы «Локомотив», 1955 жылғы «Урожай» деген аттары да ел есінде шығар деп ойлаймын. Сөйткен кәсіби ұжым 1956 жылы «Қайрат» атты қуатты сөзді иеленіп, еліміздің «Б» кла­сындағы азулы командалардың қатары­нан көріне бастады. Оның бұлайша тез күшеюі республикалық физкультура және спорт комитетіне төраға болып Кәркен Ахметовтің келіп, ұжым құра­мын талантты жастармен толықтыруға ерекше назар аударуымен тығыз байла­нысты болатын.

– Жасырмай айтыңызшы, команда­ның сол кездегі ұлттық құрамы қандай еді?

– Бәрі дерлік славян тектестер болатын.

– Сонда сіз негізгі құрамға алынған 1960 жылға дейін «Қайратта» бірде-бір қазақ жігіті ойнамаған ба?

– Неге ойнамасын. Ойнаған. Тарих үшін айтайын, 50-жылдардың өн бойында мұнда Болат Ищанов, Болат Бисопанов, Кеңес Төлемісов және Болат Артықов секілді қандастарымыз болған. Бірақ 1958 жылы мен аталмыш команданың қосалқы құрамына алғаш рет дайындыққа шақырылғанымда, олар­дың жасы келіп «Қайратпен» қош­таса бастаған екен. Ал 1960 жылы коман­даға негізгі ойыншы болып кел­генімде, осындағы 22 жігіттің ішіндегі жалғыз қазақ болғаным және рас. Кейін ғой, Диас Омаров пен Сайлаубек Есім­бековтің қатарға қосылып, қандастары­мыздың қарасын көбейткені.

Жә… Әңгіме тақырыбынан сәл ауыт­қып кеттік-ау деймін… Ойымды қайта сабақтайын. Жалпы, менің «Қай­ратқа» алынуыма ерекше еңбек сіңірген адам ол республикалық физкультура және спорт комитетінің төрағасы Кәр­кен аға Ахметов. Міне, сол кісі кейін естіп білуімше, команда басшыла­рының бұлталақтаған бюрократтық сылтауларының бәрінің басына су құяды да, оларды құлақтарынан басып отырып көндіріп, физкультура инсти­ту­тының ректоры Хамза Мұхамед­жановтан 2-курста оқып жүрген мені сабаққа еркін қатыстыру тәртібі арқы­лы «Қайратқа» жіберілуімді өтінеді. Хамза ағай ғажап адам еді. Ақылын айтып, сәт сапар тілей шығарып салды. Команданың жаттығу базасына қарай тартайын. Мұнда келсем, өзім бұрын­нан білетін Сергей Квочкиннен басқа­сының бәрі бейтаныс адамдар. Олар: Красноярскіден шақырылған Олег Мальцев, Ангарскіден келген Вадим Сте­панов, барнаулдық Станислав Каминский, свердловскілік Владимир Скулкин және басқалар екен. Тез танысып, достасып кеттік. Сөйттік те жан алып, жан беріскен жаттығуға кірістік.

Сол жылы «Қайрат» «А» класының бірінші тобында өнер көрсететін болды. Бұл тек біздер ғана емес, республика­мыздағы мыңдаған жанкүйерлер үшін де үлкен қуаныш еді. Алғашқы матчты сырт алаңда, Ленинградтың «Адмирал­теец» командасымен өткізіп, 0:0 есебі­мен тең түстік те, 12 мамыр күні «Бела­русь­пен» кездесу үшін Минскіге келдік. Бұл менің негізгі құраммен алаңға тұңғыш шығуым болатын. Жүрек лүп-лүп соғады. Кеудемде: «Шіркін-ай, осы ойында гол соғып, менен көп үміт күткен мықты қазақ Кәркен Ахметов ағаны бір қуантсам», – деген ақ адал арман бар. Ғажабы сол, Құдай адамның шын ниетпен тілеген тілеуін береді екен. Олай дейтінім, мен осы матчта гол соқтым. Біреу емес… Екеу!

Ойын аяқталғанда байқағаным, қарсыластардың қақпашысы Денисенко маған қайта-қайта қарап, басын шайқай береді. Шамасы өзі жіберіп алған қос допты елеусіздеу ғана жүрген мына кішкентай «монголоидтың» соққанына сенбейтін сияқты. Ал менің көз алдыма сол сәтте мүлде басқа нәрсе келді. Ол осыдан тура 11 жыл бұрынғы жағдай: Алматы… Ескі Верный бекінісіндегі алаң… «Ястреб» пен «Казаки разбой­ники» көше командаларының кездесуі… Сондағы мен соққан тұңғыш гол… Енді, міне, атақты «Қайраттың» сапында алаңға алғаш рет шығып, тағы да алғаш­қы доптың иесі атанып тұрмын. Қандай ұқсастық десеңізші! Ұқсастық болғанда да өте керемет, көп қайталана бермейтін ғажап ұқсастық.

– Тимур аға, білесіз бе, кезінде жұрт аузында сіздің осы «Қайратта» ойнап жүрген кезіңізден қалған ертегіге бергі­сіз екі әңгіме болды. Оның біріншісі, біздің команданың Мәскеудің азуын айға білеген атақты «Спартагын» өз алаңында бет қаратпай жеңудегі ерен еңбегіңіз. Ал екіншісі,.. иә, екіншісі: «Тимур Сегізбаев­тың аяқ күшінің тегеу­ріні сұмдық екен. Егер ол допты оң аяғымен тебетін болса, қарсы алдын­дағы қорғаушы, не қақпашы тіл тартпай кетуі кәдік дейді. Сондық­тан төрешілер оның бұл аяғымен гол соғуына рұқсат жоқ деп оған қызыл шүберек байлап қояды екен де, допты тек сол аяғымен тепкізеді-міс», – деген сол кездегі Алма­тыға барып келген ауыл адамдары арасындағы аңыз. Қазір біз, әрине, мұның ел, халық сүйіспеншілігінен туған әсірелеу екенін жақсы білеміз. Десек те…

– Ойыңызды түсіндім. Алдымен «Спартак» туралы айтайын. Ол – шын­дық. Оқиға 1964 жылғы 6 қыркүйекте болды. Соның алдында, яғни бұдан бес ай шамасы бұрын біз олардан өз ала­ңымызда 1:0 есебімен жеңіліп қалған­быз. Ол кезде «Спартактың» құрамында КСРО құрама командасының белді мүше­лері Игорь Нетто, Николай Осянин, Ғалымжан Хұсайынов сияқты атақты футболшылар ойнайтындықтан бұл ұжым «Қайратқа» оңай шағылатын жаңғақ емес-ті. Оның үстіне қарсылас­тарымыз бізді өз алаңында қабылдап отыр ғой. Бірақ соған қарамастан матч алдында менің бойымда өзім түсінбеген бір желпініс пайда болды. Байқаймын, ойын кезінде де қимылым өте жеңіл. Алдымда алынбайтын қамал, аспайтын асу жоқ сияқты. Алаңда қанша жүгір­сем де шаршау дегенді білмеймін. Қар­сыластарыммен бетпе-бет келген жеке бәсекелерде де мерейім үстем, олардан допты оп-оңай алдап алып кетіп, «Спартак» ойыншыларын жиі-жиі жер соқтырамын.

Обалы не керек, қорғаныста менімен бірге жүрген Леонид Остроушко мен Станислав Каминский де матч бастал­ғаннан-ақ жандарын сала қимылдады. Тізе қосып серіктескен біз жиі-жиі айып алаңына өтіп, алдымыздағы Анатолий Ченцов пен Сергей Квочкинге қайта-қайта пас береміз. Бірақ олардың тепкен доптары бірде бағанаға тисе, екіншісінде қақпаны жанап қана өтіп, жүйкемізді әбден жүн қылды. Ашуға ерік берсең, өзіңе зиян. Сондықтан шыдау керек, басқа амалды қарастыру қажет.

Бір мезетте байқадым, «Спартак­тың» қақпасында тұрған Владимир Ли­сицын алаңның ортасындағы шабуыл­дың қара жұмысын атқарып жүрген менен онша қауіп күтпейтін сияқты әсер қалдырды. Осыны сезген мен енді қулыққа көштім. Аяғыма доп тиген бір мезетте сол қанаттағы Сергей Квочкин жаққа алаңдай бердім. Ол да менен пас дәметкендей сыңай танытып, жанын­дағы қорғаушылардан қашты-ай дейсің. Ал менің бар назарым Лисицында. Қақпашы мені Сергейге доп тастайды деп ойлады ма, сол қанатқа қарай үш-төрт қадам жасағанда, оң жақ бұрыш ашық қалды. Қатты соқтым. Зымыраған доп тордан бір-ақ шықты. Стадион дүр ете түсті. Қуанғанымнан жерге отыра кеттім. Жүгіріп жеткен достарым арқам­нан бір-бір қағып, жанымнан ойқастай өтіп жатыр. Трибунада ысқырық… Айқай-шу құлақты тұндырады.

Бірінші тайм осымен бітті. Үзілістен соң мен шабуылшы Сергей Квочкиннің орнына алғы шепке шықтым. Қорғаны­сымыздан саңлау таппақшы болған алаң иелері енді аяқтарына доп тисе болды, бір-біріне өте дәл пас беріп өлермен­дікпен алға ұмтылады дейсің. Бірақ сол жылдары спорт мамандарының ара­сында «Қайраттың» бетоны» деп аталып кеткен Вадим Степанов бастаған жігіт­теріміздің тас қамал қорғанысы «Спар­так» сайыпқырандарына былқ етпеді. Алғы шептегі біз де допты іліп алсақ болды, шұғыл қарсы шабуылға шыға­мыз. Міне, Квочкин емпеңдеп алға ұмтылды. Қапталдасқан екі ойыншыны жер соқтыра сытылып шықты да Каминскийге қарай пас тастады. Ол көп күттірген жоқ, жан-жағын тез шолып өтті де допты ортаға қарай ойқастай берген маған заулатты. Қарсы ұмтылған қорғаушыдан қас-қағым сәтке ғана бұрын жеткен мен оны тоқтамастан бірден қатты тептім. Өз ойыншыла­рының тасасынан қимылымды байқай алмаған қақпашы тағы да қапы қалды. Гол! 2:0!

Матч аяқталған күннің ертеңінде сол кездері одаққа 7 миллион данамен тарайтын «Комсомольская правда» газетінде «Тимур және оның коман­дасы», ал республикадағы тиражы 160 мыңдық «Лениншіл жаста» «Бәре­келді!» деген мақалалар шыққаны есім­де. Оларда айдарынан жел ескен «Спар­такты» «Қайраттың» жеңгені туралы әдемі талдау жасалып, қос голдың авторы мен жөнінде де жылы, жақсы пікірлер айтылған болатын.

Ал енді: «Футболшы Тимур Сегіз­баевтың аяқ күшінің тегеуріні сұмдық екен. Сондықтан төрешілер оның оң аяғын «тұтқындап», голды тек сол аяғы­мен соғуға рұқсат беріпті-міс», деген сөзге келсек, мәселе былай. Бұл – алып­қашпа сөз. Ойдан шығарылған аңыз. Бәрі керісінше дер едім. Яғни менің ол кездегі аяқ күшімнің соққысы орташа еді де жылдамдығым өте жоға­ры-тын. Олай болатын себебі де бар. Доп соққандағы тегеурінділік адам аяғының үлкен-кішілігіне байланысты. Түсінбедіңіз бе? Мысал келтіре отырып айтайын. Жалпы, сол кездегі одақ футболшылары арасындағы аяқ қуаты жағынан ерекше ойыншылар «Қайрат­тағы» Вадим Степанов пен «Пахтакор­дағы» Геннадий Красницкий еді. Себебі, олардың біреуі 43, екіншісі 44 размерлі бутсы киетін. Ал менің аяқ киімімнің өлшемі 39-дан асқан емес. Жоғарыдағы­дай алып размерлі аяқпен доп тепкен Вадим Степанов соққысының ғаламат­тығы жанында біздікі не, тәйірі. Қарсы­ластарымыздың қақпасына 40–45 метр жерден қиналмай гол салған оның екі әрекеті әлі күнге дейін көз алдымда. Мамандар: «Вадимнің тепкен добының алғашқы ұшу қуаты 600-650 кг/күшке тең келуші еді», деп тамсанады. Фут­бол­дағы аяқ қуатының тегеурінділігі деп, міне, осыны айт!

– «Қайратта» қанша уақыт ойна­дыңыз?

– Артық-кемі жоқ 11 жыл.

– Сол кездерде өзіңізге өзіңіз кере­мет риза болған, содан соң,.. иә, содан соң қатты бір өкінген кезіңіз болды ма?

– Әрине. Еліміздің бас командасы сапына қосылғаннан бастап кеудемде: «Шіркін, атақты Лев Яшин қорғаған қақпаға гол салсам!..» – деген бір арман­ның бүр жарғаны бар. Келе-келе ол ойымды да орындадым. Бұл 1966 жылы болған еді. Алматының орталық стадио­нындағы қас-қағым сәттік сол оқиға жанкүйерлердің есінде қалған, иә, қал­маған да шығар. Өйткені, ол гол есепке алынбаған-тын. Оны енді төрешілердің арына қалдырайық та, 1967 жылғы матчқа назар аударайық. Біздің коман­даның «Динамомен» осы кездесуінде Лев Яшин үнемі дегбірсізденумен жүрді. Бақылап, аңдығаны мен еді десем, артық айтқандығым емес. Екінші таймның орта тұсында қарсыластарымыздың қорғау­шы­сы біздің шабуылшыны аяқтан шалып құлатты. 18 метрлік айып ала­ңындағы допты мен соғатын болдым. Осы кезде атақты қақпашының шыр-пыры шықпасы бар ма?! Дайындалып жатқанымда әркімге бір бұйрық беріп жүрген оның: «С этим парнем не шути. Ставьте стенку!» – деген сөзін естіп қалдым. Осы әсер етті ме, жоқ кеу­демдегі баяғы арманнан қалған құштар­лық па білмеймін, әйтеуір допты дүлей­лене кеп дүңк еткізейін. Атақты қақпа­шы «тоғыздықты» көздеген менің бұл соққымды қайқайып барып әрең қай­тарды. Қайтарғаны бар болсын, басын қақпаның белағашына сақ еткізіп соғып алды да, жерге ес-түссіз сұлап түсті. Бір минөт бойы үнсіз жатып қалған оның мына дәрменсіз түрін көрген мен сол сәтте оған гол соқпасам да соққандай ерекше әсер алғаным бар.

Ал өкінішке байланысты сауалы­ңызға келсек, оған жеке басыма емес, «Қайрат» командасына қатысты бір жайтпен жауап қайтарайын. 60-жыл­дардың басында Алматыға: «Орал қала­сында Ғалымжан Хұсайынов атты кере­мет футболшы бар екен. Назар ауда­рып, қамқорлық көрсетсе, одан жақсы ойыншы шығайын деп тұр», – деген хабар жетті. Мұны естіген біздің футбол федерациясының басшылары: «Барып көріңдер. Ұнатсаңдар «Қайратқа» алып келіңдер», – деп бір нұсқаушыны ісса­парға жіберді. Бірақ ол көп кешікпей: «Ой, денесі тым әлжуаз екен. Бойы 134 сантиметр, салмағы 64 килограмм одан дұрыс ойыншы шықпайды», – деп қайтып келді. Сол Ғалымжан кейін кім болды дейсіз ғой. Біздің барған нұсқаушыдан соң іле-шала Мәскеуден Оралға тағы бір маман жетеді. Сөйтеді де жас ойыншының тегін адам емес екенін байқап, атақты «Спартакқа» алып кетеді. Көзіміз көрді, аталмыш командада алдымен қорғаушы, одан кейін жартылай қорғаушы болып ойнап жүрген ол бертін келе Николай Ося­нин­мен бірге шабуыл шебіне шықты. Сол кездері мәскеулік жанкүйерлердің «Спартак» командасын қағылез әрі өте ұшқыр Ғалымжан Хұсайыновсыз көзге елестетуі мүмкін емес болатын. Бәрінен де бұрын оның 1966 жылғы Англияда өткен VІІІ әлем чемпионатындағы КСРО футбол құрамасы сапында өнер көрсеткенін айтсаңызшы. Сонда ғой оның атақты Италия құрамасындағы тұяғымен жер тарпыған тұлпар талант Мацолланың адымын аштырмай қойып, осы матч тағдырын шешкен жалғыз доптың авторы атанатыны. Мұны еске алып отырғанымның өзіндік себебі бар. Өйткені, Ғалымжанның сол алтын голының арқасында ғана КСРО құра­масы әлемдік чемпионаттағы жартылай финалға иек артқан болатын.

Сөйткен Ғалымжан «Спартакта» өте ұзақ ойнап, жасыл алаңмен 34 жасында (футболшылар үшін бұл өте үлкен жас мөлшері) әрең қоштасты. Бір журна­лист одан: «Футболшы болу үшін оған қажет ең басты қасиет не деп ойлай­сыз?» – дегенде, ол: «Өзің ойнап жүр­ген команданың еңбек торысы болу», – деп жауап бергені есімде. Бұл сөз кім-кімге де болсын: «Жалықпай еңбек ету керек», – дегенді ұқтырары анық. Менің өкінішім – кезінде біздің осындай тамаша ойыншыдан айырылып қалға­нымыз. Егер Оралға барған маман Ға­лымжан Хұсайыновты тәуекел деп Алма­тыға алып келгенде, 60–70-жылдардағы «Қайраттың» шығар тауы биік болар ма еді, қайтер еді?.. Өмірдегі бір өкінішім осы.

– Өзіңізбен қазір әңгімелесіп отыр­ғанда менің көз алдыма мынадай көрініс елес беріп өтті. Алматы. 1970 жыл. 9 мамыр. Орталық стадион. Сол күні КазГУ-дің 1-курс студенті біздер төбе­міздегі сіркірей жауған жаңбырдан бұға түсіп, сіздің «Қайратпен» қоштасу матчы­ңыз – жасыл алаңдағы соңғы ойыныңызды көріп отырған едік. Сіз сонда үлкен футболдан неге кеттіңіз? Тым ерте емес пе еді?

– Бәрі де денсаулыққа байланысты болды. 1967 жылдан бастап құяң (ради­кулит) деген пәле жабысып, мазалай­тынды шығарды. Бертін келе, тіпті жаттығу алаңының өзіне әрең барып жүрдім. Ақыры 1970 жылдың басында: «Футболды қоюым керек», – деген берік шешімге келдім. Мұны естігенде бас бапкеріміз Севидов қатты қиналды. Бірақ көндірдім. Сөйттім де, сол жылғы 9 мамырда соңғы рет алаңға шықтым. Ол өзіміздің «Қайрат» пен Бакудің «Нефтчиі» арасындағы матч еді. Онда мен көп ойнаған жоқпын. Алаңда 15 минөт болдым да, 10-нөмірлі жейдемді шабуылшы Чеботаровке шешіп беріп, туннельдегі гардеробқа кіріп кеттім. Бұл менің 29 жастағы кезім еді.

– Содан кейін сіз бапкерлік жұ­мысқа ауысып, алдымен Қызылорданың «Мелиора­тор», содан кейін Қараған­дының «Шах­тер» командалары ойын­шы­ларын жат­тықтырдыңыз. Ал 80-жылдардың басын­да Иемен Халық Демократиялық Респуб­ликасына аттан­дыңыз. Осылардың ішінде өзіңіз сол футбол командаларының қайсы­сында жақсы қолтаңба қалдыра алдым деп ойлайсыз?

– Иемен астанасы Аден қаласындағы күндерім… Оны еш уақытта да ұмыт­пай­мын! Ол жерде мен өзімді нағыз бапкер ретінде сезінген жағдайым бар. Соның нәтижесінде бұл елге өте жақсы футбол командасын жасақтап бердім. Оған қоса халықаралық стандартқа сай келетін стадион мен ондағы футбол ала­ңының өмірге келуіне бар күш-жіге­рімді жұмсадым. Сол жасыл алаңды иемендіктер мен кеткен 22 жылдан бері әлі пайдаланып келеді екен. Оны Аденнен Алматыға келген спорт делегациясының басшысы бұрнағы жылғы бір кездесуде ризашылықпен атап айтқаны бар.

Тимур Сегізбаев… Көпті көрген, еліміз өміріндегі біраз оқиғаның куәгері болған ағамызға сұрақ қоя берсең, талай сырға қанығарыңыз анық. Мәселен, оның кезінде КСРО құрама командасына қабылданбай қалуының өзі бір тарих. Кинорежиссер Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» фильміндегі «Қай­рат» пен «Пахтакор» командалары мат­чын бейнелейтін эпизодқа түсуі өзінше қызық оқиға. Футбол тәңірісі Пелемен жүздесуі де жеке әңгіме. Ал қазіргі қоғам, бүгінгі отандық футбол туралы ойлары ше? Олар да салмақты, салиқалы пікірлерге толы пайымдаулар. Газет көлемі көтермегендіктен бұлардың бәрін бір сұхбатқа сиғыза алмадық, құрметті оқырман. Әу бастағы ойымыз: «Бір кездегі саңлақ футболшы Тимур Сегізбаев қайда, не істеп жүр?» – деп іздеу салып, жағдайын білу еді. Жүз­десіп, сырласа келе жоғарыдағыдай әңгі­менің куәсі болдық. Байқап қара­сақ, осылардың өзі кім-кімді де болсын бей-жай қалдырмас өмір суреттері сияқты. Ал бүгінгі сұхбатқа кірмей, сыймай қалған детальдар мен штрихтар келесі бір мақаланың арқауы болмақ.

 

2006 жыл.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *