«Тіл және мәдениетаралық коммуникация»

Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:  рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясындағы  «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі жүз жаңа оқулық» жобасы бойынша Ұлттық аударма бюросы басып шығарған оқулықтардың ішінде М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры С.Г.Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» атты  еңбегі ерекше көзге түседі.

 

Тілді түсіністік құралына, мәдениетті үндестік ұйтқысына айналдыратын оқулық

 

Мәдениетаралық коммуникация – әр түрлі ұлт өкілдерінің әрқайсысының жеке тұлға ретіндегі тілдік және мәдени айырмашылықтарының толық және жан-жақты көрінетін тұсы. Мұндай әр түрлі ұлт өкілдері қатысқан  мәдениеттер  тоғы­сында әр адам жеке тұлға, сол қоғамның белді мүшесі немесе белгілі бір ұлттық мәдениет өкілі әрі осы әрекеттің  бір субъектісі ретінде сахнаға шығады.

Жеке тұлғаның бойында осы аталған аспектілердің барлығының  жинақталаты­нына қарамастан мәдениетаралық ком­муникация деңгейіндегі әрекеттің де өз ерекшеліктері болады. Ол мәдениет­аралық деңгейдегі сұхбаттасушыдан тек қана сол сәттегі қатысым құралына айналып отырған тілді білуді ғана емес, сонымен бірге сол елдің мәдени дерек­терінен де хабардар болуды талап етеді. Ондай деректер сол халықтың адамгер­шілік туралы, дін туралы көзқарастары мен ділінен, мәдени құндылықтарынан  мәлімет береді. Екі жақты немесе көп жақты мәдениеттер сұхбаттастығын үйлестіру – тек қана  бір-бірінің мәде­ниетіне түсініс­тікпен және құрметпен қарағанда ғана мүмкін болатыны дәлелденген құбылыс.

Міне, біздің талдау нысанына айнал­дырып отырған оқулығымыз осындай мәселелерді, атап айтқанда,  әр түрлі ұлт пен мәдениет  өкілдерінің   өзара ымыра­ластық пен ынтымақтастық жағдайындағы түсінісуіне не керек, осы орайда не маңызды  деген  мәселелерді терең талдап көрсетіп береді.

Аталған оқу құралының орыс тіліндегі нұсқасының алғысөзінде Мәскеу мемле­кеттік университетінің ректоры В.А.Са­дов­­ничий былай дейді: «Мәскеу универси­тетінің «Классикалық университет оқулығы» сериясымен шыққан  «Тіл және мәденитаралық коммуникация» атты оқу құралын мазмұны терең, ұсынылған оқу материалдарының тиімділігімен ерекше­ленетін, оқыту әдісі мен әдістемесінің   баға жетпес тәжірибесі жинақталған  қазіргі заман үшін аса қажет  оқу құралы деп тануға болады. Сондықтан бұл оқу құралы – тек Мәскеу университетінің ғана емес, Ресейдің өзге өңірлеріндегі универ­ситеттер, тіпті бүкіл дүние жүзі универ­ситеттері пайдалануға болатын оқу құралы».

Осы пікірге ден қоя отырып, С.Г.Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» атты жоғары оқу орын­дарының студенттері мен аспиранттарына арналған  оқу құралының  қазіргі әлем халықтары тығыз араласып, «шекарасыз әлем» жағдайында өмір сүруге ұмтылыс жасап жатқан кезеңінде Қазақстан сту­денттері үшін де аударылып, ұсынылуын дер кезінде жасалған игі іс деп түсінеміз.

 

Қазақ ғылыми тілін кемелдікке жеткізер игі қадам

 

Студенттер үшін, шет ел, орыс және  қазақ тілдерін оқытатын оқытушылар үшін, тіпті кез келген тілші-маман, басқа да сала мамандары үшін бұл оқулықтың мәні аса зор. Себебі, оқулық кез-келген оқырманды да, мәдениеттер сұхбатына қатысушы белгілі бір мәдениеттің атынан сөйлейтін тілдік тұлғаны да тіл, мәдениет, мәдениет­аралық коммуникация мәселе­леріне қатысты  көптеген беймәлім мәселелерден хабардар етіп, олардың ерекшеліктері мен маңызын  түсіндіреді.

Қазақстан жағдайында қазіргі үш тұғырлы тіл саясатына орай – қазақ, ағылшын, орыс  тілдерін  қатар оқыту бағ­дарына  байланысты бұл оқулықтың маңызы,  тіпті арта түспек. Себебі, оқу­лықта көтерілетін мәселелердің барлығы ағылшын тілін оқытумен байланысты беріледі. Мысалдар ағылшын тілінен алынып, орыс тілімен салыстырылып отырады. Қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне оқыту үстінде де мұны тиімді пайдалануға болады. Мысалы, ағылшын, орыс тіл­деріндегі  мысалдардың қазақ тіліндегі баламасын беру арқылы  немесе берілген материалды келтірілген мысалдарға ұқсас, қазақ тіліндегі мағынасы жақын мысал­дармен толықтыру арқылы ұсынуға болады. Сонда үш тілдің арасындағы өзгешеліктер салыстырылып, ұқсастықтар көрініп, тілді оңтайлы оқып-үйрену тиімділігі байқалады. Сондықтан да оқу орындарында өзге тілді оқытып үйрету сол елдің мәдениетін меңгерту арқылы (сол халық мәдениетінен алынған мәтіндер, мысалдар, деректер, оқиғалар, т.б.) жүзеге асуы тиіс дейтін ұстаным маңызды орынды иеленіп отыр. Өйткені ел мен елдің, халық пен халықтың әр  түрлі саладағы  қарым-қатынасы саясатқа да, экономикаға да басқа да толып жатқан мемлекетаралық кедергілерге қарамастан өз жолымен жалғасып, дамып, өрістеу үстінде. Мұның барлығы  қазіргі әлем елдерінің өзара тығыз араласуының нәтижесінде өзге халықтың тілі мен мәдениетін меңгерудің маңыздылығының артып отырғандығынан туындаса керек. Осыған орай «мәдениет­аралық коммуни­кация» дейтін термин де зор маңызға ие болып, өзекті терминге айналып отыр.

 

Тіл білімі ғылымының маңызды жетістігі

 

Адамдар арасындағы қатынас негізінен сөйлесу, тілдесу арқылы жүретін болған­дықтан мәдениетаралық коммуникация  жеке адам үшін де, сала мамандары үшін де өте қажет мәселе екендігі дәлелдеуді қажет етпейтін фактор. Әсіресе, тілдерді өзге тіл ретінде оқытып меңгертуде студенттердің   өзге ел мәдени құнды­лықтарына түсініс­тікпен, құрметпен қарай білуін, мәдениет­аралық коммуникацияға икемділігін қалыптастыру оқыту үрдісінде аса маңыз­ды. Алайда  тіл, мәдениет, мәдениетаралық коммуникация мәселе­леріне арналған мұндай жеке зерттеу еңбегі немесе оқулық қазақ тілінде әзірге жоқ еді. Ресейдің өзінде  С.Г.Тер-Минасованың «Тіл және мәденит­аралық коммуникация» атты жоғары оқу орын­дарының студенттері мен аспирант­тарына арналған  оқу құралы – осы сала­дағы ең бірінші оқулық. Оны оқулықтың орыс тіліндегі нұсқасының аннотация­сынан алынған мына дерек растай түседі. Онда: «Эта книга первый фундаментальный  учебник по новой и очень популярной специальности «Лингвистика и межкуль­турная коммуникация». Такая работа особенно важна в новых условиях «мира без границ», когда остро встает проблема взаимопонимания людей разных культур и традиции, пробуждение интереса и уважения к ним становится необхо­димостью для выживания челове­чества», – делінген.

Сол себептен, бұл оқулықтың қазақ тіліне аударылуын тек  құптауға тұрарлық қана емес, дәл қазіргі күндері аса қажет еңбек деп таныған жөн.  Себебі, оқулық біріншіден, қазақ тіліндегі олқылықтың орнын толтырса, екіншіден, іргелі ел Ресейдің өзінде «тіл мен мәдениетаралық коммуникация» бағытындағы бірінші еңбектің қазақ тіліне аударылуы қазақтың тіл білімі ғылымына, қазақ тілін оқытудың әдістемелік саласына қосылған  үлкен жетістік екені даусыз.

 

Жүйелі ілімнің үш ерекшелігі

 

Оқулық қазақ тіліне жеңіл де, жатық аударылған. Онда тіл мен мәдениеттің өзіндік ерешеліктерін көрсетуге арналған,  коммуникация ұғымының өзіне, оның айналасындағы басқа да толып жатқан мәселелерге берілген анықтамалар көп кездеседі. Олардың  ағылшын тіліндегі нұсқасы мен қазақ тіліндегі нұсқасы қатар жүріп отырады. Осы аудармалардың  қай-қайсысы да ағылшын тіліндегі түпнұсқа мазмұнын сақтап, орыс тіліндегі мазмұны­нан да ауытқымай, біріншіден,  дәл берілген,  екіншіден, аударма өзінің нақты­лығымен, анықтығымен және қазақ оқырманының ұғымына сай болып ауда­рылуымен құнды, қазақ тілді оқырманның оп-оңай, жеп-жеңіл түсінуіне баса мән берілген. Сондықтан оқу да, түсіну де жеңіл, оның үстіне оқулықта айтылған мәселелер   мазмұнының жүйелілігімен оқырманды жетелеп отырады.

Оқулық аудармасының мынадай үш ерекшелігін бөліп көрсетуге болады:

Біріншіден, қазір кез-келген  тілді өзге тілді дәрісханада оқытуда сол тіл иесі халықтың  мәдениеті арқылы оқыту бағыты  немесе танымдық-лингво­мәдениеттанулық бағыт дейтін оқыту ұстанымы  алға шығып отыр. Бұл ұстаным бойынша тілді оқыту кезінде пайдаланылатын сөйлеу әрекеті түрлері сол ел мәдениетінен алынған мәтін­дерді, деректерді, оқиғаларды, сұхбаттарды т.б. пайдалану арқылы жүреді.Ал мұндай мәліметтерде міндетті түрде сол халық тіліндегі аялық білім түрлері ( реалиялар, логоэпистемалар, лакундар, мақал-мәтелдер, қанатты сөздер, т.б.), әр  түрлі сол халықтың ұлттық ділінен туындайтын ұғымдар мен түсініктер кездеседі. Аталған мәліметтерді дұрыс түсіну, мағынасына дұрыс интерпретация жасай алу, оларды өз сөзінде дұрыс қолдана алу –  мәдениет­аралық коммуни­кацияның дұрыс жүруін қамтамасыз ететін алғы шарттар­дың  ең бастысы. Сондықтан оқулық мәдениет­аралық коммуникация­ның дұрыс жүрісін қамтамасыз етуге бағытталып, ұғымдар мен түсініктерді жан-жақты, егжей-тегжейлі талдай отырып, орыс тілі мен ағылшын тіліндегі мысал­дарды са­лыстыру жолымен  жүйелі баяндау мақ­сатын көздей келе, өте тиімді әдістемелік  жол көрсетеді. Бұл жол алдағы уақытта қазақ тілін өзге ұлт өкіл­деріне оқыту  мақ­сатында жазылатын көпте­ген әдістемелік жұмыстарға арқау болары анық.

Екіншіден, оқу құралы шет  ел тілдерін оқып-үйренудегі әлеуметтік фактордың рөліне аса мән береді. Бұл тұста автордың әлеуметтік мәдени комментарийді  мәде­ниеттер арасындағы тартысты (культурный конфликт) шешу жолындағы ерекше бір тәсіл  ретінде қарастырғаны байқалады. Сөйтіп, келіп әлеуметтік комментарийдің түрлері айтылады. Әлеуметтік мәдени аспектінің аясында көркем әдебиетті түсіну мәселесі де сөз болып, бұл салаға арнайы тарау бөлінеді. Тарау «Қоғам мәдениетінің өзгеруі мен дамуының тілдегі көрінісі» деп аталады. Мұндағы «Көркем әдебиетті түсіну мәселелері. Әлеуметтік комментарий арқылы мәдени шиеленістерді шешу» дейтін тақырыпшаларда айтылатын мәселе­лердің өзі-ақ көп нәрсені аңғар­тады. Мысалы: «…Қоғамның дамуына сәйкес  орын алатын мәдениеттегі қарама-қай­шылық, оның мәдени қақтығыстары тек өзге мәдениет өкілдері арасында ғана емес, халық өміріндегі әлеуметтік өз­герістердің тереңдеуі соншалық, өз ата-бабаларының мәдениеті мен дүниетаны­мын мүлде білмейтін белгілі бір мәде­ниетті ұстанушы халық өмірінде қарама-қайшылық пайда болады. Классикалық әдеби шығарма­ларға берілетін коммен­тарийлер қазіргі және өткен кезеңді сипаттайтын тұңғиық терең су үстіндегі көпірдің  немесе бүгінгі оқыр­манға өткен дәуірдің детальдарын көру мүмкіндігін беретін сиқырлы көзілдіріктің қызметін атқарады», – дей келіп, «Орыс классик­терінің шығарма­ларында Ресейдің төңкеріске дейінгі тұрмыстық өмірін бейнелейтін жүздеген ұғым-түсініктердің кездесуі қазіргі оқырман қауымына  «кедергі келтіретін тас сияқты», не мүлдем түсініксіз, не мүлде керісінше ұғынылады» деген филолог Юрий Федосюктің сөзін береді.

Бұл ойға мысал ретінде қазіргі  орыс тілінде  мағынасы өзгеріске түскен сөздерді келтіреді. Мұндай мысалдарды, келтірілген дәйектерді оқыған кезде,  бұл сияқты ұғым­дар мен түсініктер, сөздер қазақ тілінде де, қазақ жазушыларының ертеректе жазылған шығармаларында да ұшырасады ғой, сондықтан тілді өзге ұлттың өкіліне ғана емес, өз ұлтымыздың қазіргі балаларына да  түсіндіру қажет қой деген ойға қаласың. Осы себептерден кейін  бұл оқулықтың қазақ тіліне аударылуы  осы бағыттағы қазақ тіліндегі еңбектердің, атап айтқанда оқулықтардың, монография­лардың, дис­сертациялардың жазылуына да түрткі боларына сене бастайсың.

Үшіншіден, оқулықта көптеген тер­мин­дер (мәдениеттер қақтығысы, мәде­ниеттер тартысы, мәдени шиеленіс, мәде­ни есең­гіреу, мәдениеттер соғысы, әлем­нің мәдени бейнесі, мәдениеттер тоғысы, мәдениеттер қиылысы, әлеуметтік-мәдени комментарий т.б.)  аталып, дефи­нициялары беріледі. Бұларды ерекше жаңалық демесек те, қазақ ғылыми тілінің  толығуына қосылған сөз тіркестері деп  қабылдауға әбден болады.

 

Мәдениетаралық әдеп мәйегі

 

Адамның әлемді танып-білуінен туындап, оның  таным қалтарыстарының  астарында жасырынып жататын, әр адамның өзіне ғана тән қабілетінің көрінісі болып табылатын оның тілі, жеке тұлға ретінде қалыптасатын мәдениеті, әрине, ешкімге ұқсамауы  ықтимал нәрсе. Сондықтан бүгінгідей ұлт пен ұлт,  тілдер мен тілдер,  мәдениеттер мен мәдениеттер  араласы айрықша белең алған заманда, өзге мәдениетке төзімділік көрсете білуге, оған қызығушылық танытып, құрметпен қарауға тәрбиелеу өзекті мәселеге айналып отыруы да уақыт талабы деп түсінуіміз керек.

Бұл, ең алдымен, түрлі елдердің мәде­ниет­аралық әдеп мәйегін қалыптастыратын қадам. Сондықтан  оқулық авторы С.Тер-Минасованың  мәдениетаралық коммуни­кация мәселелеріне назар аударып, оның құпиясын түсіндіруге жасаған  бұл іргелі еңбе­­гінің қазақ тіліне аударылуы дер кезінде қолға алынған өте құптарлық  жұмыс  деп қараймыз.

Жалпы, осындай өзге тілдегі ғылыми еңбектердің қазақ тіліне аударылуы қазақ ғылыми тілінің кемелденуіне үлес қосары анық.

 

Ә.С.ӘЛМЕТОВА,

Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем

тілдері университетінің профессоры, педагогика ғылымының докторы.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *