Тимирязев көшесінің бойына неліктен жүрдек автобустар дәлізі жасалады?

Бұл сауалдың жауабын Алматы қа­ла­­сы әкімдігінің ресми өкілі Тимур Базарбаев тарқатып берді. Бізге бел­гілі болғаны, бір ғана Тимирязев кө­шесі бо­йымен «Шығыс-Батыс» бағы­тында күн сайын 13 автобус (№32, №45, №79, №18, №22, №30, №56, №67, №31, №70, №98, №123, №124) және төрт трол­лейбус (№1, №7, №9, №11) жүреді екен. Демек, бүгінгі күні бұл көше Ал­маты­ның тығыз орналасқан аудан­да­рын қамтитын қаланың қоғамдық көлі­гінің маңызды көлік артериясы болып табылады.

– Шынтуайтында, Тимирязев бұрын­нан-ақ «автобустар көшесі» атанған. Алайда, мұнда қоғамдық көлік қозғалы­сының жиілігі төмен – орташа жылдамдық 12 км./сағат болғанымен, бір учаскенің өзінде көлік қатынасы 30 минуттан ұзақ. Егер аталған көшеге BRT (Bus rapіd transіt) енгізілсе, онда қоғамдық көлікті пайдалану уақыты мұнда 14 минутқа қысқарады, күнделікті жолаушылар легі 40%-ға артып, 98-ден 145 мың адамға жетеді. Атқары­латын істі саралай келіп, Мұстафин көшесі бойымен әл-Фараби даңғылынан Сүлей­менов–Жандосов көшелеріне дейін жүр­дек автобус жолақтары енгізілсе, жолау­шылар легі 33-тен 40 мыңға жетеді. Оның үстіне, көлік тығыздығы 12354-тен 9839 автомобильге дейін төмендейді, – дейді ол.

Биыл  8,7 шақырым BRT желісі іске қосылса, автобустардың қозғалысы 53-тен 36 минутқа дейін қысқарады екен.

Айта кетерлігі, Алматының көлік жүйесін жасау барысындағы бұл жоба БҰҰ-ның «Тұрақты көлік» Бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Жаһандық экологиялық қордың қолдауы арқасында қолға алынды. Бұл орайдағы басты мақсат – Алма­тыда жеке көліктердің санын төмендете отырып, қаланы газбен ластанудан қорғау, қоғамдық көлікті жетілдіре отырып, жүрдек және ауқымы кең қоғамдық көлікті дамыту.

Алматы әкімдігі осынау бағытта ауқымды іс-шараларды жүзеге асыруда, қоғамдық көлік жүйесі жетілдірілуде, метроның жаңа бекеттері салынуда, «ЖРЖ» жеңіл рельсті көлік жүйесі қолға алынуда, жүктемесі жоғары жолдарға қоғамдық көліктер үшін арнайы жолақтар жасалуда.

«BRT» жобасы Алматыда жоспар­ланған жүрдек автобус көлігінің алғашқы­сы болып табылады. Ол Мұстафин, Рысқұл­беков, Сүлейменов, Жандосов, Тимирязев, Желтоқсан, Төле би көшелері мен Шығыс айналма жолын және Құлжа трактін қамтиды.

Жолдардың ортасындағы автобус бекет­тері туралы айтатын болсақ, бұл вариантты «Тұрақты көлік» жобасының кеңесшілері төмендегі критерийлер бойынша ұсынды.

Ең алдымен, қоғамдық көлік қозға­лысына оң әсер етеді және көлік кептеліс­терінің, ретсіз тұрақтардың, такси тоқтату­дың салдарынан болатын даулы жағдай­лардың алдын алады.

Екіншіден, BRT вариантының жолақ­тары жол шетіне орналасқан, соның арқа­сында көлік тұрақтары алынып, стихиялы тұрақтардың болуына және автомобиль­дердің ретсіз тоқтауына жол берілмейді.

Үшіншіден, BRT бағытындағы қоғамдық көліктер жол бұрылыстарында автоматты жүйе арқылы басқарылып, көлік легі және бағдаршам нысандары кері әсерін тигізбейді.

Кейінірек BRT желілері бойынша қызмет көрсету үшін жүйе интеграциясына қатысты сыйымдылығы үлкен автобустар жүретін болады, яғни қоғамдық көлікке басымдық беріледі.

Жалпы, BRT желісін жасау қажетті шешім болып табылады, соның арқасында жолдың қозғалыс бөлігіндегі, ал жолайрық­тарының салынуы барысында магистраль­ды және айналмалы жолдардағы жүктеме азаяды. Халықаралық тәжірибеге сай аудандық маңызы бар көшелердің қозғалыс бөлігін кеңейту тығыз орналасқан елді мекен­дерде көлік жүктемесінің артуына әкеледі.

Халықаралық тәжірибе BRT желісі енгізілген көшелерде ауыр және қайғылы жағдайларға соқтыратын жол апаттарының 50%-ға төмендегенін көрсетуде. Осының барлығы қоғамдық көлікке ғана емес, сонымен қатар қала экологиясына да оң әсер ететін Жасыл дәлізді енгізудің маңызды екенін көрсетеді.

Айта кетерлігі, Тимирязев көшесін автобус дәлізіне қатысты өзгерту барысын­да тротуарларды, арықтар мен веложол­дарды қайта жасау, инженерлік жүйелерді ауыстыру, заңсыз құрылыстарды алып тастау қатар жүргізілуде. Қозғалыс бөлігін­дегі жол-құрылыс жұмыстарын биыл аяқтау жоспарланған.

Айтпақшы, автомобилистер де ұмыт қалмайды. BRT дәлізінен алынатын авто­мобильдер үшін барлық жағдай жасалады.

Қазіргі кезде қаланың барлық ауда­нында 160-тан астам көшені жөндеу аяқта­лып қалды. Кіші айналма жолының көлік өткізу қабілетін арттыру үшін үш жаңа жолайрығы салынуда, көпір қондырғылары ұлғаюда, қозғалыс бөлігінің кеңеюі барысында трамвай жолдары алынуда. Осы айдан бастап қаланың орталық сегіз көше­сінде біржақты қозғалыс ұйымдасты­рылған.

 

Шұғыла ОЛЖАС.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *