Тіліміздің шын жоқшысы еді

  • 2820ШОНА СМАХАНҰЛЫНЫҢ ТУҒАНЫНА – 90 ЖЫЛ

Ол кісі ұлтын, халқын сүйген нағыз патриот адам еді. Ана тілдің болашағы үшін көп шырылдады. Мұнысы біреуге ұнады, біреуге ұнамады. Сондай бір күні «Үкімет үйінің алдындағы Лениннің ескерткішінің жанына барып, үстіме жанармай құйып, өртеніп өлсем бе екен?…» деп ашынғанын көргенмін.

Шона Смаханұлы – еліне, елінің жарқын болашағына сенген, елінің жарқын болашағы үшін аянбай еңбек еткен, ұлттың рухани құндылықтарын қорғау, сақтау, насихаттау жолында қаны мен терін төккен асыл азамат. 

Үмбетбай УАЙДИН.

 

Өткен сәрсенбі күні Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы ұйымдастырған, кезінде Ұлы қолбасшы Бауыржан Момышұлы «Қазақтағы екінші «Ұлы» атаған, ондаған сын-сықақ, мысал, фельетон, памфлет, жыр жинақтарының авторы Шона Смаханұлының туғанына 90 жыл толуына орай мерейтойлық салтанатты кеш болып өтті. Бұл кешке ақсақалдың әріптестері, бірге жүрген дос-жарандары, Қарқаралы Қаратаудан ағайын-туыстары, студенттер, қала тұрғындары, ақынның жұбайы Алмагүл және ұл-қыздары, немерелері келді.

 Жеңіс ШЫНЫБЕКОВ

Кешті Шонаның шәкірттерінің бірі – тотияйын тілді сықақшы Көпен Әмірбек жүргізіп отырды. Өзіміз көріп жүрген көп басқосуларға қарағанда бұл кеш өзгешелеу болып өтті. Баяғыда бір кісі әзілқой, қужақтау жігіттен «Сен кімсің?» деп сұрапты. Сонда жігіт: «Қу болайын деп жүрген қумын» деп жауап беріпті. Сол айтқандай, Әмірбектің кофе сүйгіш, сарт сақалды Көпені Шонамен «сықақшы болайын» деп жүрген қырбық мұрт кезінде танысыпты. Қасында жүріп, сын-сықағын оқып жүріп, біраз тәлім алыпты. «Арада» істеп жүргенде бюрократ басшылар мен жемқор, парақорларды Шона сонаша шақса, бұл сақалды сарбаздың (ол кезде сақал түгіл мұрт та жоқ) араша шаққанын оқырман біледі. Бірде ауылда жүргенде шаруашылығы кері кеткен ферма меңгерушісінің «Ойбай, Көпен келе жатыр» деп көзі алақтап, дірілдеп, қалшылдап, дегбірі қалмай тауық қораға тығылғанының куәсі болғанбыз. Кейбір кесірлі кескіндерге «жаналғыштай» боп көрінген Көпен, міне, бүгін ашық-жарқын, әзіл-әңгімелер айтып, тыңдарман қауымды күлкіге батырып отыр. Кеңестік дәуір кезінде базбіреулерді жұмыстан қуғызып, «қоңыз тергізіп» жібергенін ұмытқан сияқты. Беті бүлк етпей әзіл-қалжың айтады. Шыны керек, орынды, жарасымды, жүйелі айтады. Аузы-мұрнынан шығып, лық толған зал ішінде қалғып отырған бір жан жоқ. Тағы не айтар екен деп сахнаға қарап ентелей түседі.

Шонаның замандасы, атақты сықақшы Ғаббас Қабышев біраз жайлардың бетін ашты. Кеңес кезінде сын-сықақ, фельетон жазушылар басшылық орындарға аса сүйкімді көрінбепті. Қайта «жала жапты» деп арттарынан арызданған. Ақын-жазушылардың үлкен жиындарында Шонаның, Асқардың, Оспанханның, Мыңбайдың, Үмбетбайдың есімдері мүлде аталмайды екен. Ә.Әлімжанов Жазушылар одағына бірінші хатшы болып келген тұста ол кісі сықақшыларға марапат, мақтау айтыпты. Сонда Оспанхан орнынан атып тұрып: «Ойпырым-ай, біз бар екенбіз, тірі екенбіз ғой», – деп айғай салыпты. Бұл айғайдың астарында не жатқаны белгілі ғой.

Осыдан кейін Ғабекең Шонаның көптеген адами қасиеттерін, батылдығын тілге тиек етті. Шона – ақын, сатирашы ғана емес, қоғам қайраткері, қазақ тілінің қамқоршысы. Бір кездері Алматыда бір ғана қазақ мектебі қалыпты. Өзгелері түрлі желеумен жабылған. Сол кезде Шона аттандап, атой салып шығыпты. Бірінші хатшы Қонаевтың өзіне жылап барған екен. Димаш ата: «Маған не жұмыспен келдіңіз?» – дегенде қазақ мектептері мен балабақшалардың жайын жайып салған. Өзінің ұлтшыл атанып, қуғынға түсіп жүргенін де жасырмаған. Сонда Димекең: – «Менің алдыма адамдар өздеріне бірдеңе сұрау үшін келуші еді, ал сен халық қамын ойлап келіпсің» деп риза болып қалыпты. Сол жылдары Шонаның «айғайымен» 24 қазақ мектебі, бірнеше қазақ балабақшалары қайта ашылыпты. Соның біріне кейін Шона Смаханұлы аты берілді.

Басқа басқосуларға онша ұқсамайтын көңілді отырыста; режиссер Е.Обаев, К.Тәбеев, М.Рәшов, Ү.Уайдин, М.Райымбекұлы, Жамбыл облыстық «Ақжол» газетінің бас редакторы Көсемәлі Сәттібаев, Талас аудандық әкімдігінің өкілдері естеліктер айтты. Сонау Сарысу жерінен арнайы келген ақын Асылбек Саттаров Шона ағасына арнаған өлеңін оқыды.

Шонаның немерелері атасының сықақ өлеңдерін жатқа айтты. Белгілі әнші, сазгер Әбиірбек Тінәлиев Шонаның сөздеріне жазылған әндерін орындап берді.

Мемлекет және қоғам қайраткері Кеңес Аухадиев жарыссөздерді қорытындылады.

– Мен, – деді ол, – Алматы және Алматы облысын 15 жыл басқардым. Димаш ағамен бірге жүрдім. Ол кісі халқын, тілін ерекше сүйген Шонаны өте жақсы көруші еді. Ол кезде газет-журналға жарияланған сын-фельетондар партия ұйымдарында талқыланатын, кінәлілер жауап беретін. Қазіргі уақытқа да сондай сындар керек. Ақынның, сықақшының аузын ешкім жаба алмайды. Олар халықтың мұң-мұқтажын айтады. Оларды барынша қолдау керек.

Басқосудың соңында «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Б.Баубектің құттықтау хаты оқылды.

Қазақстан Жазушылар одағы сатира кеңесінің төрағасы К.Әмірбек қайта жарыққа шыққан «Ара» журналының белсенді авторларын ақшалай сыйлықпен марапаттады. Олар «Шоқ тілді Шона» конкурсының жеңімпаздары болатын.

Қилы кезеңде қазақтың ділі мен тілін, ұлттық намысты қорғап, түлкі заманды қыран болып шалған Шона Смаханұлын еске алу кеші есте қаларлықтай тамаша мән-мағынамен өтті.

Басқосудан соң оған ас берілді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *